Жексенбі, 24 Қараша 2024
Мәйекті 6929 0 пікір 13 Сәуір, 2015 сағат 10:08

АЛПЫС ЖЫЛ ОҚЫЛМАҒАН ХАТ

Совет Одағы келмеске кетсе де, сол жылдардағы тарихымыздың бізге беймәлім тұстары баршылық. Мәселенки, ІІ дүниежүзілік соғыстың айналасындағы ақиқат әлі ашылып, айтылып болған жоқ. Хабарсыз кеткен жауынгер, жоғалған ұшақтар, теңіздің тұңғиығында қалған кемелер – күні бүгінге дейін зерттелу үстінде.

1942 жылы Ақмолада құрылып, Харьков қаласын қорғауда хабарсыз кеткен 106-қазақ атты әскерлер дивизиясының тарихынан азды-көпті хабардармыз. Құрамына негізінен Ақмола облысынан шақырылған жауынгерлер алынған. Сол саңлақтардың арасында Дәуіт Өскенбаев та бар еді (суретте).

Ақмола облысы, Степняк қаласының тұрғыны Еркін Дәуітов (суретте) сол әкесін жиі ойлайды. Елеңдеп, жетпіс жыл бұрын аяқталған соғыстың ашылмаған құпияларын іздеп, құлағы әрдайым түрік жүреді. Өйткені, әкесі, жоғарыда аты аталған қызыл әскер Өскенбаев қан майданда хабарсыз кетті. Отан үшін опат болған оғланның жалғыз ұлымен өткен жылы кездесудің сәті түсті.

– Әкем Дәуіт 1908 жылы туған, сол уақыттағы оқыған, көзі ашық адамдардың бірі екен. Қызылжарда техникумды тәмамдап, «Чистяков» колхозының (қазіргі СҚО, Ақжар ауданы, Алқатерек ауылы) төрағасы қызметін атқарып жүргенде 1942 жылы наурыз айында Ақмоладан әскерге шақырылады. 106-қазақ атты әскерлер дивизиясының құрамына алынады. Абзал әкем майданға аттанғанда мен жасқа да толмаған екенмін. 1948 жылы келген қара қағазда қайтыс болған уақыты 1943 жылдың қазаны деп көсетілген.

Қазіргі таңда Украинаның Харьков қаласында қандасымыз Макка Қаражанова басқаратын «Бірлік» қазақ жерлестер қоғамы аталған әскери бөлімнің тарихын зерттеумен айналысып жатыр. Бұл дивизияға қатысты құжаттар соғыстан кейінгі жылдары әдейі жойылған. Харьков облысы Красноград, Кигичевка қалаларының маңындағы бауырластар зираты тегістеліп, ол жерлерге ағаш егілген.

(Суретте ең жоғарғы қатарда, солдан оңға қарай 6-шы тұрған Д.Өскенбаев. Сурет 1942 жылы Ақмолада түсірілген, 106-кавалериялық дивизияның жауынгерлері).

Д.Өскенбаевқа қатысты дерек табыла ма деген оймен Макка ханымға хабарласқан едік. Макка Сағынғалиқызы әзірге анықталған 500 жауынгердің тізімінде мұндай фамилия жоқ екендігін, бірақ, жақында дивизияның қаржылық ведомості кездейсоқ табылып, жаңа есімдер қосылып жатқанын айтты. Ведомостьтің фотокөшірмелері «Бірлік» қоғамының ресми сайтында жарияланады, сол кезде қарап көрулеріңізге болады деген еді. Мақала авторы аталған құжаттың фотокөшірмесін қарап шыққанда Өскенбаев (Ускенбаев) тегі екі жерде кездесті. Взвод командирінің көмекшісі қызметін атқарыпты. Бар дерек осы ғана.

– Анам 19 жасында жесір қалды. Тұрмысқа да шықпады. Мен жалғыз баламын үйдегі. Майданнан тек бір-ақ рет хат келіпті, – деп, сөзін жалғастырды Еркін Дәуітұлы. – Туысымыз Қосмағанбетов Қапезге жазыпты. Араб (төте жазу) қарпімен жазылғандықтан оқи алмадық. Алпыс жылдан кейін, дінге бостандық берілгенде мешітке барып, сол жердегі арабша хат танитын бір кісіге оқыттық. Хаттың мазмұны мынадай:

Амандық хат.

Құрметті, жақсы көретін, бапа, мен Дәуіттен сағынышты сәлем! Қалай, аман-сау жүрсіз бе? Үй іші тегіс аман ба? Сақып, Клара, Күлшира, Рахметолла аман ба? Тәтеме хат жазғамын, алған шығар. Үй іші аман ба? Тәтем ауру-сырқаудан аман ба? Апам аман ба? Зейке, Ғалия, Мара, Бақыт аман ба? Бекқожа, Дүйсен, Марғуаш, Қабыкен, Мажи үйлері аман ба? Ал, бапа, мені сұраған үлкен-кішіге тегіс сәлем айт. Ал менен амандық сұрасаңыз: Қамзе, Әліппен біргеміз. Тура «тойға» аттандық. Үйге әдейі хат жазғанмын Қорғаннан. Мына хатты 19 күні мамырда Свердловтан жазып отырмын. Жауды жермен-жексен етіп қайтамыз деген талаппен келеміз. Ал, бапатайым, Еркін, Кәмәш далада қалмасын. Реті келсе Зұлқизаны көшіріп алыңдар. Еркінге хат жазғам жоқ. Амандықты Зейкеге толық түсіндіріп жазармын. Сұраған жанға менен сәлем айт. Аман көрісуге жазсын! Зейке, тәтем мен апамды ренжітпе, тәтемді ая. Мені ойлап жүрмесін. Көппен, халықпен көрген «ұлы тойға» кеттім, тегіс сәлем айт. Қош бол! Жазған – Дәуіт,19 май, 1942 жыл, Свердловск қаласынан. Орныққан жерде тағы жазамын.

Оқып болып, Еркін аға біраз үнсіз отырды. Көңілі босап, көзіне жас алды.

– Алпыс жыл бойы асыл әкемнің не жазғанын біле алмай аласұрдым. Жетпіс жылдан астам сақтадым. Енді осы хатты және әкемнің майданға дейін түскен жалғыз суретін музейге табыс етпекпін. Жас ұрпақ осы хаттарды көріп, оқып, бейбіт заманның басымызға қалай орнағанын біліп жүрсін. Ел қорғаған батыр жерлестерін мақтан етсін.

Міне, бұл тек жалғыз жанұяның басында болған жағдай. Ал, мұндай отбасылар елімізде қаншама. Іздеушісі, жоқтаушысы жоқ боздақтар осы күнге дейін «хабарсыз кеткендердің» қатарында жүр. Халық арасында хабар-ошарсыз кеткендерге деген көзқарас та әртүрлі. Бәлкім, «соғыс соңғы жауынгер жерленгенге дейін жалғасады» деген сөз рас шығар.

Р.S Хаттың түпнұсқасы Көкшетау қаласындағы Кеңес Одағының Батыры, академик Мәлік Ғабдуллиннің музейінде сақтаулы.

Нұрболат ӘЛМЕНОВ,

Көкшетау қаласы.


Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1492
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3261
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5584