АЛАШ ҮКІМЕТІНІҢ ҚАЗЫНАШЫСЫ
(Қазіргі тілмен Қаржы министрі)
Еліміздің ұлт-азаттық жолындағы күресінде ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамындағы жаңа толқын «Алаш» қозғалысы пайда болып, «Алашорда» партиясы мен үкіметі құрылды. Алашорда өз алдымызға ел боламыз деген мұратпен тәуелсіздік туын көтерді. Осы ұлы мұрат жолында күрескен жүздеген, мыңдаған ұлтшыл, мемлекетшіл тұлғалардың бәрін әлі де болса толық танып, біле алмай келеміз. Осынау Алаш қозғалысының қызметіне араласқан тұлғалардың бірі Әнияр Қожабайұлы МОЛДАБАЕВ. (1850-1934) Әниярдың әкесі Қожабай Шегірұлы сүйектен, ағаштан өрнекті бұйымдар жасайтын шебер, ісімер адам болған. Қожабай 1858 жылы дүние салады да, Сүндетбай, Үмбетбай, Әнияр атты балалары әкесінің інісі Молдабайдың қолында тәрбиеленеді.
1865 жылы 15 жасар Әниярды Абай Молдабайдан сұрап алып, Семей шаһарындағы орыс-қазақ училищесіне оқуға береді. Оны бітірген соң Әнияр Ташкентке барып жоғары білім алады. Заң қызметкері болып шығып, жолдамамен Әндіжанда, кейінде Марғұланда кіші чиновник болып қызмет істейді. Сондағы өзбектің бай саудагерінің қызына үйленеді. 1890 жылдары Семейдегі мемлекеттік банктің қызметкері, кейінде оның менгерушісі, уездік сот болады.
Әнияр Молдабаев Семейге келіп қызмет жасап жүргенде Абай өзінің әулетінен мал жиғызып , 30 бестінің қаржысына Семейдегі Москвин деген орыстың үйін Әниярға сатып әпереді.
Әнияр өзінің жалғыз ұлы Сапарғалиға (1890-1974) Кәкітайдың қызы Кәкішті айттырып алып береді де, Ысқақ, Абай тұқымдарымен құдандалы, сүйек болады. Кейін де сүйек жаңғыртысады. Әнияр Абайдың тұңғыш жинағын бастырып шығаруға көп қызмет еткен адам.
Әниярдың үйі Семейге келетін Тобықты елінің игі жақсылары ғана емес, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы, Әлімхан Ермекұлы, Халел Ғаппасұлы, Рақымжан Мәрсекұлы, Сыдық Дүйсенбайұлы, Мұстақым Малдыбайұлы, Биахмет Сәрсенұлы сияқты азаматтар жиі бас қосатын орынға айналған. [Тобықты-Шыңғыстау шежіресі. Жанболатұлы М. 2004. 70-б]
Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» атты тарихи еңбегінде – «Семейде областной «Алаш» партиясының ашылған хабарын жазған едік. «Сарыарқаның» соңғы нөмірінде бұл туралы мынандай мақала басылды дей келе, Семей уезінде Алаш партиясының уақытша облыстық комитетінің мәжілісі өткенін, комитеттің председателі Халел Ғаппасұлы, жолдасы Ахметжан Қозыбағарұлы, секретары Сыдық Дүйсенбайұлы, қазынашысы Әнияр Молдабайұлы, құрметті председателі Әлихан Бөкейхан болғанын жазады. [Сәкен Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешу» 1960 жылы басылған] Әнияр Молдабаев сол кездегі мемлекеттік банктің қазақ арасынан шыққан тұңғыш қызметкері. Әдетте, Әнияр Молдабаевтың қоғамдық қызметі туралы айтқанда, алдымен оның банк саласындағы жұмысына ерекше тоқталып өту керек. 1915 жылғы Қазақ газетінде «Семей. 1913 жылы Семейде Общество взаймный кредит банксі ашылып еді. Сол банктің қазір 301 члені, 41 820 сом капиталы болды. Биылдан бастап бұл банкке ақша салғандарға салған сомасынан он есе артық кредит ашылатын болды. Бұл банктің учетный комитетіне 12 кісі сайланды, мұның екеуі - қазақ. Государственный банкте көп жылдан бері қызмет етуші Әнияр Молдабаев һәм Заречный слободка саудагері Ғабдулрахман Юсіпұғылы (Абдырахман Жүсіпов). Бұл екеуі де халық жайын жақсы білетін адамдар....» деп жазылыпты.
Бұл банкті қазақтар «Уақ-қарыз» серіктігі деп атаған. 1918 жылы «Абай» журналын бастырып-шығарушы «Уақ-қарыз» серіктігі екенін ескерсек Әнияр Молдабаевтың да тікелей қатысы барын айтуымыз керек. Сол заманның ірі кәсіпкерлерінің бірі Абдырахман Жүсіповтың үйінде орналасқан «Жәрдем» баспасынан «Абай» журналы мен «Сарыарқа» газеттері шығып тұрған. [Ибрагимова Қ. ХХI ғасырдағы алаштың ақ жолы. 89 бет. Астана 2015 ]
Алаш ұлт-азаттық қозғалысы жылдары Әлихан Бөкейханның басшылығымен «Алаш» партиясының Семей облыстық комитеті құрылған кезеде Әнияр Молдабаев бір ауыздан оның қазынашысы болып бекиді. Партияның мүшелік жарнасын жинау, жалпы партиялық қаржы мәселесі мен кейін Алаш ұлттық автаномиясы мен үкіметінің жүйелі жұмыс атқаруын, қаржылық мәселелердің дұрыс шешіліп отырылуын реттеген, қазіргі тілмен айтқанда Қаржы министрі қызметін атқарды.
Осы жерде бөле-жарып айтып кететін жәй, ол қазақтың ауқатты азаматтарының Алаш партиясына, Үкіметіне және көсемдері мен қызметкерлеріне демеушілік жасап отыруы. Алашорда қайраткерлері Шыңғыстау, Абыралы өңірлеріндегі және Қарқаралы маңындағы қазақ дәулеттілерінің қолдауына сүйеніп отырған. 1906 жылы Міржақып Дулатовты түрмеге қамағанда Қаражан Үкібаев оны шығарып алу үшін кепілдікке 2500 рубль төлепті. Ал Омбыда Ақайдың Хасені 5000 мың рубль берген. Әлихан Бөкейхановтың 1908 жылы сегіз ай Семей абақтысында отырғаны белгілі. Сол кезде оны ауырды деп естіген Оразбайдың баласы Медеу он құлынды бие Шағылға байлатып, күнде абақтыға бір саба қымыз бен бір бағлан сойып апа¬рып, мәжіліс құрып отырған екен.
Алашорда үкіметінің орталық басқару органы Бүкілхалықтық Кеңес пен Семей облыстық советінің Алаш қалалық думасы мен Алаш қалалық қоғамдық басқармасының, сондай-ақ Семей уездік Земство басқармасының кеңселері негізінен Алаш қаласында қоныс тепті. Семей уездік Земствосына қатысты бір құжатта оның кеңсесі Алаш қаласындағы белгілі бай-көпес Қаражан Үкібаевтың үйінде орналасқаны атап көрсетілген. Сонымен қатар, Қаражан Үкібаев өзінің көптеген үйлерінің тағы бірін Алаш қаласында қазақ балаларын оқыту үшін мектеп ғимаратына берген көрінеді.
Сол сияқты Әнияр Молдабаевтың үйінде Алашорда басшылары Әлихан Бөкейхан мен Міржақып Дулатовтың отбасылары тұрғаны туралы Гүлнар Міржақыпқызы: «Әкем 1921-1922 жылдары Семей губсотында жұмыс істейді де, біз Комиссарская көшесіндегі Әнияр Молдабаевтың екіқабатты жекеменшік үйінде тұрдық (кейін Абай музейі болды). Үстіңгі қабатында біз – Дулатовтар, біріншісінде Әлихан атаекемнің (Бөкейханов) үй-іші жайғасқан еді» деп өзінің «Алаштың сөнбес жұлдыздары» атты еңбегінде жазады.
Біз сөз етіп отырған Әнияр Қожабайұлы Әнет бабаның бесінші ұрпағы екен. Әнет Кішікұлы (1623-1723) « Жеті жарғының» құрастыруға қатысқан атақты жеті бидің бірі. Жас кезінде Бұқар Шарифте үйсін Сарышуаш жыраумен бірге медресе бітірген, ислам қағидаларына, шарығат ережелеріне жүйрік болған. Әділдігімен, білімділігімен аты шыққан – деп Қазақ Энциклопедиясында жазылыпты. [ Қазақ совет энциклопедиясы. 2-том. 42-б.]
Әнет баба сүйегі Қожа Ахмет Иассауи кесенесіне жерленген. Шәкәрім қажы Құдайбердіұлы Қалқаман-Мамыр поэмасында:
Әнет бабаң – Арғынның ел ағасы,
Әрі би, әрі молла ғұламасы.
Орта жүзде үлгі айтқан ғаділ екен,
Сол кезде тоқсан беске келген жасы. – дейтін.
«Әнет бабаң емес пе менің атам» деп әруақты би Кеңгірбай сыйынатын қасиетті адам осы кісі. Әнет баба Кішікұлы өз заманында «Билердің биі», «Ұлылардың ұстазы», «Баба» атанған, оқымысты ғұлама, мемлекетаралық мәмілегер болған, көрнекті тарихи тұлға.
Академик Әлкей Марғұлан Әнеттің Бұхарадағы ең жоғарғы діни оқу орнын бітіріп, ғұламалық яғни академиктік дәреже алған құжаты сақталған деген. [Бекен Исабеков. Ұлылар мекені. Новосибирск 2001. 36 бет ]Ол кезде дүниенің Бұхарадағы «Көгелташ» медресесіне төрт бұрышынан талантты шәкірттер келіп білім алып, оқуды тауысқан соң әрбір шәкірттің қабілетіне қарай құжат беріледі екен. Әнет баба өзімен қатар оқыған шәкірттердің бәрінен үздік шығып, ғұлама-дамуллалардың батасын алып жолға шыққалы тұрғанда, Бұхараның дін басы - шейх ұл-ислам баба оған былай деп сұрақ қойыпты:
- Әнет, міне сен ғұлама болдаң. Қадамың құтты болсын! Енді Түркістанға жүргелі отырсың. Бірақ онда біз сайлаған мүфти бар. Ол бір қасиетті адам. Саған муфтиліктен басқа лауазымды лайық көрмей отырмыз. Не істеген жөн?
- Әміріңізге құлдық, шейх-ұл-ислам. Мен Түркістанға барғанда лауазым іздеп бара жатқаным жоқ.
- Енді не іздеп барасың?
- Елімді іздеп барамын. Ен сахараны ен жайлаған қазақ деген халық бар. Сол халқыма қызмет етемін, - депті Әнет баба.
Шынында, ол Түркістан, Сауран, Қарнақтағы мың сан мешіттің ешқайсының муфтиі болмаған. Қандай уақытта да халық арасында жүрген, елімен бірге болған. Соның үшін елі оны төбесіне көтеріп, әз әулие тұтқан.
Әнет баба Әз Тәуке заманының іргелі биі, әрі хан ордасындағы кеңес мүшесі ретінде әйгілі «Жеті жарғыны» жасаушылардың бірі екені тарихи деректерде де, халық жадында да сақталған. Осы қабылданған әдет-ғұрып, тұрмыстық заңы негізінде халқымыз ел арасындағы дау-дамайды, ішкі-сыртқы саясат, дипломатиялық қарым-қатынастарды реттеп отырған.
Халқымыздың танымдық түсінігі, ізгілік қасиеттері, әлем сырын, табиғи құбылыстарды танудағы қасиетті 7 санымен шамаланатын. «Жеті жарғымен» қатар «жеті шәріп», «жеті қазына», «жеті жұрт», «жеті ғалым», «жеті хақ», «жеті қат көк», «жеті қат жер».... сияқты жұмбақ сырлы сөз тіркестерінің көбі Әнет бабаның есімімен тығыз байланысты.
Дүниеде неше жетім бар? деп сұрағанда Әнет бабаң:
- Дүниеде жеті жетім бар. Олар мыналар:
Сөз жетім – ынтаменен тыңдамаса,
Бөз жетім – киілместен тозған болса.
Жер жетім – иесі жоқ қалған болса,
Ел жетім – жақсы басшы арман болса.
Көл жетім – қаз қонбаса, құстар ұшып,
Ер жетім – жеке қалса тізе құшып.
Болмаса замандасың тойға барма,
Басыңа жалғыздықтың торы түсіп, -
деген екен.
Қазақ «жеті жоқ» деп Әнет бабаның тұсынан мына нәрселерді айтады:
Аспанда тіреуіш жоқ,
Жерде өлшеуіш жоқ,
Таста тамыр жоқ,
Аллада бауыр жоқ,
Аққуда сүт жоқ,
Жылқыда өт жоқ.
Әнет бабаңнан «жеті қазынаға нелер жатады?» деп сұрағанда ол кісі:
- Әйел, ер жігіт, ілім-білім, жүйрік ат, қыран бүркіт, берен мылтық, алғыр ит, - дегенде біреу тұрып:
- Баба қазақта «бала белде, қатын жолда» деуші еді ғой. Ер жігіт қатынды жаудан барып олжалап алады, айттырса қалың малына қырық жетіні айдап апарып береді. Бұл – шығын. Қазақтың тағы бір мәтелі «Қойныңдағы қатыныңа сенбе, астыңдағы атыңа сенбе» дейді. «Атың жаман болса сатып құтыласың, қатының жаман болсай қайтып құтыласың?" деген де сөз бар. Соған қарағанда «Әйелді жеті қазынаның бірі» деу дұрыс бола қояр ма екен?
- Әйел жеті қазынаның бірі ғана емес, біріншісі болуға лайық, - депті Әнет баба сонда. – Дүниедегі бар тіршілік атауының анасы – әйел. Ананың жаманы болмайды. Сондықтан оған тіл тигізуге де, қол көтеруге де болмайды. Пайғамбарымыздың өзі әйелдерді қатты құрмет тұтқан. Ал бірді-екілі ауылдың бепілауызы әйел туралы жаман сөз айтар болса, ол халықтың пікірі емес. Ондайларға тыйым салу керек, - депті.
Әнет бабаның осы сөзінен кейін әйелдің жеті қазынаның бірі екеніне күмән келтіру қазақ арасында мүлдем тиылыпты. Әнет бабаның өз басының өнегелі үлгіс, билікте, кеңес, жиында айтқан кестелі сөз өрнектері, ой толғамдары, түйінді тұжырымдары халқымыздың мақал-мәтелдеріне айналып, рухани байлық қазынасын молайта түссе керек. Әлі де болса Әнет баба айтқан екен дейтін «Тауына қарай - қыраны, жеріне қарай құланы», «Ұлысына қарай – ұраны, ұранына қарай – ұланы», «Сабасына қарай – піспегі, мұрнына қарай – іскегі» деген сөздері көп. [ Мерғали Ыбырайымов. Абай журналы. №7, 1997 жыл. ]
Қазақ баласы Түркістанды астана етіп, шалқып-тасып дәурені жүріп тұрған заманда алаштың бас биі үйсін Төле биден біреулер: -Уа Төле би, біз адассақ сізден ақыл сұраймыз, сіз адассаңыз кімге жүгінесіз? – деп сұрапты.
- Әнет бабаң бар емес пе? – деген екен сонда Төле би.
Әнет бабаны қазақтың төбе билері Төле би, Қаз дауысты Қазбек би, Әйтеке билер өздеріне ұстаз тұтып, ақ батасын алған екен. [Мамашәріптегі Ә. Әнет бабадан Әнуарға дейін. Атамұра. 1992. 20-31 бб.]
Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан тектіліктің тамырына үңілсек, шежіре деректері бойынша Әнет баба Абай Құнанбайұлының алтыншы атасы Әйтекпен бір туысады. Әнет бабадан Шақа, Шақадан – Тәуке, Тәукеден – Шегір, одан Қожабай, Молдабай, Тәкі туады. Қожабайдан – Сүндетбай, Үмбетбай, Әнияр туған. Әниярдың Сапарғали есімді ұлы болған. 1910 жылдары ол баласын Кәкітайдың қызына үйлендірген. Сапарғалидан Мұхаметғали атты немере сүйген. Әниярдың ағасы Сүндетбайдан Қалаубек пен Исламбек туған. Исламбектен Самат, Сағынтай, Мақсұт және Нұржамал есімді балалар тарайды. Нұржамалды Кішкене күнінен Әнияр өз бауырына басып, атақты Абай атамыздың атасы Өскенбайдың Жақыбынан туған Ақберді қажының Ұсатайының ұлы Жұматайға ұзатады. Ақберді мен Сүндетбай балалары елге сыйлы болған. Ақбердінің балалары Қисатай мен Өміртай судья болып Семей уезінің Шыңғыс болысында қызмет жасаған, ал Исламбек алқа би болып сайланған. Исламбек Кеңес үкіметінің қуғынына түсіп, бала-шағасы да елден кетуге мәжбүр болады. Исламбектің бір баласы Мақсұтты Әнияр өз атына жаздырып, мектепке беріп аман сақтап қалған. Исламбектің тағы бір баласы Самат Сүндетбаев өзінің талабымен оқу оқып, еңбекпен көтеріліп, кейін Кеңес Одағының дипломатиялық корпусының өкілі, Йемен Араб Республикасындағы елшіліктің екінші хатшысы болған танымал дипломат болды. Әниярдың тәрбиесінде өскен Мақсұт кейін Қарауылға оралып, дүкен-шеберхана ұстаған, ауылда техника тілін жетік білетін бірден-бір адам болған. Мақсұт балаларының тегі Әнияровтар бабаларының атын сақтап, игі істерін ұрпақтан-ұрпаққа жалғап келеді.
Ардақ Беркімбай, журналист-зерттеуші
Facebook-тегі парақшасынан