«ОҢТҮСТІК ӨНІМДІ ЕҢБЕК ОРДАСЫ»
Берік Уәли, ОҚО Облыстық ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы: «ОҢТҮСТІК ӨНІМДІ ЕҢБЕК ОРДАСЫ»
- Елбасының «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» мақаласындағы тапсырмалардың Оңтүстікте орындалу деңгейі қандай? Жетістіктер бар ма? Бұл бастама кезекті науқандардың біріне айналып кеткен жоқ па?
- «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» идеясы өзінің өміршеңдігін көрсетті. Ешқандай да науқаншылдыққа айналмағанын кеше ғана Елбасы 100 нақты қадам - Ұлт жоспарын жарияларау арқылы білдірді. Еліміз әлемнің тең құқылы саяси субъектілері ретінде даму әлеуметтік және идеологиялық белестерге көзқарасын білдіруге құқылы екендігін Елбасымыздың «ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘЛЕУМЕТІК ЖАҢҒЫРТЫЛУЫ: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласынан байқалады. Мемлекетіміздің даму жолындағы белгіленген басымдықтарды өзгерту өте орынды әрі дер кезінде қойылған мәселе. Мемлекетіміздің демократиялық жолмен прогресті дамуы осы мәселе бойынша күн тәртібіне қойылған міндеттердің тез және дұрыс орындалуына байланысты.
Елбасымыздың Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құру туралы идеясы мемлекеттік және қоғамдық құрылымдар, әр Қазақстан азаматы үшін ұлттық тренд болып табылады. Еліміздің әлеуметтік жаңғыртылуы дегеніміз, біріншіден, азаматтардың санасын өзгерту, яғни оларды масылдық санадан белсенді өмір позициясына көтерілуді талап етеді.
Өнімді еңбекке негізделген Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы туралы кең ауқымды идея арқылы әлеуметтік қорғау жүйесінен әлеуметтік прогресс жүйесіне көшуге болады. Осы стратегиялық құжат Елбасымыз бастаған даму жолының оң екенін тағы бір мәрте куәландырады.
Құжат еңбек, білім, жастардың әлеуметтік бағыты, денсаулық сақтау, тұрғын үй сияқты қоғамның маңызды және өзекті жақтарын қамтиды. Сондықтан мемлекеттік бағдарлама бойынша мектептер, ауруханалар, мәдени орталықтар бой көтеруде. Таяудағы мәжілісте Елбасымыз әлем экономикасындағы қиындықтарға қарамастан Қазақстанның даму динамикасы алға басып келе жатқанына тоқталды.
Әлеуметтік жаңғырудың нәтижесіне мемлекет пен қатар қоғам да жауапты екенін түсінгеніміз абзал.
Сонымен қатар, жастар Елбасымыздың бұл идеясының басы-қасында болатынына сенім білдірді. Елбасымыздың бұл ойын жүзеге асыру мақсатында ақпараттық-насихаттық топтар құрылып, облысты аралап, насихат жұмыстарын жүргізді.
Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы – бұл біздің жаһандық дағдарысқа берген жауабымыз. Өз еңбектері арқылы инновациялық-индустриялық даму үрдісінің қозғаушы күші болған адал еңбектің үлгісін танытқан отандастарымыз жас ұрпаққа жол көрсетпекші. Алып-сату арқылы жоқтан мал тауып баюдың заманы өтті, енді ақ ниет, адал еңбек заманы туды.
ХХІ ғасырда шынында да еңбек әлемнің әміршісі болмақ, «Адамзат еңбек арқылы ғана бақытқа кенеледі» деген нақылды ұмытпағанымыз жөн.
- «Қоғамда «тұтынушылық идеологиясы» таралып жатыр. Бұл жұртты, әсіресе жастарды масылдыққа душар етеді» деген пікірмен келісесіз бе? Оның Қазақстандағы көрінісі қандай деп ойлайсыз?
– Елбасының өзі патерналистік масылдыққа апара жатыр деп дабыл қаққан болатын. Мемлекет тарапынан қаншалықты қамқорлық болса, соншалықты бақылау болатыны заңды. Мысалы, Кеңес Одағы кезінде білім алу, жұмыс табу қоғамдық проблема болған жоқ. Бұл сол кездегі көзқарас бойынша ең жақсы әлеуметтік қамсыздандыру болып есептелді. Тиісінше, мемлекет адамның жеке ісіне дейін араласты. Оқу бітірген жас түлекті кез келген жерге жібере алатын. Тіпті КСРО құрамындағы алыс-жақын елдерге де аттанып кетіп жатты. Бұл жерде жеке адамның таңдауы ескерілмейді. Ал, капиталистік мемлекеттерде мүлде басқаша болды. Нарықтық экономика, либералды қоғам. Адам қоғамға қажет деген мамандықты о баста өзі таңдап, қалаған оқуды тәмамдаған соң, қалаған жеріне жұмысқа бара алады. Оның жеке бас құқығына ешкім қол сұға алмайды. Мемлекет пен азаматтардың қарым-қатынасы осылай түзіледі. Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары халықтың масылдыққа үйренгені анық көрінді. Мемлекеттің қамқорлығына байланып қалған халық нарықтық экономиканы түсінбеді, ол жүйені көтере алмады. Егер халық масыл болмағанда, бірді-екілі нарыққа бейім азаматтар сияқты пысықтық танытқанда біз сол бір дағдарыстан ерте шығар ма едік деп ойлаймын. Тұтынушылық идеясы өзіндік ойлауды, өзіндік таңдауды шектейді. Біздің қоғамда мемлекет бәрін тауып беруге міндетті, бірақ жеке басының ісіне араласпауы керек деп ойлайтындар басым. Қазақта «алаған қолым береген» деген сөз бар. Демократиялық қоғам құру құр сөзбен, айғаймен шешілмейді. Халық масылдық психологиядан толықтай арылғанда ғана либералды қоғамға жақындаймыз. Қазіргідей мемлекетті «мәдениетті түрде тонау» бізді өсірмейді. Мысалы, ауылдық жерде жұмыссыздық деп сылтауратып жатқан тепсе темір үзетін жігіттер қаншама?! Бұрын мемлекет жұмыс беруші болса, қазір ауылшаруашылығы толықтай жекенің қолына берілді. Жұмыстың мән мағынасы біреу-ақ, ауылдық жерде мал бағу, егін егу, шөп шабу, жеміс-жидек өсіру, т.б. Айырмашылық бұл жерде жұмыс берушінің атауында ғана. Бұрын мемлекетке істесең, енді жеке кәсіпкерге жұмыс істейсің. Бірақ, бала-шағасына мемлекет тарапынан берілетін аздаған әлеуметтік жәрдемақыға тоқмейілсіп, нақты еңбек етуді біреуге жалшы, байдың құлы болу деп түсінеді. Бұл түбегейлі қате түсінік. Экономика нарықтық жүйеге өткенімен, халықта прагматикалық түсінік қалыптаспай келеді. Адам санасы нарыққа өткенде ғана осы түсінбестік жойылады деп есептеймін.
- Жалпы, тұтынушылық идеологиясының, әлеуметтік масылдықтың қоғам үшін, ел үшін қандай қаупі бар? Оған қарсы қандай идеология ұстануымыз қажет деп санайсыз? Мұндай қатерлерді жеңе аламыз ба?
– Мемлекет басышысы Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құру идеясын жариялағанда тұтынудың бұл идеологиясы бүлдіруші болғанына бүгін бүкіл әлем ерекше көз жеткізіп отырғандығын атап өтті. «Ол әлемнің дамыған елдерінде жаппай әлеуметтік масылдық туындатты және жаһандық дағдарыстың басты себептерінің бірі», - деді Президент. Экономикалық сарапшылар дағдарыс ұзақ жылдар бойы экономикалық-әлеуметтік, қаржылық саладағы қордаланып келген мәселелердің шешіміне дер кезінде жауаптың болмауынан туындап отыр дегенді айтып жүр. Демек, ғаламдық экономикалық дағдарыспен күрес онжылдықтарға дейін созылуы ықтимал ғой.
Масылдыққа қарсы мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Әлеуметтік жаңғырту саясатының негізіне шынайы өндірістік еңбекті қоюға тиіспіз. Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясы көз жетпейтін көкжиекте емес. Бұл – практикалық, прагматикалық идея. Ол маған тіпті етене жақын, өйткені, мен қазақстандықтар жақсы білетіндей, өзімнің кәсіби жолымды «ақ саусақтар» секілді кабинетте де, паркетте де емес, жұмысшы-металлург ретінде бастадым. Ал бұл, атап айтсам, нағыз кәсіп!» деді. Бұдан артық не айтуға болады!
Президенттің әлемдік өркениеттің барлық құндылықтары, экономикалық және мәдени байлықтары виртуалды қаржы институттарымен емес, адамның еңбегімен жасалады деген сөзі тағы бар.
- Барлығымыз да осы қоғамның мүшесіміз. Шыныңызды айтыңызшы, «тұтынушылық психологияның» қандай да белгілері өзіңізде, жақын таныстарыңыз бен туыстарыңыздың арасында байқала ма? Ондайда не істейсіз, нендей кеңес бересіз?
– Журналистикада 15 жылдан астам уақыт жүргенімде күн-түн демей жұмыс істедік. Тіпті, кейде мардымсыз жалақыға еңбектендік. Бірақ тәжірибе үшін, келешекте өзің үшін керек деген түсінікті санаға сіңіріп алған біздің буын нарықтық экономикаға көшкен қоғамның алғашқы мамандары болғандықтан біз тез бейімделдік. Бізден кейінгі жастардың арасында бәсеке тіпті күшті. Қай саланы алмасаңыз да тілді де меңгерген, өз кәсібін де мықты біледі. Менің айналамда масылдыққа бой алдырғандар жоқ деп айта аламын.
- Әдетте «Оңтүстіктің халқы еңбекқор әрі тірлікке, кәсіпкерлікке пысық келеді» деген ой жиі айтылып жатады. Бұл миф пе, әлде расында да солай ма?
– Бұл ойдан шығарылған дүние емес. Мысалы, Алматыдағы қызмет көрсету сапасының жоғары екені жиі айтылады. Өйткені барлық салада оңтүстіктен шыққан еңбекті талғамайтын пысық жас балалар жүреді. Астанада да кейінгі жылдары қызмет көрсету саласы жақсарып келеді. Және қарапайым көлік дөңгелегін жөндейтін дүңгіршек ашса да, басқа дүңгіршектермен бәсекеге дайын. Бұл жай қарапайым мысал ғана. Әйтпесе, барлық салада бәсекеге икемді. Туризм дамымай отыр дейміз. Бурабайдағы қызмет көрсету сапасы өте төмен деңгейде. Сол жерге оңтүстіктің жастарының табаны тисінші гүлдей жайнатып жібер еді. Оңтүстік халқының қарапайым қасиеттерін ғана айтып отырмын. Сұрағыңыздың көп бөлігі еңбекке арналды ғой. Еліміздің әр өңірін өз жерім деп түсінетін, түйсінетін де оңтүстік тұрғындары сияқты көрінеді маған. Бір жақсы қасиеті - жер талғамайды. Бастысы, нарық заңына бейімділік бар. Мәселен, еліміздегі жылыжайлардың 87 пайызы біздің облыста орналасқан. Респубикадағы тамшылатып суарудың 72 пайызы бізге тиесілі. Жылына ОҚО-да кемі жаңа 50 мектеп салынады. Денсаулық сақтау саласы бойынша 50-ден астам нысан салынып, пайдалануға беріліп жатқан да біздің облыс. Күні кеше отандық костюм-шалбарларды иығымызға ілдік. Бұл да шағын және орта бизнеске жасалып жатқан қолдаудың нәтижесі. Жылда жеміс-көкөніс және бақшадан рекордтық өнім жинап жатырмыз. Былтырғы жылы Төлеби ауданында сенбілікте 6 000 мың түп ағаш отырғызылды. Ал сол күні Астана қаласында 6 000 түп отырғызылыпты, мұны орталық телеарналардан көрсетіп жатты. Ал бұл біздің бір ғана аудандағы көрсеткіш. Оңтүстіктің халқы еңбексүйгіш болмаса, осының бәрі жүзеге асар ма еді? Жалпы, жақсы жағы мен жаман жақтарына келгенде, таразы басы тең ұсталса, деген ниетіміз бар.
- Жеке көзқарасыңыз бойынша, дәл қазір жоғары оқу орнына құжат тапсырғалы тұрған жастарға мамандық таңдауда қандай кеңес берер едіңіз?
- Мен жастарға мамандық таңдауда алдымен жүрегіңнің қалауы бойынша таңдау жасауды дұрыс деп айтар едім. Өз таңдауын дұрыс жасаған азамат қоғамда да өз орынын мүлтіксіз табады. Өмірлік тәжірбиде де соны байқадым. Өз таңдауымен мамандығын сүйіп оқып, сол мамандық бойынша жұмыс жасап жүрген азаматтардың еңбегі жоғары бағаланып абройлы қызметтер атқарып жүр. Сондықтанды мамандықты жастың өзі таңдағаны жөн. Әрине, үлкендердің кеңесіне құлақ түрген абзал, бірақ түптеп келгенде таңдау жасайтын өзі болуы тиіс. Жастардың дені ЖОО-на ұмтылып жатады. Бұл да дұрыс шығар. Дегенмен күнделікті тұрмыс-тіршілікке қажетті кәсіптерді игерген де артықтық етпес еді. Қазіргі таңда жалпы техникалық мамандықтардың жетіспеушілігі барлық аймақтарда байқалады. Сонымен қатар, қызмет көрсету саласындада білікті мамандар тапшы. Осы мәселелер қазіргі таңда жиі көтеріліп жүр. Жалпы Оңтүстік Қазақстан облысына келетін болсақ, жас азаматтардың саны 772 мыңнан астам. Жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік. Атап айтқанда, «Жұмыспен қамту-2020», «Дипломмен ауылға», «Жасыл ел» және «Студенттік құрылыс жасақтары», «Серпін» бағдарламалары БАҚ арқылы мемлекеттік ақпараттық саясаттың негізінде кеңінен насихатталып көптеген жастардың тарапынан қолдау тауып, облыста бұл бағдарламалардың орындалуы жоғары көрсеткіштерге ие.
- Оңтүстік өңірдегі жастарды солтүстік облыстарға оқуға, жұмысқа жіберу жобасы өзін қаншалықты ақтайды деп ойлайсыз?
– Оны ашық айтпаса да бәрі түсінікті. Солтүстік облыстарға білім грантын беру арқылы оңтүстік жастарын қоныстандыру ұлттық деңгейде кезек күттірмес мәселелердің бірі. Бұны барлық жағынан қолдаған жөн. Оңтүстік Қазақстан облысының халқы көп, жері шағын. Халық тығыз орналасқаннан кейін ондағы екі адамның жаға жыртысуы да шу болып жататындығы да содан шығар. Халық тығыз қоныстанғандықтан әртүрлі проблемалар болатыны заңдылық. Солтүстікте халық селдір орналасқан. Егер ұлттық дәстүрімізді, салт-санамызды сақтап келе жатқан оңтүстік тұрғындарын солтүстікке көшірсе, ұлттың, қазақтың ұпайы түгенделеді деп ойлаймын. Сең енді қозғалды ғой. Бұл стратегиялық қадам болғандықтан қазірден бастап ақталды ма, жоқ па деп тергеудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Міндетті түрде 15-20 жылда жемісін беретін мегажоба!
«Серпін-2050» әлеуметтік жобасына оңтүстікқазақстандық жастар былтыр өте белсенді түрде атсалысты. Солтүстік облыстарға бөлінген 2050 білім грантының 815-іне біздің облыстың жастары ие болды. Биыл осы бағытта үкіметтен 6200 грант бөлініп отырған көрінеді. Оның 5 мыңы ЖОО-на, қалғаны кәсіптік техникалық мамандықтар. Оңтүстік жастары биыл да осы жобаға қатысуды жоспарлап отыр. Қоғам қайреткері Мұрат Әбенов басы-қасында жүрген бұл жобаға біздің басқарма жан-жақты ақпараттық қолдау көрсетуде. Былтыр жастарды Павлодар облысының ЖОО-дарына оқуға шақыра келген ұстаздарды жергілікті телеарналарға шығарып, сұхбаттар ұйымдастырдық. Биыл Солтүстік Қазақстаннан келген білім саласының мамандарына ақпараттық қолдау көрсеттік. Жуырда Мұрат Әбенов мырза Шымкентке арнайы келіп «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы жайлы үгіт- насихат жұмыстарын жүргізбекші. Ол кісімен алдын ала сөйлесіп, бұл бағыттағы жұмыс жоспарымызды келісіп те отырмыз.
- Өзіңіз басқарып отырған ішкі саясат саласының маңызы соңғы жылдарда күрт артқаны рас. Әсіресе, ұлтаралық және дінаралық қатынастар мәселесінде. Дәл қазіргі уақытта облыстағы идеология саласында қандай жауапты жүктемелер мен міндеттер тұр?
- ОҚО-да 108 этнос өкілдері тұрады. Облыс аумағында қоғамдық-саяси ахуал жалпы алғанда тұрақты. Жергілікті басқару органдарының азаматтық қоғам институттарымен бірлесе жүргізіп отырған жүйелі және мақсатты жұмыстары өңіріміздегі тұрақтылықтың сақталуы мен нығаюына және әлеуметтік деңгейінің өрлеуіне оң ықпал етіп отыр. Ұлтаралық және конфессияаралық қарым-қатынас татулық пен ынтымақтастыққа негізделген. Этносаралық қатынастарды нығайту мақсатында 2014 жылы облыстық ішкі саясат және дін істері басқармасы облыстық этномәдени орталықтар, қоғамдық ұйымдар өкілдерімен бірлесе түрлі этностар көп шоғырланған Мақтарал ауданы, Түркістан, Кентау қалалары тұрғындарымен кездесулер ұйымдастырды. Осындай кездесулерді өткізу биыл да жоспарланып отыр.
Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған Қазақстан халқы Ассамблеясы - 20 ізгі іс» республикалық эстафетасының бас белгісі «Тайқазан» - киелі Түркістан қаласынан бастау алды. Облыстық ішкі саясат және дін істері басқармасының тапсырысы бойынша қазіргі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған «Біз соққан ортақ үй» тақырыбында 3D форматта анимациялық фильм түсірілуде.
Анимациялық фильм жас жеткіншектерді Отанды сүюге, бірлікке, мемлекеттік тілдің насихатталуы, жастарды адамгершілік пен бауырмалдыққа үйретуге, халықтар арасында ынтымақтастық пен достық байланыстарды нығайта түсуге шақырады. 1 маусым - Халықаралық балаларды қорғау күніне байланысты филімнің тұсаукесерін өткізу жоспарлап отырмыз.
Дін саласы – қоғамдық өңірдегі аса нәзік те маңызды саланың бірі. Облыстық ішкі саясат және дін істері басқармасы тарапынан дін мәселесі бойынша көптеген жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, кереғар діни ағымдарды жақтаушылармен түсіндірме жұмыстар, түрлі деңгейлерде үлкенді-кішілі іс-шаралар өткізу, елді мекендер тұрғындары мен жоғары және орта арнаулы оқу орындарында, мектептерде оқитын жастармен жұмыстар, кереғар діни ағымдардан зардап шеккендермен және түзеу мекемелеріндегі сотталушы азаматтармен кездесулер ұйымдастыру, дін саласы бойынша жұмыс жүргізетін мемлекеттік органдар мен мекемелердің қызметкерлерін әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз ету, дін мәселелері бойынша халықты ақпараттандыру жағдайлары, соның ішінде, интернет-ресурстар бойынша жүргізілетін жұмыстар – біздің қызметіміздегі басты бағыттар болып табылады. Бүгінгі таңда бұлардың қай-қайсысы бойынша болмасын, жұмыстар тиісті дәрежеде жүргізілуде деп сеніммен айта аламыз.
- Оңтүстікте болып жатқан қандай шараларды өзге облыстар үшін үлгі ретінде ұсына алар едіңіз? Мақтан тұтатындай жобалар, бастамалар бар ма?
– Өздеріңіз білесіздер, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жылдың алғашқы 4 айында ОҚО-ға екі рет сапарлады. Екіншісінде, әлемдік деңгейдегі саясаткер Түркия республикасының президенті Режеп Тайып Ердоғанды ерте келді. Мемлекет басшысының бірінші рет аялдағанында өзге облыстардың оңтүстіктен алатын үлгі өнегесі мол дегенді айтып өтті. «Наурызды 9 күн тойлауды Оңтүстіктен үйрену керек», деді. Наурызды тоғыз бойы күн атап өту идеясы облыс әкімі Асқар Исабекұлының тарапынан қолдау тапты. Тоғыз күн тойлау дегенде, жұмыс істемей үйде шалқайып жатып демалу емес, тоғыз күнге тоғыз түрлі атау беріп, тоғыз түрлі іс-шаралар өткіземіз. Мақсатымыз – бұрыннан бар наурызнаманы жаңғырту. Ағаш егу, сенбілік ұйымдастыру, жетім жесірге көмектесу, шүлен тарату, қарияларға қол қайырын беру сынды игі істер. Оңтүстіктен басталған тағы бір үлгі іс - Тәуелсіздік күні аталып өтпей тұрып, жаңа жылдық шыршаларды безендірмеу мәселесі. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов бұл жағынан да өзгелерге үлгі боларлық. ОҚО-да екі жылдан бері алдымен тәуелсіздік күні тойланады, іс-шаралар өткізіледі. Еліміздің ең басты мерекесі тойланғаннан кейін ғана 20-шы желтоқсаннан бастап шыршалар безендіріледі. Бұл бүгінгі таңда қалыптасқан дәстүрге айналды.
- Биыл – Ұлы Жеңістің 70 жылдығы. Алайда, соңғы кездері ТМД кеңістігінде Ұлы Отан соғысына деген көзқарас өзгере бастаған секілді. Тіпті өз елімізде де «Ұлы Отан соғысы деп атауға қарсымын, себебі КСРО – менің отаным емес» дегендей пікірлер жиі айтылуда. Бұған не дейсіз? Жалпы, Ұлы Жеңістің 100 жылдығын қазақ елі қалай қарсы алады деп ойлайсыз?
- «Елу жылда ел жаңа, Жүз жылда - қазан» деген нақыл барын білесіздер. Жеңістің 100 жылдығын Қазақ елі қалай қарсы алады деп 30 жыл бұрын тон пішпей-ақ қоялық. Оны аман болсақ, кезінде кезінде көре жатармыз. Ал, Жеңістің 70 жылдығын облысымыз лайықты деңгейде атап өтті. Мерекеге орай облыс аумағында өтетін іс-шаралардың жоспары алдын ала облыс әкімі тарапынан бекітіліп, 5 күн бойы аталып өтті. Атап айтар болсақ, 5 мамыр күні Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесіне орай, Кеңес Одағының Батырлары: Бауыржан Момышұлы мен Сабыр Рахымовтың ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою рәсімдері өтті. Соңынан «Жеңіс» саябағында ардагерлерге арнап концерттік бағдарлама қойылды. Ардагерлерге тиісті сый құрмет көрсетілді. Мемлекеттік наградалар тапсырылып, 12 ардагерге пәтер кілті табыс етілді.
Жеңістің 70 жылдығына орай «Ардағым - ардагерім» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды. 2015 жылғы сәуір айында облыстық ардагерлер кеңесі өңір тұрғындарына арнайы үндеу жолдап, әлеуметтік жағынан аз қорғалған соғыс және тыл ардагерлеріне қаржылай қолдау көрсетуге шақырған болатын. Қайырымдылық акциясының аясында қорға жиналған 10 млн. теңгеге жуық қаржы мүгедек және әлеуметтік жағдайы төмен ардагерлерге берілді. Сонымен қатар, облыстық ішкі саясат және дін істері басқармасының тапсырысы бойынша Жеңістің 70 жылдық мерекесіне орай түсірілген «Майдангерлер» атты қысқаметражды филімнің тұсаукесері өтті. Басқарманың бастамасымен түсірілген бұл фильмде ОҚО соғысқа аттанған батырлардың өмір жолы мен Отан үшін айқасқан жанқиярлық ерлігі туралы баяндалған. Жеңіс күні қарсаңында республикалық және облыстық телеарналардан фильмнің көрсетілімі ұйымдастырылды.
Жеңіс күнінің 70 жылдығына орай ұлттық нышанды айқындайтын 3 мыңнан астам «Жеңіс Лентасы» шығарылып, облыстың барлық аудан, қалаларына және бұқаралық ақпарат өкілдеріне таратылды.
9 мамыр күні «Даңқ» аллеясында «Жеңіс Лентасын» таққан 3000-ға жуық адам «Мәңгілік даңқ» шеруімен жүріп өтті.
Шымкент қаласындағы «Даңқ» мемориалы, «Жеңіс» саябағы және басқа да жерлерде өткен қоғамдық іс-шараларда «Жеңіс Лентасына» байланысты облыстағы мемлекеттік мекемелермен ірі сауда орындарының қызметкерлеріне таратылып, арнайы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Аталған «Жеңіс Лентасы» оңтүстікқазақстандықтар тарапынан үлкен қолдауға ие болды.
- Шымкентке келгелі қаншалықты өзгердіңіз немесе Шымкент сізді қаншалықты өзгертті?
- Иә, шын мәнінде, шырайлы Шымкентке келгелі бері менің өмірімде көптеген оңды өзгерістер орын алды.. Ең алдымен, бұл жаққа келіп көптеген дос-жаран, жора-жолдас, тамыр-таныс таптым. Көптеген жақсы азаматтарды кезіктірдім. Басқасын айтпағанда, менің мемлекеттік саладағы қызметім қазақылықтың қаймағы бұзылмаған оңтүстікте басталды. Атап айтқанда, ең алдымен облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары – баспасөз хатшысы қызметін атқарсам, кейіннен облыстық ішкі саясат басқармасына басшы болып ауыстым. Бұл басқармаға биылғы жылдың басынан бері облыстық дін істері басқармасы қосылып, облыстық ішкі саясат және дін істері басқармасы болып қайта құрылды. Рухани құндылықтарға мейілінше бай оңтүстік өңірде жүріп, қоғамдық шараларға белсенді араласуым бұрынғыдан да артты.
Жалпы, қазақылықтың қалыбы үлкен облыстан тағылымды да тәлімді тәжірибе жинақтап жатырмын деп есептеймін.
- Әңгімеңізге рахмет!
Abai.kz