Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 4208 0 пікір 6 Ақпан, 2017 сағат 00:03

ІЛЕСБЕКТІҢ СОҢЫНАН ІЛЕСКЕН ӘН

Қара бауыр қасқалдақ, қайда ұштың пыр-пырлап?

Сазың қалды сәбидің еңбегіндей былқылдап.

Қара бауыр қасқалдақ, кері қайт,

Сиреп қалған тоғайға «қамықпа» деп көңіл айт, - деп шырқалған әннің авторы, сазгер Ілесбек Амановтың келместің кемесіне мініп кеткені жайындағы суыт хабарды, кеше Тобанияз бауырым телефон арқылы жеткізген еді. 

Желтоқсан көтерілісіне қатысты шыққан бұл ән талай жандардың көңілінен шықты, әсіресе, түрмелер мен зоналардан қайтып келген біздерге ерекше ыстық еді. Қайырмасындағы "қаңғып келген шүрегейі" бізге тырнағы батқан, қылышынан қан тамған қызыл империя өкілдеріне арналып айтылған ыза-кегімізді дәл басатын сөз еді. Біз де айыздарын бір қандыра, нақышына сала орындауға тырысып баққан талай әншілерге қосыла шырқап қоя беретінбіз.

Тойшыл қазақтың үлкенді-кішілі тойлары мен басқосуларында шырқалып жүрген осы әннің авторы -Ілесбек ағамызбен танысудың жолы былтыр сайлау науқаны кезінде туған еді. Шымкент қаласының желтоқсандық азаматтары - Сәбит, Батырхан, Тобанияздар күтіп алып, кейіннен, Алматы қаласында Гүлмира Тойболдинаның дастарханына жиналған желтоқсандықтардың басқосуындағы отырыста өзінің орындауында тыңдау бақытына ие болған едік. Керемет басқосуда талай әндер айтылып, баян пернетақталарында ойнаған шебердің саусақтары мен құбыла шыққан әсем дауысы баршамызды баурап алып, қайырмасына келгенде : 

"...Ұя қалса иесiз,

Айдын үшiн сол қайғы.

Қаңғып келген шүрегей,

Көлге пана болмайды", - деп қосыла жөнелгенімізді көргенде, автордың жүректен шыққан әні жүректерге жеткенін көріп, өзі де бір ерекше күйге енгенін сырт көзден жасыру мүмкін болмады. Әттең-ай, сол басқосу соңғы боларын кім білген?!... 

Дәл осы уақытта Шымкенттен шыққан қаралы көш Сарыағашқа жақындапты. Сазгерді әке-шешесі мәңгі мекен тапқан Мақтаралға қоятын көрінеді.

Ілесбек көзден кетсе де, көңілден кетпейтін әуенімен ілесіп, Желтоқсанның рухын көтеріп кетіп бара жатқандай көрінеді!...

Туған-туыстарына қайғырып, көңіл айтамыз!

Қош бол, бауырым!

Жатқан жерің жаннаттан, топырағың торқа болсын!

Құрманғазы Рахметов

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3239
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5379