Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3204 0 пікір 20 Қыркүйек, 2010 сағат 05:35

Ғабит МҮСІРЕП: ҚАЗАҚТЫ «ҰЛЫ ҰЛТ» ЕТЕТІН ҚЫРУАР БАЙЛЫҒЫ ЕМЕС...

- Сіз университетті бітіргеннен кейін «Егемен Қазақстан» газетінде 12 жыл жұмыс істедіңіз. Кейіннен «Нұр Астана» басылымында қызмет атқарып, бүгінде осы газетті басқарып отырсыз. Байқасақ, журналистикада жүргеніңізге бас-аяғы жиырма жылдай болыпты. Аз тер төкпеген сияқтысыз?
- Шынында да журналистика саласында еңбек етіп жүргенімізге жиырма жылға жуықтапты. Былай қарасаңыз, аз мерзім емес. Алайда журналистикадағы қолтаңба жылдар көшімен өлшенбесе керек-ті. Өйткені ұзақ жылдар бойы еңбек ете жүріп, кейбіреулер қоғамдық пікір туғызатындай, оқырманның жадында қалатындай мақала жазбауы да мүмкін. Керісінше, журналистикаға келе сала, жарқ етіп көрініп жататын жастар да аз кездеспейді. Ендеше, журналистикадағы қолтаңбаның салмағы жылдар мөлшерімен емес, жазылған дүниенің салмағымен өлшенеді дер едім. Осы жылдар ішінде белгілі бір белеске қол жеткізсек, шығармашылығыма берілген баға - сол.
- Қазір командамен жұмыс істеу үрдісі белең алып барады. Бұған қалай қарайсыз? Сіздің де жасақтаған өз командаңыз бар ма?

- Сіз университетті бітіргеннен кейін «Егемен Қазақстан» газетінде 12 жыл жұмыс істедіңіз. Кейіннен «Нұр Астана» басылымында қызмет атқарып, бүгінде осы газетті басқарып отырсыз. Байқасақ, журналистикада жүргеніңізге бас-аяғы жиырма жылдай болыпты. Аз тер төкпеген сияқтысыз?
- Шынында да журналистика саласында еңбек етіп жүргенімізге жиырма жылға жуықтапты. Былай қарасаңыз, аз мерзім емес. Алайда журналистикадағы қолтаңба жылдар көшімен өлшенбесе керек-ті. Өйткені ұзақ жылдар бойы еңбек ете жүріп, кейбіреулер қоғамдық пікір туғызатындай, оқырманның жадында қалатындай мақала жазбауы да мүмкін. Керісінше, журналистикаға келе сала, жарқ етіп көрініп жататын жастар да аз кездеспейді. Ендеше, журналистикадағы қолтаңбаның салмағы жылдар мөлшерімен емес, жазылған дүниенің салмағымен өлшенеді дер едім. Осы жылдар ішінде белгілі бір белеске қол жеткізсек, шығармашылығыма берілген баға - сол.
- Қазір командамен жұмыс істеу үрдісі белең алып барады. Бұған қалай қарайсыз? Сіздің де жасақтаған өз командаңыз бар ма?
- Команда? Қызық екен. Ойланбаппын ол туралы. Дегенмен бұл «құбылыс» орыстілді газеттерде жиі ұшырасады. Команда дегеніңіз - «көшіп, қонып жүретін» журналистер тобы тәрізді. Мен сырттай білетін «Новиков командасы» осылайша жаңадан ашылған газеттердің ылғи «тұсауын кесіп» жүргені. Олардың соңғы тұрағы - «Фокус» апталығы. Мен мұны шығармашылық еңбектен гөрі, коммерциялық жобаға ұқсатамын. Өйткені жаңадан ашылған басылымға қашанда қаржы молынан құйылады...
«Команда» дегеннен гөрі, «ұжым» деген ұғымға ықыласым көбірек ауады. Ал сол ұжымның ішінде мәшиненің әрбір тетігі іспетті әркімнің өз орны болатыны сөзсіз. Сол себепті, алға қойылған мақсатты журналист жете түсініп, оны әрі қарай кеңінен өрістетіп жатса, одан мықты журналист жоқ қой! «Өз орнындағы» әрбір журналист осылай еңбек етсе, ұжымның да, басылымның да мәртебесі биік болары сөзсіз. «Командалық» түсінік меніңше осыған саяды.
- Қазіргі қоғамда қандай елдік мәселелер маңызды? Басылым бетінде қай тақырыпты көбірек көтергіңіз келеді?
- Қоғамда қордаланған өзекті мәселелер жеткілікті ғой: қайсыбірін термелеп үлгереміз. Дегенмен мен бір-ақ нәрсені айтайын. Соңғы кездері діни мәселе көбірек алаңдататын болып жүр. Қазақ жері дәстүрлі емес діндердің «дәстүрлі плацдармына» айналғандай. Ана бір жылы Астана қаласының діни ахуалын зерттеп, мақала жариялағанымызда, өзімізден-өзіміз шошыдық. Елорданың діни картасында бар болғаны 3 мешіт бар, қалғаны - басқа діндер, оның ішінде дәстүрлі емес діндер орталықтары...
Бүгінде Қазақстанда қанатын жая бастаған дәстүрлі емес діндердің атынан да, санынан да адам шатасады. «Бахаи» сенімі, «Бірлестік шіркеуі», «Иегова куәгерлері», «Кришнаны тану қоғамы», «Вайшнавтар», «Соңғы өсиет шіркеуі», «Саентология» шіркеуі, «Мормондар», «Сахаджа йога», құдай-ау, несін айтасың, жетіп артылады. Қазақ даласы шын мәнінде, әлемдегі дәстүрлі емес діндердің орталығына айналғандай. Басқасын айтпағанда, өткен жылғы есеп бойынша елімізде «Иегова куәгерлерінің» 76 қауымдастығы бар екен. Әділет департаменттерінің ресми деректері бойынша «Иегова куәгерлері» ізбасарларының саны 6000-нан асады.
«Саентология шіркеуі» ізбасарларының саны шамамен 5 000-ға жуықтайды. Саентологтардың өздерінің айтуы бойынша, қазір 30 000-ға жуық қазақстандық саентологиямен танысып және оны өз өмірінде қолданады. Жыл санап өсіп бара жатқан дәстүрлі емес діндердің ықпалы да арта түсетіні белгілі. Олай болса, бұл алаңдатарлық ахуал емес пе?!
- Ислам дініндегілер де тармақ-тармаққа бөліне бастағандай...
- Еліміздегі халықтың 70 пайызы Мұхаммед пайғамбардың үмметі деп жүрміз. «Ахмадие жамағаты», «Алля-Аят» (Фархатшылар) культтік-мистикалық діни ағым, «Ата жолы» («Ақ жол»), тахриршілдер, таблиғатшылар, салафилер, такпиршілер, кораниттер, қысқасы, исламның өз іші қырық тармаққа бөлініп отыр. Сыртқы ықпалды күштердің сойылын соғып жүргендер де жеткілікті. Бұрын-соңды қазақта ата-бабасының басына тұрғызылған кесенені бұзу деген болып па еді?! Бүгін осыған жол берсек, күні ертең ұлыларымыздың басына тұрғызылған тарихи кесенелерді қирату белең алмай ма?! Қалай болғанда да қазақ қоғамында діни ахуалдың тінін тарқату оңай болмайын деп тұр.
- Ендеше, бұл бағытта не істеу керек?
- Еліміздегі діни мәселені реттеу үшін «Діни бірлестіктер туралы» заң қабылдаған абзал. Бұл жерде «демократияшыл» Батыстың, исламшыл араб әлемінің талабына мойынсына беру - елдің қауіпсіздігіне, ұлттың тұтастығына қатер төндіруі әбден ықтимал. Ливандағы қақтығыс, Балқан түбегіндегі, Кавказ бойындағы соғыс, бәрі де діни алауыздықтан өршігені белгілі. Көпұлттылықтан гөрі, көпдінділіктің зардабы ауыр екендігіне әлемдегі орын алған оқиғалар дәлел. Сол себепті «есіміз барда» елдің ертеңін бүгін ойламасақ, бармақ тістеп қалуымыз мүмкін.
- Отандық басылымдардағы қандай кемшіліктерді атап көрсетер едіңіз?
- Ортақ кемшілік- асыра мадақтауға, мерейтойшылдыққа үйірсектік пен даттауға құштарлық. Мақтаса аяғын жерге тигізбей, көкке көтереді. Сынаса, жерге біржола көміп тастайтын дағды көбірек. Нақтылықтан гөрі, сөзуарлық әлі де басым. Әсіресе, шекпенділер мен шенеуніктерге келгенде, сөз сарайы еркін ағытылатынын қайтерсің! «Ұлыққа - қошеметшіл де бір, құл да бір» дейді ұлы Абай. Бұдан артық айтылған сөз бола ма?! Ендеше, қазақ баспасөзін жайлап алған қошеметшілдік жақсы үрдіс емес.
- Ал қазақ қоғамына тән деп қандай кемшілікті айтар едіңіз?
- Оған жауап беру үшін «сырт көздің», жатжұртта жүрген бауырымыздың көзімен қарап көрелік. Еліміз тәуелсіздігін алар қарсаңында Германияда тұратын бір бауырымыз атажұртқа ат басын тіреп, сонымен, емен-жарқын сұхбаттасудың орайы келген еді. Әңгіме-дүкен барысында «Шалғайда жүрген қазақтар мен атажұрттағы бауырларыңыздың арасында қандай айырмашылық бар» деген сауал қойған болатынбыз. Сонда неміс жерінен келген қандасымыз: «Атамекендегі бауырларымыз бір шаруаны қолға алатын болса, «ананы өйтейін деп жатырмыз, мынаны бүйтейін деп жатырмыз» деп жалаулата береді екен де, ең ақырында нақты шаруаға келгенде, діңкелеп, жоспарланған іс жүзеге аспай қалатынға ұқсайды. Ал Алманиядағы қазақтар әуелі шаруаны біржола тиянақтап алады да, басқа жұртқа «ана, қазақтар әлдеқашан шаруасын тындырып қойыпты» деп айтқызып қояды» деген-ді. Бұл шынайы болмысымыздың бағасындай...
- Қалай ойлайсыз, газет идеологиялық қару бола ала ма?
- Болғанда қандай! АҚШ-тың бір кездегі президенті Томас Джефферсон былай деген еді: «Егер де маған газетсіз үкімет немесе үкіметсіз газетті таңдау мүмкіндігі берілсе, мен сөз жоқ, соңғысын таңдар едім» дейді. Яғни үкіметсіз газетті. Осының өзі-ақ газеттің қаншалықты идеологиялық қару екендігін көрсетеді. Қазіргі кезде отандық басылымдар «бет-бетімен» өмір сүріп жатқанымен, олар белгілі бір деңгейде белгілі бір идеологияны жүзеге асырады. Ол идеология кімнің мүддесін көздейді, ол бөлек әңгіме.
«Газет - халықтың көзі, құлағы һәм тілі» дегенді ұлт қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы осыдан бір ғасыр бұрын айтқан-ды. «Идеологиялық қарудың» атқаратын қызметі де осыған саяды. Отандық басылымдар осы үдеден шығып жатса, ұлттық идеологияның ауылынан да алыстамаған болар едік. Бұл дегеніңіз - халықтың жоғын жоқтап, барын асқақтату деген сөз.
- Қазіргі журналист беделінің, сөзінің өтімділігі кімге, неге байланысты?
- Сөз өтімділігі. Тыңдалмаса, сөз жетім. Сөздің құны арзандаған кезі болып тұр қазір. Уәде көп. Ант беретіндер қатары көбейген сайын, оны орындау жағы кемшіндеу. Cөздің құны арзандаған тұста журналист беделінің асқақтығы жөнінде әңгіме айту қисынсыз. Ұлықтардың өзі халық алдындағы уәдесін орындауға селсоқтық танытып отырғанда, тасқа басылған дүниенің тиімділігі де ойдағыдай болмайды.
Басынан сөз асырмаған бабаларымыз орынды уәжге де, ноқталы сөзге де тоқтай білген. Білген соң да, басы артық әрекетке бармаған. Әйтпесе Бекболат биге Үмбетей жыраудың төмендегідей сөзді айтатындай не жөні бар еді:
«Би болмаған би болса,
Айтылмаған сөз қоймас.
Хан болмаған хан болса,
Қанамаған ел қоймас...»

Үмбетей бабамыз қанша жерден халық алақанына салып аялаған жырау болса да, биге, яғни бүгінгі күннің «әділетті сотына тіл тигізгені үшін» ең болмағанда, әкімшілік жауапқа тартылған болар еді. Егер қазір осы ыңғайда әңгіме қозғайтын болса, «айтылмаған сөз қоймас» деп «сотқа жала жауып отыр» деген баппен жырау бабамыздың жүрегін тілім-тілім етер-тұғын. Ерте тумай, кеш қалмай, айтар сөзіңді айта алатын, соның бағасын білетін өз заманында туған қандай жақсы! Әйтпесе есті сөздің қадірін түсінбеген ессіз қоғамда атақ-шатағыңа қарамай, қара басыңа қауіптің қара бұлты төнуі мүмкін-ау?..
- Журналист қоғамның тамыршысы тәрізді ғой. Қазіргі қазақ қоғамында, рухани салада, мәдениет мәселесінде қандай артық-кем жағдайларды байқап жүрсіз?
- Артықшылығы - қазақ қазір әлемдік өркениет көшіне бет бұрды, әлемдік өркениеттегі өз орнын алуға ұмтылып жатыр. Ол қаншалықты деңгейде жүзеге асып отыр, ол бөлек мәселе. Әрине, кемшілік те бар. Оны басқалармен салыстырғанда тайға таңба басқандай көрінеді. Мүмкіндік пен бар шындық. Әлеуетіміз қандай, қазіргі болмысымыз, тірлігіміз қай қиырдан көрінеді? Осы жерде Қазақ елінің әлемдік өркениеттегі орны анық байқалады. Бізде жалаулату, ұрандату басым. PR-ға шектен тыс құмармыз. Алдын ала керемет жарнамалаған дүниеміз ақыр аяғында сүмірейген туындыға айналады. «Бұрын-соңды қазақ тарихында болмаған «Көшпенділер» фильміне» жұмсалған қаржы өзін-өзі ақтамады. Есесіне, отандық телеарналарды түрік, қытай, корей фильмдері жаулап алды. Осылайша мәдени кеңістігімізде жатжұрттық туындылар шеруі жалғасып жатыр. Мәдени экспансияңыз - осы. Теледидарға телмірген жұрттың санасына аталған халықтардың менталитеті біртіндеп орнығу үстінде. Міне, ұлттық идеологияның осал тұсы.
Білім саласында да осындай проблема. «Қазақ-түрік лицейлері» «қазаққа» басымдық бергенімен, «ұпай» - түріктердің еншісінде. Қазақтың білімді деген ұландарын іріктеп алып оқытып, «шәкірттеріміз халықаралық олимпиадаларда топ жарып жүр» деп мақтанады-ай дерсің. Олай болатын болса, ауылдағы бір сыныпта тығылысып отырып оқитын 30-35 оқушының ішінен халықаралық олимпиадада жүлдегер атанған балаға ескерткіш қою керек шығар?! Өйткені қазақ-түрік лицейлерінде бір сыныпта 10-15 бала оқиды да, мұғалімдердің олармен жекелей жұмыс істеуге толық мүмкіндігі бар. Білім беру де идеология. Білім саласының бір тұтқасын қанша жерден түбі бір туысқан болса да, түріктерге ұстатқанымыз қаншалықты тиімді болмақ? Осыдан кейін «Галатасарайдың» ойынына «өліп-өшетін» қазақ ұланының ертеңгі күні қай елдің намысын жыртатынын пайымдай беріңіз.
- Әлеуетіміз қандай, қазіргі болмысымыз, тірлігіміз қай қиырдан көрінеді деп қалдыңыз. Былай қарағанда, әлеуетіміз құдайға шүкір, жеткілікті. Алайда болмысымыз бен тұрмысымыз әлеуетімізге сай емес. Неге?
- Қазақ елінің әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына енуге ұмтылысы құптарлық-ақ. Алайда қазынаның тұтқасын ұстаған кейбіреулер тойымсыздық дертіне ұшырап отырғанда, сыбайлас жемқорлық дерті өршіп тұрғанда, елуліктің ауылына иек артуға ертерек-сынды. Қазіргі қазақ ұлықтарының әрекеті де көктем шыға көзін арбаған көк шөпке ашқарақтықпен кірісіп, өзінің күпті болғанын байқамайтын ашкөз сиырлардың қимылы іспеттес. Ашкөз сиырдың қарны жарылмас үшін қожалары оның көкесін көзіне көрсетіп, қамшының астына алып атпен қуалайды емес пе?! Ішкен-жегенінің біразын тастаған соң, ашқарақ сиыр да ажалдан әупірімдеп аман қалады...
Байлыққа бас ұрғандардың да пайым-түсінігі осы деңгейде. Олар тойымсыздықтың ақыры арылмас дауға, бойға біткен бейнетке апарып соқтыратынын шын түсінгенде қоғам түзеледі. Жеке өзі байып, ұшпаққа шықпайтынын, кісіге жасаған жақсылықтың Алладан да, адамнан да қайтарымы мол екенін пайымдаған сәтте ғана барып, қазақтың керуен көші өркениет жолына түседі. «Нақақ көзден аққан жас» арқылы тапқан дүниесін заңдастырушылардың тәубаға түсіп, нағыз Атымтай жомарттардың дәурені туғанда ғана базардағы «тәшкі» сүйреген, болмашы тиын-тебен үшін кісіге жалданған жұмыссыз қазақтың бағы жануы мүмкін.
Қазынамыз жеткілікті, әйтсе де халқымыз неге бақуатты емес? Бұл сауалға қатысты ойымызды алпауыт АҚШ-тың 26-шы президенті Теодор Рузвельттің тұжырымымен түйіндегім келеді. «Бізді ұлы ұлт ретінде байлығымыз емес, оны қалай пайдалана білуіміз әйгілейді». Олай болса, Рузвельттің айтқанын қазаққа қарай икемдейтін болсақ, қазақты «ұлы ұлт» ететін қыруар байлығы емес, бар байлықты орнымен кәдеге жарата білуінде болып шығады.
- Ұлылыққа ұмтылатын ұлттың бүгінгі ұраны қандай болуы керек деп ойлайсыз?
- Басқа сәтте, басқа ыңғайда айтылғанымен, жазушы Әбіш Кекілбайдың мына сөзі көңілге көбірек қонады. «Біз ешкімге күш көрсетпейміз. Біз де адам перзентіміз. Кем перзенті емес, тең перзентіміз. Керек кезінде кең де бола аламыз. Керек кезінде ер де бола аламыз». Ұлттық рухтың бүгінгі ұраны осымен астасса керек-ті. Кең болып көрдік. Кеңдігімізді қадірлемеді. Теңдігімізді де тепкілеп, тегеурініне бұғалық салатындай ыңғай көрсетті. Тәңірі жарылқаған жұрт едік, қайта тізгінге ие болдық. Ендігі мақсат - соны баянды ету. Ұлт жүрегіне, ұрпақ санасына бабалар рухын сыналап енгізіп, ұйыстыру болмақшы. Осы тұста министрлердің бойынан, әкімдердің іс-қимылынан ұлтжандылықты көргіміз келетіні рас. Бұл дегеніңіз, елдіктің басты нышандары - тілді, ділді, жерді, қауіпсіздікті қадір тұту. Осыдан туындайтын мәселе, басқа ұлттық топтарға «байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құрып отырғандығын» шын мәнінде, ұғындыру қажет. Сонда ғана сенімімізге селкеулік түспейді. Ортамызда күмән болмайды. Басқаның айтағына үн қосатындар азаяды. Сонда ғана мемлекеттің ішкі тұрақтылығына қуат бітеді. Ұлттық ұранға қатысты жауабымыздың бір парасы осындай.
- «Мен іздеген кейіпкер» деп кімді айтар едіңіз?
- Ауғанстанда әскери борышын өтеген Қалқораз Сейтниязов деген азаматты. Қос аяғы тізесінен төмен қарай жоқ. Соғыста жараланған. Протезбен жүреді. Әу басында оны ерлік көрсеткен батыр деп барып, кездескен соң, «өмірін бір құдырет әлдилеген» - махаббат кейіпкері ретінде танып қайттым. Соғыста ерлік көрсетпегенімен, оның сезім майданындағы асқақ рухы оқырмандарға өзіндік өнеге болды деген ойдамын. Осы кездесуден кейін «Бір құдірет барына сенемін» атты мақала жарық көрді. Қалқораздың өмір-шежіресі кім-кімге де тағылым боларлық деп есептеймін. Өмір үшін күрес өнегесі! Менің кейіпкерім осындай.
- Әңгімеңізге рақмет.

 

Сұхбаттасқан
Ершай Әзірет

«Айқын» газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5415