Жұма, 22 Қараша 2024
Әдебиет 6663 0 пікір 25 Желтоқсан, 2016 сағат 13:50

«Әдебиет порталының» 25 ерекшелігі

Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай!

Бүгін көкірек көзі ояу көпшілік қауымның көзайымына айналған «Әдебиет порталы» 3 жасқа толып отыр! Оның тұсауын осыдан тура үш жыл бұрын қазіргі қазақ әдебиетінің бір топ аузы дуалы ақсақалдары мен қарымды қаламгерлері кесіп, батасын берген болатын.

Осы күнге дейін «Әдебиет порталына» төрт тілде 4 мыңға жуық электронды кітап жүктеліп, 4 мыңнан астам автордың жеке парақшасы ашылған. Және де 300-ге тарта кітаптардың қысқаша мазмұны, 800-ден астам әдебиет тақырыбындағы аудио-видео жазбалар орналастырылған.  Қазіргі күні мың жарымнан астам блогер тіркеліп, өздерінің жеке блогын жүргізіп отыр. Сонымен қатар, портал әдебиет әлемінде күнделікті болып жатқан жаңалықтарды үздіксіз жариялап, ақын-жазушылармен тұрақты сұхбат жүргізіп, олардың сиясы кеппеген шығармаларын дер кезінде оқырманға ұсынып келе жатыр.

Кеше ғана Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл толғанын ескере келе, «Әдебиет порталының»  25 ерекшелігін назарларыңызға ұсынамыз:

 1. «Әдебиет порталы» - Қазақ елінің әдеби мұрасына қызығушылық танытқан кез-келген көзі ашық, көкірегі ояу оқырманның басын біріктіретін, сол әдеби мұраны заңды түрде бір жерге жинақтайтын әдеби платформа;

2. 100 пайыз мемлекет қолдауымен ашылған және Үкіметтің қамқорлығымен қызмет атқарып отырған жоба;

3. Портал 4 тілде, яғни қазақша, орысша, түрікше және ағылшынша қызмет етеді;

4. «Әдебиет порталының» электронды базасында 4 мыңға жуық кітап қоры жинақталған;

 5. Порталда 4 мыңнан астам автордың жеке парақшалары бар, оларға сол автордың кітаптары, мақалалары мен сұхбаттары, сондай-ақ, сол қаламгер туралы жазылған барлық материалдар топтастырылған;

 6. «Әдебиет порталында» «Әдеби аударма» атты арнайы жоба жүргізіліп отырады. Онда Үкімет тарапынан қазақ әдебиетіндегі үздік шығармалар бірқатар шет тілдеріне, сондай-ақ әлем әдебиетінің жауһарлары қазақ тіліне аударылып отырады;  

 7. Порталдың тағы бір арнайы жобасы – «Иллюстрация» деп аталады. Мұнда қылқалам шеберлерінің әдеби шығармаларға негіздеп салған туындылары топтастырылады;

8. Эпистолярлық жанрдағы «Хат» арнайы жобасы арқылы порталға тарихи тұлғалардың бір-біріне жазысқан құнды хаттары іріктеліп алынып, оқырман назарына ұсынылады;

9. «Аудиокітаптар» жобасында қазақ халық ертегілерінің, батырлар жырлары мен жыраулар поэзиясының, қазіргі заман әдебиетіндегі классикалық туындылардың аудионұсқалары шоғырландырылған. Кез келген оқырман оларды онлайн түрде тыңдап, басқалармен бөлісе алады;

10. Порталды барынша қолжетімді қылу мақсатында «Ашық мінбер» атты әдеби блок ашу мүмкіндігі қарастырылған. Онда кез келген оқырман порталға тіркелу арқылы өз блогын ашып, түрлі жазбаларын, басқа ақын-жазушылардың шығармаларын орналастырып немесе ортақ талқылауға ұсына алады;

11. «Бейнепоэзия» жобасында танымал ақындар мен жас ақындардың өз өлеңдерін оқыған видеосы тұрақты түрде жарияланып отырады. Бұл өз кезегінде жалпы оқырманның поэзияға деген қызыyшылығын оятып, өлеңге деген талғамын жоғарылатуға септігін тигізеді;

12. «Балалар әдебиеті» бөлімінде мақал-мәтелдер мен жұмбақ-жаңылтпаштардан бастап әлемдік классикадағы балаларға арналған шығармалардың мол электронды қоры бар;

13. Порталдың жұмыс жасаған 3 жылғы нәтижесі – танымал тұлғалардан алынған 50-ден астам сұхбат жинақталып тұр. Оны оқырманның кез келген уақытта оқуға мүмкіндігі бар;

14. «Әдебиет порталында» тұрақты түрде түрлі әдеби конкурстар ұйымдастырылып тұрады. Осындай конкурстардың арқасында әдеби ортаға жаңа есімдер белгілі болып, әдеби көшке жас таланттар қосылып жатыр;

 15. «Кейіпкерлер» арнайы жобасында ықылым замандардан белгілі ауыз әдебиеті кейіпкерлері мен қазіргі әдеби кейіпкерлер туралы нақты әрі толық ақпараттар алуға болады;

16. Порталда әр пайдаланушыға өз кітабын немесе қолында бар басқа автордың кітабын жүктеп, көпшілікке ұсыну мүмкіндігі берілген. Сонымен қатар, пайдаланушы өзі қалаған авторға куратор болып, сол автордың парақшасын толықтыруға, кітаптарын орналастырып, фото-видеоматериалдарын топтастыруға құқығы бар;

17. «Қысқаша мазмұн» арнайы жобасында портал тұтынушылары өзі оқыған әдеби шығарманың қысқаша мазмұнын жазып, орналастыра алады. Ол қазіргі уақыттың тапшы заманында көптеген кітаптар туралы хабар алып, шығарманың не жайында екенін біліп жүруге таптырмас жоба;

18. Портал жас ақын-жазушыларға ақпараттық қолдау көрсетіп, қазақ әдебиетін интернет кеңістігінде жүйелі түрде насихаттауға барын салып келеді; 

19. Портал құрылған 3 жылда 20-ға жуық белгілі қаламгермен «Онлайн конференция» ұйымдастырды. Оған оқырмандар белсенді түрде қатысып, өздерінің сүйікті ақын-жазушыларына көкейде жүрген сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптарын алды;

20. «Фотогалереяда» қазақ әдебиеті классиктерінің өмірінен сыр шертетін тарихи суреттер топтастырылған;

21. Сонымен қатар, портал пайдаланушылары осы уақытқа дейін әдеби туындылар желісімен түсірілген, тәрбиелік және эстетикалық мәні зор көркем фильмдерді көріп, тамашалай алады;

 22. «Жанрлар» бөлімінде әдебиеттегі барлық жанрлар топтастырылып, олардың әрқайсысына жеке-жеке анықтама берілген. Бұл қазақ тілі мен әдебиеті кафедраларында оқитын студенттерге таптырмас оқу құралы деп айтуға болады;

 23. «Жыр жауһары» жобасында қазақ әдебиетіндегі классик ақындардың өлеңдерін мәнерлеп оқудан сайыс ұйымдастырылады. Оған қатысушы бір классиктің өлеңін видеоға немесе аудиоға жазып, порталға жолдай алады. Конкурс қорытындысы бойынша үздіктерді марапаттау шарасы ұйымдастырылады;

 24. «Порталда» әлем әдебиетінің үздік туындылары да оқырманға жиі ұсынылып отырады; 

25. «Әдебиет порталы» өз қызметі арқылы танымдық-теориялық, педагогикалық-ағартушылық миссияны ұстанады. Оқушылар, студенттер, оқытушылар және жалпы қауым өзіне керекті ақпаратты осы порталдан таба алады. 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5306