Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 7033 0 пікір 7 Мамыр, 2015 сағат 12:34

АЛАБАЖАҚ САЯСАТ

"Құрысын!" десем де құрта алмай, осы алабажақ лентамен бүгінгі уақытым тағы да өтті. Алматыдағы Сулпак, Алсер дүкендер желісі ресейлік компанияға тиесілі екені белгілі. Бүкіл қызметкеріне таққызып қойыпты. Арнайы кеңсесіне барып, басшыларын шақырттым. Бір қора славян ұлтының өкілі түсті. Мен Алматы әкімдігі, ішкі саясат басқармасының хатын көрсеттім. Мыналар дес бермеді. Мөрсіз, өздеріне арналмаған хатты қыстырған да жоқ. Амалсыз, Ботагөз Зарқынқызына хабарластым. Саяхат маңына ол да келіп қалған екен. Енді Ботагөзбен бірге барып, айтысуға кірістік. Евгений деген бастығы "Біздегі қызметкерлердің бұл лентаны тағу-тақпауы - өз еркі" деп құтылды. Бірақ көк лента тағуға ешқандай құқық бермеген. Артынша, Сулпак дүкеніндегі сатушы қыз-жігіттермен сөйлестім. Сөйтсем, басшылығы осы лентаны тағып жүруді міндеттепті. "Шешуге болмайды", - деді өзіміздің қазақтың балалары ұяла төмен қарап. Олардың расында жазығы жоқ. Бүгінде басшысына қарсы келем деп, жұмыссыз қалуға тағы болмайды. 
Кешкілік автобусқа мінсем, дәл қасыма орыстың әдемі келіншегі отырды. Кеудесіне ол да алабажақ лентаны тағып алыпты. Сөмкемдегі әкімдіктің хатын көрсеттім. Бірақ бұл келіншек түк те кекірейген жоқ. - Мен "Алматытелекомда" істеймін. Бәрімізге осы лентаны тағуға міндеттеді. Мына хатты бірінші рет көріп тұрмын. Неге біздің мекемеге хабарламаған? Тіпті, көшедегі, қоғамдық көліктердегі мониторға өзіміздің көк лентаны іліп қойса, бөтен елдің дүниесінде неміз бар? Білеміз ғой. Бұл георгий лентасы реваншистік саясаттың туына айналған, - деді емен-жарқын. 
Әйтеуір бір адамның пікірлес болғанына кәдімгідей қуанып қалдым. Сосын мынандай ой кетті: Расымен-ақ, Елбасы арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмеу үшін, дұрыс саясат қолданды. Георгий лентасына тыйым салынбады, бірақ тыйылуымызды талап етті. Яғни, мемлекеттің іргесін бекіте түсуге мүмкіндік берді. Бірақ шенеуніктер айтылған сөзді қаз-қалпында ғана түсініп, батыл қимылдауға қорқақтап қалды. Бастапқы месседж белгілі еді. Ендеше, бүкіл қала әкімдіктері көк лентаны телеарналар, көшедегі билбордтар, мерзімдік басылымдар, қоғамдық көліктерде, алаңдарда батыл түрде насихаттауы тиіс еді. Қажет болса, студенттерге кең түрде флеш-мобтар жасатуы керек еді. Мемлекеттік, жекеменшік мекемелерге ұлттық символды насихаттау туралы ресми хаттар жолдануы керек еді. Еді, еді, еді... Енді кеш қалдық. Өйткені, мемлекеттік саясаттың басында отырғандардың өзі сужүрек қорқақ, жалтақ, намыссыз! Олардың құны да осы алабажақ шүберек сияқты!

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5345