САҒАДАТ ОРДАШЕВА. ДАМБАЛДЫҢ ТЕСІГІ
Түсі оңған қызғылт түсқағаздың кіршең бетінде баттиып көзге түскен бір жапырақ қызыл матадан басталған әңгіме екі әйелдің кешкі құрғақ отырыстарына ерекше реңк беріп, Марвиннің қоңыздай ұсақ конструктыраны алданған баланың да ойын сан саққа жүгірткен.
- Анау не? - деп бастады сабалақ иттің саусылдаған жүніндей үлпілдек шашы аузына түскен сары қыз. Үй иесі сүп сүйір сирақтай тырнақтарын үстелге тыңқылдатқанын қоя салып, қабырға төбесіне ілінген қызыл шүберекке аз мұз телмірді.
- Шаң басыпты. Қап әй? Өрмекші де ұя салып үлгеріпті. Ол ма? Ол - Бекет атаның басынан келген жыртыс қой. Байсыз басы бос құрбысы ырқылдаған, бәлкім мырсылдағандай тұрпайылау дыбыс шығарды.
- Соған сыйынам де. Байға тиіп, екі ұлды екі жыл қатарынан дөңгелеткен ақша жүзі бақша келіншек, әр жерінен ой қыртысты сай құламасы анық шалынатын көздерін үлкейтіп, ернін түртитті.
- Қойшы, бұл басқа тема. Біздің көзқарастарымыз келмейді ғой. Давай, не будем а?
- Иә, сол Төкеңді айтайық.
- Төкең деген ең жақсы тема.
- Так, ол маған үйленбейтін сияқты.
- Үйленеді, тек қана ақшасы жоқ. Той жасағысы жоқ. Жалпы, білесің ғой, қазір жастар ақылды, той жасағаннан гөрі, пәтер алмаймын ба деп, шағын бір басқосу жасай салады.
- Енді, мен әке шешеме той жасамаңдар деп қалай айтам.
- Ну, жасаңдар, бірақ, Төкең саған қарап жасамай тағы тұрмайды ғой. Ұят қой оған, намыс. Білмеймін, шын айтсам. Қайтесің, күтесің де.
- Иә... Тұрмыс құрып, бала сүйгім келеді, представляешь.
- Қайт дейсің? Жасың отызға таяды. Қиын әрине.
- Сонымен, сол матаға табынасың да. Осы түсінбеймін, табыну керек болса, сыйыну керек болса, пайғамбар бар емес пе? Сендер не, әркез табынатын біреуді тауып ала бересіңдер?
- Ну, дорогая, саған мұны түсіндіре алмаймын.
- Айтшы, матаны неге іліп қойдың?
- Мұны, көзім алайып аспанға қарағанда, Бекет атам есіме түссін деп іліп қойдым, - деді тыриған келіншек ақша бетіндегі бүкіл әжімді маңдайына жиырылып.
- Бекетті есіңе алып... О, тоба, Аллаһты есіңе ал.
- Бет аузын бес батпан шүберекпен ораған ана подругаңның әңгімесін айтпашы маған.
- Ну, енді сенікі дұрыс па, Бекетті есіме алам деп.
- Сол подругаң Арабиядан алған ғой ілімін. Айтпақшы, тіпті Арабияға барып келді.
- Иә, барып келді. Білесің бе, арабтар азғындап, азып кеткен дейді. Намазды отырдым, дәретке бардым, шай іштім деген сияқты дағдымен оқиды дейді.
- Соның маған уағызын айтып жатсың еще. Ей, пайғамбар айтқан: "дін Арабиядан басталып, Арабияда бітеді" деп.
- Мәәә, шын ба не? Білмеген екем.
- Өздері извращенцы. Несін айтасың?
- Сенікі дұрыс болса, пайғамбарға неге жалбарынбайсың? Пайғамбардың дәрежесі мың артық қой. Ақша жүзі бақша келіншек, сойдиған тырнақтарымен иегін жасқап, терең күрсініп алды. Ұйпа тұйпа бұйра шашын сілкіп қалып, алдындағы тәтті бәліштен тістеді.
- Мен Бекет атаның басына барарда, іргемізде жатқан Есет атаның басына соқпасам, соқпаған болсам, үш сағат қаладан жырақта жатқан Шопан ата мен Досжан атаның басына бармасам, облыс іргесінде жатқан Уайс Қаранидің басына түнемесем Маңғыстау барғаным бекершілік болады.
- Ну и ну? Күлкіден сықылықтап рахаттанған құрбысы жатып қалды. - Қатырасың. Ал, бар бәріне, сосын не шығады?
- Мүйіз шығады. Сен, мысалы, айталық, Абай атаңды білесің ғой. Абайды жақсы демей, Абайды жаттамай қалай сен Руми, не болмаса Омар Хайям жақсы деп елді сендіресің? Әлемде, әлдекімді таныстырғанда "бұл қазақтың Абайы" деген теңеулерді естіген шығарсың. Сол сияқты, өміріңде жақсы адамды кезіктіріп, оның жақсылығын әспеттеп, оған құдайдан дұға тілеп, оның мәртебесін асырмайынша, сенен мың шақырым жерде жатқан пайғамбар қабірінің қадірін қайдан білесің? Қазақтар, қызық, Мекке баруға асығады. Пайғамбардың басына баруға асығады. Түркістандағы Яссауи бабамызға бару үшін Арыстан бабтың басына соғу керектігін білмейді бар ғой. Сол қарапайым қағиданы, прикинь, мына мен білемін. Бақилық болған әке-шешесіне дұрыстап дұға жасап, садақа бермеген мұсылмандар Меккеге барып, пайғамбар басына барып, тәу етеді.
- Тәу етпейді, құран бағыштайды.
- Білесің бе, бұл, туыла салып, "маған тимейдер, маған ана керек емес, мені құдайдың өзі емшек беріп асырайды, әке керек емес, мені Аллаһ жеткізеді, қалғандарың ширк" деумен бірдей ғой.
- Ужс, не деп кеттің?
- Ей, өліп қаласың бар ғой, өліп қаласың ғойІ Осыны айтқанда тыриған келіншектің бас сүйегіне жабысқан көктамыр ісініп, көзі бақырайып кетті. Сарғылт шашты құрбысының сарғыш реңкі бозара бөртіп, сап сары томпақ бауырсақтай дөңгеленген жүзінен күлкілер шашылып, жылтыңдап әр бұрышқа секірді. Манадан бері бармақтың ұшындай конструкторға алданған үш жасар бала, шашылған тиынның сыңғырын аулап, бөлме ішін кезіп жүгіре бастады.
- Өй, мынау қайтеді? Еркелеп жатыр. Күлкіңді ай сенің, - деп кейіді тыриған келіншек. Екі иығы кемсеңдеген кемпірдің қу сүйегіндей ілініп тұр кеудесінде. Омырауын ойып түсірген көйлек бәліштей болбырап, бүріскен емшегін салаң салаң еткізіп көзді арбайды.
- Әййй, "уу-ө-у-ө-өлііп қа-а-аласың" деп күштілеп, қырылдап айттың ғой. Ой, не могу. Байталдай жер тарпып, семіз денесі атып шығып, әлемді астаң кестең еткісі келетін құрбысының кеудесі іркілдеп, жарылуға шақ қалды.
- Ну, уахабиттерді тыңдап тыңдап, миың бітеліпті. Солар ғой, ширк мирк дегенді шығарған.
- Ал, сен "Аққа", "Гәкку" сияқты бірдеңелерге кірмейсің бе?
- Жоқ. Ата бабам мың жыл табынған, ата бабамның мың жылғы ғұрпы бұл. Ал, ана, матаны бұлай ілгеніме күйеуім де күлген. Мен просто, көз тиеді деп қызыл шүберек байлап, көз тағып қойғанға сенемін.
- Ширк қой бәрі, ширк.
- Иә, үйімде әлдеқандай әртістің сүреті жоқ, сол ширк әне. Қайрат Нұртас, Тимати, Төреғали, тағы кім бар?
- Жаным, ол ширк емес.
- Не онда ол?
- Түсінесің бе, олардың көздері әдемі. Әндері қандай!!! Жақсы көріп ілгенде тұрған не бар?
- Ештеңе жоқ. Жәй әйшейін. Прост, үйіңе періштелер кірмейді.
- Ой, не надо. Мы с тобой, почему об этом болтаем.
- Саған о баста айттым ғой, керек емес көзқарасыма бас сұғып деп. Көздерін айтасың, көздерін ай деп. Ол көз емес, дамбалдың тесігі.
- О-о-ххоо, дамбалдың тесігі, өлтірдің. Сықылықтап күлгенде екі бетіндегі томпақ үйір қызғылттанып, көзінен жас ақты. Бұрыштан бұрышқа секірген бала "дамбалдың тесігі" деген сөзді естігенде қалт тұра қалды. Өзіне өте таныс сөзді естіген. Өткен түні шешесі түнгі пижамасын шешіп жатып, дамбалының тесіліп қалғанын көріп, "дамбал тесік" деп тесіктен қолын кіргізіп шошайтып, күлген еді.
- Иә, дамбалдың тесігі. Ол тесік сиырда да бар. Ана сайға түсіп кетпейін, мына шұңқырға кіріп кетпейін. Мынау боқ па, мынау шөп пе деген.
- Мүлдем қуып кеттің. Давай, Төкең туралы айтайық.
- Төкеңді айтайық. Ал, менің үйімдегі қызыл шүберекке келген сайын шүйілме. Әркімнің өз стилі бар демекші.
- Қашан тұрмыс құрам сен құсап, а?.. Ну, шаршадым уже. "Мама, дамбал тесік" деп бұрышта отырған бала бұтын шешіп, екі томпағының ортасынан шүмектей шүмәтәйі жалтыраған тесікті тоңқайтып көрсетті. Күлкіден жатып қалдық.
Өлетін күн
Қаракүрең бұлт қаумалап келіп, қара жері ойдым ойдым болып ашылып, су шалшығы шапшып, балшығы бопырайып, көліктің бәрі күрең шалшыққа боялған қаланы қамаққа алғандай қапырық түнек орнатты. Құдды бір, ауыр қасіретті шығармаларда өлетін кейіпкерлердің қазалы күнгісіндей томырықты рең кеудені де қамап алғандай. Құдды бір, көктемнің асау ағыны қараша күзге өтіп кеткендей, мезгілді тап басып айту оңай емес-ті. Құдды бір, дуэльге шығып, атылып қаза болатын ақынның соңғы тынысындай ауыр қасіретті таң басталған-ды. Бұл көкшіл көздерін тоғыз қабаттық үйлердің арғы бетін көлбеген қара бұлттарға қадап, "бүгін өлетін күн екен" деп сыбырлады.
Төменде әдеттегідей адамдар сабылысты. Әдеттегідей даңғұл дұңғыл құлақ жеген қамсыз харекет. Сосын көршісіндей иықтасып, еңселі бойымен мұның кеудесін жаншыған "Мега" сауда-ойын орталығына ерігіп барды. Жол бойы ырықсыз еш көлік келіп соқтықпады. Қағып та кетпеді. Ешбіреу келіп бүйірінен пышақ тақап тонамады да. Болмаса, «Мега» сауда орталықталықтың үшінші қабатынан байқаусыз сырғып құлармын деген жобасы да пайдаға аспады. Дүкеннен өзіне еш керексіз заттарды сатып алды да, "өлшеусіз өлуге өш" күндерін артқа тастап үйге келді. "Өлуге болмайтын күні өлу керек" деді сосын. Кейін...
***
Кейін ойласа, жындануына тап осы бүгін 14 жыл да 14 күн керек болған екен. Мырсылдап күлді. Аз уақыт емес, тіпті, қанша уақыт десеңші. Ол күлімсіреп тұрды да, мана дүкенде алған дәрілерді бір ыдысқа құйып, үстіне су құйып, қара көк қоймалжыңға айналғанша былғады. Сосын ыржиған езуіне мысқыл үйіріп, тартып жіберді.
***
Ойласа, жындануына тап осы бүгін 14 жыл да 14 күн керек болған екен. Төрт баласы қазір мектептен артынып тартынып келеді. Сосын шешесінің ақ көбіктеніп жатқан жатысына шыңғырып, шошынып айқай салады. Тіл тартпай бұл да өлетін шығар. Ол қоймалжыңды ішкен бойда, еденге еріксіз құлап ыңырси бастады. Солқылдап іш тартты да, шалқалап жымиып күлді. "Бүгін өлуіме болатын күн" деді іштей. "Өлгенімді күтіп, маған осынша аңсарың аумаса а?" деді ыржалаңдап. "Саған не істеп қойыппын соншама?"...
***
Ол өзінің құсалы арманына қолын жеткізді. Қазгу-ға оқуға түсті. Екі жыл қатарынан тапсырып түсе алмаған ҚазГу, үшінші жылы беторамалын шешіп, құшағын ашты. Бұл екі танауы делдиіп, жұқалтаң ақ құба жанары алабұртып арманымен қауышты. "Бекер қауышыппын" деді іштей өліп жатып. Бекер. Жазушы болғысы келді ғой. Жазушы. Көзі көкшиіп, алая бастады. Мұрнынан, аузынан көбік атқылай бастады. Көзі атыздай болып ашылды. Сонда да күлді. Жазушы болғысы келген мұның. Сол арманына күлді. Асқақ арманына. Әкесіндей арқа тіреген ұстазына да үмітті шәкірт бола білді. Жазуы шымыр, тілі таза, ойы көркем еді ғой. Ұстазы, үлкен болаттай көзін қадап, "сен жақсы жазушы боласың" деп көп айтыпты. "Пф, ух, жаным ай, не дедіңіз? Неге олай дедіңіз? Неге өйттіңіз а? Бола алмай қалдым ғой." Ықылық атып жерде көп жатты. Жан жүйесін күйдірген у қоспа санасын да жайлап сипап, есінен алжастыра бастады.
***
Кейін бірінші курсты бітірер бітірмес қара бурадай мойны жуан жігітке кезікті. Бұл емес, ол сыртынан бақылап жүріп ғашық болған екен. Артынан қалмады. Түнде де, күндіз де көлеңкесіндей еріп жүреді. Апақ сапақта терезеге үңілсе, оның томпақ қара торы жүзін көрер еді. Күндіз аудиторияның есігінен, сырттағы сәкіден, аршалардың арасынан... көзін шалып қала берді. Сүйкімсіз қара бұжыр, көріксіздеу жігіттің жүзінде ойнаған оймақтай алабұртқан сезім оны сұлуландырғандай сүйкім тарта берді. Тіпті, оның көлеңкесіне де үйренді. Сондағысы, тіл қатпайды. Алыстан аңдиды да жүретін. Алыстан ұяла бөртіп жер шұқып қалатын бұл көзін салса. Сол ұяң жігіт түбіне жетті. Ағзасын күйдіріп, өрттей өзегін өртеген дәрінің негізгі себепшісі сол жігіт. Ақыры бұған үйленіп тынды. Ырқынан тыс, сүйетінін күндіз түн жырлап, етегіне бас қойып, табанын сүйіп, алтын алқаға көміп, мұны ақыры алып тынды. Тынды да, алғашқы неке түні естен кетпестей етіп шықшытынан оңдырмай жұдырықпен қойып қалды. Алғашқы түні ақ өз жарын, өз төсегіне құлаған өз жарын зорлады. Сондай да болады екен ау...
***
Кейін ұстазы жазушылыққа баулитындай көп тапсырмалар беретін. Түрлі ситуацияларды айналдырып, тұтас туындының концепциясын туғызыңдар деп, қарапайым трагедияны бояңдар деп тапсырма беретін. Бұл сонда, әдемі сюжет, қасіретті қанға боялған сюжетті өз ойында әрлеп, әсемдеп, ағайына айтқанда, ағайының болат жанары шоқтай балқып: "Жарқыным, мұны жазба, маған бер" деп еді. "Жоқ, ағай, - деген бұл, ішінен тауып алған әсем мауыққа өзі аунағысы келгендей, - бұл менің ең жақсы шығармама айналады, мұны өзім жазам" деген. Санасы жаз енді деді. Енді қаның қарайған, қаның кеуіп, миың өртенген тұста жаз енді. Жазғанның көкесін көрсет деп санасы сөйлей бастады. Өзі ме, әлде өзінен бөлек біреу бардай ала көзі ақшиып, мұздай өлі жанары алағызып қарады. Бөлмеде ешкім көрінбеді. Бірақ, біреу бар сияқты. Біреудің аяғы. Біреу тап қасына таяп келді. Сол екен. Сол өзі жазғысы келген қыз. Ақ беті қанқызыл, ақ көйлегі қанқызыл, ақ білегін оюлап қара қою қан жұғыпты. "Мен келдім" деді анау. "Сен едің ғой, мені жаратқан. Ой да болса, ол болмыс. Мені миыңда жаратып ап, өз сорыңа өзің күл енді". Түрі қандай сұмдық, езуінен керіп тастағандай опырылып жыртылған. Екі көзі де өлі, екі жаққа қарап тұр. Ақ көйлегінің сау тамтығы жоқ. Пышақпен кескілетіп, әр жерінен мың рет жаншып, бүкіл бөлмені қанға боятқызып қойған өзінің қияли бояуы еді ғой. Алдына тіріліп келгені несі? Осындай бола ма? "Маған сор сыйлаған сен" деді анау. "Бірақ, сол сорға өзің құлайтыныңды сезбедің." "Ішіңде жасырын жатқан тілегің ем". "Бірақ, қырсыққанда сен өлмейсің. Өліп қалсаң өлермен, өлік кейпіңді қалай мазақтаймын? Қорсың ау, сорсың".
***
Тура жындануына 14 жыл 14 күн керек болған екен. Ол көзін ашқанда Облыстық Психодиспарсерлік Орталықта он күн бойы есін жимай жатқанын білді. Өлмей қалыпты. Аман екен. Қасында қара бурадай дөңкиіп, қарны теңкиіп ісініп кеткен күйеуі тұрды. "Жауызсың" деп шіңк еткен алғашқы ой бойын тітіретіп жіберді. Көзінен өзге жерінің барлығы қимылсыз, қатып қалған екен. Күйеуі бәйек болып маңдайын сипайды, үстін жапқыштайды. Жылаған, жаны ашыған болады. Күйеуінің ар жағында манағы... жоға... баяғы... өзі қиялында жасап алып жазбаған, сол күйі өзегіне түсіп күл болған кейіпкері тұр еді. Қан қан екі езуі ашылғанда солбырайып, үңгірдей қараңғылық көрінеді. Жүрегі атқалақтап, күйеуінің төбе жағын нұсқады. Тілге келер емес, бүкіл ағзасы күйіп, тілі де жансызданған. Анау ызбарлы жымиып, тұла бойын жаулап барады. Үстіне төніп келеді.
***
Көктемнің алғашқы күндері еді. Бірақ, қараша күз болған. Күйеуі көктем ғой деп таныстырғанымен, Алуа мұны күз деп ұқты. Күз бе, Көктем бе, бәрібір емес пе? Көксұр аспан сұрша қабақтарын жауып, кеудесін қымтап тастапты. Үйге шыққанымен, ағзасы тазарып, тілге келгенімен, ақылы сауықпады. Қанға бөккен қызбен еліріп жұмысқа баратын да, қанға бөккен қыздан қашып жұмыстан қайтатын. Адам неге де болса үйренеді екен. Бұрын дәл өйстіп, желкесі күдірейіп күйеуі жүрді емес пе? Соған үйренген бойым бұған үйренер деді. Әйтеуір, екі ұл мен екі қыз жынды мамасының тірі жүргеніне, жұмысқа барып қайтып, жылы күлімсіреп тұрғанына қуанатын. Әлдекіммен ұрсысады, әлдекіммен айтысады. Қайта табысады. Адам қайсыбір тозаққа да үйренеді екен ғой.
***
Алуа-ай! Ажарына аттан түсіп қараған аппақ аққу едің ау! Құстың Ақсұңқары едің. Алатаудың ақ еті мен мұнарлы көркін саған тарту еткен Тәңірі саған мұндай сор байлар ма? Сұлу болғаның бар кінәң ба? Сұлулығыңды қорғаймын деп күйеуің де екі дүниенің ортасында сенделді де жүрді. Сүйгені мен жексұрындығы астасып кетті. Адам қанша сүйсе, соншалық жеккөре ала ма? Сені өз сұлылығыңның сорпасына қайнатты ол. Баскесеріңе айналды. Он төрт жылда қаннен қаперсіз қаныңды ішіп, ақ адал жүрегіңе қансиді. Сен қанша таза болсаң, ол сонша қорланды. Сені сүйе тұра, жермен жексен етті. Бұл қалай болғаны, Ақсұңқар?
***
Көп жылдан кейін алғашқы махаббатымен кездейсоқ кездесіп қалды. Аяқ бүгіп, бір кафеден шай ішті де. Оның жылы, ойлы жанарынан бойы шалқып мас болды. Сол қарасқа еріп ақ кеткісі келді. Тұталақайын шығарған еркегіне кегі күшейе түсті. Соған кектеніп кетіп тынғысы келді. Бірақ, бойына сіңген тәрбиеден аттап баспайтынын жақсы білді. Ақымақ емес қой. Өмірінде алғаш рет өзін сүйген жанардың ыстығына жылынды. Сол махаббатқа зар екен. Сол асықтыққа мұқтаж екен. Он төрт жыл бойы мұқтаж болды. Күйеуі соңғы екі жылда басқа қатынмен басы айналды. Онысын ашық көрсетіп жүрді. Алдынан "әйел, балам бар" деп те өтпеді. Бірақ, мұнымен ажырасып та кетпейді. Сол әйелдің етегін ұстап, бақытты жандай есіріп жүрді. Мұны да жібермейді. Кей кейде "сені сүйем деп айт" деп зорлық істейді. "Мені сүйесің бе?" деп баладай қақақтап сұрап жынына тиеді. Енді жақсы болды. Жынды қатынға енді не деп соқтығар екен? Енді тиіссе, өзін өлтіремін деп қорқытамын деп бір түйді.
***
Бесінші қабаттан сыңғырлап төгілген күлкі ауладағы елдің біруақ көбік көңілдерін көтеріп тастайтын. "Жынды қатын күліп жатыр" деп сыбырласады. "Күн тұманытқан күндері терезеге қарап "бүгін өлетін күн екен" деп күбірлейді екен деседі. Қасында қан көйлекті қыз жүреді екен. Балаларға обал-ай" деп сыпсыңдасады көршілер. Аспанда ай да, күн де солай ойлайды. Жұлдыздар да Алуаны мазақтап жынды деп күледі. Алуа онан сайын күледі. Күлген сайын жылағың келеді.
Abai.kz