ПРЕЗИДЕНТ ЕНДІ ЕКІ-АҚ МИНИСТРДІ ТІКЕЛЕЙ ТАҒАЙЫНДАЙ АЛАДЫ
Елімізде қолға алынған саяси реформа аясында Парламенттің рөлі күшейтілмек. Ендігі уақытта Президент тек екі министрді ғана тікелей, өзгелерін міндетті түрде Мәжілістің келісімін алғаннан кейін тағайындайтын болады. Бұдан бөлек депутаттар енді көпшілік дауыспен министрлерді отставкаға жіберетін өкілеттікке ие болмақ, - деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Мемлекет және қоғам қайраткері Әділ Ахметовтың пікірінше, жаңа реформада, ең бастысы, билiк тармақтарының жауапкершiлiгiне өте үлкен көңiл бөлiнген.
«Парламенттің тек қана заң шығарып қоймайды, сол заңдарды бақылай алатын өкiлеттiгi артпақ. Министрлердi тағайындауға байланысты да Президент өте жақсы айтып отыр. Президент қорғаныс саласы мен сыртқы істер министрiн ғана өзi тікелей тағайындайды. Қалған министрлерді міндетті түрде Мәжiлiстің келісімін алғаннан кейін ғана тағайындайтын болады. Осылайша Парламенттiң рөлi артып отыр», - дейді профессор.
Тағы бір маңызды жайт, депутаттар енді көпшілік дауыспен министрлерді отставкаға жіберетін өкілеттікке ие болмақ.
«Ендігі жердегі үлкен жаңалық – Мәжіліс депутаттарының үштен екісінің астамы министрді орнынан түсіру жөнінде ұсыныс жасайтын болса, онда Президент оны қабылдауға міндетті болады», - дейді Мәжіліс депутаты Сауытбек Әбдірахманов.
Әділ Ахметовтың айтуынша, енді бұл реформаны науқанға айналдырып жібермеу керек. Бұл мәселе тым көп айтылса, халық мезі болып кетеді.
«Халықтың талқылауына ұсынылып отыр. Өте дұрыс шешім. Сол талқылаудың басы осы жерде басталып отыр. Халық бұл бастаманы қолдайды деген үміттемін», - деді ол.
Сауытбек Әбдірахмановтың сөзінше, Конституцияға енгізілген бұл өзгерістерді қабылдау үшін жалпыхалықтық референдум өткізудің қажеті жоқ.
«Конституцияға сәйкес, міндетті түрде референдум өткізу қарастырылмаған. Ата заң бойынша референдум немесе жалпыхалықтық талқылау болуы керек. Бұл жерде жалпыхалықтық талқылау таңдалынып отыр. Менің ойымша, бір ай ішінде бүкіл қоғам үндеуді талқылауға белсенді атсасылып, нақты ұсыныстар енгізсек, бұл мәселені референдумсыз-ақ шеше аламыз», - деді Мәжіліс депутаты.
Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы 25 қаңтар билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу бойынша Қазақстан халқына үндеу жасаған еді. Саяси реформаға сәйкес, Президенттің әлеуметтік-экономикалық процестерді реттеудегі біршама өкілеттіктері Үкіметке және басқа да атқарушы органдарға берілмек. Сонда бұл салаға Үкімет, министрліктер және әкімдіктер толықтай жауап беретін болады. Бұл өзгерістерді Үкімет қазіргі Парламенттің сессияның аяғына дейін Парламентке енгізуі тиіс.
Бұдан бөлек, билік тармақтары арасындағы қарым-қатынасты конституциялық деңгейде теңгерімді ету мақсатында Үкіметті жасақтаудағы Парламенттің рөлі күшейтіледі. Парламент сайлауында жеңген партия Үкімет құрамын анықтауға түбегейлі ықпал ететін болады. Бұл министрлер кабинетінің өкілетті билік алдындағы жауапкершілігін арттырмақ. Тиісінше, биліктің заң шығарушы тармағының атқарушы билікке бақылауын күшейтеді.