АТА ЗАҢНАН ҰЛЫ КӨШ ҰМЫТ ҚАЛМАСА ЕКЕН!
Жоғарғы биліктің бас қатырып отырған басты мәселесі Ата Заңның 26-бабын өзгерту болып отыр. Басқасын айтпағанда, ондағы "Қазақстан Республикасының азаматы" дегенді - "әркім" сөзімен алмастырмақ көрінеді. Елбасының билік тармақтарын бөліп беру туралы бастамасынан кейін, биліктің бел шеше кіріскен бірінші мәселесі - Ата Заңға өзгерту енгізу әм толықтыру жасау. Қоғамның сергек саналы азаматтары Үкімет пен биліктің бұл бастамасына қарсылық білдіруде.
Осы ретте біз Конституцияға өзгерту енгізу процессіндегі ұмыт қалып бара жатқан тағы бір мәселені қайта қотарғалы отырмыз.
Тәуелсіздіктің төбесі көрінгеннен бастап, бүгінге дейін шетте жүрген қандастың қаншасы шынжырын үзіп, шылбырын сүйретіп жетті. Ширек ғасырда шеттегі миллионнан астам қандасымыз елге оралды. Олардың әрбірі Қазақстанның өркендеу жолында өз үлестерін қосып келеді. Десек те, көштің жолы оқтай түзу болмады. Шекараның арғы жағындағы жұрттың ағылып келуіне бірқатар әкімшілік кедергілер мен Заң жобаларындағы қайшылықтар себеп болды.
Азаматтығымызды айшықтап тұрған осы бапқа бүйідей жабысқан Астаналық шенділердің назарына Конституциядағы кедір-бүдір баптардың бірін ұсынамыз.
Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!
Сіздің Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу туралы бастамаңызды толық қолдаймыз.
Осы орайда Сізден,
- Конституцияның 26-бабын өзгеріссіз қалдыруды;
- 10-бапқа «РЕСПУБЛИКА ШЕГIНЕН ТЫС ЖЕРЛЕРДЕ ТҰРАТЫН ЭТНИКАЛЫҚ ҚАЗАҚТАР ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНА КЕДЕРГІЗСІЗ ОРАЛАДЫ ЖӘНЕ ТҰРУ МЕРЗІМІНЕ ҚАРАМАСТАН, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АЗАМАТТЫҒЫН ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН ТӘРТІППЕН (ТІРКЕУ ТӘРТІБІМЕН) АЛАДЫ» деген жаңа 4-тармақ қосуды сұраймыз.
Міне, осы жолы талқыға түсіп жатқан "Ата Заңның" келесі жаңа нұсқасында сол мәселе өз шешімін табады деген сенімдемін.
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz