Сенбі, 23 Қараша 2024
Сатира 4496 0 пікір 26 Қаңтар, 2017 сағат 11:55

ҒАББАС ҚАБЫШҰЛЫ. БІЗГЕ ЕНДІ НЕ ҚАЖЕТ?

                                          

Осы бар-ау, өмір мен тағдырды шатыстырып жүретін әдетті біз қашан, кімнен және қалай жұқтырып алдық екен?.. Әрине, білмейміз. Білмейтініміз көп, мысалы, білмейтініміздің өзі немен, қалай  саналатынын да білмейміз. Әйтеуір, біресе: «өмір – қызық, тағдыр – шыжық», біресе: «тағдыр – қызық, өмір – шыжық» дейміз. Оның да анық-танығында шаруамыз жоқ, парламентіміздегі кейбір депутат мырзаларша  айтпағымыздың бас-аяғын ауыстырып, есі дұрыс екінің бірі ұға алмайтын етіп, былымықтап сөйлей береміз.

Ал екінің бірі, жо-жоқ, екінің екеуі де екі жерде екі - төрттей білетін, түп-түгел түсінетін сөздеріміз – «Елбасымыз атап көрсеткендей» деп тураланып, «әлемде» деген анықтауышпен тұздықталып, жер бетіндегі жетістік, жақсылық, жаңалық атаулының бәр-бәрі біздің тәуелсіз Қазақстанда дейтініміз. Ол да аз: «Міне, жиырма бес жыл болды, Қазақстан дүние жүзінің қауіпсіздігіне кепіл болып келеді!» деп те көсіліпті бір депутат, - бұл мерзімде қайсыбір мемлекеттердің өзара қақтығысуы, соғысуы былай тұрсын, ешбірінің көшесінде жаяутөбелес те болмағандай. Тыңдап, оқып отырасың да: Міне, өмірде не болмайды, сонау Хрущев «көсемнің» кезінде коммунизмді көре жаздап, бірақ, тағдыр қызық қой, ол «көсем» орнатуға шақ қалған  коммунизмін өзі де көре алмай, бізге де көрсете алмай тоңқалаң асты, ал ол көкесін тоңқалаң астырған Брежнев «көсем»  коммунизмге баса-көктеп жетіп бармай, әуелі оның  коридорынан – «дамыған социализмнен» өтіп алу керектігін өсиеттеп,  ол да онысының не екенін өзі де білмей, бізге де білдіре алмай, жағы түсіп, кете барды. Өмір ғой! Ол екеуінен кейін пайда болған «таңбалыбас Михаил» - Горбачев «көсем» көкелері ен таққан «коммунизм» мен «дамыған социализмді» дереу «қайта құруға» кірісіп, күндіз-түні тұрып та сөйлеп, жатып та сөйлеп, өзінің көбік сөзіне өзі шашалып,  Америкадан ем-дом алып, «КСРО» деген байтақ елді әлгі-әлгі «коммунизмнен» де, «дамыған социализмнен» де азат етіп, шаңырағын шағып, сол сөйлеген күйі, өмір мен тағдырдың екі ортасына сіңіп жоқ болды.

Сол тағдырларды ойлап, өзіміздегі бүгінгі  өмір туралы толғауларға құлақ түремін де, билігіміздің бұқаралық ақпарат құралдары тәулік бойы айғақтап жатқан жаңағы жетістік, жақсылық, жаңалық, қауіпсіздік атаулының бәрі өзімізде екеніне, «дамыған социализм» Есіл өзенінің оң жағасында, ал «коммунизм» Есілдің сол жағасында екенін көріп отырғанымызға сенемін. Сенбегенде ше?! Бісмілләсі «Елбасымыз атап көрсеткендей» деп басталатын үлкен-кіші мақаланың кез келгенін оқысаң: біздің Қазақстанның ауыл шаруашылығында, өнеркәсібінде, мәдениетінде, иә, бүкіл тұрмыс-тірлігінде шіркейдің кірпігіндей мін жоқ-ау, жоқ! Әлемді таңдантып, тамсандырып отырмыз. Әлемдегі бай делінетін елдерде, ырғын «ғұламаларымыздың» ілгерірек біреуі айтқандай, қайсысы екені есімде қалмапты, көдедей көп қой олар, иә, солардың бірі айтқандай, сол елдерде Қазақстанның экономикалық әлемдік дамуының кодын (кілтін) зерттейтін арнаулы институттар құрылыпты. Әнеки!..

Әйткенмен, қай ғасырда, қай мемлекетте болсын, жұртқа бірдеңе жетпей жатады және оның не екенін білу әрқашан қиямет болады. Бізде де солай сияқты. Шіренген шенеуніктердің алғы-артқы шептерінде жүрмесем  де, соның не екенін ұйықтап ойлап, оянып ойлап, соңғы айда салмақ жоғалта бастап едім: «Уәй, өмір-ай!» ма, әлде «Уәй, тағдыр-ай!» ма, әйтеуір, менің де көкейімдегі «Бізге енді не керек?» деген сұп-сұйық сұраққа қоп-қою жауап табыла қалғаны: Есілдің үстіне көпір.., тойыст, сағат орнатылыпты!  О, әне, бізге жетпей жүрген сол болатын! Ойпырым-ай, ойлана-ойлана жүйкемнің неше талшығы жұқарып, неше талшығы үзілді екен?! Е, мейлі, керегіміз табылғанының өзі қаншалық!

Рас айтып отырмын, көп ойландым. «Қазақта шекара болмағанына» «бүгінгі шекарасында мемлекеті болмағанын», «Қазақстанның тарихы 1991-жылдан бастап жазылуы керек екенін», тағы сондай әлду-дәлдулерді түгел  қоса ойлап, азан мен ақшамның және ақшам мен азанның арасын метрмен де, литрмен де, килограммен де өлшеп... әй, өзім де қызық-шыжықпын ғой... республикалық есеп-қисап агенттігіне тыпырлатып телефон шалып, бізде: нанның, сүттің, айранның, майдың, еттің 1992-жылғы мен бүгінгі бағаларының айырмаларын салыстырып сайрап айтып берулерін өтініп едім, ондағылар: «Елбасымыз атап көрсеткендей», ұсақ-түйек сұраққа жауап іздер уақытымыз жоқ, бәрінің де  бағасы орта есеппен 100 есе өскенін әуелде 4 теңге 70 тиын тұрған доллардың қазірде 340 теңгеге жеткенімен долбарлай бер! Әлде саған шет елдердің нешеуінен жылына қанша ет сатып алып жүргенімізді айтып беру керек шығар?!»  деп шақылдады. Өй, қызылкөздер-ай! Пәледен әлгі немене қашқан деуші еді, мен, немене, солғұрлы жоқпын ба, аузымды тақияммен тарс жаба салдым. Бірақ ойлануды доғармадым.

Ойлана білген жақсы ғой, Есілді әлемге танытқан, бетінің жалпақтығы 17 метр анау сағаттан басқа тағы да бірдеңенің жетіспейтінін сездім. Сонда бізге енді не керек? «Елбасымыз атап көрсеткендей»... жо-жоқ, ол кісі ненің жетіспейтінін атап көрсеткен емес. Әлемге, иә, әлемге, айдар тағылғаны бар, тағылмағаны бар, елу шақты миллионер-миллиардерді беріп отырған біздің елде ненің жетіспейтінін ойлау ол кісіге ыңғайсыз ғой! «Елбасымыз атап көрсеткендей», тобырдың, бізше - халықтың қатарындағы біз ойласақ та жетіп жатыр. Мысалы, мен: республикамызда неше жүз мың жұмыссыз барын; алдымыздағы тамағымыз бен үстіміздегі киіміміз, пәтерақымыз және басқасы жылына ай сайын неге қымбаттайтынын; жүйкелері елден бұрын тозатын мұғалім мен дәрігерге 50-60 мың теңге ғана айлықақы бұйырып, парламент пен мәслихаттарда, ассамблея дейтінде қалғып-шұлғып отыратын, тым болмаса жылына бір рет селт етіп: «Қымбатты мырзалар, біздің ауылда, ауданда қылаяғы ауыз су жоқ, ол қалай?»  дей алмайтын «халық қалаулысы»  2-3 мың доллар айлықақы алатыны не үшін екенін жиі ойлаймын. Немесе 1986-жылғы желтоқсанның 17-18-і күндері Алматыда  жастардың көтерілісі болғанына кеше ғана 30 жыл толды, бірақ жоғарғы-төменгі биліктің басшы-қосшылары ләм-мим демеді. Ешбір жерде ресми жиын өткізбеді. Мән-маңызы зор ол Көтеріліс  болмағандай. Соны да қинала ойладым. Әрине, мен ғана емес, мыңдар ойлады. Бұл ойларымыз бізде бірдеңенің жетіспейтінімен байланысты емес пе әлде? Мүмкін, бізде бәрі де мүмкін. Ойланғанымыз үшін ертеңдер жауапқа тартылуымыз да мүмкін. Ендеше...

Иә, әзірше ой еркіндігіміз болып тұрғанда ойлана берейін...

Есіл өзенінің суын тұщытуы мүмкін ол сағатты орнатуға неше миллион теңге жұмсалды екен?.. Сірә, он шақты ауылға ауызсу жеткізіп беретін жүйе жасауға жұмсалар қаржыдан әлдеқайда көп шығар, ә?  Әрине!..

Әйткенмен... әй, Астанаға сол сағаттың пайдасы аз емес. Меніңше, бірінші пайдасы: «Міне, біз мынадай сағат орнаттық! Гиннестің рекордтар кітабына жаздырып, «Әлемдегі ең үлкен сағат – Қазақстанда!» дегізіп, уәй, әне!» деп шешініп тастап мақтануымызға себеп бар (себепсіз де мақтана беруге төселіп алдық  қой!).

Екінші пайдасы: алтынмен апталып, күміспен күптеліп жатқан ай-хой Астананың, иә, қаулымен қапталып, қаңырап жатқан ауылдың емес, өзіміздің Астананың шәкіртінен министріне дейінгі бірде-бір тұрғыны мектебіне, кеңсесіне, мейрамханасына, театрына, түнгі клубына, дүкеніне, базарына бұдан былай бір минөт те кешікпейді! Сырттан, сонау шет елдерден келіп-кетіп жататын меймандарымыз да есіл уақыттарын біздің Есілдегі осы мәртебелі сағатымызбен есептейтін болады! Так что...

Сонда бізге енді не керек? Оны ойлан... О, «ойлан – тап» деген, мен таптым: бізге жетпей тұрғаны – Қоңырау! Да, да, НАСТОЯЩИЙ ҚОҢЫРАУ! Оны да Есілдің ең көрнекті тұсына орнату керек! Алтыннан ба, күмістен бе, қоладан ба, титаннан ба... неден жасатуды билік біледі, орнаттыратын да – өзі. Әйтеуір, Ресейдің Патша-қоңырауынан әлдеқайда үлкен етіп жасату керек! Әрине, Путин В.В. мырзаны ренжітіп алмай.

Ол қоңырауымыз да Гиннесс кітабына жазылып, әлемге айғақталса,  астаналықтар тағы да бір жасап қалар еді! Әсіресе, айналайын шәкірттеріміз бен студенттеріміз сабақ-лекция  арасындағы үзіліске уақтылы шығып жүрер еді!

Солай, ағайындар! Біздің Қазақстанға енді бір ғана қажет нәрсе – осы, Қоңырау! Жетіспейтініміздің орны сонымен лықа толады! Алдын ала айта отырайын: ҚОҢЫРАУЫМЫЗ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5383