Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Өмірдің өзі 11528 0 пікір 29 Мамыр, 2015 сағат 15:36

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ОРЫС ТІЛДІ АЗАМАТТАРДЫҢ БҰҰ-ҒА ХАТЫ

                                                           (САЯСИ ПАМФЛЕТ)

Құрметті БҰҰ-ның Төрағасы,

 Құрметті БҰҰ-ның мүшелері!

 

Біздер, Қазақстан Республикасында тұратын сан түрлі ұлт өкілдері, орыстілді азаматтар,  мемлекеттік тіл мәселесіне  қатысты болып жатқан келеңсіз мәселелерді сіздерге жеткізіп, қазақтар мен Қазақстанның билік орындарының біздерге (орыстілді азаматтарға) көрсетіп жатқан адам айтқысыз қысымдары  мен біздің құқықтарымызды бұзуға бағытталған іс-әрекеттеріне араша түсуді сұраймыз. Әрине,  өзіміз өмір сүріп отырған мемлекетіміздің бет бейнесі, халықаралық аренадағы беделі қазақ халқымен бірге бізді де қатты алаңдатады, бірақ бұдан артық шыдау мүмкін емес. Сіздер араласпасаңыздар, біріншіден, орыстілді тұрғындарды топас, ақыл-есі төмен етіп көрсету, екіншіден, біздерге қазақ тілін үйренуге мүмкіндік тудырмауға бағытталған жұмыстар тоқтаусыз жүргізіле береді. Сөзіміз дәлеледі болу үшін төмендегідей нақты мысалдарды алдарыңызға тартамыз және осы қалыптасып қалған жағдайларды тез арада өзгерту үшін Сіздердің тараптарыңыздан көмек күтеміз!

 

Біріншіден, қазақтың барлық елді мекендерінде қала, ауыл, көше аттарын екі тілде жазуды тоқтату керек. Бұл — біріншіден, бізді шеттетудің нақты көрінісі болса (Мемлекет үшін — «Өскемен қаласы», ал орыстар үшін «Усть-Каменогорск» деген сияқты), екіншіден, біздің ақыл есіміздің, қабілетіміз бен біліміміздің төмендігін көрсету үшін жасалғаны анық. «Байзақов көшесінің» екінші жағына «улица Байзакова» немесе «Жандосовтың» жанына «Жандосова» деп жазу да, әдейі біздерді ақымақ етудің жолы. Сонда  Қазақ елінде қанша жыл өмір сүріп, «қ» әрпін оқи алмайтын топас емеспіз ғой. Әлде «көшенің» «улица» екенін білмейді деп ойлайды ма екен?  Біздің ойымызша, әлемнің ешбір елінде жоқ бұл қорлықтың астарында мазақтан басқа ештеңе жоқ. (Ең қызығы, Астана қаласының көшелерінің атаулары үш тілде беріледі. Меніңше, бір ғана мемлекеттік тілі бар Қазақ елі бұл жағынан төрт мемлекеттік тілі бар Швейцариядан да асып кеткен сияқты. Оларда көше атаулары тек қана бір тілде жазылады…)

 

Екіншіден, ғимараттардың маңдайшасындағы  «дүкен», «нан», «шаштараз»,  т.б. сөздердің жанына оның орыс тіліндегі аудармасын беріп, «магазин», «хлеб», «парикмахерская»,  деп жазу — біздерді, басқа ұлт өкілдерін «мектепте он жыл бойы қазақ тілін оқып, осы сөздерді де білмейсіңдер» деп қорлағанмен бірдей. Құдайға шүкір, жылына бес-алты сөз үйренсек те 50-60 сөзді білетін ақылымыз бар! Мүмкін сол сөздердің мағынасын осы ережелерді шығарған, қабылдаған Қазақ елінің Парламент мүшелері не олардың балалары түсінбейтін болар, олай болса әңгіме басқа, бірақ заң шығарушы органның топас балаларына бола бізді де топас етіп көрсету және барлық маңдайшаларға екі тілде жазу — бізді ғана емес, жалғыз ғана мемлекеттік тілі бар унитарлық елді масқаралаумен бірдей.

 

Үшіншіден, Қазақстанның ақшасы теңгенің ішіне қазақ тілімен бірге орыс тілінде номиналын көрсету, бізді қорлаудың, төмендетудің тағы бір нақты дәлелі. Егер банкінің бастығы орыс ұлтынан болса, ондай ақымақтықты ешқашан істемес еді. Біздер, орыстілді азаматтар, теңгенің ішіндегі орыс тіліндегі жазуды  «сендер санды да айыра алмайтын миғұласыңдар, сондықтан санмен қатар орыс тіліндегі номинал жазуға тура келді» деген мазақ ретінде қабылдадық. (Оны орыс тілінде жазбаса орыстілді азаматтар бес мыңның орнына он мың теңге беріп қояды деп ойлаған болар). Бұл не деген қорлық!

 

Төртіншіден, жиналыстар мен конференцияларда баяндаманың басын қазақша бастап, негізгі мәтінін орыс тілінде айтуда да үлкен қулық, бізге деген қарсылық жатыр. Олар қазақ тілінде сөйлей бастағанда, әйтеуір бір-екі сөз үйреніп алайық деп, құлағамыз елең етеді де, кейін орыс тіліне көшкенде көңіліміз пәс болып қалады. Бұны біреулер орыстілділерге деген құрмет деп те қабылдайды, бірақ біздің ойымызша, бұл екіжүзділіктің артында біздерді қазақша үйренбесін деген пасық мақсат жатыр. Біз үшін орыс тілінде сөйлейтіндердің барлығы  — орыстілділердің ата жауы. Олардың түпкі мақсаты — орыстілділерді өмір бойы қазақ тілін түсінбейтін, бейшара күйде қалдыру. Егер тәуел-
сіздікті алған кезеңнен бастап қазірге дейін барлық жиындарда қазақтар қазақ тілінде сөйлесе, алғашқыда шала түсінсек те кейін таза түсініп кетер едік. Бірақ қазақтар қырсығып, орыс тілінде сөйлеуін қояр емес. Олар Президенттің «бес орыс отырған жерде жүз қазақ отырса да қазақтар орысша сөйлейді екен. Біз сорлы халықпыз ғой!» деген жанайқайын да тыңдамай отыр. Мүмкін Сіздер қазақтарды барлық жиындарда қазақ тілінде сөйлеуге мәжбүрлейтін халықаралық заң қабылдарсыздар… Бұл — қазақтардан бұрын, біздерге керек.

 

Бесіншіден, біздің балаларымыздың болашағы — қазақ тілінде. Бұл — Президентіміздің аузынан шыққан сөз. Соңғы уақытта, ешқандай заң қабылданбаса да, (Конституциядағы оқу тілін ата-ананың өздері таңдап алады деген бапты белден баса отырып)  Қазақстанда үш тілді енгізу басталды. Біздің бүлдіршіндеріміз қазақ тілін енді ғана үйренуге бет бұрып, сең қозғала бастап еді, қазақтар ағылшын тілін де үйренуді міндеттеп отыр. Әрине, бұл қазақтар үшін онша қиын емес. Олардың басым көпшілігі қазақ және орыс тілін біледі, демек, олар үшін үшінші тілді меңгеру онша қиындық тудырмайды. Ал орыс тілінен басқа тілді білмейтін біздің балаларымызға 6 жасынан бастап бөтен екі тілді үйрену — ақылға сыймайды. Демек, бұның барлығы келешекте орыстілділер қазақ тілін меңгермесін, екінші сортты болып қалсын деген оймен жасалып жатқан сұрқия әдіс. Біз жиырма жылдан соң есімізді жиып, қазақ тілін үйреніп, қазақтарды қуып жетеміз бе деп ойлана бастағанда тағы бір тілді талап етіп, шетке ысырып тастау-
ға кіріскен сияқты. Демек бұл бастама — орыстілділерге қарсы жасалған саяси қадам.

 

Алтыншыдан, Қазақ үкіметі біздерді қазақтілді мектептермен қамтамасыз етпей отыр.  Мемлекеттік қызметке қазақ тілін білетін адамдарды алу туралы талап жылдан жылға күшейіп келеді, ал қазақ билігі өзбек, тәжік, орыс, ұйғыр тіліндегі мектептерді шашау шығармай ұстап отыр. Бұл, сөз жоқ, өздерінің балаларының қызметте өсуі үшін жасалынып жатқан тағы бір жымысқы тәсіл… Басқа елдердегі (оның ішінде федеративті елдер де бар) мектептердің барлығы мемлекеттік тілде.  Неліктен Қазақстанда да Германия, Италия, Англия, Жапония сияқты барлық мектептер тек қана мемлекеттік тілде болмайды? Орыс мектебін бітірген балалар, қоржындарын арқалап Мәскеу, Томск, Новосібір қалаларын кезіп кетеді, бұл да біздерді  шеттетудің нақты дәлелі емес пе? Тәжіктер ғана көп жылғы күрестің нәтижесінде, тәжік тіліндегі мектептерді жабуға жақында ғана мүмкіндік алды.  Ең қызығы, қазақ тілді мектептердің маңдайшасына «Қос тіл — қос қанатың» деген сөз көп жазылады  ал орыс мектептерінде ондай сөзді жазбайды. Бұл да қазақтардың біздің балаларымызды бір қанатты ету тәсілі деп білеміз.

Әрине, қазақтілді мектепте оқудың алдында біздердің балаларымыздың қазақ тіліндегі бала бақшадан өткені дұрыс болар еді. Орыстілді ұйымдар, депутаттар осы мәселені бірнеше рет көтерді, бірақ орыс тіліндегі бала бақшалардың ашылуы тоқталар емес.

 

Жетіншіден, мемлекеттік тілді қоғамның барлық саласында қолдану мәселесін түбегейлі шешу үшін — бәріміз де бір-бірімізбен тек қазақша сөйлеуге тырысуымыз керек. 90-жылдардың басында, дәл біз сияқты демографиялық жағдайдағы Прибалтика елдері орыс тілін қолданудан бас тартып, тек мемлекеттік тілде сөйлеуге көшті. Сол уақытта Прибалтикаға барған адамдар «орыс тілінде сөйлеген адамдарға не латыш (эстон, литва) тілінде жауап беріп, не мылқау адам сияқты мүлдем жауап та бермейді екен», деп риза болып келетін. Бұның барлығы сол жердегі орыстілділерді мемлекеттік тілге үйрету үшін жасалған нақты тәсіл болатын. Осы тәсілдің арқасында Прибалтикадағы орыстілді азаматтардың басым көпшілгі мемлекеттік тілді бір-екі жылдың ішінде толық меңгеріп алды.  Орыстілділердің тез арада қазақ тілін меңгеріп, өздерімен тең дәрежеге жететінін білген қазақтар біз үшін аса тиімді осы тәсілді қолданбай отыр. Керек десеңіз, Президенттің өзі «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деп, біздерді миғұла етіп, кеудемізден итеріп отыр. Біздің жағдайымызды ойлайтын Президент «қазақстандықтар бір-бірімен қазақша сөйлессін» деген ұран көтерер еді ғой.

 

Сегізіншіден, Парламентке Қазақстан халқы Ассамблеясынан тоғыз депутаттың баруы — адам құқығының, теңдігінің бұзылуы ғана емес, орыстілді азаматтарды кемсітудің тағы бір белгісі. Біздер, қазақ жерінде тұратын басқа ұлт өкілдері, өздеріміздің біліктілігімізбен, білімімізбен, ақыл-ойымызбен кез келген округтен депутат бола аламыз. Тоғыз депутатқа квота беру арқылы мемлекет қазақтарды да қорлады (әлемде «қазақтар өздерінен басқа ұлт өкілдерін депутаттыққа өткізбейді, оларға дауыстарын бермейді екен», деген ой туғызды), біздерді, барлық этникалық топтардың өкілдерін де жер қылды («Егер квота бермесе, ешқашан Парламенке бара алмайтын сорлысыңдар» деп).

Ең қорқыныштысы, мемлекеттік тілді білмейтін және білгісі де келмейтін билік басындағы қазақтар осы жағдайлардың барлығын «орыстілді азаматтарға көмек» деген ұранмен  жүзеге асырып келеді. Олардың біздерді, қазақ жерінде сан жылдар бойы тіршілік етіп келе жатқан басқа ұлт өкілдерін өздеріне қалқан қылуды тоқтататын уақыттары жетті деп білеміз

Құрметті Төраға мырза! Осы айтылғандардың барлығы  сізге ертегі сияқты болар, бірақ қазақстандықтар үшін күнделікті болмыс, қарапайым шындық. Біздерді кемсітушілікті тоқтатып, қазақтармен бірдей құқық пен міндетті қамтамасыз етуді өтініп сұраймыз.

 

Хатты Біріккен Ұлттар Ұйымы кеңсесінен алып жариялаған Дос КӨШІМ

Дереккөзі: http://kazakia.kz/

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036