ҚАЗАҚ МҰНАЙЫНЫҢ ҚОЖАЙЫНЫ ҚЫТАЙ КОМПАНИЯЛАРЫ МА?
Жеріміз мұнайлы, тіліміз шұрайлы деп мақтанғанда алдымызға жан салмаймыз. Бірақ біздің көл-көсір байлықтың қызығын кім көріп жатыр? Қарапайым халықты былай қойғанда мұнай-газ саласындағы ірі компанияларға түрлі қызмет көрсететін отандық компаниялар қазір шетелдік инвестордың көңіл-күйіне тәуелді боп отыр. Көз алдыңызға мына картинаны елестетіп көріңізші, мұхитта жүзген алып акула жемтігін тапты. Тапқанын қомағайлана жеп жатыр. Бәрін тауыса алмаса да жеу керек. Мұхитта басқа да балықтар бар ғой, табылған жемге олар да ортақтасқысы келеді. Бірақ акулаңыз бере ме.
Акуланың жан-жағына шашылған қалдықтарын теріп, тасып жеп балықтар өлместің күнін көреді. Біздің сервистік қызмет көрсету саласындағы отандық компаниялардың көрген күні осы ұсақ балық сияқты. Сервистік қызмет деген не? Ірі мұнай өндірушінің техникасы бұзылады, мұнай соратын құбырлары істен шығады, кейбір ғимараттарына жөндеу жұмыстарын жүргізу керек. Оның бәрін кім істеп отыр? Алғашында (қазір де) ондай жұмыстың барлығын жаппай шетелдік мамандармен жүргізілді. Бірақ қазір бұл нарықты зерттеп, компаниялардың сеніміне кіріп іс басына келген отандық компаниялар баршылық. Кез келген жұмысты атқаруға қарымы да, қауқары да, техникасы да жетеді. Алайда аса құрметті инвесторлар осы жұмыстың өзін отандық компанияларға қимай отыр.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев елімізде мұнай өндіріп отырған инвесторларға ел экономикасына серпін беруді бір емес, бірнеше қайтара тапсырған. Шенеуніктер де жоғары трибунадан сөйлегенде түрлі себептермен елден кетіп жатқан инвесторларды шақырып әлек болады. Қазіргі күні Қазақстандағы ірі инвестор мемлекет Қытай екені жасырын емес. Әуелгі келісім қалай еді? Көршіміз Қазақстанның Қытаймен шекаралас жатқан Батыс өңіріндегі көмірсутектердің көзін тауып энергетикалық қорғанысты нығайта отырып шикізатты тасымалдау керек болатын. Қытайлық компаниялар мұнай газ саласында белсенді жұмыстарын жүргізіп те отыр. Қазір еліміздегі мұнай өндірісінің 25 пайызы қытайлық компанияның бақылауында. Оның ішінде CNPC –Ақтөбемұнайгаз көш бастап тұр. Көш бастағанда да заң бұзудан да, экономикалық қитұрқылықтан да көш басында тұрған осы компания. Инвестор емес, бірте-бірте осы елдің қожайынындай елдің заңына да, басқасына да қырын қарай бастады. Бірнеше мысал келтірейін:
-Қытай компаниясында жұмыс істейтін қазақстандық жұмысшыларды ҚХР әнұранын айтуға мәжбүрлеуі (http://wap.gazeta.kz/newsArticle/161685/).
-Ақтөбедегі республикалық маңызы бар жолға ала бөгет (шлагбаум) қойып сол үшін халықтан ақы алуы ((http://wap.gazeta.kz/newsArticle/161685/).
-Еңбек, салық, экология заңдарын бір емес, бірнеше рет бұзуы; Заң бұзады-айыппұл төлеп құтылады, бұзады-төлейді. Ал айыппұл көлемі СНПС ке түсіп жатқан миллиардтаған доллардың қасында түкке тұрғысыз.
Ең сорақысы-Қазақстанда отырып, аталмыш компания Қытайдың экономикасын көтеріп отыр. Қазақ мемлекеті мұнай газ саласында отандық компаниялардың үлесін арттыру туралы талап қойып, саясат жүргізіп отырса да, «CNPC –Ақтөбемұнайгаз» өзінің негізгі бас компаниясы «CNPC CHINA ның» қарамағындағы еншілес компанияларды дамытуға басымдық береді.
СНПС тің Қазақстандағы еншілес компанияларының құрылымы:
1. «ChinaPetroleumTechnology&DevelopmentCorporation»
Қызметі: өндіру, тауар және жабдықтарды тасу
Қазақстандағы еншілес компаниялары:
- «ВосточнаяКорона» ЖШС;
- «Ақтөбе Мұнай Маш Комплект» ЖШС;
- «Ақтөбе Нефте Маш» ЖШС;
- «Каспий Ойл Тех Сервис» ЖШС;
- «СырдарияНефтеСервис» ЖШС;
(Дереккөз: CPTDC сайтының түсірілімі
http://www.cnpc.com.cn/cptdc/CPTDCNEW/CPTDCWorldwide/default.htm)
2. ChinaPetroleumEngineeringandConstruction (Group) Corporation
Қызмет түрі: инжиниринг және құрылыс
Қазақстандағы еншілес компаниялары:
- «ВСП Интернациональ» ЖШС;
- Чжунте Қазақстан
- «Арман-Құрылыс» ЖШС;
- Қытайлық инженерлік-құрылыс мұнай компаниясы
- Қытайлық мұнай корпорациясының құрылыстық жобалау жұмысы бойынша ашылған қазақстандық ЖШС филиалы
3. Great WallDrillingCompany
Қызмет түрі: бұрғылау операциялары
Қазақстандағы еншілес компаниялары:
- «ККБК Великаястена» ЖШС
- «Востокнефть и сервисноеобслуживание» ЖШС
- «Батыс-Мұнай» ЖШС
Дереккөз: Great WallDrillingCompany аталған ЖШС лардың құрылтайшы үлесі
4. ChinaNationalLoggingCorporation
Қызмет түрі: геологиялық және геофизикалық қызмет
Қазақстандағы еншілес компаниялары:
- БИДЖИПИ геофизикалық қызмет
- КНЛК Интернешнл Қазақстан
- М-техсервис
(Дереккөз: http://www.hkexnews.hk/listedco/listconews/sehk/2011/1214/01251_1225624/E106.pdf)
Мұнай өндіруші компаниялардың сатып алуы ашық түрде жүргізілгенімен «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» қомақты үлесті өз компанияларына берудің амалын табады. Қазақстанда кез келген тендерді өзіңе қажет компанияға ыңғайластырып бере салу қиын дүние емес. Жасырып керегі не, бұрын тендерге бәсекелесу үшін тапсырылатын құжатқа 1000 доллардан алатын.
Мысалы, жуырда «СНПС Ақтөбемұнай» газ жариялаған тендерде 2 185 500 700 теңгеге (обсадныетрубы) жағалай жүргізілетін 6845 тонна құбыр сатып алу көрсетілген. Бұл тендерді СНПС дің үлестес тасымалдаушыларының бірі жеңіп алатынына бәс тігуге болады. Өйткені, тендер талабы бойынша, компания 20 күннің ішінде бүкіл тапсырысты жеткізуі тиіс. Ал құбыр шығаратын зауыттар 20 күнде мұнша көлемді жасап бере алмайды. Уақыт тапшы. Бұл қолдан жасалып отырған қиындық. Қазақстандағы мұндай құбыр жасайтын ең үлкен өндірушіде небәрі 7000 мың адам жұмыс істейді. Үлгермейміз деген жауап сыныққа сылтау болып, тендерді өзге компания алады. СНПС тің тарихында мұндай мысалдар жетіп артылады.
Тауарды тасымалдау нарығында нақты сандар, бөлінген соманың көлемін анықтауға болса, мұнай-газ саласында мұндай есеп жүргізу өте қиын. Сондықтан қазақстандық қызмет көрсететін компаниялар мұндай бейбастыққа көз жұма қарап, қосалқы мердігер болуға еріксіз келіседі. Келіспеске амал жоқ, жұмыс тауып, компанияны сақтап қалу маңызды.
Көңілге кірбің түсіретін тағы бір жайт соңғы жылдары бұрғылау қызметінде де қытайлық компаниялар көбейіп барады. «Форбста» жарияланған мына мақалада қытайлық компаниялардың бұрғылау нарығын жаулап алу механизмі жазылған. (http://forbes.kz//process/economy/kitay_zaburilsya_v_kazahstan/?mark=%D0%BA%D0%B8%D1%82%D0%B0%D0%B9%D1%81%D0%BA%D0%B8%D0%B5%20%D0%B1%D1%83%D1%80%D0%BE%D0%B2%D1%8B%D0%B5)
«Біздің мекеме скважиналарды бұрғылау саласында табысты жұмыс істеп жатқан. Бұрғылау жұмысын жасау үшін келісім шартқа келіп, тендерді ұттық. Бірақ 10 жыл бұрын біздің нарыққа қытайлық компаниялар қаптап келе бастады. Олар осыған дейінгі қойылған бағаның тас-талқанын шығарды. Мысалы, скважина бұрғылау 400 миллион теңге болса, олар 200 ге дейін түсірді. Әрине, біз шығынға жұмыс істей алмаймыз, сондықтан, тендерден ұтыла бастадық. Бұл қарқынға қазақстандық бұрғылау компаниялары шыдай алмай, банкротқа ұшырап, аяғы жабылып тынды. Сол кезде олар бағаны бір емес, екі емес, үш есеге бірақ көтерді».
Шынында да, қытайлық компаниялар төлейтін салық пен өзге де міндеттелген бюджеттік төлемдерде бұл компаниялардың салығы біздің отандық сервистік компаниялардан қарағанда салығы төмен болып отыр. Сөзімізге дәлел болсын, бұл ақпарат құпия емес, мынандай мысалдар келтіре аламын. «ККБК «Великаястена» ЖШС (Қытай) 2011 жылғы кірісі 31,9, миллиард теңге, оның 1,4 миллиардын бюджетке салық есебінде төлеген. Ал қазақстандық «Бұрғылау» ЖШС сол жылдағы кірісі 30,3 миллиард теңге болса, бюджетке төлеген салығы 7,9 миллиард теңгеге жеткен. Қытайлық компанияның кірісі де, табысы да көп, есесіне салығы біздің компаниялардан қарағанда әлдеқайда аз. Бұл жағдай барлық Қытай компаниясына тән.
Қазақстандық және қытайлық компаниялардың табысы мен салығын салыстырдық, енді мынандай сауалдар туады...
Қытайлық сервистік қызмет көрсету компанияларының жұмысы тиімсіз болса, оны неге қазақстандық компаниялар алмастыра алмайды?
Меніңше, бұл сұрақпен ҚР Қаржы министрлігі, мемлекеттік кіріс комитеті айналысу керек.
Бұл жерде сытылып шығатын 2 сценарий бар. 1) СНПС Ақтөбемұнайгаз салық төлемдерін азайту үшін компанияның шығысын көтеріп жібереді. 2) Қытайлық сервистік компаниялар қосарлы бухгалтерлік есеп жүргізеді немесе салық салынуға тиіс кіріс көлемін азайтып көрсетеді. Ол мердігер және қосалқы мердігерлермен жасалатын «формальды» келісімдерді жасау арқылы жүзеге асады.
«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» салық көлемін азайтып көрсетіп отырғанын Ақтөбе облыстық әкімдігі біліп отыр. «СНПС Ақтөбемұнайгаздың» иелігінде 1 805,7 миллион теңгенің салық салынуы тиіс 24 нысаны бар. Мүлік салығы 27,1 миллион теңге. Ал енді қараңыз, жылдық орташа құны 4 274,1 миллион теңге болатын бір ғана мүлікке ие «Мега центр Ақтөбе» ЖШС төлейтін салық көлемі 64 миллион теңге. (http://www.kazakhstan-oil-gas.com/ru/novosti-tjek-kazahstana/8916-cnpc-aktobemunajgaz-zanizhaet-ocenochnuju-cena.html)
«СНПС- Ақтөбемұнайгаз» Қазақстандағы ірі салық төлеуші болса да, өзін май-шелпекте отырғандай сезінері анық. Инвесторлардың жасаған, әлі де жасап жатқан жұмысына рахмет, бірақ шаңыраққа да қарайтын кез болды ғой. Бәлкім Қазақстан нарығына өзінен өзге инвестор келмейді деп ойлай ма екен? ҚР «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану» туралы Заңында жер қойнауын пайдаланушы келісімшартта көрсетілген міндеттерді 2 рет артық бұзса келісімшартты тоқтатуға құқығы бар. Қандай жағдай болмасын, инвестор мемлекет бекіткен қағидаға сай жұмыс істеу керек. Енді «сұрағанша» талап ететін уақыт жетті. Қазақстандық компаниялар да қашанғы қызмет көрсету аясында жүре бермек. Осы уақыт аралығында бұл саладағы азаматтар да өсті. Қаржылары да, мүмкіндіктері де жетті. Қашанғы қонағы билейтін жаман үйдің кебімен отырамыз?
Нұрлан Жұмағұлов,
келісімшарт агенттігінің менеджер
Abai.kz