Сенбі, 23 Қараша 2024
Көршінің көлеңкесі 6979 1 пікір 17 Маусым, 2015 сағат 01:21

ПУТИН: РЕСЕЙДІҢ ЯДРОЛЫҚ ҚАРУЫ 40 РАКЕТАМЕН ТОЛЫҒАДЫ

Ресейдің Қорғаныс Министрлігі НАТО-ның Мәскеуді «жанталаса қарулануға» итермелеп отырғанын айтады. BBC-дің хабарлауынша, Ресей президенті Путин «Ресейдің ядролық қаруы биыл 40 құрлық аралықтық баллистикалық зымырандармен толығатынын» мәлімдеген.

Ресейдің әскери-техникалық "Армия-2015" сөз сөйлеген Путин, аталған зымырандардың «кез-келген, тіпті ең озық жетілген анти ракеталық жүйелерді еңсере алатынын» айтқан. Бұндай мәлімдеме, Шығыс Еуропадағы әскери күштерді ұлғайтуға шақырып, АҚШ-тың НАТО-ға жасаған ұсынысынан кейін хабарланды.  Ресей мен НАТО қатынасындағы шиеленіс Шығыс Украинадағы Мәскеу ықпалының артуынан кейін ушығып кеткен еді.

Солтүстік Атлантика альянсы елдері және Батыс лидерлері, Ресейдің танк пен ракета сияқты жойғыш қарулар мен әскерлерін өзін өзі жариялаған Донбасс республикасына жөнелткенін қатаң айыптайды. Ал, Мәскеу аталған өңірде Ресей әскері жоқ деуден танбай келеді.

Ресейлік сарапшылар Путиннің сөзі күтілмеген, тосын сөз емес екенін, Путин Ресейдің ядролық арсеналдағы ракеталардың жоспарлы түрде ауысуын меңзегенін айтады. Бұдан бұрынғы қару-жарақтарды ауыстыру бағдарламасы аясында қаржы бөлініп, Днепропетровскта орналасқан "Южмаш" концернінде өндірілген Р-36М ("Сатана") атты зымырандарға украиндық мамандар жұмыс істеген екен. Мәскеу мен Киев арасындағы күрт салқындаған байланыс нәтижесінде бұл  зымырандар алынып тасталып, жаңасына ауыстырылуы тиіс. Сондай-ақ, мамандар Ресейдің ядролық зымырандар потенциалының ескіргені туралы да көп айтады. Қорғаныс үшін орасан қаражат бөлетін Ресей үшін бұл кезекті бір стратегиялық қадам ғана болмақ. Шығыс Еуропа өңірі мен Балтық жағалауы тарабын мұздай қаруландыратыны туралы Ресей билігі бұған дейін де ескерткен болатын. Ресейдің вице Қорғаныс Министрі Анатолий Антонов те жағдайды : «бұндай қадамға бізді НАТО-ның өзі итермелеп отыр» деп түсіндірген. РИА жаңалықтарына берген сұхбатында ол: «Мейлі үлкен немесе кіші болсын, Ресей мен Батыс жаңа суық соғысқа жылдам бет алып барады. Сенімділік шаралары мен келісімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында екі тарап та қарсылықты әскери айбар көрсетуге кеп тірелді. Ресей бұрынғы Совет одағы емес, халықтың қартайып бара жатқаны, одақтастардың іргесін аулаққа салуы бізді өзімізге есеп беруге шақырады. Ресейде жалғыз жол, ол ядролық қару. Мен Мәскеудің ядролық потенциалын жаңартуы саяси әлеуетінің артуы деп ойлаймын» деген.

Аталған жағдайға BBC-дің қорғаныс және дипломатия жөніндегі журналисі Джонатан Маркус төмендегідей пікірін білдіреді:

«Батыспен арадағы ушығып бара жатқан шиеленісте өз елінің ядролық арсеналы арқылы Путин тағы да өзіне ерекше назар аудартып отыр. Бұл Ресейдің кәдімгі қару тұрғысынан жалғасты әлсіреп бара жатқанының көрінісі. Ресейдің ядролық қару стратегиясындағы елеулі модернизациясы баллистикалық жаңа ракеталар ғана емес, жаңа заманғы бомбалаушы ұшақтармен жаңа су асты кемелерін де қамтиды. Соңғы жылдары, ескірген қару пайдаланудан шығып жатыр. Осы себептен Ресейдің әскери арсеналы қысқаруда. Дегенмен бұл қысқару жақын арада тоқтайды. Бұл  жағдай басқа да ядролық державалардың көкейіне түрлі сұрақтар ұялатады. Бәрінен бұрын Батыс Мәскеудің кәдімгі қару емес, ядролық күшін арттырып жатқанына қатты алаңдайды. Ресейдің Қырымда қысқа аралықты ядролық зымырандарын орналастыр қаупі НАТО-ға, АҚШ-тың Ракетаға қорғаныс жүйесіне жасап отырған көлегейленген ескертулері болып табылады.»

Путиннің сөзінен кейін НАТО Бас хатшысы Йенс Столтенберг ресейлік әскери риториканың қауіпті болып табылатынын және тұрақсыздық әкелетінін айтты. «Біз өз ісімізіді, немен айналысатынымызды білеміз. Сондықтан дайындығымызды күшейтеміз», - деді Столенберг өз сөзінде.

Алыптар арасындағы текетірес жалғасу үстінде. Бұл қырғиқабақ өрши түсетін болса, Ресейдің ең ұзын шекаралы көршісі Қазақстанның алаңсыз қалуға негізі жоқ. Алайда, құрлық аралықтық 40 жойғыш ядролық ракетаның өзі Қазақстанға қауып емес деп ешкім кесіп айта алмайды. Былтырғы жылы 8 маусымда, қазақстандықтар түнгі аспаннан алып отты шар көрген. Лезде қоғамдық пікір туғызған бұл жағдай кейін Капустин Ярдан Сарышағанға қарай ұшырылған баллистикалық зымыран болып шыққан еді. Протонның уымен-ақ әбігер болып жатқан қазақтың бас қатырып, жолын табар жұмысы көбейіп барады.

Нұрғали Нұртай

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377