Сенбі, 23 Қараша 2024
Өлең 4146 0 пікір 19 Маусым, 2015 сағат 09:44

Садық СМАҒҰЛОВ. ҚҰЛАННЫҢ ӘБЖЫЛАНЫ (еске алу)

Әбжыланның атасы Жақайым жарықтық адуынды кісі болса керек. Алғашқы ұлдары қой ауызынан шөп алмайтын жуас болып «ас ішіп, аяқ босатар» болып өскеніне көңілі толмай жүріп екінші рет үйленгенде туған ұлының атын Құлан қойыпты. Онысы құландай асау, өз жемін өзі тауып жейтін тұяқты болып өссе екен деген тілектен туса керек. Құлан өсе келе теңдесі жоқ тентек, ұр да жық   берсе қолынан, бермесе жолынан алатын, мал тапқыш, алымды жігіт болып өсіпті. Ноқтаға басы сыймай жүрген кезде әкесі оны үйлендіріп, тұңғыш немересінің атын Әбжылан қойып, ел жұртын таңдандырыпты. Құланның мінезін, іс әрекеттерін іштей ұнатып, елдің «арызымен» дұшпан көзі қылып ұрысқан кезде, үстіне тон жауып қойып ұратынын ел жыр қылып айтатын. Құланнан туған Әбжылан да Жақайымның көңілінен шығып, ұр да жық болмаса да оқуға зерек, алғыр болып өседі. Өз атын «атам қойған ат» деп мақтан тұтатын. Лауазымы өсіп қырықтың бесеуіне келгенде жаңа жолдастармен аралас аясы кеңейіп, орталық комитет, облыстық комитеттерге шыға бастағанда Әбжылан «Әбеке» болды. Басқалар «бір басқа бір құлақ жетеді» деп бір институтты місе тұтып жүргенде, біздің Әбекең екі институттың дипломын иеленді. Басшылардың  көзіне ерте ілігіп, ұйымдастырғыш қаблетімен танылып, елді өзіне тарта білген есіл ер еді ол.

Қайырлы болсын қазасы,

Әбжыландай досымның.

Өмір сүрді жалт етіп,

Жарқылындай жасынның.

Ортамызда жүруші еді,

Жүк тастамас нардай боп.       

Оза шауып бәйгеден,

Қатарының алды боп.

Жастық шақтың ескерткіші,

Бәйтерегі сен едің.

Комсомолды басқарып,

Не екенін көрсеттің,

Жалынды жастық жігердің.

Сексеннен жасың асқанда,

Өмір сыймай өлшемге,

Инсульттен болып ажалың,

Қайырылмас қаза келгенде,

Бақұлдаспай да, кеттің-ау,

Достарыңмен жан сырлас.

«Досыңыз озды өмірден»,

Деген дауысы Мұраттың,

Құлаққа тиді түрпідей.

Кемпірімді де жылаттың,

Көзінен жас шығарып.

Күн тұтылған күн болды,

Жарық дүние мұнартып.

Ауысқанның көз жасы,

Тыйылмады мөлтілдеп.

Қашып құтылмас өлімнен,

Маған да келді кезек деп.

Топырақ салар көріме,

Әбжыланым өлді деп.

Арадағы өкпе наз,

Бір-ақ күнде сөнді деп.

Сөз сөйлеуші ең төгіліп,

Арманмен асқақ, үмітпен.

Не деген ауыр ажалың,

Қаусатып кеттің қайғыңа,

Жан дүниесін адамның.

Алыста жүріп өзіңнен,

Бұл қалай деп сенбедім.

Мұхитты жасап мұнайдан,

Жүзгіземін деп едің.

Тәтті әзілің бір қақпай,

Енді қайтып естілмес.

Жақсы істерің жарқырап,

Сайрап та жатыр іздерің.

Осы жазар жоқтауды,

Сол іздеріңнен іздедім.

Ғажап ең досым, ғажап ең,

Бағына туған достықтың.

Жастарға қойды баққызып,

Төсіне орден таққыздың.

Қыздарға айдатып трактор,

Желкілдеттің тұлымын.

Жігіттерше киініп,

Желкеге түйіп бұрымын.

Қазақтағы қой санын,

Елу миллионға жеткізіп,

Өргіземін деп едің.

Мұхитты жасап мұнайдан,

Жүзгіземін деп едің.

Мұханура, Камсомол,

Шәкри мен Ләззат,

Сол  кезде келді өмірге.

Көңілің өсіп жұмыспен,

Жүруші ең ұқсап серіге.

Түкбермесің, сүйгенің,

Сене алмай қалды өлімге,

Үлгермедім деп тілдесіп.

Көзінің жасын тия алмай,

Жетімсіреп қалғандай,

Ажалыңмен күресіп.

Немерелеріңді иіскеп,

Мауқыңды да баспадың.

«Ата» деген дауысына,

Құшағыңды ашпадың.

Ертерек келген ажалдың,

Жалынан мықтап ұстапсың.

Лауазымың ерте өсті,

Шаруашылықты меңгеріп.

«Министрлікті» басқардың,

Түн ұйқыңды төрт бөліп.

Шопандар ауылын аралап,

Жағдайын ойлап қарттардың,

Телевизор көрсету,

Болып сенің арманың.

47 қора салдырдың,

Құмның төсін жарылқап.

Ильич шамын жаққыздың,

Ел қарады таңырқап.

Артезиан бұлақ ағыздың,

Адамға да, малға да.

Даладағы жез киік,

Ақбөкен мен құсқа да.

Дала төсін жыртқызып,

Арпа, бидай еккіздің.

Ел байлығы дегізіп,

Қамбасына отанның,

Миллион пұттан төккіздің.

Молшылыққа жеткізіп,

Ақ май менен қызыл  ет,

Арзан нанды жегіздің.

Қасақана қалжыңға,

Ыстымын деп ысқырдың.

Көңіл қошы келгенде,

Бағын да ашып ән жырдың,

Дос көңілін табушы ең.

Түр-түрін айтып қалжыңның.

Күрт өзгерді сенен соң,

Дүние астан кестең боп.

Жеңілмеген бес жылда,

Мұздай құрсанған немістен.

Талқан болды талапай,

Үш шөлмектес Ельциннен.

Егемендік алдық, еркіндік,

Кеңге жайып қанатты.

Арманы деп бабаның,

Сөйлеген сөзің қазақтың

Көкірек, көзін оятты.

Амал бар ма, Құдайға,

Қораң қалды шашылып,

Үйлерің қалды қаңырап.

Қойларың кетті қасапқа,

Желге ұшқандай жоғалып.

Ауыл тозып, ел тозып,

Неге сонша сорладық.

Мұнайға да жүзбедік,

Келімсектерге жем болып.

Байлығымыз шашылып,

Баю жолын білмедік,

Атақ үшін алысып.

Басқаны көзге ілмедік.

Артезиан қалды суалып,

Аңдарың қалды аңырап.

Тірілер басын қосқанда,

Қалжыңдасар сен жоқсың,

Сағынысып  төске алып.

Маңдайына ұлы елдің,

Сыймай кеттің арысым.

«Әбекең» болып қалдың сен,

«Жыланың» өшіп аңыз боп.

Ел есінде есімің,

Алтынменен жазылып.

Сен туып ең Құланнан,

Ел жұртыңның бағы үшін.

Жатқан жерің жайлы боп.

Жұмақ шамы жағылсын.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5407