Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Тамыр 15941 0 пікір 3 Маусым, 2015 сағат 11:29

«ҚАЗАҚ» СӨЗІ ТУРАЛЫ ҚЫПШАҚ-АРАБ СӨЗДІГІНДЕ НЕ АЙТЫЛҒАН?

«Қазақ» сөзінің мағынасына қатысты зерттеу жұмыстары екі жарым ғасырға жуық уақыт жүргізіліп келе жатса да, зерттеу жұмыстарының көпшілігі «қазақ» сөзіне қатысты жазылған мақалаларға шолулар бойынша жасалған көзқарастар мен пайымдаулардан тұрады. Көзқарастардың кейбірі көңілге қонымды болжамдар болса, енді біреулері аңыз-әңгімелерге сүйеніп жасалған этимологиялар болып келеді. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай осы сұрақтың шешімін табуға өз үлесімізді қоссақ деген ниетпен, «қазақ» сөзіне араб тілінде түсіндірме жасалған 1245 жылы Мысырдағы мәмлүк қыпшақтары тарапынан жарыққа шыққан «Қыпшақ-араб сөздігі» қолжазбасының түпнұсқасы негізінде зерттеу жұмыстарын жасаған едік. 

Жазбаша деректемелер ішінде «қазақ» сөзі осы «Қыпшақ-араб сөзді­гін­­де» бірінші рет қолданылып, оған алғаш рет түсініктеме берілгені айтылып жүр. Сөздіктің қолжазбасын 1894 жылы голландиялық шығыстанушы ғалым М.Т.Хоутсма ең алғаш зерттеп неміс тіліндегі аудармасымен қоса баспаға әзірлеген болатын. М.Т.Хоутсма қол­жазбаны хатқа түсіргенде «Адам сипаттары» атты он тоғызыншы бөлімдегі «қа­зақ» сөзіне берілген араб тіліндегі түсініктемесін «المجرّد» [әл-мужәррад] деп берген. «Қазақ» сөзіне түсініктеме ретінде берілген араб тіліндегі «المجرّد» [әл-мужәррад] сөзінің мағынасын неміс тілінде «landstreicher», яғни «қаңғыбас, кезбе» деп берген. Аталған сөздікке өткен ғасырдың 60-шы жылдары зерттеу жүргізген отандық ғалым Ә.Құрышжанов та «қазақ» сөзіне араб тіліндегі «المجرّد» [әл-мужәррад] сөзінің мағынасы бойын­ша «жалғыз», «қарапайым, бір­демеден айырылған» деген мағыналар берген.
М.Т.Хоутсма мен Ә.Құрышжановтың «Қыпшақ-араб сөздігі» негізінде «қазақ» сөзіне берген жағымсыз мағынасы көп­теген ғалымдардың пікірлеріне сал­қы­нын тигізіп келді. Нәтижесінде зерт­теу­шілердің дені тарихи оқиғаларға жүгіне отырып «қазақ» сөзінің мағына­сы­на жағымды сипат бергісі келсе де, М.Т.Хоутсма мен Ә.Құрышжановтың сөз­дік­те берген мағынасынан аттап кете алмай «үйсіз-күйсіз кезбе, қаңғыбас, қаш­қын, қарақшы» дегендердің бірін қоса беріп жүрді.
Голландиядағы Лейден кітапхана­сын­да 517-ші нөмірмен сақтаулы тұрған 1245 жылы жазылған «Қыпшақ-араб сөздігі» түпнұсқасының электронды көшірмесін алдырып, оған компьютердің көмегімен үлкейтіп көру арқылы зерттеу жұмыстарын жасағанымызда, қолжазбадағы «қазақ» сөзіне араб тілінде берілген түсінігі «المجرّد» [әл-мужәррад] емес «المحرّد» [әл-мухәррад] екені анықталды. Яғни қолжазбаны зерттеген М.Т.Хоутсма мен Ә.Құрышжанов ح (хә) әрпінің астындағы болмашы ғана дақты нүкте екен деп, оны ج (жим) әрпі деп түсінген. Қолжазба болғандықтан ондай дақтар кітап бетінің әр жерінде кездесіп отырады. Нәтижесінде «المحرّد» [әл-мухәррад] сөзін «المجرّد» [әл-мужәррад] деп оқыған. Осыдан «қазақ» сөзі араб тіліндегі астында нүктесі бар «المجرّد» [әл-мужәррад] сөзінің мағынасы бойынша «қаңғыбас, кезбе, қарапайым, бірдемеден айырылған» деген секілді жағымсыз мағыналармен түсіндірілген. Қолжазбадағы болмашы дақ осылайша бүтіндей бір ұлттың атауына қара дақ болып жабысып келді. Араб тіліндегі үлкен түсіндірме сөздіктерде астында нүктесі жоқ «المحرّد» [әл-мухәррад] сөзіне «үйге кірген, үйлі болған, бөлінген» деген мағыналар берілген, үй дегені жай үй емес «пішіні түйенің өркеші тәрізді үй» деп түсіндірілген.
«Қыпшақ-араб сөздігі» – тақырыптық сөздік. «Қазақ» сөзі «Адам сипаттары» атты қолжазбаның он тоғызыншы бөлімінде келген. Жазылуы қазіргі қазақ тіліндегі дыбысталуымен бірдей дыбысталатын араб әріптерімен «قازاق» деп жазылған. Мұнда «қазақ» сөзінің алдында «үйлү» деген қыпшақ сөзі келген. Бұл сөзді араб тіліндегі «үйленген» деген сөзбен түсіндіре отырып, мағынасын араб тіліндегі «үйлі» сөзімен қосымша ашып көрсеткен. Яғни ескі қыпшақ тіліндегі «үйлү» сөзі қазіргі қазақ тіліндегі «үйленген, үйлі» деген мағынаны береді. Дыбысталуы да қазіргі қазақ тіліндегі «үйлі» сөзімен үндес деуге болады. Қолжазбада «қазақ» сөзінен кейін «баш дақ» сөзі келген. Оны араб тіліндегі «отбасынсыз, әйелсіз және басқаларсыз» мағынасындағы сөзбен түсіндіре отырып, араб тіліндегі «жеке басты, бойдақ» деген ұғым беретін сөзбен мағынасын қосымша аша түскен. Яғни «баш дақ» сөзі «бойдақ» дегенді білдіреді. Дыбыс­талуы да қазіргі қазақ тіліндегі «бойдақ» сөзінен оншалықты алыс емес. «Баш дақ» сөзін Ә.Құрышжанов та орыс тілінде «холостой, холостяк, одинокий (не имею­щий детей и семьи), свободный» деп түсіндірген. Сонымен сөздікте «қазақ» сөзінің алдында «үйленген, үйлі» деген мағынаны беретін «үйлү» сөзі, «қазақ» сөзінен кейін «жеке басты, бойдақ» деген мағынаны беретін «баш дақ» сөзі тұр. Тақырыптық сөздік болғандықтан бұл жерде отбасылық жағдайға қатысты сөздер қозғалып жатқанын байқаймыз. «Үйленген, үйлі» және «жеке басты, бойдақ» деген сөздердің арасында «қазақ» сөзін түсіндіру үшін отбасылық жағдайға қатысы жоқ «қаңғыбас, кезбе, қарапайым, бірдемеден айырылған» деген мағынаны беретін араб тіліндегі астында нүктесі бар «المجرّد» [әл-мужәррад] сөзі тұруы мүмкін бе?! Әрине, мүмкін емес. Олай болса бұл жерде «қазақ» сөзін «үйге кірген, үйлі болған, бөлінген, бөлініп еншісін алған» деп түсіндіретін отбасылық жағдайға қатысты, астында нүктесі жоқ «المُحَرَّدُ» [әл-мухәррад] сөзі тұруы заңдылық.
Демек, 1245 жылы мәмлүктік Мысыр елінің қыпшақтары тарапынан жасалған қыпшақ-араб сөздігінің қол­жаз­басындағы «қазақ» сөзі отбасылық жағдайды білдіретін «үйге кірген, үйлі болған, бөлінген, бөлініп еншісін алған» деген мағыналарды береді. Оған мақала шеңберінде мынадай дәлелдер мен тұ­жырымдар келтіреміз:
Бірінші, қолжазбадағы «қазақ» сөзіне түсіндірме ретінде берілген араб тіліндегі «المحرّد» [әл-мухәррад] сөзінің «бөлінген, үйлі болған, үйге кірген» деген мағыналар беретінін және үй болғанда жай үй емес «пішіні түйенің өркеші тәрізді үй» екенін айтуға болады;
Екінші, «Қыпшақ-араб сөздігі» – тақырыптық сөздік. Мұндай сөздікті құрас­тырғанда ешқандай автор тақырып­тан ауытқымайды. Сөздікте «қазақ» сөзі – «үйлү» және «баш дақ» сөздерінің ара­сында берілген. Отбасылық жағдайға қатысты «үйленген, үйлі» деген мағынаны білдіретін «үйлү» сөзі мен «жеке басты, бойдақ» деген мағынаны білдіретін «баш дақ» деген сөздердің арасында отбасылық жағдайды білдіретін «үйге кірген, үйлі болған, бөлініп еншісін алған» деген мағынаны білдіретін «қазақ» сөзі тұруы заңдылық. Жоғарыда дәлелдегеніміздей бұл мағынаны араб тіліндегі астында нүктесі бар «المجرّد» [әл-мужәррад] сөзі емес астында нүктесі жоқ «المحرّد» [әл-мухәррад] сөзі бере алады;
Үшінші, қолжазба авторы «қазақ» сөзінің алдынан келген «үйлү» және кейін келген «баш дақ» сөздерін түсіндіре келе, мағынасын араб тіліндегі синоним сөздермен қосымша аша түскен. Ал «қазақ» сөзін бір ғана «المحرّد» [әл-мухәррад] сөзімен түсіндіріп, мағынасын қосымша сөзбен түсіндірмеген. Негізінен, мағынасы анық сөздер ғана қосымша түсіндіруді қажет етпейді. Осыған қарағанда қыпшақ тіліндегі «қазақ» сөзі де, оны түсіндірген араб тіліндегі «المحرّد» [әл-мухәррад] сөзі де сол замандарда Мысыр еліндегі барша халыққа түсінікті сөздер болған;
Төртінші, «المحرّد» [әл-мухәррад] сөзінің «үйлі болған» деген мағына беруі және баспана ету мақсатында кірген үйінің пішіні түйенің өркеші тәрізді болуы біраз жайды аңғартады. «Түйенің өркеші тәрізді үй» дегенде көз алдымызға Дешті-Қыпшақ даласын мекендеген халықтардың, расында да түйенің өркешіне ұқсайтын, қоңыр және ақ шаңқан киіз үйлері елестейді. Мысыр еліндегі, жалпы араб елдеріндегі түйелер бір өркешті болып келетіні мәлім. Екі өркешті түйенің өркешінен гөрі бір өркешті түйенің өркеші киіз үйге көбірек ұқсайды. Осыны ескерсек «қазақ» сөзінің мағынасын арабтарға түсіндіру үшін қолжазба авторы «المحرّد» [әл-мухәррад] сөзін өте сәтті қолданған. Осыған қарап Мысырды билеген мәмлүк қыпшақтары да киіз үйлерде тұрғанын жорамалдауға болады;
Бесінші, «қазақ» сөзінің «үйлі болу, бөліну, бөлініп енші алу» деген мағы­на­лары Керей мен Жәнібектің Әбілқайыр хандығынан бөлініп, жеке отау тіккен тарихи оқиғаның мағынасына дәл келуін айтуға болады. Осы тарихи оқиға кезінде Керей мен Жәнібек және ол екеуінің соңынан ерген ру-тайпалар Әбілқайыр хандығынан бөлініп, жеке отау тіккелі бара жатқанда, сол замандардағы барша халыққа түсінікті «бөлінеміз, бөлек отау тігеміз, бөлек ел боламыз» деген мағынадағы «біз қазақпыз, қазақтармыз» деген сөзді ұран ете үдере көшкен деп шамалаймыз. Мағынасы жағымды болғандықтан жан-жақтан келіп қосылған өзге рулар да бұл сөзді жатырқамаған. Уақыт өтіп, ұрпақтар ауыса келе «қазақ» сөзі халық атауына айналғаннан кейін, «бөліну, бөлек отау құру, үйлі болу» деген негізгі мағынасы көмескіленіп, ұмытылған;
Алтыншы, өз күшіне сенгендер ғана бөлініп жеке отау тігеді. Осы тарихи оқиғадан-ақ қазақ халқын құраған рулардың ықылым заманнан бері ер жүрек, өр рухты, батыр халық екенін көре аламыз. Қазақ халқынан (қай соғыста болмасын) батырлардың көптеп шығуы да осының дәлелі;
Жетінші, «қазақ» сөзінің мағынасы «қашақ, қаңғыбас, кезбе, бірдемеден айырылған» болса, бұл сөз бүтін бір халықтың атына айналмас еді. Өйткені бір жақтан қашып келген адам ешқашан да өзін «қашып келгенмін» қаңғырып келген адам өзін «мен қаңғыбаспын», түгі жоқ адам өзіне-өзі «мен жалаңашпын» деп айтуды ар санайды;
Сегізінші, қазақ халқын құрап отырған рулар қаңғыбас болатындай еш жақтан жер ауып, тау асып қашып келген жоқ. Өз­де­рінің атамекендерінде тұрып келе жатқан байырғы халықтардың жалғасы. Әйтпесе олар дербес хандық құрып, ұлан-ғайыр жерге иелік ете алмас еді.
Мақаламызды қорытындылай келе айтарымыз, қолжазбаның дұрыс оқылмауы салдарынан «қазақ» сөзіне таңылған «қаңғыбас, кезбе, қашақ», «бірдемеден айырылған», т.б. секілді жағым­сыз мағыналарды «қазақ» сөзінен, яғни ұлт атауынан арылтуымыз керек. Болашақ ұрпақтың санасынан мүлдем өшіруіміз керек. «Қазақ» сөзі хандық құрылғанға дейінгі әлеуметтік мәнде қолданылған кезде де, кейінірек хандық құрылғаннан кейінгі этнонимге айналар кезге дейін де «үйлі болған, бөлінген, бөлініп еншісін алған, жеке отау тіккен» секілді жағымды мағынада қолданылған. Ал өз алдына еншісін алып, жеке отау тігу дегеніміз – белгілі бір жағдайда еркіндікке, тәуелсіздікке жету деген сөз екені анық. Сол себепті, қазақ тарихына қатысты оқулықтар шығарар кезде немесе қайта басылар кезде, кино түсіру жұмыстарында және т.б. осыны естен шы­ғармауымыз керек. Шағын мақа­ла­мызды, «қазақ» сөзінде қазақ халқы ұя­ла­тындай мағына болған емес деп түйіндегіміз келеді.

Қалдыбай ҚЫДЫРБАЕВ, 
әл-Фараби атындағы 
Қазақ ұлттық университеті
шығыстану факультеті 
таяу және орта шығыс кафедрасы 
арабтану бөлімінің доценті,
PhD докторы

Дереккөзі: "Ана тілі" газеті. 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1972