СТАЛИН ҚҰЛАҒАН КҮН
ОҚО Түркістан қаласы жанында орналасқан Ескі Иқан ауылындағы Сталин ескерткішін алып тастады.
Бұл ауылда совет заманында тұрғызылған Сталиннің тас мүсіні 2014 жылға дейін тұрған. Сол жылы қатты дауыл болып, тарихи әділдікті табиғаттың өзі орнатып, қызылдардың қанды қол көсемінің ескерткішін құлатып кеткен еді. Сталин сол құлағаннан тұрмас еді... Бірақ, құлдық сана өз дегенін істетті! Өткен аптада Иқан ауылындағы баяғы қызылкөз белсенділіктері әлі де саналарында бықсып жатқан бір топ бұрынғы коммунисттер ескерткішті қалпына келтіріп, орнатып үлгерген. Алайда, жергілікті биліктің араласуымен бүгін Сталиннің тас мүсінін бөлшектеп тұрып, алып тастады. Бұл хабар ел ішіне лезде тарап, әлеуметтік желі арқылы Алашшыл азаматтар сүйіншілеп жатыр.
Бұл жаңалық қызылкөз белсенділіктің дәурені өткенін, заман, қоғам, қазақ баласы жаңарғанын ескіге, соның ішінде қазаққа қанқасап ұлы қырғын жасаған Сталинге және оған табынушыларға бүгінгі Қазақстанда орын жоқтығын анық көрсетті. Демек, өзге елдегі Сталиншілерге де жол жабық!
Оңтүстік Қазақстан облысындағы атқамінер, қызметтегі Алашшыл азаматтар жарап-ақ тұр! Мұның алдында жегі құрттай қоғамды кемірген, дауға ұласқан георгий лентасының орына оюлы көк түсті ұзын лентаны шерулетіп Шымкент көшесімен алып жүру арқылы өзге аймақтарға тағы да өнеге көрсетіп, ресейшіл топтардың сағын сындырған еді. Енді, міне, Сталиннің ескерткішін құлатты. Аталған істер сырт қарағанда, бір облыстың көлемінде ғана болып жатқан сықылды көрінгенімен, білген жанға мұның астарында мемлекеттік, ұлттық маңызы бар шаруаның ағыны жатыр.
Өзге аймақтар мен қалалар оңстүстіктен үлгі алар деген үміт бар...
Abai.kz