Жексенбі, 24 Қараша 2024
Әдебиет 6948 0 пікір 3 Сәуір, 2015 сағат 12:08

Мұрат АЛМАСБЕКҰЛЫ. ҚАН

(Жақында "Қамшы" ақпараттық порталы ұйымдастырған "Қазақ хандығына - 550 жыл" шығармашылық бәйгесінде проза бойынша бас жүлде иеленген әңгіме)

– Ирек сайдың жолында қатер көп, бұрыстау болса да, күңгейдің арқар соқпағымен тартайық.

Жүзбасы қыр желкеден қадалып тұрған жас сайлауыттың сұраулы жанарын арқасымен түйсінді. Алайда, жауап беруге асыққан жоқ. Алдыдағы қоңыр барқын таудың қойнау-қапталына түнере қарады. Себезгілеген ақ жаңбырдың бозала мұнарына бұйыға тығылған ирек сай да, көлденең көк аттыға сыр алдырмайтын сартоқым қақсалдай қымтанып жатыр.

Оң жақ кеуде тұсын тері жарғақтың сыртынан бір сипап өткен жүзбасы оқыс тіл қатты.

– Бұйрық қатты, уақыт тығыз. Жолды барынша қысқартып, Хан ордасына қалайда тез жетейік...

Шымды беткейдің сығырдаң топырағын ат тұяғымен сойдақтаған төртеу, ыра төмен жосыта жөнелді.

Жылаңқы бұлағы жорғақтай аққан ирек сайдың іші ұры қуысты, қоян бұлтақты. Қойын-қонышы қорғасын бұлттармен көпірген сай ішінде жауын саябыр болғанымен, тұман қою екен. Ат құйрығына оралып, алды-артты қаумалайды. Аспан ағыл-тегіл ақтарылып жатса да, ирек сайдың жібитін түрі жоқ. Сұрғылт тұманға сұмдығын жасырып, сырын бүгіп тұрғандай.

Шылбыр бойы аралық тастап, тар жолда бөрі бүлкекпен ғана үздік-создық келе жатқан төртеу, әлден уақытта шағын жазықайға «сопаң» етіп шыға келісті. Осыны күтіп тұрған тәрізді, бір сәтте өкпе тұстағы бітеу өзектен шымқай тұманды қақ жарып, белгісіз қара шоғыр тап берді.

Қанша сақтанып келе жатса да, қапелімде сасып қалған төртеу шоқыта шапты. Бірақ, алдағы жапырық тұмсықты айналғанша, тірсектей қуған торуылшылар екеуінің атын көздеп, омақастырып үлгірді. Аттары жығылғанымен, кереге бойы шалғынды сүзе құлаған жырынды сайлауыттар екі-үш домалай барып, шапшаң атып тұрысты. Сол мезет қайта қайырылған серіктерінің үзеңгісіне жабыса жүгірген беті тиынша қарғып, арттарына мінгесе кетті. Жай кеткен жоқ, кері бұрыла садақ кезеп, қозы жауырын жебеден үш-төртеуін едел-жедел мөңіретіп-мөңіретіп жіберген. Шырқырай ұшқан қауырсын қанат оқтар, өршеленген қуғыншылардың бірнешеуін аттан төңкергенде, арттағылары соған ұйлыға қалды. Осы орайды қалт жібермеген жүзбасы дереу тізгін іркіп, қасындағылардың бәрін аттан түсірді. Сосын, өзінің қақпан бел қызылкөгін бағанағы жас сайлауыттың алдына тосты.

– Төртеуміз бірдей екі атпен қашып құтыла алмаспыз. Сен мынаған мін де, өз атыңды жетекке алып, анау теректі жылғамен өрлей тарт. Арыдағы тік мойнақты ассаң аман кетесің. Біз мына шоқпар тасты бетке жаяу өрмелеп, аналарды шырғалай тұрайық. Егер... іздеп жатар күн туса, үшеумізді сол маңдағы тар үңгірден табарсың...

Жүзбасы тері жарғаққа қолын жүгіртіп, оң жақ қойнынан жасыл мәутіден тігілген алақандай қалташаны алып шықты.

– Мынау түменбасының Хан ордасына жазған үшбу хаты. Осыны жылдам жеткізу саған аманат!

Тік мойнақтан асып, бұта-бүргенді қойнауға сүңгіп кеткен жас сайлауыт көп өтпей ат басын тежеп алды. Алғашқы ет қызуда, аманаттың салмағымен едәуір алыстаса да, арт жағынан бір ауыр қол тартып тұрғандай жүрісі өнбей қойған. Аттарын мініп, өздерін жаяу қалдырған боздақтардың ең болмаса бетін жасырмай кететіні іші-бауырын өртеп барады.

Ол қайта оралғанда тұманы селдіреген ирек сай жым-жылас мүлгіп тұр екен. Ал, қан иісі мүңкіген үңгірде үш мүрде айқасып жатты. Үшеуінің де киімдері алқам-салқам, жаңағылар өн-бойларын тінтіп, әлдене іздеген секілді.

Жас сайлауыт үңгірдің аузын бітеп, атына қонғанда қарсы алдындағы таңбалы жартасқа үнсіз телмірген қос балбал, кірпік қақпаған күйі қала берді...

*******

Күдір жолды қиынсынбайтын «Ниссан патрол» жеңіл жүріп келеді. Тізгіндегі Жақсылықтың жанына бурыл сақалын сәнімен қойған, қызыл шырайлы Байжан қарт жайғасқан. Артқы орындықта Болыс пен Қалихан.

– Кеңес үкіметі кезінде таудың күңгей бетінен орыстар кен қазған. Екі жылдан кейін қайтып кетті. Мына жол сорабы солардан қалған. Ал теріскей беті бұлақты, қайың, терегі сыңси өскен ну, жыныс. Бұрын жайлау еді, қазір иен.

Байжан қарт өздері келе жатқан жер жағдайын қысқаша таныстырды.

Олар енді жолсыз жердің жайдақ тұстарын қуа, таудың теріскей бетіне өтті. Қалихан түйілген жұдырықтай оқшау тұрған шоқпар тасты бірден аңдады. Орқаш-орқаш қошқыл тастың жел мен жауын мүжіп, күн күйдірген шекесі шытынап тұрғандай. Оның құлағында атасының әр сөзі сайрап тұр. Айна-қатесіз, айтылған белгілер өзгермеген. Шекарадан өткелі жүрек соғысын жиілетіп, ұйқысын қашырған жайт – арғы бабасы кебінсіз жасырылған үңгірді табу болатын. Ақыры, сол тілегіне бір табан жақындаған сыңайлы. Толқыған сезім көз шарасына ыстық жас үйірген ол, Болыстан қалқалап, жүзін бұрып әкетті. Болыс – бөлесі Жақсылықтың досы екен. Жер шолып, тау-тас аралағанды жаны сүйетін жігіт, бұл сапарға қуана ілесті. Осы өңірдің көзі қарақты адамы Байжан ақсақалға ертіп апарып, ол кісінің өздерімен бірге жүруіне үлес қосқан да сол.

Міне, Қалихан қазір талай рет түсінде көрген шоқпар тастың дәл түбіне келді. Сосын, бетін шығысқа туралады, оң жағында түйенің өркешіндей екі қожыр тас жатыр. Сол жақта бітік өскен қайың мен көктерек. Шоқпар тастан төменірек ұзындығы арқан бойы, биіктігі уық бойы көк жартас тұр. Бетіне алуан таңба бейнеленген. Әсіресе, мүйізі шаңырақ бейнелі алып бұғының суреті айрықша көз тартады. Оған қарама-қарсы еңсесі биік, құрыш мүсінді қос балбал мызғымастай орын тепкен. Жартастың оң жақ астында үңгір бар. Қалихан оның барына титтей де шүбаланған жоқ. Күнде келіп жүрген адамша, қолына күрегін алып, солай беттеді.

– Құныперен қазып жатырсың ғой, әбден анықтап, толық есіңе түсіріп алмадың ба?

Күрек-саймандарды көтеріп жеткен Жақсылық сенімсіздігін жасыра алмай, жартас түбіндегі күреңсе шымды қопара бастаған Қалиханға екіұдай пішінмен қарады.

– Қойманы иә көмген алады, иә көрген алады. Мен көрген де, көмген де адам емеспін. Бірақ, көргендей болып көзімде сақталып, көмгендей болып санамда қатталған тау, тас, ағаш, сай, жылға бүгін сол қалпымен көңілімдегі картинаның орнын дөп басты. Үңгірдің осы тұста екеніне еріктен тыс бір сенім итермелеп тұрғанын да жасырмаймын. Қазып көрейік, ішкі түйсігім алдамайтын сияқты.

– Маңайда үңгір бола қоятындай басқа белгі, нұсқа білінбейді. Осы араны байқап көріңдер, – деді Байжан қарт та оны қостап.

Үш жігіт таңбалы жартастың қиыс шетін қазуға кірісті. Тау беткейінің күрек бойы топырағы жас баланың бетіндегі секпілдей майда шағыл аралас шымды, жұмсақ болғанымен, арғы қабаты керіштеу, бұта-бүргеннің айқыш-ұйқыш сіңіртек тамырлары жүгірген, жалаң күрекке қолайсыз болып шықты.

– Па, Шыңғысханның қабірін іздегендер де бұлай қиналмаған шығар, – деді самайынан аққан терді сүрте, жейдесінің өңірін желпінген Жақсылық қалжыңдай күліп.

– Алдымен Қалиханның атасын тауып алайық, Шыңғыс бабамыздың қабірін басқа емес, өзіміздің Шыңғыстаудан бірге іздейміз, – деді оған әзілдей жауап қайырған Болыс.

Түске қарай, ала шыққан айран мен таба нанды аужал қылған олар, жартастың жүйрік басына қарай кеңіте қазып жатыр еді, кенет Жақсылықтың күрегі көлемділеу жалпақ тасқа тап болды. Үшеуі жан-жақтан жеделдете күреп, тастың маңайын аршып жіберді. Бір-бірінің үстіне тірей, көлбете қалаған жалпақ тастардың арасы құмкеріш, қиыршық топырақпен бітеліп қалыпты. Беткі қабаты қабыршықтана дымыққанымен, тастардың үгітіліп түсер түрі жоқ. Қалихан біреуін еппен тартып еді, қозғалмады. Содан үшеуі жабылып, үстіңгі тасты құлатып кеп жібергенде, ар жағынан кереге көздеп айқастырған ағаштар, ағаштардың арасынан қарауытқан үңгірдің ауызы шыға келді.

– Үңгір екен, таптық ата, үңгірді таптық, – деп айқай салды Қалихан. Қолындағы күрегін бір жаққа лақтыра салған оның көзінен найзағай отындай шаттық ұшқындары жарқ-жұрқ ете қалды.

– Үй, ақырын, байқайық әлі, – деді Жақсылық өз көзіне өзі сенбей үркектеп.

– Мәссаған, басың бас емес, карта ғой сенің, расында үңгір ғой мынау, қалай тауып алдық, ә!..

Болыстың аузына басқа сөз түспей, желкесін тырналай берді.

– Еншалла, іздеген жетер мұратқа деген осы. Қуанышың ұзағынан болсын қарағым, – деген Байжан қарт та қазылған жерге жеп-жеңіл сырғып түсті.

Бұлар енді тас пен ағаштың бәрін алып, үлкендігі сырмақ бойы ауызды толық ашты. Бергі жағы ала көлеңкеленіп көрінген үңгірдің арғы түбі қараңғы. Ішінен саздауыт, борықты жердің топырағынан шығатын қышқылтым иіс танауға ұрады.

– Жә, балалар. Үңгірдің табылғаны осы. Жаратқан иемнің хикіметімен ауызды бекіткен тас пен ағаш бүлінбепті. Сүйек осында болуы тиіс, қорықпаңдар. Бұл жерде жауымен айқасып, қаза тапқан бабамыз жатыр, – деген Байжан ақсақал үңгірдің алдына тізе бүгіп, екі-үш қайталап аят оқыды.

Әлгіндей емес, бәрінің көңілі жайланып қалды, қария азық-түлік салған сөмкесінен прожектор мен арнайы әкелген үлкен ақ кездемені алғызды. Содан кейін «Біссіміллә» деп, еңкейе үңгірге кірген қарияның соңынан кібіртіктей жылжып, ана үшеуі де ілесті. Үңгірдің төбесі онша биік емес, созған қолың тиіп кетердей аласа екен. Ар жағы анық көрінбейді. Түбі біраз жерге баратын секілді. Сәл тұрып дем басқан қарт күбірлей иман айта беріп, прожекторды жағып кеп жіберді. Сан ғасыр бойы соқыр қараңғылықтың құрсауында қыстыққан тас үңгір, жаралғалы көрмеген алапат жарықтың алдында барын жайып салғаннан басқа ештеңе істей алған жоқ. Тағаны құрғақ құмдауыт, қабырғалары көк жаңқа үңгірдің түпкі жағында саудыраған адам сүйектері ағараңдай «жарқ» етті. Әр тұста қараң-құраң қару-жарақтың қалдығы да көзге шалынады. Бұны көргенде жүректері «дір» еткен Болыс пен Жақсылық шегіншектей берді. Қалихан да тіксініп қалғанымен, ол әсерден тез айықты. Кеудесінде қорқыныштан гөрі, баба рухына деген арман-аңсар тудырған өзгеше жақындық сезім ойнап сала берді...

–  О, құдіреті күшті Тәңірім! – деп таңғала үн қатқан Байжан қарт сүйектерге жақын келіп, ақ кездемені жапты да, отыра қалып, үңгірді күңіренте құран оқыды. Басқа бір әлемге тап болғандай әрқайсысы әр түрлі күй кешкен төртеу, үш ғасырға жуық уақыт бұрын осы арада болған оқиғаны өздерінше елестетіп, өлілер тұрағының ішінде үнсіз мүлгіді. Тіпті, қанға боялған серіктерін қия алмай, қайғымен «аһ» ұрған батырдың жан күйзелісін, жауына деген кекті кеудесінің арпалысты үнін естігендей болды.

– Қалихан қарағым! – деді сәлден кейін Байжан қарт, – мына жерде бір емес үш адамның сүйегі жатқанын көрдің. Қайсысы сенің бабаң екенін айыра алатын белгі не басқа дәлелің бар ма?

Шынын айтқанда, Қалихан мына жағдайдың шын-өтірігіне жіп таға алмай, ебіл-дебіл күйде отырған. Ақсақалдың сөзінен соң шұбатылып кеткен ой шумақтарын жинап, бойын түзеп ала қойды.

– Ондай белгі қайдан болсын ата. Жуырда қайтыс болған адам болса бір сәрі. Қаншама жылдардан кейін бар мен жоқтың арасында басымыз шарадай болып отырғаны мынау... Арнаулы ғылыми зерттеу арқылы анықтау керек шығар, – деді үні дірілдей шыққан ол лажсыздықтың нышаны торлаған жүзін төмен салып.

– Мә, ұста мынаны!

Жалт қараған Қалиханға Байжан қария өрнекті қынынан суырып, сар мойнақ кездігін ұсына берді.

– Ешқандай зерттеу-мерттеудің қажеті жоқ. Қолыңнан қан шығар да, мына жатқан марқұмдардың сүйегіне жағалай тамызып шық. Егер, сені қанынан жаратқан атаң осында болса, ал, сен сол бабаңның қанына қылау түспеген, болмысына дақ салмаған ұрпағы болсаң, аққан қаныңды баба сүйегі сіңіріп, бойына тартып алмағы лазым. Тамырыңнан тулап аққан тұнық қан атаңның ақ сөңке сүйегіне топыраққа тамған судай сіңуі тиіс. Бұл – қасиетіңнен айналайын, арда нәсілді ата-бабаларымыздан қалған асыл дәстүр, ақ-қараны айырудың ақиқи жосыны екен.

Қалихан буырыл сақалы қызыл сары жүзіне құп жарасқан, кең маңдайлы, келісті қарияға таңдана қарады. Сосын, ата тегін анықтайтын мұндай қанкешті амалдың болатынына әрі күмәндана, әрі қуана пышақты алды. Бетінде көгілжім сәуле құбылған кездік «қан қаумай жадырамаймын» дегендей қатал безереді. Иә, қатал... Тарихтың шындығы қандай қатал болса, оған жетудің жолы да жұмсақ бола қояр ма?! Үңгірде қалған баба туралы атадан-балаға өсиет болған, аманат ретінде жеті буын ұрпақтың мойнына жүктелген асқақ міндет, бүгін міне ақырғы нүктесіне жеткелі тұр. Ол нүктені басқалай жолмен емес, қан тамшысымен қою Қалиханның тәлейіне жазылыпты. Ал, егер қоя алмаса ше?.. Оның денесі бір ысып, бір суыды. Бойындағы алпыс екі тамырын тепкілеген қаны туралы тұңғыш рет ауыр ойға түскені осы болар. Түп төркінін тануға қабілетсіз, қаны сұйық біреу болып шықса, сүйегі саудыраған баба аруағы оны кешіре ме? Аядай үңгірде арманмен ажал құшқан атасы не үшін қан төкті? Өзін өлімге байлап, Хан ордасын үлкен қауіптен құтқарып қалған батыр баба келешек ұрпағы жасық, жәутік болады деп ойламаған шығар. Шекесі шып-шып терлеген ол баба сүйегі жаққа қарауға батына алмай, басы салбырап тұрып қалды.

–  Ал, балам, тосылма, бөгелме! – деді Байжан қария дауысы абыздай күңгірлеп.

Болыс пен Жақсылық та оған қыбыр етпей қадалып қалыпты.

 Бойын билеп алған Қалихан өзінің бұлайша болбырап тұрғанына намыстанып кетті де, жүзі қыл қауып тұрған сар мойнақпен алақанының шетін ала шертіп кеп қалды. Сосын, алқызыл моншақтай мөлт етіп, қолының сыртына жылып аққан қанды оң жақтағы адамның бас сүйегіне тамызды. Бірақ, оған қан тоқтаған жоқ. Кілегей шаң жапқан сүйектен сырғи ағып, құмдауытқа үзіліп түсті. Денесін діріл басып, түрі әлем-тапырық күйге енген бала жігіт, ебедейсіз қимылдап, екінші адамға бұрылды.  Алайда, ортадағы кісі де Қалиханның қанын қабылдай қоймады. Сүйектен тайғанай қашқан қанды табан астындағы обыр топырақ жалмап ала қойды.

Прожектордың ақшулан жарығында көлеңкелері көк жаңқа қабырғада теңселген үшеу үнсіз тынып қалған. Атқалақтаған жүрек дүрсілі жым-жырт үңгірді дүбірлеткен Қалиханның буыны босап сала берді. Үшінші адамға жабылған ақ кездемені ашар-ашпасын білмей жүрелеген күйі отыра кетті. Пышақ кескен алақаны тызылдай ашып, ауырғанын енді сезді.  Онымен қоса жүрегі де тызылдап, іші де ашып бара жатқандай. Ақиқатпен бетпе-бет келу қандай ауыр еді. Бақилық болған бабаңның орнын тапқаныңмен, оны ұрпағы болып тани алмасаң, шашылып жатқан сүйегін жинап, арулап жерлеуге  жігерің жетпесе, адал ұрпақ болғаның қайсы? Ауыз жүзінде көп айтылатын сын сағатқа шын тап келгенін ол анық аңғарды. Бабадан қалған қатал жосын оның қайғырып, қорғалап отырғанына қаратпайын деп тұр. Кеудесіне құлаған басын сілки көтерген Қалихан қолынан аққан қанның тоқтап қалғанын байқады. Өзіңнің кім екеніңді анықтайтын бұндай шешуші сәт миллион пенденің біріне ғана бұйыратын шығар. Үш ғасыр бұрынғы бабасының қураған сүйегіне қан жүгіртетін қасиетті орайдың енді мәңгі қайталанбайтынын сезген ол, ары қарайғы әрі-сәрі күйдің ақымақтық болатынын түсінді. Түсінді де қылпылдаған сар мойнақпен  алақанын екінші мәрте тіліп жіберді. Ақ кездемені ақырын ысырып, сызып аққан ыстық қанын ең соңғы – сол жақ шеттегі адамның бас сүйегіне тосты. Міне, ғаламат! Дәл маңдайға шып-шып тамған үш тамшы қан толқи тербеліп, тұрып қалды. Сосын, дір-дір кілкіген қалпы баяу жайылып, иіп сала берген бас сүйекке бұйралана сіңіп бара жатты...

Жүрегі кеудесін жарып шығардай жұлқынып кеткен Қалихан мына ғажайыпқа көзі бақшиып, қатты да қалды. Жанарынан сорғалаған мөлдір жастың қанмен бірге бас сүйекті жуып жатқанын да аңдаған жоқ. Дуаланып қалған міскіндей денесі сіресіп, бойынан жан кетіп, есеңгіреп біраз отырды. Ақыры, осының бәрі шын болғанына енді көзі жеткендей, қан-қан алақанымен бас сүйекті аялай сипап, «таптым, менің атам екен, атамның бас сүйегі екен, таптым, таныды мені» деп, күбірлей берді, аздан кейін бас сүйекті құшағына қысып алғанын да білмей қалды...

 Болыс пен Жақсылықтың таңданысында шек болған жоқ. Оларға тіпті, Қалихан басқа ғаламшардан келген тылсым жан иесіндей көрінді. Әуелі десеңіз, қорқақтау Жақсылық үңгірдің аузына әлденеше рет жалтақтай қарап та қойды. Көміліп қалған үңгір, тумысында бұл өңірді көрмеген Қалиханның оны салған жерден тауып алуы, саудыраған құрал-жарақ, ақ сөңке адам сүйегіне қан тамызу... О, құдірет! Суша төгілген адам қаны жүз жылдықтар бойы талай рулы ел, ұлысты жұрт, ошақты отбасыны тоздырып, өткен дәуірдің өрнекті беттерін өшіру үшін аққан еді ғой. Қолы қанға малынған небір жауыздар бюаз ананың, бейкүнә сәбидің, қыршын баһадүрдің обал-күнәсін мойнына жүктемеп пе еді. Ал, мына қан керісінше, үзілген ғасырлардың арасын жалғауға, ата тегін, баба дерегін тауып, бағзы заманның бедерін тануға тамшылап жатыр. Қолы қанға малынған анау бала, мойнына күнә емес, асыл арман, абыройлы міндет, аяулы үміт жүктеп келіп тұр...

– Жә, балам! Сүйекті орнына қой, – деді өзі де терең ойға шомып кеткен Байжан қарт, – ғасырлардың қараңғы түкпірінде қалған бабаңды тап-таза қаныңмен тапқан сенің де, жауының қолынан қапыда мерт болса да, артына өзіңдей асыл қанды ұрпақ қалдырған бабамыздың да арманы жоқ екен. Біз осындай тазалығымыз бен тектілігімізден тамыр үзбесек, тарихтың қатпарынан талай жоғымызды табамыз. «Өшкен жанып, өлген тірілген» деген осы болар. Енді марқұмдардың сүйегін қайда жерлейміз, соны ойластырайық...

Бір тынысы ашылып, кеудесіндегі шері ағытылған ирек сайдың да күні күлімдеп, бұлағы сыңғырлай бұралады. Еркелей соққан ойнақы самал, тал-терктердің жапырағын аймалап, шоқпар тастың да маңдайын өбіп өтті.

Ал, үңгір сыртындағы қос балбал, сол баяғы тілсіз қалыпынан танар емес. Қарсы алдындағы таңбалы жартастан көз алмайды. Соның мәңгі жұмбақ құпиясын оқып отырғандай ұзақ-ұзақ тесіле қараған күйі қала берді...

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5572