«ТАРЛАНБОЗ»
ЖАЗУШЫ ДҮКЕНБАЙ ДОСЖАННЫҢ ӨМІРІ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНА АРНАЛҒАН КІТАП ЖАРЫҚ КӨРДІ
Алматы қаласындағы «Дәстүр» баспасынан жазушы Дүкенбай Досжанның өмірі мен шығармашылық жолына арналған «Тарланбоз» атты кітап жарыққа шықты.
Жинақтың бірінші бөлімі «Тірі сөздің пірлері» деп аталады. Онда бұған дейін кітапқа жарияланбаған, өмірінің соңғы кезінде жазған естеліктері мен бір мақаласы берілген. Осы топтамада Д.Досжанның қазақтың айтулы қаламгерлері Тәкен Әлімқұлов пен Бердібек Соқпақбаев және қоғам қайраткері, техника ғылымдарының докторы, Парламент Мәжілісінің бірінші шақырылымының депутаты болған Өмірбек Жолдасбеков туралы жазған естелігі беріліп отыр. Жазушы аталған тұлғалардың азаматтық келбетіне, адамгершілік асыл қасиеттеріне тоқталған.
Сонымен қатар қаламгер «Екі бейне» атты эссесінде әйгілі балерина Майя Плисецкая мен тарихшы Лев Гумилев туралы ой толғаған.
Осы кітаптағы Д.Досжанның «Жаңаша тарих қалай жазылады?» деген мақаласы қай оқырманның да назарын өзіне аударатыны сөзсіз. Ол «Қазір зиялы қауым арасында екіұдай пікір бел алуда. Бірі стратегиялық пайымға әлі ерте дейді, екінші топтағылар қазақ қоғамы, яғни, мемлекеттік жаңа құрылым қалыптасу кезеңінде дейді. Стратегиялық пайымға әлі ерте дегенге сену қиын. Неге дейсіз ғой!» деген ой толғамнан басталады. Одан әрі қаламгер қазақ халқының бодандық кезеңдегі бастан кешкен нәубеттері, ұлт тарихының бұрмаланып жазылғаны жөнінде жаза келіп, ал енді тәуелсіздік алған тұсымызда сілкінетін кез келгенін мәлімдейді. Қазақ елінің жаңа тарихын жазуда тек тарихшылар ғана емес, жазушылардың да тарихи еңбектері назарға алынуы керек екенін ескертеді. Атап айтқанда, Әбілқайырдың хандық құрған кезеңін Әбіш Кекілбайдың терең зерттеп жазғанын алға тартады. Сол сияқты Үйсін патшалығы жайлы Қытай деректерін зерттеп келген Қойшығара Салғараұлының, Алтын Орда, Ноғайлы дәуірі жөнінде Әнес Сарайдың еңбектері бағалы екенін атап өткен. Ал жазушы Бексұлтан Нұржекеұлының Моғолстан тарихы, Орбұлақ шайқасы туралы көп білетіндігін баяндаған. Д.Досжанның өзі Орта ғасырдағы Отырар, Жент, Сығанақ қалаларының тарихын зерттеп, кітап жазғаны белгілі.
Кітаптың «Тарланбоз» атты екінші бөлімінде Әбіш Кекілбайұлы, Мырзатай Жолдасбеков, Аян Нысаналин, Құлбек Ергөбек, Бақыт Сарбалаев, Ғарифолла Есім, Рақымжан Тұрысбек, Жарасбай Сүлейменов, Жолтай Жұмат, Нұртөре Жүсіп, Қали Сәрсенбайұлы, Азамат Есенжолұлы және басқа да белгілі жазушылар мен ғалымдар, әріптестері мен достары классик жазушының шығармалары мен өмірі жайында ой толғайды. Сондай-ақ ақын Серік Тұрғынбекұлының Дүкенбай Досжанға арнаған өлеңі де осы кітаптан орын алған. Осы жинақтан жазушының жары, журналист Сәуле Досжанованың да естелігін оқуға болады.
Үшінші бөлім – «Қалыбы бөтен қаламгер». Мұнда филология ғылымдарының докторы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетіндегі Гуманитарлық зерттеулер институтының директоры Алпысбай Мұсаевтың жазушы Дүкенбай Досжанның қаламгерлік шеберлігі, тілдік және стильдік ерекшеліктері зерттеу еңбегі толықтай берілген.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының және М.Әуезов атындағы Ұлттық сыйлықтың лауреаты Дүкенбай Досжан 1942 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Құланшы ауылында дүниеге келген. Ол – 11 роман, 23 хикаят, 100-дің үстінде әңгіме жазған қарымды қаламгер. 2013 жылы дүниеден озды.
Д.Досжанның жаңа кітабы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жарық көріп отыр.
Бұл көлемді жинақ 30 баспа табақтан, 480 беттен тұрады.
Айта кету керек, жуырда Қызылорда қаласында жаңа жинақтың таныстырылымы өтеді.
Айдын Бәймен
Abai.kz