«ТІЛ АЖАЛЫНЫҢ» АЙТҚАНЫ КЕЛДІ
Сөйтіп, 2017 жылы бүкіл білім саласы үш тілге көшетін болды. Қаратабан жәй қазақтан бастап игі жақсы атаулы «Ау, бұл – қазақты бұратола жоюдың жолы ғой» деп қанша қарсылық білдіргеніне билік пысқырып та қарамады. Кемеңгер (ұлы демей-ақ қоялық) жазушы Мұхтар Әуезов өзінің өкшесін басын келе жатқан қаламгерлерге «осы сендер, ой, айттық қой, жаздық қой» дейсіңдер, қайталап айтып отыру керек, үйдің төбесінен тамшылап аққан су-екеш су да іргеде жатқан қара тасты тесіп өтеді, қайталап айтып отырыңдар» дейді екен. Сонда бүгінгі Қазақстан билігі қазақ ұлтының амандығы төңірегінде қазақтардың сан қайталап айтқан пікіріне құлақ салуға келгенде сол қара тастан да қатты болғаны ма? Әлде, сонау Ұлыбританияның Уэльс атты уәлаятында жатып алып ғалым Д. Кристал өзінің «Тіл ажалы» деген кітабында «Бір ұлтты жоқ қып жіберу үшін оларға қостілділікті үйретудің өзі-ақ жетіп жатыр. Сонда олардың тілін екінші үстем ұлттың тілі шұбарландырып бүлдіреді де, ақыры тілі бүлінген ұлт өз-өзінен жойылып кетеді» дегенін біздің «русскоязычный билік» білмейді деп ойлайсыз ба? Білгенде қандай! Олар Д. Кристал айтқан қостілділік деп аталатын қасірет аз болғандай қазақтың маңдайына енді «үштілді ұлт» деген қап-қара мөрді басып қойды. Бірақ М.Әуезов айтқандай бұл қасірет туралы қанша қайталаса да қазақтың сөзін билік пәруайына алмайтынына елдің көзі жетті. Митингіге шығайын десе оның да жолына жуа бітіріп қойған билік бұлар экстремистер, нетрадиционный исламистер, шетелдегі біреулерден ақша алғандар, тіпті, террор ұйымдастырмақ болғаны анықталды деп бәле сала ма деп қорқады. Содан қорқып қалған, әйтеуір бала-шағам аман болсын дейтін қазақ сол бала-шағасы өзінің ұлты кім екенімен шаруасы жоқ мәңгүртке айналып, әлгі «Тіл ажалында» айтылған «жойылып бара жатқан ұлт» өкіліне айналуда екенін де байқамайтын күйге түсті. Сенбесеңіз Алматы мен Астананың ғана көшелерінде кетіп бара жатқан қазақтың 25 жас шамасындағы қыз-жігіттерінің сөйлегеніне құлақ түріңіз! Баж еткіштер баж етсін, бірақ тәуелсіздік алған жылдан кейін туған, жасы 25-тің о жақ, бұ жағындағы жастардың кемінде 70 пайызы орысша сөйлесетіні енді белгілі болып отыр. Қай ұлт та қасіретке ұшырар алдында оның әйел жыныстылары, яғни, қыз-келіншектері бетімен кетіп, шамадан тыс еркінсіп кететіні әр ұлттың тарихында айтылып келе жатқан шындық. Оның шындық екеніне көшеде, көлікте шуылдап, былапыт сөздерді судай сапырып орысша сөйлесіп бара жатқандардың көбі қазақтың қыз-келіншектері екенін көргенде көзіңіз жетеді. Жақында өз басым Алматыдағы үш қазақ мектебін әдейі аралап шыққанда үзіліс кезінде бір-бірімен орысша сөйлесіп тұрғандардың көбі қыз балалар екенін байқадым.
Иә, сол Д. Кристалдың сол кітабындағы жер бетінен жойылып кететін ұлт екі тілде сөйлеп, тілі шұбар тілге айналады дегені бүгінгі Қазақстанда тайға таңба басқандай ап-айқын көрініп тұр. Тағы бір мысал келтірейік: Көшедегі әлгі көріністі көріп келгеннен кейін орысша сампылдап жатқан қыруар телеарналар ішінде ара-тұра қазақша беріліп жатқан хабарлардағы әп-әйдік ақсақал-қарасақалдардың сөйлеп тұрған сөзіне құлақ түріп көріңіз. «Сөз қадірін білмеген өз қадірін білмейді» дегеннің ақиқат екеніне сонда көзіңіз жетеді. Сол үп-үлкен қазақтар екі сөздің басын құрай алмай, ойын жеткізе алмай ыңқылдап, мүдіріп, тұтығып, қатты қиналып тұрғанын көресіз. Ол аз болса, арасында «жана», «жанағы», «жәнегі» деген беймағыналық сөздерді кемінде 5-6 мәрте қайталап отырады. Соны да сән көре ме қайдам соңғы кезде қазақтың «ң» дыбысына тілі келіп тұрса да «н» деп айтатындар көбейіп келеді. Ал сол телеарнадағы 5-6 жасар орыс баласының өз тілінде сөйлегенін салыстырып көріңізші. Орыс баласы сөйлегенде аузы-аузына жұқпай тақылдап, ал «бір аяғы көрде, бір аяғы жердегі» орыс кемпір-шалдарының өзі еш кідіріс-мүдіріссіз сайрап отырады. Неге олай? Өйткені, біріншіден әлгі «жәнегі», «жанагы» деп қылғынып әзер сөйлеп тұрған қазақ орысша білмесе күн көрісі қиын болатындықтан қос тілде сөйлеп, туған тілін шұбарландырып алған. Және ол қазақ күні кеше тәуелсіздігінің 25 жылдығын тойлаған туған Қазақстанында үйінен сыртқа шыққаннан бастап көшеде де, жұмыс орнында да, іс қағаздарында да орысшадан аяқ алып жүргісіз күйге түскен. Ол аз болғандай енді оны Қазақ Елінде билік басындағы өз қазақтары үш тілде сөйлеуге мәжбүрлеп отыр. Ал дүниеге келіп, осы елдің дәм-тұзын татып өскен әлгі орыс кемпір-шал да, тақылдап сөйлеп тұрған кішкентай орыс баласы да үш-ақ әріптен тұратын «нан», «тұз», екі-ақ әріптен тұратын «су» деген қазақ сөзін біле тұра айтпайды. Өйткені, олар біріншіден тәуелсіздік өз тіліңде сөйлеуден басталатынын, екіншіден Қазақстанда тек орысша сөйлеп-ақ «Вот так жить можно» екенін жақсы біледі. Ал біз осыны айтып отырғанда «ұлт араздығын қоздырушы» болып жауапқа тартылып кетпейміз бе деп те қорқамыз. Сөйте тұра, тіліміз осындай күйге түскені аз болғандай енді қайран ата-бабамыздың аты-жөнін орысшаға бейімдеп шұбарламай өз қалпында айтудан да айрылдық-ау деп тағы күйінесің. Бұл жұмысты да билікте отырған қазекемдер ата-баба әруағын силап, өздері бастап Акишев демей Ақышев, Сагинтаев демей Сағынтаев, Карагусова демей Қарағұсова деп өз есімімен айтса орыстар өкпелеп Ресейге көшіп кетпес еді ғой. Біле білсек, осының өзі де бірте-бірте қазақтың «ң», «ғ», «ұ», «ө» дыбыстарын жоюға тілді шұбарландыруға әкеп соғады. Ал соңғы шыққан «Орфографиялық сөздікте» ықылым заманнан келе жатқан «жәйт» сөзі «жайт» боп жазылғандықтан қазір бүкіл газет-журнал «жәйтті» «жайт» деп жазатын болды. Бұның аржағында қандай саясат жатқаны да күмәнділеу.
Иә, бұның бәрі аржағы 27, бержағы 25 жылдан бері қазақ атаулы қақылдап-қақсап айтып келе жатқан жәйт. Біз данышпан М. Әуезовтың әлгі өсиетін осылайша орындаудай-ақ орындап келе жатырмыз. Бұдан былай айта бермейік дейін десең мына жақтан әлгі «Тіл ажалы» кітабында айтқан ұлт ретінде жойылу қаупі ең әуелі қазаққа төніп тұр. Сонда не істемек керек? Әлде бүкіл қазақ болып құр сөзден іске көшетін кез келді ме?
Мырзан КЕНЖЕБАЙ
Abai.kz