Сенбі, 23 Қараша 2024
Өмірдің өзі 9125 1 пікір 14 Ақпан, 2017 сағат 10:56

БАРҒА – ШҮКІР, ЖОҚҚА – ҚАНАҒАТ

Соңғы кездері қоғамда таластың бірі осы «шүкір мен қанағатқа» қатысты болып жүр. Отқа май құйғандай етіп тұрған осы екі сөзге қатысты түрлі пікірлердің өрбуіне не себеп? Қазір бір жағынан нарықтық қатынастардың енуіне байланысты қоғамдық санаға ықпал ететіндігіне байланысты, «шүкір мен қанағат» қазақты орға жығады деген пікірге қатып қалғандар пайда болса, екіншілері, «шүкір мен қанағат» ислами діни ұғымда негізігі культті ұғымдарындың біріне кіретіндіктен «бізді елдігіміз бен амандығымыз осы «шүкірлік пен қанағатшылықты берік ұстанумызда» деген ойларды айтуда. Әрине екінші пікірді ұстанушылардың ішінде діншілі мен діндары аралас. Яғни, діншілі фанаттық деңгейдегі адам десек, діндары тақуалық деңгейіндегі кісі ретінде пайымдаймыз. Осылардың ішінде қаттырақ пікірлесушілері негізінен діншілдері болса керек. Аталған ұғымдарды пікір таластырушылардан бөлек соны оқып қайысына болысарын білмей бас қатырып отырған көпшілік қауым үшін «алға жүрсе арба сынады, артқа жүрсе өгіз өледі» деген хәлді білдіріп тұрғандай.

«Шүкір мен қанағат» ұғым ретінде үлкен рухани кеңістіктерді қамтып жатқан түсінік ретінде қарау керек. Десе де осы сөздерді күнделікті қолданыста оң және теріс мағыналарына етене алып кеткендігі білінуде. Орынды орынсыз қолдау салдарынан осы сөздер жағымсыз мағынаға айналып барады. Қазақтың «жаман адам құдайшыл», «жұтаған жұрт шүкіршіл» деуі рухани сөздерді өзінің надандығы мен нәпсісіне жығып сөйлегендерге қатысты айтылса керек. Енді жағымсыз теріс мағынасына тоқталсақ. Адамдар өзінің қандай да бір теріс істері мен енжарлығын ақтауда оған жауап ретінде жай сылтау айтып қоя салмайтын көрінеді. Оған барша рухани кеңістігі адами құндылықтардың биігі болған ұғымдармен алып келіп жауап береді. Соның бірі жалқау мен енжарлардың «шүкір мен қанағат» түсінігін оң жамбастарына келетін ыңғайлы сөз қылып алғандығы. Қарапайым мысалмен келтіретін болсақ үйінде жұмыс жасамастан, құр аяқты созып қойып жатып, ақталу үшін осы сөзді серік етушілер баршылық.

Қожанасыр айтты деген сөздер халық арасында кеңінен таралып, хатқа түскен мына әзілді мысал етіп алсақ.

Қожекең бір жалқаудан: «жағдайың қалай?» – деп сұрапты.

Тапсам жеймін, таппасам қанағат етемін! – деп жауап беріпті.

Қанағатың біздің қаланың иттеріне ұқсайды екен, – депті Қожа. Расында жалқаулыққа қатысты қатты сыни тұрғыдан айтылғандығын көрсетіп тұр. Демек халқымызда жалқаулардың «қанағат» сөзі өздеріне бетперде ететіндігіне қатысты ертеден айтылып келе жатқандығын білдіреді.

Атақты тарихшы, әлеуметтану ғылымының негізін салушы ретінде есептелетін Инб Халдунның тарихты саралап қарастырғанда ол да осыған ұқсас мәселенің төңірегінде тоқталып кетеді. Сол замандағы қара нәсілді халықтардың құлдыққа тым бейім, өздерінің психологиялық тұрғыдан ішкі жақындықтарына қатысты мән беріп, олардың білім алуға деген ұмтылыстарының жоқтығына қайран қалып, білгісі келіп тексерген. Сонда алған жауабы, айтуларынша «кезінде пәленше пайғамбар тұсында осындай құдай бізді қарғапты-мыс, біз содан осындай енжармыз» деп ақталған көрінеді. Байқап тұрғандарыңыздай бұлар да өздерінің енжарлығы мен құлықсыздықтарын құдайлық ұғымнан бастау алғызып, оны бір киелі түсініктермен жапқысы келетіндіктерін білдіреді. Заманында Ибн Халдун мұны нағыз надандық ретінде бағалап кеткен. Хәкім Абай да: «Байлықты жаратқан құдай, кедейлікті жаратқан құдай, сені бай қылған, кедей қылған құдай емес» деп бет жоқ өзінің бойындағы енжарлық пен жалқаулықтың құдайлық түсініктегі сөздері қолдана беруді дұрыс еместігін айтқан.

Іскерлік психология ғалымдарының пікіріне мән берсек. Олардың айтуына қарағанда адамдағы әрекетсіздік, адамды кері сүйрейді. Адамдағы прогресс тоқтап кері кетушілік болатындығына баса мән береді.

Қанша дегенімен біздің қоғамда да материалисттік түсініктер халықтың айтарлықтай бөлігінде орнап қалған. Оған бірінші себеп кешегі кеңес үкіметі толығымен материалистік және утопиялық сананы барша елдің санасына сіңіруге ұмтылған еді. Біріншіден, соның салдары болса, екіншіден, бізге капиталистік қатынастар кіргеннен бастап батыстық іскерлік ұғымдар мен бірге сол елдердің кейбір салты мен ұғымдары біздің ұлттық танымызға қайшы келетін ойлар мен әрекеттер қосарлана кіре кетті. Содан болар осы «шүкір мен қанағат» ұғымына бірден дұрыс емес деген пайыммен пікір білдіреді. Жоғарыда айтқандай қоғамда тәуелсіздіктен кейін рухани кеңістікте еркіндік болды. Соның нәтижесінде ата дінімізге халық қайта бет бұрды. Бет бұрудың барлығы бұрынғы кейпіннен де басқаша жағдайларды алып келді. Қазақтың жерінде бұрын соңды болып көрмеген кейбір фанаттық, сыртқы түсінікпен тон пішушілік жағдайлары орын алып, «шүкір мен қанағат» сияқты діндегі культтік сөздерге қарсы пікірге бір жақты қарсы шығу да баршылық.

Енді исламдық тұрғыдан осыған мән беріп өтсек. Расында ислам дінінде «шүкір мен қанағат» адамның алдымен дүниелік істерге тым берліп кетпеуіне мән берсе, екіншісі жүрек тыныштығын сақтауға ерекше қолданылады. Соған қатысты Имам Ағзамның басынан өткен кең таралған мына оқиғаны мысал етсек.

Имам Ағзам білімімен қоса саудамен де айналысты. Күндіз мешітте бесін уақытына дейін шәкірттеріне сабақ берсе, бесіннен кейін саудасына қарайтын. Бір күні шәкірттеріне сабақ беріп отырғанда бір адам мешіттің есігінен айқайлап:

Әй, имам, тауар артып келе жатқан кемең суға кетті, дейді. Имам Ағзам аз ғана бөгеліп «Әлхамдулиллаһ» дейді де, сабаған жалғастыра береді. Біраз уақыт өткеннен кейін дәл сол адам қайтадан келіп:

Әй, имам, айыпқа бұйырма, қателесіп кеткен екем, батқан кеме сіздікі емес көрінеді, дейді. Имам Ағзам бұл жаңалыққа да «Әлхамдулиллаһ» дейді. Хабарды жеткізген кісі таң қалып:

Уа, имам, кемең батты деп хабар жеткіздік. «Әлхамдулиллаһ» дедің. Батқан кеме сенікі болмай шыққанын айттық. Тағы «Әлхамдулиллаһ» дедің. Бұл шүкіршілік (хамд) не үшін? – дейді. Сонда Имам Ағзам:

– Сен кеме батты деп айтқаныңда жан дүниеме, жүрегіме үңілдім. Дүние мал-мүлік үшін қамықпағаным үшін Аллаға шүкіршілігімді білдірдім. Маған батқан кеме менікі емес екенін айтқаныңда тағы да жүрегімді тыңдадым. Дүние байлығының қайта оралғанына титтей де қуаныш сезілмеді, жүрегімнен. Сол баяғынша, бірқалыпты екен. Байлыққа, дүниеге құштарлық болмағаны үшін, Алланың берген осы жүрегі үшін тағы да Оған шүкіршілігімді білдірдім, – деген екен.

Жоғарыда айтқандай адамның жүрегінің тыныштығы алдымен бірінші орынға шығады. Жүрегінде тыныштық болмаса адамның ісінен тыныштық кетіп қоймай, денсаулығына да кері әсері етеді. Оқиғаға мән берсек бұл біз айтып жүргендей тілмен айтып, ділмен бекіте бермейтін әрекеттерден әріде жатқан тақуалықтың жоғары деңгейі ретінде бағалауға болады. Қарастырып отырған «енжар мен жалқаулардың» дүниесі құрып кетті десек, осындай сабырлылықты танытып отыруы екі талай. Имам Ағзамның өзі заманында білім мен дүниелік жетістіктер биігіне жетіп, екі салада да бай болған кісі. Бұл да мұсылмандықтың үлгісі іскер болуға бағыт беретіндігін білдіреді.

Батыстық іскерлік психологияны зерттеушілер де осыған ұқсас оқиғаларға тоқталады. Мәселен, кәсіпорындары банкрот болған кездері мықты өзіне деген сенімді бизнесмендер аяққа бірнеше жылдан кейін қайта тұрып кеткендерін айтады. Ал керісінше болған оқиғаны жүрегіне тым жақын қабылдап, өзінің іштей және сырттай үнемі психологиялық күйзелістерге ұшыратқан кісілер қайта орына тұра алмай, тіпті денсаулықтарына да зақым келтіріп алғандығын баян етеді.

Сондықтан да адамда жүрек тыныштығы болған кезде ол кез келген жағдайда да қайта орына тұрып кетуіне мүмкіндіктері жоғары болады дейді.

Исламда да алты нәрсені алты жерге жасырдым дей келе, байлықты қанағатқа жасырды деуіне қатысты пікірлеп көрсек. Бұл жерде жоғарыда айтылған жалқау мен енжарлықтық формасынан бөлек биік рухани өлшем ретінде қарастырылған дейміз. Дәулетті адамда ынсап пен қанағаты болса, артылғаның елге беріп қайырымдылық жасайды. Егер адамның бойында ынсап болмаса оның «өзі тойса да, көзі тоймады» дегендей бет қаратпай ақша жинаумен болады. Қазақта «бай болмаған бай болса, жайламаған жер қалмас» деуі осы бір адамдағы ынсап деген өлшемнің болмауы адамды тойымсыздық пен жиған дүниені өзі де, өзге де қызығын көрмей өтетіндігін білдіріп тұрғандай.

«Шүкір мен қанағат» байып кеткен жан үшін ғана емес. Қарапайым жан үшін де қажетті рухани өлшем деуге болады. Таңнан кешке дейін еңбек етті, бірақ ойлаған деңгейіндей табыс таба қоймады, сол кезде өзінің психологиялық тұрғыдан жеуден сақтаса, екінші осы сөздерді өзінің діліне сіңіре білген кісілер «тапқаным аз» екен деп арамға ұмтылмайтын болады. Міне, осы тұстан «шүкір мен қанағат» адам үшін пайдалы болып келді.

Бұл жерде біз мәселеге тақуалық тұрғысынан қарап отырмыз. Ең басты жүрек тыныштығына мән беру керек. «Кедейдің кербезінен сақта» деп өсиет ретінде айтылатын сөздер жоғарыда енжарлық пен жалқаулықты серік етіп, «шүкір мен қанағатты» сөздік қолданысын тұрақты қолданысқа айналдырғандарға қарата айтылғандай. «Шүкір мен қанағатты» жалқаулықтың серігі ретінде емес рухани биік өлшем ретінде қолданып, соны ділімізде бекітушілер көп болғай.

Руслан Ахмағанбетов

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5478