ҚАЗІРГІ ЖУРНАЛИСТЕР «КӨК ЕЗУҚЫРТҚА» АЙНАЛЫП БАРАДЫ...
«ДАТ!» айдарының қонағы – кезіндегі «Хабар» телеагенттігінің «отымен кіріп, күлімен шыққан» белгілі тележурналист, қарымды қаламгер Арман Сқабылұлы. Сонау 90-жылдары Қазақстанда «жаңа теледидарды» қалыптастыруға атсалысқан, ақпараты құрып қалған кеңістікті хабармен «толтырудың» тісқаққан маманы болған азаматпен арадағы сұхбаттасуымыз кәсіпқой журналистер тіліндегі сөз болса да, оның басты мазмұны қожалақ қоғамға қатысты әбігерлі әңгіме еді. Оқып көріңіз.
Ермұрат БАПИ
–Арман мырза, «Фейсбук» желісіне салған соңғы бір суретіңіздің астына «қырт» тірліктен жеріп жүрмін...» дегендей жазба қалдырған екенсіз. Ол «қыртыңыз» – қай «қырт»: баянсыз базына ма, әлде әділетсіздігі әл бермейтін қоғамның қиянатына көрсеткен кәсіпқой журналистің «қырсықтығы» ма?
– «Қырт» деп кімді айтушы еді, Ереке? Ең алдымен айтқан сөзі айдалаға кетіп жататын езбе адамды айтпай ма? Көңіліңізге келмесін, сіз де, мен де қазір «қырттармыз». Бірдеңе айтқан боламыз, бірдеңені дәлелдеп жазған боламыз – ешкім оны құлағына қыстырып жатқан жоқ. Қазіргі журналистер жай ғана «қырттар» емес, «көк езу қырттарға» айналып барады. Негізгі міндетіміз – қоғамдық үрдіске ықпал ету болса, біз одан әлдеқашан айырылып қалғанбыз. Әсіресе қазақ журналистикасы! Мамандығың «қырттыққа» айналса, тірлігің де «қырт тірлік» болмай қайтсін! Бұл жерде ешқандай «қырсықтық» жоқ. Қоғамға қырсығатындай журналисте қайбір қауқар бар дейсіз...
– «Қырттардың» қатарына журналистер қауымын қосқаныңыз жақсы жаңалық екен! Рас, бұған бір ауыз қарсылығым жоқ: «айдағаны бес ешкі – ысқырығы жер жарған» нағыз көкезу болдық. Дегенмен, сіздің «қырттығыңызды» қайдам, ал менің жеке басым еліміздегі теледидар журналистикасының жаңа тарихында орны бар сіздің есім-есеңізді мойындаймын. Басқасын айтпағанда, кезінде «Хабар» агенттігін ақпарат әлеміне әкеліп, оны қазақстандық кеңістік диапазонына таратуға қосқан үлесіңіз бір төбе. Дегенмен, қазақшалап айтқанда, бауыр етіңіз бірге бітісіп кеткен тележәшіктен неге жеріп кеттіңіз?
– Сол «Хабардың» шаңырағын көтеріп, ыстық-суығына көнген Владимир Рерих кетерінде: «Мен мұндай «Хабарды» құрған жоқпын!» – деп, айқайлатып сұхбат беріп, өкпелеп кетті. Осы сөзге алып-қосарым шамалы. Жалғыз мен емес, сол арнаның уығын қадасқан, кейін елдің белді журналистеріне айналған, «Хабардан» кеткен көптеген әріптестерімнің берер жауабы да осындай боларына күмәнім жоқ. Олар «су ішкен құдықтарына түкіргілерi» келмегендіктен, ойларын ашық айтпайды. Бір ауыз сөзбен айтар болсам, бүгінгі «Хабарда» біз істейтін жұмыс қалған жоқ. Арнаның бағыт-бағдары соңғы жылдары мүлдем өзгерді. Еліміздің негізгі ақпараттық арнасынан ойын-сауық, шоу-думанға айналып жатыр. Ақпараттар ағыны «24 kz» арнасына өтті. Өзінде қалған жібі түзу бағдарламалардың денін аутсорсинг компанияларға бөліп берді. Кейбір салмақты бағдарламалар мүлдем жабылды. Бір кездегі дүрілдеген, елдің ең басты телеарнасы дейтін құрылымнан қазір ештеңе қалған жоқ. Оны өздеріңіз де көріп жүрсіздер. Қазіргісі «НТК» мен «ХИТ-ТВ»-ның ар жақ, бер жағындағы бірдеңе...
Ал мен қызмет істеген Алматы филиалының жағдайы тіпті мүшкіл. Қайта-қайта болып жатқан қысқартулар мен Астанаға бет алған «ұлы көштің» әсерінен мұнда білікті журналистер мен телемамандар мүлдем қалмады десе де болады. Екі миллионға жуық тұрғыны бар, аса ірі мәдениет орталығы болып саналатын қалада «Хабар» филиалының қаңырап қалуын өз басым үлкен қателік деп есептеймін. Бұл артқы шебін жалаңаш тастап, жауға шапқанмен бірдей. Тіпті саяси қателік деуге де болатын шығар...
– Сіздің бұл «кетісіңіз» азаматтық ұстанымнан шыққан шешім десем, қатты қателесе қоймайды екем. Біздің редакцияға бұдан бұрынырақ келген хаттардың бірінде «Хабарды» осындай күйге түсіру – жоғарғы жақтың есебімен жасалған амал деген пікір айтылған еді. Оның мән-мақсаты – кезіндегі Дариға Назарбаеваның ақпараттық кеңістіктегі ықпалын әлсіретуден туған қисап болуы мүмкін...
Ал енді бір бақылаушылардың пікірі бойынша, «Хабардың» мұндай жағдайға тап болуына оның бүгінгі басшысы Айдос Үкібайдың кәсіби білігі кесір боп отырған сияқты. Расында, кеше ғана «Хабарды» канал еткен мүйізі қарағайдай журналистердің қолына су құюға әзер-мәзер жарап жүрген «баланың» бүгінде өзін журналист еткен аға-әпкелеріне бастық бола қалуы – құрылтайшылар тарапынан табылған шешім деп айта алмаймын...
– Мен ешкімнің түрін түстеп, атын атап айтпайын: бірақ «Хабардың» қазіргі басшылығы, неге екенін – өз пікірі бар, тәжірибелі журналистердің арнадан кеткенін іштей «қалап» отырады. Әлгі Сталин деген бәле билік қолына тиген соң, өзінің кемшіліктерін жақсы білетін үзеңгілестерінен біртіндеп құтылғанын білетін шығарсыз?
– ...
– Бірақ біздің басшылық Сталин емес еді... Біздің де Троцкий болып тұрғанымыз шамалы. Дана Нұржігіт,Серік Абас-шах, Берік Уәли, Жайна Сламбек, Еркін Байғабылұлы, Дина Төлекова және тағы басқа да әріптестерімнің ізімен мен де өзім арыз жазып, басшылықты «қуантып» кете бардым... Бұл жерден ешқандай саясат іздемей-ақ қоялық. Он бес жыл мемлекеттік арнада істеп, «бір күнде өзгеріп кеттім» десем, елден ұят болар. Менің өмірлік ұстанымым өзгерген жоқ. Сол арнада жүріп те шындықты айтуға тырысатынмын. Қазір де солай!
– Маған бүгінгі қазақстандық тележурналистика әкім-қаралар дайындайтын даурықпа «пресс-релиздің» журналистикасы болып кеткен сияқты болып көрінеді. Дайын релизде не жазылғанын түсінбейтін жап-жас қыз-жігіттердің экраннан екпіндей сөйлеп, көсемсіген кейіп танытуы көбейіп кеткен жоқ па?
– Көбейсе – көбейген шығар. Бірақ, менің ойымша, жастардың бұл жерде кінәсі жоқ. Кезекті ақпарат министрінің «эфирде беті әдемі, жұрт сүйсіне көретін жүргізушілер отыруы тиіс» деген жаңалығын ала келген де уақыт болды. «Министр сені көргісі келмейді екен» деп, белгілі комментатор Амангелді Сейітханды эфирден аластататын да сол кез ғой. Жалғыз Амангелді емес, талай тәжірибелі жүргізушілер сол «бастаманың» құрбаны болды. Эфирді «жұлдызқұрттар» мен беті жылтыр әншілер жаулады. Әлі күнге солай. Өзіңіз айтып отырған «экраннан екпіндейтін» ұрпаққа да сол кезде жол ашылды.
Жағымпаздану емес, Дариға Назарбаева «Хабарды» құрған кезде алдымен осы беті жылтырақ, іші қуыстардан эфирді тазалау үшін күрес жүргізген. Сараптамалық бағдарламалардың жүргізушілері өзі жазған мәтінмен, өз сараптамасымен шығуы тиіс деген талап қойған. Нәтижесінде қаншама өзіндік пікірі бар журналистер шоғыры қалыптасты. Қазір, өкінішке орай, «өлі көздерімен» біреудің дайындап берген сөздерін оқып отыратын «қуыршақ» жүргізушілер қайта көбейді. Актерлік шеберлікке салып, қанша екпіндетсе де, олардың сөздеріне ел сенбейді, сендіре де алмайды.
Ал «пресс-релиздік» журналистиканың келгені – келген. Бұл жерде де жастардың еш кінәсі жоқ. Оларға бағыт-бағдар беретін, олар еліктейтін, тіпті оларға қалай жазуды үйрететін тәжірибелі журналистер қалған жоқ телеарналарда... Орысша мәтінді шалажансар «онлайн» сөздіктермен аударып, мақала жаздым деп жүрген жастарға жүрегім ауырады. Шынымен!
– Жалпы, бүгінгі журналистиканы қоғамда қалыптасқан саяси-әлеуметтік жағдайдан бөліп алып бағалауға болмайтыны белгілі жәйт: билігің қандай – журналистикаң сондай; айдауың қалай – байлауың солай! Бірақ арыға бармай байыптар болсақ, соңғы 15–20 жылда қоғамда қалыптасқан саяси ахуал жалпақшешей журналистиканы, жарамсақ жазғыштарды қаулатып жіберді. Оның нәтижесі – қоғамдық журналистиканың толық тоқырауына алып келді. Менің осы ойым ақиқаттан қаншалықты қиғаш кетті деп ойлайсыз?
– Қоғамдық журналистика бізде ешқашан болған жоқ, Ереке! Биліктің немесе белгілі бір топтардың, өздерін оппозициямыз деп есептейтіндердің сойылын соғып келгеніміз шындық қой.
Ал жалпақшешей журналистика бұрыннан бар. Бола береді де. Тек көзге мақтау дегеннің тым шектен шығып бара жатқаны рас. Тіпті бұдан халық жеріне бастады. Өз басым мұны журналистік шеберліктің жоқтығынан деп білемін. Екі сөздің басын әзер құрап жүрген тілшіге мақта десеңіз, «бетіңізге былш еткізіп» мақтаудың көкесін көрсетіп береді. Даттау да солай! Қазақтың құдіретті тілімен нені де болса астарлап беруге болады ғой. Тіпті сол «Хабарда» жүріп те керемет астарлы, «мақтамен бауыздайтын» дүниелер жасауға болады. Кезінде солай болды да.
– «Қоғамдық журналистика» дегенде, мен «қоғамдық теледидарды» емес, жалпы журналистика ілімінің қоғамдағы әлсіреп бара жатқан рөлін айтпақ болған едім. Батыл ой байланған жерде журналистика деген жарықтық батпаққа батқан күй кешеді, ел ортасында қалыптасқан биресим қоғамдық пікір қораланып, саясат технологтары жасаған билікке жағымды пікір ел санасына сіңіріледі. Осындай үрдіске еріксіз бағынған, ой-санасын биліктің нұсқауы меңдеген журналист тереңнен тартып, ақиқатқа қоңсы сөз айтудан қағылады.
Рас, жалпы журналистиканы «ежелгі кәсіп» санайтын ойдың ойраны туып тұр: қалыптасқан саясатқа бағынышты ақпарат әлемі шектеулі болған соң, бейбақ журналиске басқа барар жер, басар тау жоқ – кім жем шашса, соның тауығы болудан өзге таңдау тапшы. Бұл жағдай жалғыз журналистика саласына ғана емес, тұтас азаматтық қоғамға ашық ойдың кенделігін тудырған жәйт болды деген пікірге қандай алып-қосарыңыз бар?
– Бұл ойыңызбен келісемін. Өзіңіз айтқан «қоғамдық журналистикаға» жету үшін де, қалам ұстаған пақырымыз тым құрығанда материалдық тәуелсіздікке қол жеткізуі керек қой. Әу бастан жарымаған қазақ журналистикасы соңғы жылдары тізерлеп, алақан жаятын жағдайға жетті. Сол «жем шашатындардың» өзі азайып бара жатыр. Байшыкештер бұрын газет, телевидениені өзінің айбарын асыратын, жаманын жасыратын құрал ретінде ұстап, сол үшін қаржы бөлетін. Тіпті үлкен сайлаулардың алдында арнайы мақсатпен түрлі басылымдар ашылып жатушы еді. Енді ол да жоқ. Өйткені бізде бұқаралық ақпарат құралдарына көп қаржы жұмсамай-ақ саяси науқандарды өткізуге болатын ахуал қалыптасты. Ал «бөтен ойлы» бірен-саран басылымнан билік сескенуді қойған. Журналистиканың «ежелгі кәсіпке» бір табан жақындауына олардың әлеуметтік жағынан қорғалмауы да себеп болуда деп ойлаймын. Тіпті мемлекеттік арнада істейтіндердің де жағдайының жетісіп тұрғаны шамалы. Астананы білмеймін, Алматыдағы «Хабардың» қарапайым журналисiнің жалақысы 40 мың теңгеге жетпейді. Қалғанын қаламақымен табады дегендері болу керек. Бағдарламалардың көпшілігі аутсорсингке беріліп, қалғаны Астанаға ауып жатқанда, қайдағы қаламақы? Қырық мың теңгеге дені дұрыс журналист жұмыс істемейді ғой... Ашқұрсақ тілшіде қандай «ашық ой» болуы мүмкін, Ереке!
– Жақсы айттыңыз, Арман! Иә, ашқұрсақ тілшіден «ашық ой» күту қиын. Дегенмен, құрсақ болсын, ұрпақ болсын – бір қаммен кәсібіңіздің ендігі өрісін интернет-журналистикаға қарай бұрған екенсіз. Шексіз-шетсіз кеңістікте етікті қоңылтаяқ киген адам сияқты боп жүрген жоқсыз ба?
– Менің кәсібім – журналистика. Ал журналистика дегеніміз – телевидение, радио, баспасөз, сосын өзіңіз айтып отырған интернет те емес пе? Тілшілік жолымды газеттен бастадым. Сосын «ТВ» деп табан тоздырдым. Енді сайтқа сараптама жазып жүрмін. «ТВ»-да жүргенде-ақ сайттарға жазғандарым жиі жарияланып тұратын. Ол кезде «хобби» еді. Енді ол ермек негізгі жұмысыма айналды.
– Айтпақшы, интернет-басылымдардың дамуымен қағаз газеттердің күні қараң бола бастағанын өз басымнан кешіріп отырмын: соңғы 2–3 жылдан бері газет таралымының өсуі тоқтады. Біздікі – иман-таразы жағдай, өзгелердің таралымы күрт түсіп, кейбір газеттер жабылып жатыр. Газетті құжат деп санайтын қазақ үшін бұл қалыпты жағдай дей аламыз ба?
– Иә, газеттер үшін бұл бір қиын жағдай болып тұр. Ғаламтордың дамуына қарасаң, бұл үрдіс қалыпты жағдай сияқты. Бүгін болмаса да, ертең мұны мойындауға тура келеді. Басылым иелеріне де газеттен гөрі сайт ұстаған қаржылық жағынан тиімді екені рас қой. Бірақ сол интернетіңiз қазағы қалың ауылдарға әлі жеткен жоқ! Өз басым алдағы бес-он жылға дейін газет керек деп есептеймін. Сосын салалық газеттер ғана қалатын шығар. Бірін-бірі қайталайтын газеттердің күні өтіп барады. Оған өзіміз де кінәлімiз. «Қайрат Нұртастың «Бентли» машинасын сатып алған» жаңалығымен оқырманды, көрерменді алдай алмаймыз қазір. Оқырман ойлы, сараптамалық дүниелерге сусап отыр. Оны кім жазады? Мәселе – сонда!
– Сонымен, кезіндегі «Хабарды» телеарна қылуға атсалысқан Арман Сқабылұлы қысастықтан «қоңыз теріп кетпегенін» білдік: бүгінде Ult.kz порталынан басқа не тірлігіңіз бар?
– Қолынан жазу келетін адам ешқашан «қоңыз теріп» кете қоймас, Ереке! Жұмыс көп. Ғаламтордағы тірліктен өзге бір көркем фильмге сценарий жазып, оны өндіріске өткіздік. «Қазақфильм» қабылдап алды. Кеше ғана ауыл өмірін қазақы қалжыңдармен көрсететін комедиялық сериалдың сценарийi жазылып бітті. Өткен жылдың соңында «Өкпелемеші» атты жинағымның жарық көргенін білесіз. Жұртшылық жаман қабылдамаған сияқты. Сол шығармашылығымның жалғасы ретінде кешегі-бүгінгі «Хабар» жайында бір дүниенің жазылып жатқанын айта кетейін.
– Айтпақшы, бұл сұхбаттың бісімілләсін сол «Өкпелемешімен» бастауға боларын қаперге алмаппын. Бұл да өмірдегі көп білместіктің бірі дерсіз: ол дүниені оқып шықтым – тамаша! Құтты болсын! Шамасы, ендігі оқылатын кітаптың келешегі осындай «қолға ұсталатын» әдебиеттің әлпетіне қарай ойысатын шығар. Дайын «пресс-релиздің» өңін айналдырып, журналист болып жүрген іні-қарындастарға ақыл айтарлық дүние бұл кітапта баршылық екен...
– Жастардың барлығы дайын «пресс-релизге» жабысып қалды деген ойдан аулақпын, Ереке! Қолынан жазу келетін талай жасты мен де байқап жүрмін. Өзіңіз айтқан «шетсіз, шексіз ғаламтор кеңістігінде» өзіндік үні, ұстанымы бар талай жас журналист жүр. Әттең, олардың мүмкіндігін сол виртуальды әлем ғана пайдалануда. Ал газет пен теледидарды, керісінше, журналистиканы «пресс-релизді» аудара салу деп түсінетіндердің жаулап алғаны өкінішті, әрине. «ТВ»-ға эфирге шығу үшін, тіпті мансап үшін баратындар бар. Ұят та болса айтайын, Серік Абас-шах қызметінен кеткен күні осындай жастардың бірі ізін суытпай аға-көке тамыр-таныстарына телефон шалып: «Маған осы орынды алып беріңізші», – деп өтініш жасағанда, жағамызды ұстадық. Әлгі дегеніне жетті де. Бұдан журналистика ұтты ма, ұтылды ма – оны Абас-шахтың «ТВ»-да үңірейіп қалған орнын байқағандар біле жатар деп ойлаймын... Теледидарға мансап үшін емес, журналист болып қалыптасу үшін барыңыздар, жас әріптестер! Мансап – қолдың кірі, ал жақсы журналист жұмыссыз қалса да, оны жау алмайды. Оларға бұдан басқа не айтайын?!
«Общественная позиция»
(проект «DAT» №20 (291) 21 мамыр 2015 жыл