Жұма, 22 Қараша 2024
Мәйекті 5746 0 пікір 1 Ақпан, 2017 сағат 13:22

АРҚАДА БІР МЫҚТЫ ҚАЗАҚ БАР...

Үйінен миллион доллар ақша жоғалтқан Бақтыбай Жүнісов жайлы әртүрлі әңгімелер айтылып жатыр. Abai.kz ақпараттық порталының почтасына төмендегі материал келіп түсті. Біз бір сөзін де өзгертпей, оқырман назарына ұсынып отырмыз. 

Abai.kz ақпараттық порталы

Арқада бір мықты қазақ бар. Алла алқаған, аруақ жебеген қазақ. Жақсының жалғасы. Бір ғана азаматтығын айтайын. "Қарағандыда жалғыз қазақша газет бар деген не сұмдық? Екіншісін ашамыз. Сметасын дайындап əкел"- деп шорт кесті. Біз де келістік.

Онысы-мұнысын есептеп келгенде көп дөңгелек сан көз алдымда Олимпиада символындай көлбеңдеп қалды. "Əй, мынаған келісе қоймайтын шығар. Айнып кетер" деген оймен бардым алдына. Сметаны көзəйнек астынан бір сүзіп өтті де: "Жақсы, тек екі ғана шартым бар. Біріншісі, "желтая прессадан" аулақ етіңдер газетті. Екіншісі газетті мен ашты деп жалаулатып, жалтақтамайсыңдар. Менің өз абыройым өзіме жетеді. Жəне газеттеріңнің жұмысына да араласпаймын" деді. Аймақтық "Арқа ақшамы" газеті осылай дүниеге келді. 

Қарағандыда біраз бай-бағылан бар ғой. Қалтасынан көк қағаз шығарса сонысын сілет етіп, пиярлатып, ел алдында өзін меценат көрсеткісі келетін. Бұл кісі ол қалыптан емес. Мысалға, Қазақ хандығының 550 жылдық тойына да біраз қаржы аударды. Онысын бірақ ешкімге бұлдап, газетке жариялатып жатпады. Қасым Аманжоловтың 100 жылдығы, Қарқаралының 190 жылдығы, Тəттімбет Қазанғапұлының 200 жылдығы, Тоқтар Əубəкіровтың 70 жылдығы мерейтойларында басты демеуші осы кісі. Бірақ онысын қасында жүрген біз болмасақ көпшілік білмейді.

Неге білмейтінінің себебін айтайын. Осыдан үш жыл бұрын 60 жасқа толып, мерейтойын жасады. Білдей бір Заң ғылымдарының докторы, профессор атағы бар адам. Ел арасындағы беделі бар. "Орталық Қазақстан" газетінің бас редакторы Мағауия Сембай ағамыз хабарласып, мерейтойына орай мақала жазып берсең деді. Қуана келістік. Бірақ, кейіпкерім біразға дейін келісім бермей қойды. Жауабы, "Мен ондайды ұнатпаймын" дейді. Баукеңнің алдына үш келген Александр Бек құсап, Мағауия ағама уәде беріп қойып едім деп, келісімін əрең алдым. Осындай жақсылығын жария етпейтін адам болған соң, көбі біле бермейді-ау менің Бақтыбай Жүнісов ағамды. 

Дінімізде риясыз деген дүние бар. Бұл жасаған жақсылықты жария етпеу. Менің Бақтыбай ағам осындай адам!

Жанат Жаңқашұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1461
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5295