НАЗАРБАЕВТАН КЕЙІНГІ ҚАЗАҚСТАНДЫ АННЕКСИЯ КҮТІП ТҰР
Ағылшынның Guardian газеті Қазақстанның солтүстік аймағындағы саяси-этникалық ахуалға мән бере келіп, «биліктен Назарбаев кеткен соң қазақ жері Ресей тарапынан бөлшектенуі мүмкін» деген болжам жасайды. Газет бұл ретте мемлекетте тілдік тұтастықтың қалыптаспай тұрғанына көңіл аударады.
Петропавл елдің солтүстік өңіріне тән кәдімгі қалалардың бірі деп жазады Guardian. Бұл қаланың тұрғындары негізінен этникалық орыстар, экономикадағы тежелістің шегінде өмір сүріп жатқан олар бұрынғы совет одағын еріксіз аңсайды.
Солтүстікте болғанымен Петропавл Ресейдің емес, Қазақстанның территориясына кіреді. Солтүстікте орыстілділер көп, осының өзі «қауіп-қатерді молайтып», Кремль тарапынан «этникалық толқулар тудыратын кепке ұшырап, экспанцияға ұрынуы мүмкін», сөйтіп «екінші Украинаға» айналуы ықтимал.
Guardian мұның себебін былайша түсіндіреді: Ресейдің радикалды бағыт ұстанған саясаткерлері тұрақты түрде Қазақстанның солтүстік аймағын басып алуды сөз қылудан шаршамайды. Алайда, сарапшылардың дені аймаққа қандай да бір қауіп төніп тұрмағанын бірауыздан келісіп алғандай айтады.
Ағылшын газеті тұтас Қазақстан халқының, оның ішінде, әсіресе, солтүстік аймақтағы жұрттың ақпарат атаулыны тек Ресейден, Ресейдің телеараналары мен газет-журналдарынан алып отырғанына мән береді.
Бұл аймақ (Солтүстік Қазақстан облысын айтады. - ред) Украинаның шығысына көбірек ұқсайды. Орыстілді орта мен орыс қоғамы барлық ақпаратты Ресейден алады, «сондықтан өңірде орыс ұлтшылдығының оянуы әбден мүмкін».
Қазақ баспасөзі сан рет қақсап айтқан, жазған, өлгенше ескертіп баққан мәселенің үстінен алыстағы ағылшын газетінің тілішісі тура түсіп отыр. Байқағанымыздай, Қазақстандағы ақпараттық қауіпсіздік пен ақпараттық тұтастықтың жоқтығы бізді қойып, міне, енді Батыс қоғамын да алаңдата бастады.
Guardian орыс жастарының қазақ тілінде сөйлемейтіндігін, тіпті, сөйлегісі де келмейтіндігін аңғарыпты. Газет тілшісі Кирилл деген 26 жастағы жігітпен жолығысқан екен, ол былай депті:
- Қазақтар қазақ тілін тықпалап қанымызды қарайтып жүр. Шындығында, қазақ тілі кімге керек? Қазақ тілінде сөйлейін десең тамағыңа бір нәрсе тығылып қалған сияқты болады да тұрады. СССР-дің құлағаны қандай өкінішті? Нағыз мемлекет СССР болған ғой.
Кирилл сияқты өзге де орыс жастарын сөйлете келіп Guardian «Алайда, солтүстікқазақстандықтарға Назарбаев ұнайды. Ол кез-келген кезде тұтанып кетуі ықтимал этникалық қақтығыстарды қатаң бақылауында ұстап отыр. Петропавл қаласының орталық көшелерінде Назарбаевтың «Барлық қазақстандықтар – бір Отанның ұлы мен қызы» деген сөздері мен суреті үлкен билбордтарда тұр» деп жазады газет.
Қазақстандық биліктің орыстілінде сөйлейтіндігіне де мән берген газет: Назарбаевпен құралпас адамдарға орыс тілінде сөйлеу ыңғайлы дейді.
Кезекті рет сайлауда жеңіске жеткен Назарбаев әлі өзінің мұрагерін анықтай алған жоқ дегенді де қосып қояды Guardian. Ал, қазір оның жасы 74-те. Осының өзі болашақ туралы терең ойлануға мәжбүрлейді.
Петропавл тұрғындары Назарбаевтан кейін билікке тегеурінді ұлтшыл адам келуі мүмкін деп үрейленетін көрінеді. Бірақ, Guardian газетінің тілшісімен сұхбаттасқан еліміздің саясаттанушы сарапшылары бұлай болуы екіталай, өйткені Қазақстан қазір Ресеймен бірге Еуразиялық экономикалық одаққа мүше. Бұл одақтан шығуға талпынатын тұлғаны Кремль Қазақстандағы бірінші биліктің басына келтіре қоюы екіталай депті.
Қазақстандағы этникалық ахуал өзгеріп барады. Тәуелсіздік алған жылдары Қазақстанда қазақтар жалпы халықтың 30 пайызын құраса, қазір 70 пайыз болып отыр. Бұл жайт елдің солтүстік өңірлерінде де көрініс табуда. Путин былтыр Назарбаевты мақтай келіп, «ол тақыр жерден мемлекет жасады. Қазақтарда бұрын мемлекет болмаған» дегелі бері қазақ билігі шетелдердегі этникалық қазақтарды көшіріп алуға барын салып, қазақ хандығының 550 жылдығын тойлайтын болып құлшынып шыға келді дейді Guardian. Ал, Путиннің сөзі өте астарлы сөз. Ол «қазақта мемлекет болмаған» дей отырып, Назарбаев биліктен кеткеннен кейін жағдайдың күрт өзгеруі мүмкін екендігін меңзеді» деп жазады ағылшын газеті.
Abai.kz