Сенбі, 23 Қараша 2024
Асқанға - тосқан 5452 0 пікір 21 Мамыр, 2015 сағат 08:13

АЙЫППҰЛ ТӨЛЕСІН, ЖАУАПҚА ТАРТЫЛСЫН, ЖАЗАЛАНСЫН!

Әлемдегі ең озбыр қанышердің бірі ғана емес, бірегейі Иосиф Сталинге қазақ елінің оңтүстігіндегі Түркістан қаласының маңында орналасқан Ескі Икан ауылында ұлты өзбек бір көкезу ескерткіш қойыпты...

Иосиф СТАЛИН – аса ауыр қылмыстары мыңдаған құжаттармен дәлелденген халықаралық деңгейдегі қандықол қылмыскер.

Иосиф СТАЛИН – тұтас ұлттар мен ұлыстарды қынадай қыратын саяси жүйе мен құрылымдар орнатқан, ату-асу мен зорлық-зомбылық жасап, ондаған миллион жазықсыз адамдарды қазаға ұшаратқан қанішер.

Өзін “барлық халықтар мен уақыттыардың көсемі” деп ататқан осы бір мысықмұртты надан неме жаппай қырып-жойған жауыздық пен геноцидтің бұрын-соңды адам баласы естіп, білмеген сұмдығын  жасады.

Иосиф Сталинге ескерткіш орнату – тұтас ұлттар мен ұлыстарды қырып-жойған жауыздық пен геноцидті қолдап, ақтап алу; яғни, аталған қылмыстармен ниеттес болу деген сөз. Ал, Икандағы өзбек ертең Өзбекстанның бүгінгі басшысы Ислам Кәрімовке, арғы күні Владимир Ленинге, бірсігүні Лаврентий Берияға ескерткіш қоямын десе, қол қусырып қарап отырамыз ба?..

Сөз жоқ, оңтүстіктің жергілікті биілігі саяси қателікке ұрына жаздады. Тіпті, алғашында заңның қолдануын қадағалауға тиіс прокурорлардың “Иосиф Сталинге ескерткіш қойылуда заңбұзушылық белгілері жоқ” дегендейін дәргей білдіруі – барып тұрған кәсіби қараңғылық. Олай болса, адамдарды құмырсақадай таптаған Сталиннің қолдан жасаған зұлматтарын еске алып,  “31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін күнін” несіне белгіледік?..

Саясаткер Мұхтар Тайжаннының: «Бүгінгі Германияда біреу: “Гитлер атама қорада ескерткіш орнатамын”, -  десе, сол Германияның прокуратурасы не дер екен? Демократ-либерал болып, рұқсат бере ме? Атасының басы!.. Советтік символикаларға  түгел, қатал түрде тыйым салатын кез келді!

...Сен билікте отырсың ба, оппозицияда жүрсің бе – маңызды емес. Қазір мәселе басқада: сен ұлтшылсың ба, Қазақ елінің патриотсың ба, әлде, басың басқа бір мемлекетке қарап тұр ма? Мәселе: сен Қазақ еліне берілген адамсың ба, әлде «өзге елдің мүдделерін қорғап жүрсің бе?» – деп, ашынуы – нағыз елшілдік һәм ұлтшылдық мінездің белгісі. Өйткені, қазақтың нанын жеп жүрген Андрей ЦУКАНОВ деген “құқық қорғаушы” біреу (олар арамызда жүзмыңдап саналады) өзін-өзі “оппозиционер” атағанымен, шын мәнісінде, кешегі СССР-ді сағынатын сталиншіл пенде екендігін, яки, нағыз харам пиғылы мен пердеге тұтқан қотыр бейнесін осындай екпіндеткен ерекше сәттерде көрсетіп қойып жатады... Мұхтардікі дұрыс:  не сен Қазақ елінің адал патриоты бол, не бүйрегің бұрған басқаға бара бер! Біз үшін арам ауылдастың қажеті көк тиын!..

Қазақ ду көтеріліп, алаш атой салып, ақыры, Ескі Икан ауылында Сталинге қойылған ескерткіш алынып тасталды. Қазақстан туын балконына қадаған мемлекетшіл азаматқа айып салған; Гитлер туралы мақала басқан журналды жазалаған; тұтас бір ұлтты тұқыртқысы келген шөпжелке, шовинист қатынға небәрі 4 жылдық шартты мерзім белгілеген «әділ қазақ»  сотының өзінің кәсібилігі мен шыншылдығын айқындайтын күні туды!

Енді ұлтшыл журналист, қазір Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінде лауазымды қызметтің төрінде отырған бауырымыз Берік УӘЛИ (және қазақ елінің заңын бұзған басқа аймақтардағы басшылар) мынадай мәселелердің мүлтіксіз орындалуын қадағаласа дейміз:

1. Ескі Икан ауылының Иосиф Сталинге ескерткіш қойған тұрғыны қатаң жауапқа тартылсын! Көп сомада айыппұлдар төлесін!

2. Иосиф Сталинге қойылған ескерткішті қоюда заңбұзушылық белгілері жоқ деген прокурорлар жазалансын! Қызметтерінен босатылсын!

3. Жеңіс күнін тойлау кезінде Орал қаласында заңсыз көлік шеруін өткізуге тырысқан адамдар қатаң жазалансын! Көлік жүргізушілік куәліктерінің күші бірнеше жылдарға жойылып, айыппұлдар төлесін!

4. Украинаның Қырым түбегін басып-барымталап алуды қосқолдап қолдағаны үшін Еуропа елдері өз шекараларынан өткізбей қойған Кремльдің қолбаласы «Түнгі қасқырлар» байкерлік клубының басшысын оңтүстік астанамыздағы ресми сахнада Жеңіс күндері құрметпен қарсы алған Алматы қаласы әкімінің орынбасары Зәуреш АМАНЖОЛОВА Қазақстан Республикасының мемлекеттілігіне қауіп төндірген деп табылып, қатаң жауапқа тартылсын! Лауазымынан босатылсын!

5. Еліміздің парламентінде советтік зорлық-зомбылықтар (коммунизм, ленинизм, сталинизм, отан соғысы т.с.с.) мен олардың белгілеріне үзілді-кесілді тиым салатын заң шұғыл қаралып, қабылдансын!

Қажымұхан Ғабдолла 

Abai.kz

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5351