АРАБ ӘЛЕМІНДЕ НЕ БОЛЫП ЖАТЫР?
Біздің елімізде әртүрлі сайлауларды, соның ішінде президенттігі болсын, парламенттігі болсын – кезектен тыс өткізіп, ала шапқын болудан басқа проблема жоқ сияқты. Қазіргі көктем осымен ырың-жырың болып басталды. Ал өзімізге таяу мұсылман елдерінде ҚЫП-ҚЫЗЫЛ соғыс өрті тұтанып жатыр. Қып-қызыл жалынның көршілеріне де тиіп кетуі мүмкін екенін біздер онша-мұнша ойлай бермейміз, өйткені, бізге сайлау қымбат.
ӘЛҚИССА: Қара туын қайқайта желбіретіп, ауған асқан бойы... тәжік пен өзбек елінің шекарасы маңында «жантайып жатып» алды деген ИСЛАМ МЕМЛЕКЕТІ атты террористік ұйым мүшелерінің қазақ еліне қарай «ақырын-ақырын анық басып» (АБАЙ) келе жатқаны жасырын емес. Осынау лаңкестік топтың таяу жылдарға жасалған жоспарларының ішінде біздің солтүстік облыстарымыздың аттары аталғаны, шыны керек, ешқайсымызды бей-жай қалдырмаса керек. Ал негізі үстіміздегі ғасырымызды ақпараттар ғасыры деп күмпілдеткенімізбен, дәл қазіргі таңда біздің ақпараттар кеңістігіміз әлемдік ақпараттарды «өз тұтынушыларына» нақты шындық күйінде жеткізіп бере алмай отыр, өйткені, біздің ақпараттық кеңістігіміз ресейлік ақпараттармен тыныстап, ресейлік ақпараттардың ауасын жұтып жатыр. Ал ол ақпараттардың кімнің мүддесі үшін жұмыс істейтіні көзі ашық көпшілігімізге түсінікті болса керек. Бүгінгі күнгі мұсылман елдеріндегі қым-қуыт қарама-қайшылықтар, «саяси сандырақ» әңгімелер біздің, қазақстандық оқырмандарымыз мен тыңдармандарымызға, көрермендерімізге нақты шындық күйінде жеткізіліп жатқан жоқ. Әрі-беріден кейін мұсылман едеріндегі бауырларымыздың барлығын жүз пайыз болмаса да, тоқсан пайыз террористер етіп мәлімдеме жасап жатқандарға да жарытымды жауап қайтарып жатқан жоқпыз. Біздің қазіргі тірлігіміз – «сен тимесең, мен тимен – бадырақ көз» деген саясат. Өйткені, біз «өгізге туған күннің бұзауға да туатынын» мүлде ұмыттық. Мұнайы көп мұсылман елдерін өзара қырқыстырып қойып, қызығына сырттан қарап отыруды әдетке айналдырған АҚШ сияқты алпауыттар алдағы уақытта МҰНАЙЫ көп бізге де «біржақты саясатпен мысықтабандап» келіп, Орталық Азияның ойранын шығаруға ұмтылыс жасауы әбден мүмкін – Таяу Шығыс, Ауғанстан, Ирак, қазіргі Араб елдеріндегі сияқты.
ХОШ дейік, сонымен Араб елдерінде не болып жатыр өзі дегенге келетін болсақ, Араб елдерінің тағы да астаң-кестеңі шығып жатыр. Бірнеше күн болды. Жалпы, мұсылман дінін ұстанған елдер арасында қандай да болсын, ішкі-сыртқы текетірестердің әр-әр жерде бұрқ-бұрқ етіп қалып жатқан «азын-аулақ кішкентай» соғыстарының (соғыс атаулының үлкен-кішісі болса, әрине) жүре-бара кәдімгідей-ақ үп-үлкен жалжалдарға ұласып кетіп жатуы көпшілігімізді қатты ойландыруға тиіс. Таяу Шығыстағы өмірі бітіп болмайтын «дау-жанжал дерті» соңғы жылдары мүлде асқынып бара жатыр. Бұл да бәрімізді ойландырады, әрине. Қатты ойландырады. Енді, міне, күні кеше ғана көпшілігіміз ПІР тұтіп жүрген Сауд Арабиясы Йеменге қарсы «арсың-гүрсің» әуе шабуылын бастап жіберді. Оған оның одақтастары қосылды. Осы жанжалдың бір қызығы әрі онша-мұнша түсініксізі – саудтықтардың осы жанжалды бастау мәселесіне байланысты АҚШ-тан рұқсат сұрағаны. Сауд Арабиясы неге АҚШ-тан рұқсат сұрайды? Түсініксіз. АҚШ, әлбетте, мұсылман елдерінің өзара қырқысына қуана-қуана «қол көтеріп» отырғанменен, дәл осы мәселеге келгенде бейтараптық танытты. Өзге елдердің ішкі шаруасына араласпайтынын ресми түрде мәлімдеп те тастады. Сонда дейміз-ау, Сауд Арабиясы мен оның одақтастарының көршілес елге жасап отырған интервенциясы НЕГЕ, ҚАНДАЙ мәселеге байланысты бұрқ ете қалды? Бұл интервенцияның соңы немен аяқталуы мүмкін?
Міне, әзірге көпшілігіміздің жауап таппай отырған сұрақтарымыздың бірі мен бірегейі осы. Сондықтан осы сұрақтарға жауап іздеп көрейік.
Наурыздың жиырма бесінен жиырма алтысына қараған түні Сауд Арабиясының әскери ұшақтары Йемен елінің астанасы мен оған таяу маңдағы елді мекендерге шашырай орналасқан шииттік хоуситтердің әскери бөлімшелерін бомбалауды бастап кеп жіберді. Бұл шииттік хоуситтер Йемен президенті Абд Раббу Мансур Хадиге жан-тәнімен берілген әскер күштері-тұғын. Елде бұрқ ете қалған азамат соғысына, әлбетте, Сауд Арабиясы мен оның одақтастары сияқты сыртқы күштер араласты. Бұл сыртқы күштердің «сыртында», жасырып-жабары жоқ, шын мәнісінде Америка Құрама Штаттары тұр. Иран Ислам мемлекеті қолдау көрсетіп отырған Йеменнің хоуситтері өздеріне бас салған әуе күштерінен қалай қорғанады – бұл әзірге белгісіз. Дәл осы жанжал барысында Таяу Шығыстағы мұнай бағасы күрт көтеріліп кетті. Мұндай "сәтті кезеңді" сәтті пайдаланып қалғысы келді ме, кім білсін, апақ-сапақ арасында өз рубльдерінің қымбаттайтынын Ресейдің Экономика министрлігі де едел-жедел мәлімдеп үлгерді. Егер ұмыта қоймаған болсақ, күні кеше ғана Йемен президенті ХАДИдің «шаруасы» бітті деп хабарланып жатқан еді. Бүкіләлемдік ақпарат агенттіктерінде. Асығыстық болған екен – «АНСАР АЛЛА» тобына жататын хоуситтер елдің оңтүстік астанасы саналатын АДЕН қаласына басып кірді. Ал бұл қала, есімізге түсіре кететін болсақ, ел президенті Абд Раббу Мансур Хади мырзаның туған қаласы. Кейбір ақпараттар президент ХАДИ Йемен астанасын тастап шыққаннан кейін өзінің дәл осы туған қаласына келіп жасырынды деп те таралып жатты. Мұның шындыққа жанаспайтыны көп өтпей-ақ белгілі болып қалса да, елдің қорғаныс министрінің «қарсыластар» қолына тұтқын болып түскені туралы ақпарат шындыққа біртабан жақындау еді. Ал ХАДИдің кеңесшілері ел президентінің ешқайда да қашып кетпегенін, оның ел астанасында қорғаныс мәселелерімен айналысып жатқанын ресми түрде мәлімдеді. Есімізге түсіре кететін болсақ, АДЕН қаласы үшін қанды қырғындар басталардан бірнеше күн бұрын президент ХАДИ қауіпсіздік кеңесі мен Араб елдері Лигасына, сондай-ақ Парсы шығанағындағы Араб елдері ынтымақтастық Кеңесіне өздеріне көмек берулерін өтініп, жеделхат жолдаған болатын. Әлбетте, Йеменнің араб көршілері ХАДИдің өтінішін дереу қабылдады. Оны АҚШ (?) пен Ұлыбритания да қолдай кетті. Осы екіаралықта саудтықтар мен олардың одақтастарына тиесілі әскери ұшақтар Йемен астанасы САНЕ қаласы мен соған жақын маңдағы әскери объектілерді әуе шабуылының астына алып үлгерді. Нақты емес мәліметтерге қарағанда, осынау бір ғана әуе шабуылы кезінде жиырмаға тарта бейбіт тұрғын мен бірнеше хоуситтік командирлер қаза тапқан көрінеді. Әлбетте, бұл дерек нақты емес, өйткені, өлім-жітім барысы бұдан әлдеқайда көп болуы да әбден мүмкін. Осы жерде жауабы жоқ болып тұрған сұрақ мынау болмақ: Иеменнің ішкі мәселесіне ресми ЭР-РИЯД неге араласты?
Әзірге белгісіз. Әзірге бұл сұраққа ресми ЭР-РИЯД та, аяқ астынан «жанымен қайғы» болып кеткен ЙЕМЕН президенті ХАДИ де нақты жауап қайтарған жоқ. Ал біз алдағы күндері осынау сұраққа жауап іздеп көретін боламыз.
Марат МАДАЛИМОВ.
Abai.kz