Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 4447 0 пікір 30 Қаңтар, 2017 сағат 10:47

MODEKO-2017 Халықаралық жиһаз көрмесі өтеді

Түркияның Измир қаласында 2017 жылдың 1-5 наурызы аралығында MODEKO-2017 халықаралық жиһаз көрмесі өтеді. Биыл 28-рет өткізілгелі отырған шараның басты демеушілері: Түркия Республикасы экономика министрлігі, Измир әкімдігі, Еге аймақтық кәсіпкерлер палатасы, Измир Сауда палатасы т.б.

Көрме барысында әлемнің 32 елінен келетін 1200-ге жуық қатысушы 5 күн бойы әлемдік стандартқа сәйкес жиһаз шығаратын измирлік кәсіпорындармен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік алады.

Халықаралық нарықта түріктердің жиһазы сапасы жағынан үлкен сұранысқа ие. MODEKO-2017 көрмесінде классикалық, авангард, модерн және модульдық стильдегі жиһаздың қонақүй, асүй, балалар мен жасөспірімдер бөлмесі, жатын бөлмеге арналған түрлері ұсынылады. Жұмсақ жиһазбен қатар орындық, үстел, шкафтың да түр-түрі сатып алушылардың көңілінен шығары анық.

CSIL зерттеу компаниясының деректеріне сүйенсек, Түркия жиһаз экспорты жағынан әлемдік нарықтың 2 пайызын иемденеді. 2003-2011 жылдар аралығында Түркияның жиһаз өнеркәсібі 292 пайызға өскен. Түркияның Жиһаз ассоциациясы түрік жиһазшылары алдағы 2-3 жылда әлемнің үздік ондығына енуді көздеп отыр. Бүгінде түрік өнімі Ирак, Германия, Иран, Әзірбайжан, Франция, Түркіменстан, Нидерландтар, Ресей, Сауд Аравиясы мен Италияға экспортталады. Ал былтыр MODEKO-2016 жиһаз көрмесіне Швеция, Голландия, Грузия, Катар, Оман, Израиль т.б. жалпы саны 32 мемлекеттен сатып алушы қатысқан.

Измир – көлемі жағынан алғанда, Түркияның алғашқы үштігіне енетін қала. Стамбұлдан кейінгі аса маңызды порт та Измирде орналасқан. 8500 жылдық тарихы бар әсем қаланың туризм саласы да күшті дамыған. Табиғаты тамаша Измирде тарихи мұраға арналған мекендер көп. Шипалы термалды су, ыстық бұлақтар, жағажайлар, өзіндік асханасымен ерекшеленетін қалада халықаралық деңгейдегі көрме, фестиваль, жәрмеңкелер жиі өткізіледі.

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052