БОЙЫНДА ҚАЗАҚТЫҢ ҚАНЫ БАР КОРНИЛОВ
Полу-казак, полу-казах,
Истёрты стремена,
И в узко-пристальных глазах —
Пустынная страна...
«Жарымдай казак, жартылай Қазақ,
Тебінгісі терге шіріген.
Сары даланы көресің ғажап,
Сығырайған оқты көзінен.(еркін аударма)», - деп басталатын инфантерия Генералы Лавр Корниловке арналған өлеңдегі «жартылай қазақ» сөзінің құпиясы неде? Белгілі орыс ақыны, әдеби сыншы Михаил Синельников патшалық ресейдің соңғы кезеңіндегі ірі тарихи тұлғасына арналған «Корнилов» өлеңінде ауған, қытай топырақтарын аралап, Австрияда тұтқында болған, патшасы құлаған Ресейдің Қызыл қырғын тағдыры қолына тапсырылған жоғары шенді әскери қолбасшы туралы сипаттайды. Бұндағы Корнилов кім еді?
Лавр Георгиевич Корнилов – 1870 жылы, 18 тамызда Семей облысының Өскемен округында өмірге келген. Әкесі Егор патшалық Ресейдің 7 Сібір казак полкында төменгі шенді офицер болған. Ататегі Ермак әскерімен Сібір топырағына келгендерден. Егор 1869 жылы Өскемен қалалық полиция бөлімшесінде іс-қағаз жүргізуші қызметіне тағайындалады. Ертіс жағалауындағы үйінде Егордың ұлты қазақ жары Мария Лаврды өмірге әкеледі. Мария Ивановна шоқындырылған Ертіс бойында өскен қазақ қызы. Тарих ғылымының докторы, профессор Мұрат Әбіров, Корниловтың қаруласы болған патша әскері генерал-лейтенант Мартыновтың, Патша заманында Лаврдың інісі Петрмен бірге Ташкентте әскери қызметте болған, Совет одағы маршалы Б.М.Шапошниковтың дерегіне сүйеніп Лаврдың анасының қазақ екенін растайды. Ресейдің әскери тарихшысы А. Шишов «Белые генералы» еңбегінде, Лавр Георгиевичтың анасы қазақ қызы екенін, Корниловтың бойындағы көшпенділерге тән қызу қандылық пен жауынгерлік мінезі нағашысына тартқанын, оның жүз әлпеті, өзгеше тұрысы басқа әскери шенділердің арасында ерекшеленіп тұратынын жазады. Ресми құжаттар Марияның асылы есімі қазақша болғанын, деректерге Мария болып түскенін, алайда шынайы есімі сақталмай қалғанын жазады. Кейбір тарихшылар Корниловтың анасының есімі Мариям болуы мүмкін екенін, осы есімнің Мария болып жазылып кеткен болуы мүмкіндігін болжайды. «Караван» газетінің 2009 жылы нөмірі 48 санында «Қыпшақ даласынан шыққан Ресей әскерінің бас қолбасшы» туралы мақала басылған. Автор мақала арқылы Лавр Корниловтың қазақи тегін анықтауға тырысады. Газеттің Қарағандылық тілшісі Татьяна Теннің жазуынша, Осы мақаладан кейін Омбыдан Сұлтанғазы Мұхаммед-Қажы Садықов есімді кісі хабарласқан. Ол: «арғы атасы керей руынан шыққан Байызбек деген кісі, өзінің қызы Гүлшараны Григорий Корнилов деген казакқа қазақ ауылдарына шапқыншылық жасап тыныштық бермей келген казактармен бітімге келуі үшін бергенін» айтады. Лавр туылғанда, Гүлшара оны Омбыға нағашысының қолына тәрбиеге берсе керек. Садықов қолында бұл сөзін дәлелдейтін құжаттар бар екенін де айтады.
Тарихшылар Корниловты «Егер ол аяқ астынан қаза құшпағанда, Россияның әскери диктаторы болатын еді, 1918 жылғы тұтас Ресейді шарпыған азаматтық соғыс та болмас еді», «Оның қысқа ғұмырында жүріп өткен жолы, қарапайым шаруа отбасынан шығып жоғары шенге жетуі Наполеон сияқты» деп бағалайды. Лавр Корнилов Омбы кадет корпусында, Петербургтегі артиллериялық училищеде өте жоғары деңгейде әскери ілім алып, кішкене күміс медалмен оқуын аяқтайды. Оқуын аяқтай сала Корнилов өзі сұранып жұмысын Түркістан Артиллериялық бригадасында бастады. 1898-1904 жылдары Түркістан округінің Ташкенттегі әскери штабында қызмет атқарды. Түрі азиялық болғаны үшін орыс патшалығы оны Шоқан Уалиханов сияқты қолданады. Шығыс тілдерін еркін білген Лавр Корнилов құпия түрде Ауғанстан, Индия, Иран, Шыңжаң аумақтарына жіберіледі. Оның нәтижесінде Түркістан әскери округінде, 1903 жылы 426 беттік құпия әскери еңбек дайындалған.
1904-1905 жылдары Жапон соғысына қатысқан Корнилов полковник шеніне ие болады. Арада Мәскеудегі штабта болған ол, 1907-1911 жылы Қытайда әскери атташе болып төрт жыл қызмет атқарды. Ол онда қытайдың коммунистерге қарсы қозғалысын басқарған, генералиссимус болашақ Тайвань президенті Чан Кайшимен жақын қатынаста болған. Орталыққа қайтқан Корнилов Варшава әскери округінде генерал-майор шенін алып, іле-шала қиыршығыста Владивостокта Сібірлік атқыштар дивизиясына қолбасшылық жасайды. Басқарма орталығы Мәскеуден ұзақта, Түркістан өлкесі мен Маньчжурияда 20 жылдан артық әскери қызмет атқарған Корниловтың өзі «Еуропаны ұнатпайтынын, өзін шығыстық санайтынын» айтқан екен. Жергілікті халықтардың тілін еркін білгені үшін Корнилов Кавказ бен Түркістаннан шыққаннан мұсылман әскерлер арасында үлкен құрметке ие болған. 1916 жылы Теке Түркімендерден құрылған «Теке(Текинский) атты әскер» полкі Корниловтің әміріне берілген.
1914-1918 жылдардағы Бірінші Дүниежүзілік соғыста Корнилов 48-жаяу әскер дивизиясына басшылық етіп, әскери шеніне қарамастан сүңгілі мылтығын қолына алып қоян қолтық ұрысқа талай кірген. Оның басшылығындағы дивизия ержүректігі үшін «болаттай(стальной)» лақабына ие болады. 1915 жылы генерал-майор шенін алған Корнилов сол жылы мамырда тұтқынға түседі. Бір жылдан астам тұтқында болған Корнилов екі реткі талпынысында ұсталып, үшінші рет ақыры қашып шығады, тұтқындағы 60қа жуық генералдың арасынан жалғыз қашып шыққан ол, 20 күн бойы орман арасымен Венгрия, Румынияны кесіп өтіп әскерге қосылады. Бұл оның даңқын аспандатты. Николай II Корниловты қабылдап, 3 дәрежелі Әулие Георгий орденін өз қолымен табыстайды. Ол, Ақпан төңкерісінен кейін Петроград әскери округінің бас қолбасшысы болады.
Ақпан төңкерісінен кейін, уақытша үкімет келіп, дүрбелең заман туғанда, әскерлер арасында аса үлкен беделі бар Корниловке, 1917 жылы 19 шілдеде ең жоғары шен Ресей Республикасының Қарулы Күштерінің Бас қолбасшысы қызметі тапсырылады. Ол ең алдымен, Бірінші Дүниежүзілік соғыс пен биліктегі аласапыран салдарынан берекесі қашқан Ресей әскерін тәртіпке келтірді. Корнилов даңқының асқақтауы уақытша үкімет басындағы кертартпа Керенскийге еш ұнамады. Тарихта «Корниловский мятеж(Корнилов бүлігі)» немесе «Корнилов үндеуі» ретінде қалған, Корниловтың билікті қатаң сынға алып, «Анархияны тоқтату керек, билікте, басшылықта темірдей тәртіп болуы тиіс» деген жиындағы сөзі және оның өзіне адал берілген үш дивизия «жабайы» атты әскермен Большевиктерді бір жолата аластату мақсатымен Петроградқа шеру тартуы Керенскийді алаңдатты. Керенский билік басындағыларға, Петроград кеңесіне Корниловты бүлікші ретінде көрсетіп, генерал Алексеев арқылы Быхов түрмесіне(Асылы қыздар гимназиясының ғимараты болған) қаматты. Корнилевпен бірге оған қолдау көрсеткен Денекин сынды ықпалды әскери қолбасылар да ұсталды. Бұдан соң генерал Алексеев отставкаға кетіп, оның орнына келген Духонин Керенскийдің Корниловті өлтіруді көздеген «Корнилов жазасын тартуы керек, мен сол кезде оның қабіріне келіп Ресей патриотизміне тағзым ететін боламын» деген сөзін естиді. «Ресей өзінің адал ұлдарына бұлай жасамауы керек» деп ойлайтын Духонин Корнилевке өміріне қауып төніп тұрғанын ескертіп, Донда генерал Алексеевтің(Керенскийдің пиғылын білгеннен кейін, өзі сұранып әдейі Корниловты тұтқындайды, мақсаты оны қорғау еді) оны күтетінін айтып жасырын хат жіберді. Қазан төңкерісі қарбаласында, 20 қарашада Корнилов Теке атты жасағымен бірге Донға қашты. Он күннен кейін Новочеркесске келіп «Ақтар қозғалысын» ұйымдастырды. 1918 жылдың ақпан айында Корнилов «Ақтардың» 3000-ға таяу ерікті әскерімен Доннан Кубанға қызыл әскерге қарсы алғашқы, талай кітап пен фильмге өзек болған «мұзды жорығын» жасады. Осыдан кейін оның есімі Большевиктердің заңсыз билігіне қарсы ақтар көтерілісінің азаттық жалауы болды. Наурыз айында Корнилов жасағы ақ қар, көк мұзға қарамай 500 шақырымнан астам жол жүріп Екатеринодар қаласына келіп шабуыл жасады. Шайқастың жетінші тәулігінде, 31 наурыз, таңға жақын Қызыл әскердің снаряды Корнилов отырған штаб басқармасына түсіп, Лавр Корнилов қаза тапты. Совет үкіметі жығылғаннан кейін ғана, 1991 жылы Кубан өзені жағалауында, Екатеринодарда Корниловке ескерткіш қойылды.
Біз, Ресей тарихында үлкен әріппен аты қалған, әскери оқуда немісше, французша, ағылшынша білген, әскери қызметі барысында үнді, парсы, қытай, ұйғыр тілдерін білуімен қатар Түркістан халықтарының тілінде еркін сөйлеген Корниловтың ұрпақтары туралы журналисттік зерттеу жүргізіп көрдік. Корниловтың ұлы Петр Бельгияда өмір сүрген. Қызы Наталья, генерал Денекин мен Алексеевтің адьютанты орыстанған француз ақсүйегі Шапрон дю Ларремен тұрмыс құрған. Тағы бір ұлы Георгий дерек бойынша АҚШ-та, Мичиган штатында өмір сүрген. Бұдан сырт оның бірнеше баласы болған. Олар туралы толық мәлімет жоқ. Бір анығы, қызылдар жеңіске жеткен соң Корниловтың ұрпақтары қудалауға түскен.
Алматы қаласында, Гамиля Каскеева есімді зейнеткер тұрады. 65 жастағы Гамиля Муздабайқызының айтуына қарағанда, оның әкесі Муздабай Корниловтың 1905 жылы туған, кенже ұлы көрінеді. Жасынан жетімдер үйіне беріліп белгісіз себептермен аты өзгертілсе керек. Гамиля атасы туралы: «Лавр Корнилов орта бойлы кісі болған. Менің әкем де сондай еді. Алайда, өз әкесі, тегі туралы айтуға қорқатын. Бірақ, Колчак пен Лавр Корниловтың дос болғаны туралы айтатын.(Тарихи деректе бұл туралы мәлімет кезікпейді. –автор). Ұмытпа, менің шешемнің аты Мариям, ол қазақ қызы деген еді. 1968 жылы қайтыс болған Мұздабайдың аты құжатқа мұрны пұшықтау болған соң Пшуков деп жазылған, кейін орыстар қателесіп Шуков деп жазып жіберген. Бұл Мұздабайдың өмірін сақтап қалса керек», - дейді. Гамиля Муздабайқызында әкесі мен атасы туралы дәлелді көп дерек жоқ екен. Тек суреттегі немересінен қолбасы Лаврдың бейнесін көруге болатындай.
Біз бұл мақаланы орыс қолбасы, инфантерия Генералы Лавр Корниловтың ерлігін жырлау үшін, немесе орыс армиясын ұлықтау үшін жазбадық. Патша заманында орысқа жақын жүргеннің бәрін «шоқынған» атандырып жіберген ашық ауыз қазақтың бір жиені ретінде, оның нақты нағашы тегі кім болғанын білгіміз келді. Сондай-ақ, Ресейдің тұтас армиясының қолбасшылығына дейін жеткен Корниловтың Еуразия даласында жұмыс атқармаған елі санаулы ғана екен. Қазақстанның төрт тарабындағы елдердің бәрін де қызмет еткен Корниловтың қазақ даласындағы саяси істермен есімінің еш байланыспауы қалай? Басына іс түскен шағында Корниловтың түрік текті атты әскерден қорғаныш табуы, Петроградқа бағыттаған үш дивизия атты әскерінің «жабайы» тайпалардан құралғаны нені аңғартады? Ғасыр аунап бара жатқан Бірінші Дүниежүзілік соғыс кезіндегі Қазақстан саяси өмірінің біз білмейтін қанша құпиясы бар? Осындай сұрақтарға бір ілік іздеп көрдік. Ашылмаған ақиқаттар мен танылмаған тұлғалардың шынайы шындығы жел ашып кеткен құм астындағы сарайдай жарқырап шығар бір күні ...
Ақан Бектас
Abai.kz