Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 18378 1 пікір 10 Наурыз, 2015 сағат 11:27

Толқын ҚАБЫЛША. ЖЕР МЕН КӨКТІҢ АРАСЫНДА СЕЗІМ ЖҮР...

Толқын Қабылша – «Шабыт» халықаралық шығармашылық фестивалінің жүлдегері. «Жаныммен жалғыз кешкем мұң» жыр жинағының авторы. 
Өлеңдері «Өркениет» баспасынан шыққан «Алаштың жас тұлпары»
атты республикалық ақындар антологиясына енген. Республикалық «Қазақ әдебиеті», «Жалын», «Үркер» басылымдарында жиі жарық көріп тұрады. Республикалық, облыстық жыр мүшайраларының жүлдегері. Бірнеше өлеңдеріне белгілі сазгерлер Сәбит Қорабаев, Индира Елубаевалар ән жазып, «Күз кеуде», «Жадымда», «Ғажайып күндер» атты әндері тыңдарман қауымның сұранысына ие болып жүр. Бүгінгі күні, жырлары қазақ радиосының лирикалық сағаттарынан оқылып тұрады. «tolkyn.com» авторлық сайтының иесі.

ТАҢСӘРІ

Таңғы шықтар.

Тамаша сәт. Таңсәрі...

Арай таңның ашылған тұс аңсары.

Ақша бұлттың айқара ашып құшағын...

Жыр оқыдың,

жаның соны аңсады.

Тылсым өлең.

тамсандырып тұманы.

Тау суындай мөлдір жаны жылады.

Жыр оқыдың,

табиғат тұр ынтызар.

Тамшы жырдан тарқайтындай құмары.

Көктөбенің күн сүйгендей көк белін.

Жыр оқыдың,

күлім қақты көктемім.

Көкорайға күн шуағы ойысты,

Кезіктіріп қуанышты көп керім.

Жыр оқыдың,

күн керілді қуанып.

Күн керілсе, жаз келері бұл анық.

Көп күткендей, айшуақты мезгілді

Қарағай тұр кәрі жүзі қуарып.

Керімсал жыр,

көркем үнмен үндесіп.

Көкжиектен бара жатты мұң көшіп.

Бәрін қойшы, мен бақытқа кенелдім,

Қапияда шын ақынмен тілдесіп.

ІЗДЕЙМІН НЕГЕ МЕН СЕНІ?

Сермелген сайын 
уакыттың сенсіз семсері.
 
Сарнайды көңіл, басады бір мұң еңсені
 
Сұп-суық күннен, селт етпес сонау қаладан,
 
Іздеймін неге мен сені?
 

Қол бұлғап көктем, 
жаз болып айлар жылыстап,
 
Қоштасып күзбен, қырауға тұнды күміс бақ.
 
Қаңтарын күткен қаперсіз мына көшелер,
 
Шашады қарды уыстап.
 

Сұп-суық көше, 
Келемін сенсіз тыныстап,
 
Сезімсіз, сенсіз халім бар қыспен ұғыспақ.
 
Құлатпай келем - тым асқақ мендік арманмен,
 
Сағыныш туын тік ұстап,
 

Сап-сары күзде 
жоғалтсам-дағы мен сені,
 
Жадымда жүрген елесің неткен еңселі?
 
Жыр жанарына мөлтілдеп тұнған ғұмырдың,
 
Сенбісің әлде өлшемі?
 

Сағынып келем, 
сағына берем мен сені.
 
Сүю дегеннің болмайды ау мекен, мөлшері.
 
Жеті қат жер мен аспанның кезген арасын.
 
Өлең деп ұғам мен сені.

 

СОЛ СЕЗІМНІҢ ЖҮРЕКТЕ ЕДІ АҢСАРЫ

Көктем де емес, жаз да емес,
Ұқпадым,
Жаңбыр жауды, жаумаған-ды көптен бір...
Ірки алмай, жанарымның шықтарын,
Көк бұлттарға қарай бердім көк сеңгір.

Жаңбыр жауды,
Бір сағыныш жеткендей,
Тамшысында діріл қағып сан үміт,
Сол тамшылар өн бойымнан өткендей,
Мөлдіреген мұңға тұрдым малынып...

Жауып жатыр,
ауғандай бар құштары,
Тауды сүйіп, тасты құшып, тынымсыз.
Сағыныштан қалғым келмей тысқары,
Су астында тұра бердім мен үнсіз...

Қолшатыр ма?
Керегі жоқ, сенсеңіз,
Тәнім емес, жаным еді жаураған.
Көздерім бе?
сағыныш қой көрсеңіз,
Көк аспаннан жаңбыр болып жаумаған.
Көк аспаннан
жаңбыр болып жаумаған,
Сол сезімнің жүректе еді аңсары.
Жаңбырдағы іңкәрліктен аумаған,
Тәтті елесті,
Келе берді тамсағым.

 

ТӘТТІ ТҮС

Жанарымнан жалын емес, мұң көрдің.
Арасында жүрген едім гүлдердің.
Таңғы шық боп тамшылаған шоқ гүлге 
Тұнық мұңлы сыр жасырып үлгердім.


Түн қойнында ендің сосын түсіме.
Түс тылсымын алдың ба екен түсіне.
Жақын келіп, тіл қатып ең, жоғалдым
Ұқсағым кеп кісікиік кісіге.


Жалт еткендей жанарыңнан жыр киік
Үнсіздікке еніп кеттім тұңғиық..
Ұмсындың сен, үнсіз қалды ұлы үміт,
Қол созды да, кеңістікке тым биік.


Қарашыққа қадалған сәт қас-қағым
Құстай шолып, арманымның аспанын.
Күрсіндің де, ғайып болдың ғарышқа. 
Бақытына айналдым мен басқаның.


Қиялымда қалды сол бір шақ тұнып.
Көріндің бе, сыйлағың кеп тәтті үміт.
Көзімді ашсам, түсім екен, қия алмай.
Сағынышым бара жатты асқынып. 

ҚЫРАННЫҢ МҰҢЫН АҢСАДЫМ...

Қанатын қағып жыр құстың... 
Самғауды қайта аңсадым ба екен,
 
мұң құштым.
Санамда қалған сағынышымнан жасқандым
,
Тартқандай тағдыр тұңғыш сын.


Ғұмыр кешсем де жырақ тым.
Алаңсыз шолар асқарын мендік мұраттың.
 
Қиялым бар-тын,
Оны да құзға құлаттым.
Қасқайып тұрып, көкжиектерден күрсінген
 
Қыранның мұңын ұнаттым.


Көгімде арман қанша мың.
Санамнан сызып, 
сан түрлі ойдың сарсаңын,

Аласармауды аңсадым.
Ақ сауыр бұлттан ақ жауын болып себелеп,
 
Қандырсам таңның аңсарын.


Өлең боп сосын.
Өмірдің өзін жырласам.
Мойын берместен мұңға сан.
 
Ынтызар болған екеудің жанын жылытып,
 
Ұйқысын үнсіз ұрласам.


Жақұт боп жерге төгілген.
Самала шашсам,

жұлдыздай жарық көгімнен. 
Осынау арман аялар болса, бір сәтке
 
Көбесі мұңның сөгілген.


Қыран да емен...
 
Қиясын шолар аспанның,
 
Жұлдыз болар ем, 
ағып түсуден жасқандым.

 Өлең боп қана, кіршіксіз ғұмыр кешейін, 

Жібітіп жанын, жібітіп жанын тастардың.

ӨМІР, СЕНІҢ ӘР СӘТІҢЕ СҮЙЕНЕМ

Іңкәрлікке толы мына кеудені,
Жабырқатпас,
енді келіп бөтен үн.
Ең бақытты әйел менмін жердегі,
Анау ғарыш - менің самғар мекенім.

Енді мені жылата алмас ешкім де.
Күмбір толы көңілімнің күйі ерен.
Бар қадірін  
ұғындырған кеш мүлде.
Өмір, сенің әр сәтіңе сүйенем.

Сүйемін мен,
Мұқата алмас өзге ешкім.
Жігерімді, өмір, сенсің жаныған.
Қанша арманмен қапияда кездестім,
Келбетімнен кісілікті таныған.

Көз жасымен келген кім бар мәреге?
Жеңіс менің өмірімнің әр күні.
Жұбатуға асықпасын және де ел.
Жасып қалсам,
ол да жазмыш жарлығы.

Өлең болмыс,
өзгешелеу жаным нұр.
Бақыттының нақ өзіндей қалыбым,
Самғап жүрмін,
сан қиынды ұмытып,
Бойымдағы қандай қуат,  Тәңірім?

 

ЗАМАННЫҢ МҰҢЫ - БАР МҰҢЫМ

Жалаңаш қоғам келбетін,
Жасыра алмас шымылдық.
Жетім мұң кезсе жер бетін,
Жезөкшелері мұрындық.

Жартыкеш байдың бір күні,
Жалғанды телір жұмаққа.
Жарлының жарым тірлігі,
Жанпида үні құлақта.

Жесірі желпіп етегін,
Желменен желкен ашылып.
Жан емес тәнде жетегім,
Жарымес нәпсі бас ұрып.

Жаутаңдап көзі мұңлықтар,
Жетімек тағдыр құн сұрар.
Жасыра алмас шындыққа,
Жалғыздық дейтін сыншы бар.

Жазмыш па осы, жарық күн?!
Заманның мұңы - бар мұңым.
Жансауға сұрап жалықтым,
Жаһандануда тағдырым.

Жырақта, желдің өтінде,
Жаратқанына сиынып.
Жаяды үнсіз саусағын,
Жансебіл болған бір үміт.
Жансебіл болған бір үміт...

 

ТҮЙСІКТЕГІ САҒЫНЫШ

 Жолықтың маған

Ғарыштан күнім, аспаннан,

Жанардан, бәлкім,  жас тамған.

Кіршікісіз үміт кірпіктерімде дірілдеп,

Жердегі мұңнан, мендегі сырдан жасқанғам.

Жасқанғам солай,

рухынан тылсым жаныңның.

Жабыққан мендік әлемнен қалай табылдың?

Бақ пенен сорды құшақтап жүріп, күткен ем,

Арасын кезіп сағымның...

Сағындым қанша, сағындым...

Түйсігімдегі сағыныш болып кезіктің,

Санамнан мөлдір ықпалын қуып сезіктің.

Жеті қат жер мен ғаламат мынау аспанның,

Елшісі сенсің, тез ұқтым.

Тағдырға тосын төзіп мың.

 

Елегіздім бе,

Үніңді сосын естідім.

Құстар қайтатын қарбалас сәтте кешқұрым.

Қол созым бақтың тани алмаған кескінін,

Бейбақты мендей кеш, күнім!

Болмайсың, білем ешкімім!

 

ТАҢҒЫ СЫР

Тербетіп тәтті ой-арман.
Нұрына таңның тамсанып бүгін оянғам. 
Тамылжып тұрып, тәнті  еткен таңның шапағы, 
Тәңірлік тылсым түстерге екен боялған.


Боялған десем, таңғалма...
Қылқалам болып Тәңір тұр сонау заңғарда..
Келбетін күннің көкжиегіңе көшіріп..
Ұсынған үміт таңдарға...


Таңғалма, жаным,
Осынау сырға ғажайып.
Мейірім біткен бара жатқанда азайып.
Жанарға тұнған жылулығымен Тәңірдің,
Ғұмырлық өлең жазайық.


Жасқанба, көңіл!
Жаныңның нұрын жасырып.
Таныта көрме асылық.
Адамның бәрін ақ ниетіңмен сүй дейтін.
Аллаға жүрші бас ұрып.


Ғұмыр есімді...
ғаламат мынау түндіктен.
Сығалап тұр ғой, сәулесін шашып нұр біткен.
Азан үнімен Тәңірдің салған тәтті әнін
,
Тағатсыздана түн күткен...


Ұсынатындай таң көрік.
Тәңірдің нұры
Тамылжи түссін ән болып.
Жаратқан ием жарылқап жатыр жер жүзін
 
Жақсылықтарға жан беріп.

ӨКПЕЛЕЙ ДЕ АЛМАСПЫН

Көктем едің,
Қол созған өзге бақтан.
Хош деріңді мен емес, сезген ақ таң,
Бұл күндері тым жалған жымиысым,
Кермек жас та ащы емес, көзден аққан.

Хош дегізген

 көктемнің кемесіне, 

Еркелей де алмаппын елесіңе,
Сен сүймеген ерінді өлең сүйді,
Салмасын  деп сары  күз сені  есіме.

Хош  дегізген,
көктемнің үмітіне,
Жапырақ жыр жанымнан үгітіле,
Жылы жазды аңсаған арманыңмен,
Ер дейтіндей қоңыр қаз үгітіне.

Қоңыр күзде,
Сен сыймас құшағыммен,
Қанат байлап, қай жаққа ұшамын мен?
Сен тұрғызған қамалды беттей алмас,
Сағынышты сан мәрте тұсадым мен.

Хош дегізген,
Тым салқын сөздеріңмен,
Сен бақытты тапқансың өзге гүлден,
Кінәлауға хақым жоқ, ғұмырымда
 
Өкпелей де алмаcпын, өзгемін мен.

 

ЖЕР МЕН КӨК

Жер мен көктің арасында сезім жүр,

Қозғаушысы хақ Тәңір.

Сәулесінен сығалайды төзім- нұр,

Төзім болса,

Шығады екен тасқа гүл.

Жер мен көктің арасында өлең жүр.

Өрнек іздеп аспаннан.

Айдынында сол аспанның кемем жүр

Ғарыш кемем...

Енді мен де жасқанбан!

Жер мен көктің арасында арман бар.

Нұрға малған қанатын.

Сол қанатқа мендік арман жалғанған,

Біздер құсқа айналғанда,

Артымызда аңыз болып қалатын.

Қорқынышсыз енді маған қара түн.

Құс жолым бар,

Сағынғанда баратын.

Әуенім бар, көк аспанда салатын..

Өлеңім бар.

Өрнек салған өмірден,

Менің алып қанатым.

 

ЖҮРЕКТЕ ЖАТЫР БАР КІНӘМ

Шағала құстай, теңізді аңсап, шарқ ұрам. 
Сағыныш емес,
Жанымды өрті шарпыған.,
Өкініш емес, өрт болып бойда өрілген,
Өлеңді сүйген жүректе жатыр бар кінәм.


Өлең боп соққан,
Жүректе ғана бар кінәм...
Бір бүтін емес, болмыста жүдеп жарты мән,
Жырақтан сүйіп, жанымды құшып сезім жүр,
 
Жауқазындайын исінен өмір аңқыған.


Өлең боп соққан,
Жүректе толқып бар шемен,
Өзеурей сүйіп, күтемін нені таң сенен?
Өзімді-өзім жазғырып, бірде жұбатып,
Көкейде жүрген көз жұмды ойлар, қанша ерен.


Өзімді-өзім жазғырып, сонсоң, жұбатып,
 
Өзімнен жеріп, өзгені ессіз ұнатып,
 
Өксиді жүрек, мысқылдай күліп, уақыт тұр,
 
Өлермендерді өз биігінен құлатып.


Өн бойымдағы өмірге ғашық сан үміт,
Өгей сезімнен, өгей мұңдардан жалығып,
 
Алдамшы күндер бола алмай жанға тағы құт,
Өлеңді ғана, жан-тәнімменен сағынып,


Күн кешіп келем,
 
Қуантар ма еді, сол өлең,
 
Өмірдей ыстық өз жүрегімнен табылып...

БАҚ ЕМЕС

Бақ емес,

сор татқанмын, татып келем.

Содан болар,

жазбағам бақытты өлең.

Жоғалтып ап,

Тәңірдің тылсым нұрын

Жанарымды жуамын жахұтпенен.

 

Тасқа тамып,

жанымның тамшылары

Тасты құшып,

жахұт жас жаншылады.

Тасты сүйіп,

солығын басып-жатқан.

Буйырмапты маған сол тамшы бағы.

Ғайып болып,

жүзінен жан шуағы

Бір жауқазын жаңбырға малшынады.

Өлмесін деп сол гүлді  иіскеуменен,

Жүрек құрғыр сыздайды,

шаншып әлі.

Көздерімде сол гүлдің тамшылары.

Көздерімде сол гүлдің тамшылары.

 

ТӘТТІ МҰҢ

Сағынғанымды сездіре алмадым, 
Арлымын.
Салқындық құшқан, санамда жатқан бар мұңым.
Сыбырлай сүйіп, сағынса алып-ұшатын,
Сезімнен жырақ, бақытты-ау осы тағдырым.

 

Сезімнен жырақ,
Бақытты-ау осы күндерім..
Селт етпей, сүймей, аптықпай өмір сүргенім.
Ақын атаулы осынау асқақ қалпында,
Елемей өткен дүниенің ессіз дүрмегін.

 

Тәрк етіп мұңды,
сезімді, сырды барлығын.

Күн кешсем, сүймей,
жүзімде толқып жан нұрым.

Естімей, сезбей, жүректің тылсым жарлығын,

(Өзгерер болсам)

не дейсің, жұмбақ тағдырым?

Тәнімде толқып,

жаныммен егіз жыр керім,
Тәп-тәтті мұңды талықси құшам түнде мың,
Сұп-суық қалпы, қоштаспақ болам, алайда,
 
Нәп-нәзік сезім,

еркімді билеп жүр менің...

ЖЫРЛА, ЖҮРЕК!

Жырла, жүрек! 
Әз жаным жабықпасын.
 
Жабықпасын, жалғаннан жалықпасын.
 
Көңіл шіркін көкке ұшып қалықтасын.
 
Қамықпасын, ұмтылсын жарыққа шын.


Жырла, жүрек,
 
Қайтадан алып-ұшып.
 
Құрғыр көңіл бассыншы сағынышын.
 
Қар суындай тасып бір төгілсін жыр,
Кәусарынан қалайын қанып ішіп.

 

Жырла, жүрек! 
Жанымды жылыт менің..
 
Жазбай тапшы дертімнің уытты емін.
 
Жаза бассам, жазғырып, ұмыт дедің.
 
Сен жерісең, қалардай суып демім.


Жүректерге
 
жып-жылы нұр құйылсын.
 
Келші, шабыт, тереңге сүңгиін шын.
 
Құлаш ұрып, жетейін алғы күнге
 
Жанымда бол жайдары жыр-сүйіншім!
 
Жырла,  жүрек!

ГҮЛДЕРІМДІ ЖҰБАТШЫ

Сынық гүлге сыр айтасың жасырып,

Жыр жазасың, жапырағын аялап.

Тәңір төккен тамшыларға бас ұрып,

Тылсымыңда түрленеді сая бақ.

Армандары аспанменен астаскан,

Сенің жаның - сансыз гүлдің әлемі.

Күлтелері көбелекпен достасқан.

Сол гүлдердей жаның неткен әдемі!

Сыйланбай-ақ, тыныстасын кеудеңде,

Бағбанынсыз, ол гүлдерге қонар мұң.

Сен ұсынбас жауқазындай шерменде

Гүлзарлардың көлеңкесі боп алдым.

Тым болмаса иіскейін жұпарын.

Жүрегіңмен сол гүлдерді бапташы.

Мына ауаны өзің бар деп жұтамын.

Ғұмыр гүлін ажалынан сақташы.

 

Жапырағы мейірімге шөлдеген.

Қауызында арман қалған тым нәзік.

Сол гүл барда мен тірімін, өлмегем.

Гүлдерімді жұбата бер, жыр жазып.

ЖАҢБЫРДАҒЫ САҒЫНЫШ

Жаңбыр жауса, сезесің бе,

жып-жылы

Жұпарынан сендік иіс аңқиды.

Жаңбырдағы сағынышқа үздігіп,

Жазықсыз дем,

Жанымды көп шарпиды.

Жанарымды жуып жатса,

тамшылар.

Жатырқамай, өзің сынды, құшамын.

Жаңбырдағы сағынышқа

Малшынар,

Су-су  болып, діріл енбес құшағым.

Ерініммен жаңбыр дәмін

тамсаймын.

Елжіресем, ернің келіп өбердей.

Жауыныңды ақ бұлт болып, аңсаймын.

Ғанибетін аспан сенсіз төгердей.

Жаңбыр жауса,

Сағынышқа малшынам..

Жалт-жұлт еткен,

Жанарымда тәтті үміт.

Жүрегімді сансыз мұңнан аршыған.

Келбетіңде

жатыр қандай бақ тұнып ?

САҒЫНЫШ БОП, ҚАЙТАДАН ОРАЛ МАҒАН!

Жадыңда ма,
Жалт етіп қарағаным?!
Қарағаным, таусылып бар амалым.
Жанарымнан жарқылы ғайып болған,
Жүрегімде сол бейнең, санада мұң.


Санада мұң, сарғайған дала да мұң,
Сен келмейтін сол өгей қаладамын.
Сенсіз күлген сәттен де, сарқылатын,
Сағыныштың тұқылы, жан азабым.


Жалғаннан да жалықтым,
Жалынсызбын.
Жалынсызбын, өткеннің бәрін сыздым.
Сенсіз өлең өксиді өзегімде,
Сенесің бе, мен сенсіз дарынсызбын.


Бақ құсындай басыма қона алмаған.
Базарлы шақ секілді мені алдаған.
Базыналы күндердің өтеуі боп,
Сағыныш боп, қайтадан орал маған.
Сағыныш боп,
Қайтадан орал маған!

КЕЛЕМІН КЕЗІП ЖЕР БЕТІН

Келемін кезіп жер бетін…
Сағымдай арбап,
Қол бұлғап сенің келбетің.
Мұнартып тұрған тұманға көзсіз ұмтылам
Пендедей бейбақ, ең жетім.
Қалтарыстарда көлеңке болып тоңған жан,
Күншуағына кенде тым.


Сезсе деп жалғыз бір Адам.
Торыққан
сәтте,
Таңнан да медет
сұрағам.
Тағатсыз
түнде сырымды Айға сыбырлап,
Бейнеңді
мұңнан құрағам.
Тұп-тұнык
көздің ішіне сосын жасырып,
Аршып
алғанмын күнәдан .


Жаңбырдай тырс-тырс жылаған
.
Жүректі
талай,
баянсыз
баққа бұлағам.
Кеудеме
басып, қол жетпес қиял елесті,
Ып-
ыстық жасқа шылағам..
Қарашықтағы
мөп-мөлдір тамшы өзіңсің,
Көзімнен сырғып құлаган.

 

САҒЫНЫШЫМНЫҢ ЖОҚ ШЕГІ

Жүректен сезім, 
санамнан өзің кеткелі,
Сұп-суық ойлар құшатын болды тек мені.
Өн-бойымдағы өлшеусіз мұңмен алыстым,

Өзіңсіз бақыт жоқ па еді?

Ақшаңқан аспан,
Керімсал Күн де көктегі.
Түнерген бұлттар, олар да маған өкпелі. 
Биылғы
көктем, төксе де қанша шуағын, 
Қуанта алған
жоқ мені...

Жалыным ғайып,
Мегзейсің маған от нені?
Сүймеген
күндер, сәттерге жүрмін өкпелі. 
Қоламтасында
маздамай қалған шоқтаймын,
Сағынышымның
жоқ шегі.

Қуанышым да,
қайғы-мұңым
да өтпелі.
Сенім мен
Сырдың иесі Тәңір көктегі,
Өткен күн
елес,
келер
күн жұмбақ, ал өмір
Үміт пен
сенім өткелі.

Жүректі жырмен,

жанымды шермен толқытқан,
Өлең ғұмырдың талқысы мұнша көп пе еді?

 

НЕГЕ СОНША СҮЙЕМІН?

Нәзіктігін нәркес мұң серік еткен.

Неге сонша сүйемін сені, көктем?

Қауышуды тағатсыз тосқан сәтте,

Менің мөлдір жанымнан жерімеп пе ең?

 

Неге сонша сағынам,
Аптығамын.
Тамылжыған естірдей бақтың әнін.
Қарлығашым көктем боп оралардай,
Құр үмітті кеудеме қапсырамын.

 

Неге сонша асығам, аптығамын?
Тәңір келіп, төсердей бақ құрағын.
Іркіп жүрген іңкарлік үздіккенде,
Үзілуге төзім жоқ, шақ тұрамын.


Бүршік жарған бейкүнә мұң бұтаның
Тыңдар ма еді,
тал-терек тұңғыш әнін?
Көкжиектен күн сүйіп, қуантпаса.
Талықсыған қайтейін түн құшағын.

 

Сезіледі салқындық келбетіңнен,
Жылылығым дейсің бе жер бетінде.
Көктем, сені күткен ем,
дәрмені жоқ,
Қамкөңілдеу жанымды емдетуге.

 

Кінәлама,
кірпияз көңілшегім.
Өзегіңде өрбісін өмір сенің.
Сағынышым деп қана ұғынарсың,
Көздерімнен кіршіксіз төгілсе мұң.

БҰЛ ӨМІР...

Бұл өмір...
Тұрады екен белдерден, қыраттардан,
Армандардан, аңсатқан мұраттардан,
Тосылатын сан қилы сұрақтардан,
Қимастығы қол бұлғап, жырақтардан,
Құрбылар бар, бұл жолда жылап қалған.

 

Бұл өмір...
Қуанышын ұсынып, шаттығын да.
Батырып ап, жүректі тәтті мұңға.
Бақыт болып, басыңды айналдырар,
Басылмаған сәттерде аптығың да,
Нендей сыр бар, құрбым-ау, тапшы мұнда?

 

Сәлден соң,
Жауар бұлттай түнеріп қас-қабағы,
Селт еткізіп, сынағы басталады,
Қайғысының татқан да ащы дәмін,
Базына айтып, баз кешер басқа бағы.
Ғұмыр солай кімдерді жасқамады?

Менің жаным осыдан жасқанады.

Жасқанады, жанардан жас тамады.
Аласарып армандар асқаралы,
Шыңырауға кімдерді тастамады,
Талауратқан тағдырдың тас қамалы.

 

Беу, өмір!
Талай сыр бар тербеткен құндағыңда,
 
Тосының да көп, сенің жұмбағың да,
Бәлкім, сенің мұңыңды жырладым ба?
Ізі қалған сазды ауыл қырларында.
Шаттығымды байқатпай ұрладың ба?


Сағыныш көп сондықтан жырларымда,
Сағыныш көп сондықтан жырларымда.

ТӘҢІР ИСЕ БАСЫҢДЫ, АЛАСАСЫҢ!

Тәрк еткен соң
тілектің тамашасын,
Тағдыр ғой деп несіне таласасың.
Тау бөктерін есімің жаңғыртса да,
Тәңір исе басыңды, аласасың.

Аласасың!
Несіне таласаcың?
Аһ ұр мейлі, табылмас арашашың.
Ар мұраты болмаса - Темірқазық..
Ай астында жүріп-ақ, адасасың.

Адасасың.
Бақ іздеп тау асасың.
Алла еткен әмірмен санасасың.
Абақтыда баз кешкен әз жаныңмен
Аласұрған бақсыдай бал ашасың.

Тағдырыңмен 
тағы да таласасың.
Таңсәрінің тосасың тамашасын
Танымаған Тәңірге тілек қосып,
Тамұқ түннің сипайсың қара шашын.

Пенде солай...
Үмітін үзбек емес.
Пайымынан парасат  іздеп елес.
Патша көңіл сән құрған сарайыңда,
Парықсыздық болса егер жүздеп егес..

Адам болып туған соң
Аласарма.
Аласа ой мен асқақ мұң таласар ма?!
Алла берген ғұмырды адал сүргін,
Аманатты ұмытпа таң асарда..

ҚҰЛАЗУ

Құлағалы тұрғанда құздан арым...
Хақым жоқ...
Неге сонша қызғанамын...
Қапастағы көңілдің қайран құсы,
Қалаушы едім қамалды бұзбағанын.

Қалған көңіл - шыққан жан,

бекер бүгін…
Құлай сүю - қасиет екен, күнім
Қалай ғана жеткізем сүймегенге,
Сүйдіре алмау - қасірет екендігін

Құштарлыққа –

құрбан боп бал қылығым...
Қапы қалған сезімнің жалқылығын.
Күңірентіп есіме салып кетті,

Жартасқа кеп соғылған жарты мұңым.

Қайда кетті

ақылым, батырлығым.
Қам көңілді жұбатқан жақындығың.
Қар секілді еріген күн жүзінде,
Қасымда тек қалар-ау ақындығым.

 

Көмейімде булығып жатыр мұңым,
Қалауың сол болса енді,
ақылдымын.
Құдай өзі жаратқан болмысыммен,
 
Қалсын есте, сен сүймес батырлығым.

 

СҮЙЕДІ ЕКЕМ...

Сүйеді екем, сүйеді екем, Тәңірім!

Сөндірмепсің, сөнбепті әлі жарығым.

Сүймеймін деп безінгенмен өзімнен,

Сүйген сәттің әр мезеті тағылым.

Нәзіктікпен өрілген бе тамырым?

Тәндегі нұр, әдеп-иба танымым,

Қимастығым көк аспанда күрсінсе,

Жаңбырдағы сағынышта сабырым.

Сүйген сәтте болса-дағы дертім көп,

Бір құдірет көздерімде мөлтілдеп,

Жауын болып төгілемін тылсымға,

Сүйеді екем, мұнан өзге сертім жоқ.

 

РҰҚСАТ БЕР!

Жүректің жазықсыз дүрсілінен

Қимастық кернеген күрсінуден.

Арманға асыққан таңдарымнан

Көктемнің алғашқы бүршігінен.

Жанымның нәп-нәзік бөлшегінен

Ғұмырдың мазмұнды өлшемінен

Еліткен тәп-тәтті ертеңімнен

Ең тұнық бұлақтан ерте күлген

Бақтағы бұлбұлдың үндерінен

Сағыныш кернеген түндерімнен

Көңілдің жайқалған гүлдерінен

Жыр десте өріп берейінші, жаным!

Көктегі кербез Ай сәлемінен

Кеудемнің тек сендік әлемінен

Үнсіздік  құшатын үмітімнен

Жапырақ мұңдардан үгітілген.

Жанардың тұп-тұнық қарашығынан

Ақ таңның ең мөлдір таза шығынан

Өлеңдей ең жақын жанашырымнан

Өмір боп туатын жаңа жырымнан

Гүл десте тағып берейінші, жаным!

 

Күз болып қауышқан сағыныштардан.

Жүректе туатын жарылыстардан.

Күн бейнем жүзіңе шағылысқанда

Ақ қанат арманым алып-ұшқанда..

Кей-кейде тым батыл көзсіз мұңымның

Еріндер сыбырлап ессіз күбірін

Жыр болып түсіңде өбейінші, жаным!

Рұқсат бер!

 

ЖОҒАЛТҚЫМ КЕЛМЕЙДІ ЕКЕН

Жоғалтқым келмейді екен,
жанымның шамшырағын.
Сол жаннан қуат алған, сан үміт, сан шыдамым.
Сәулесі ғұмыр төккен, Күн сынды бір құдірет
Нұрымен оятады, мендегі жан шуағын.


Сол жаннан нәр аламын,
жап-жарық нұр төгемін.
Сол нұрдан, гүлге айналам, күн сүйген күлтелерін.
Содан соң, аспан болып, қараймын мына әлемге,
Жұлдыз боп жымың қағып, жеткізем түн дерегін.

 

Түн болып, сыбыр қағып,
куә боп сан қызыққа,
Әп-сәтте айналамын ең нәзік таңғы шыққа,
 
Ақ таң боп аймалаймын, алғаусыз үміттерді,
Жаныммен қарсы тұрам, жалқы мұң - жалғыздыққа.


Тәңірім, байқадың ба,
Мендегі қуат қандай?!
Мөлдіреп жан сезімім, ең таза бұлақтардай,
Мен мына әлем үшін, пәктіктің өзі болам,
Осынау сезім барда, күн кешем түк ақталмай.

 

Ендеше, берші мұрсат,
сүйгенге, сүймегенге.
Мен мына ғалам сырын, өзіңнен үйренем де,
Жарқырап ғұмыр кешем, ғажайып ертең үшін,
Ең ұлы үміт болам, әз жаны күйрегенге.
Ең сұлу сезім болам, сүйгенге, сүймегенге.

ҒҰМЫР ҒОЙ

Елес те қалған жоқ, өрліктен.

Ғұмыр ғой,

көнгенбіз, көндіккем.

Күз болып қол бұлғап қалғансың,

Бақытқа айналмай мен күткен.

 

Болсақ  та, бейуақта безінген,

Көктемдей кінәсіз сезіммен.

Күн бейнем аңсатып жүр ме  әлі?

Қимастық көремін көзіңнен...

 

Қимастық көремін жаныңнан,

Кездер-ай сарғайған, сағынған.

Сол күзден көктемге жол таппай,

Үргедек үміт жүр сабылған.

 

Жанарда іркіліп жаңа шық,

Жырақтан сөйлейді қарашық.

Тамшы мұң толқытқан тағдырдың

Толқыны барады жар асып.

 

Серт беріп, бола алман сендік мен,

Ғұмыр бұл –

біз көнген, көндіккен.

Жыр болып құшарсың жанымды

Бақыт сол сен сүйген, мен күткен.

 

ҰҒЫНА АЛМАС МЕНІ ЕШКІМ

Жанымнан жыр жалт еткенде, жасыдым,

Жоғалтқандай жанға бермес асылын

Жан-дүнием астан-кестең кешті күй

Жас та  төктім жасырын.

Жарық күннің жалынына шарпылдым,

Кейде көзсіз көбелектей шарқ ұрдым.

Жүрегімнен жылу таппай жұбаныш

Сағыныштан сарқылдым.

 

Сұғанақ көз сезіне алмас қалпым-мұң.

Жұмбағы мол жанымдағы жарқылдың

Бәлкім,  сыры - дидарында ғұмырдың

Жанарында әр күннің.

 

Ұғына алмас болмысымды, мені ешкім.

Күн астында Күнікей де емеспін.

Шағылысқан сәулесінде шуағы

Ақынға тән елестің.

Табиғатын тосын сомдап Тәңірім.

Қабыл алған таң шапағы әмірін.

Қанат қаққан киелі  құс өлеңнің

Қауырсындай бағымын.

 

ӨЗЕГІМДЕ, ӨМІР, СЕНІҢ ОТ ДЕМІҢ

Тағдыр куә, тарам-тарам жолыма.
Ғұмырыма өлең болып өрілген.
Сан сүрлеуді қалдырып ап соңына.
Сан сынақты жеңген,

бірде жеңілген.

Құзар шыңда Күнді құшып көгімнен,
Құлатпадым, құлазыған арманды.
Жүректерден мейірім боп төгілгем,
Жылай сүйіп,

мына опасыз жалғанды...

Өзге арманның қалмағандай құны түк,
Өлең болды ең аяулы серігім.
Өлермендер от көңілді суытып,
Өгей достан,

байлық, бақтан жерідім.

Өзім ғана көтере алар салмағын.
Тағдырымның теперішін сөкпедім.
Өлеңімде ғұмырымның бар мәні,
Өзегімде өмір сенің от демің.

 

ЖАЛҒЫЗДЫҚ, СЕНБІСІҢ СЕБЕПШІ?

Ақтүтек боранын ақпанның,
Ақшұнақ аязын ақ қардың
(Елемей, қысқы бақ ішінде )
беймаза пішінде,
Өктемсіп қар кешіп келемін,
Өзекте өрт болған өлеңім...

(Жаураған сезімді жоқтар кім?)
Мысқылдап барады мосқал күн. 

Қар асты,
Тастанды жапырақ,
Мен сүйген сезімнің отын ап,
(Келгендей жылынып алғысы)
О, тоба, 
Дәл осы халде жүр сан кісі... 

Қайда екен сезімнің тәңірі?
Мезгілге жүрместей әмірі,
Күмілжіп қарайды атырап.

Жоғалтқан, 
ақыл-ой сананы,
Жәудіреп жүректер жанары,
Ақталып әлдене демекші.
Кейпіндей құлазып бақтардың,
Баз кешіп кетуге оқталдым,
Бұларға бір бақыт керек шын?!

Қайғысын жеңіске балаған,
Дәл осы күйде ме сан адам? 
Жалғыздық, 
сенбісің себепші?

P. S. Қиқулап, жылаған құс білем?
Жоғалтып ең ұлы уақытты.
Жалғыздық!
Сен неткен сұсты ең?
Ендеше, мен неткен бақытты!

БІЗ КӨКТЕМГЕ ҒАШЫҚПЫЗ...

Көктем болып кеткендей мына ғалам,
Боз жусанның исі аңқып тұр ауадан.
Аяз да жоқ, ақпанмен арпалысқан.
Еріген қар,
дейтіндей «жылап алам!»

Көктем Сырға расында асық сынды.
Жылғалардан бір шаттық тасып, күлді.
Астанаға кеш жетер бұл құдірет, 
Бізде ерте құшады ғашық гүлді. 

Бізде ерте атады бүршік арман,
Таң рауандап, жер жібіп,
күн шығардан.
Бізде бәрі ертерек,
неткен ғажап,
Жаз да ерте оянар, тыншып алған.

Неткен сезім,
Аймалап бақыт жерді.
Іңкәрлігін паш етер уақыт келді. 
Біз көктемге ғашықпыз, 
көктем бізге.
Көрдіңдер ме, осындай бақытты елді? 

 

ҚАЙДАСЫҢ?

Сүйген сәтті кім айтады кез деп мұң?
Сезім едің, 
сергелдеңсіз, саналы.
Өзің едім, өгейсідің, өзгерттің.
Сағынышсыз күндер жалғап араны. 

Нәзік едім,
Нәркес едім расында.
Жанарымда күн кешетін жарты әлем.
Шексіз мендік сол махаббат қасында,
Мынау ғалам өлшенбейді картамен.

Аспан асты арманымнан нұрланып,
Күннің өзі күмілжитін сәулемнен.
Өмір өзі адастырды бізді анық,
Ғашықтарға бір ғадауат бар деумен.

Сол күндердің оты қалып санамда.
Жүрегімде бос кеңістік, бос әлем.
Қайта оралып, мына нұрсыз ғаламға
Ғажайыбың болам десең, тосар ем... 
Қайдасың?

СҮЙГЕНМІН...

Жырақтан сыр шерткенде,
жаның үнсіз,
Кезім жоқ күн кешпеген сағынусыз.
Демеймін, сүймегендер шын бақытты,
Білерім, сүймегеннің бәрі мұңсыз.

Сүйгенмін.

Жұмбақ емес.
Анық бәрі.
Жүрегім ізгі арманнан жалықпады.
От болып өртенбей-ақ құштарлықтан,
Құшаққа құламай-ақ талып тағы.

Ұнаттым.

Үнсіздікті. Ұлы үмітті.
Сенімнің желбіреуші ед туы мықты.
Сен мені ұнаттың ба,
ұққаным жоқ,
Мендегі сүйдің бе әлде жылылықты?

 

Бір бақыт күтетіндей жырақта анық.
Мен емес,
жүрек саған сыр ақтарып.
Сен құшпаған жаныммен ағыл-тегіл
(Көз ілетін түндер-ай, жылап барып…)

 

Ал бүгін.
Соның бәрі сірә, АҢЫЗ.
Сүйгенім – хақ.
Қалғанын сұрамаңыз.
Мені емес, іңкәрлігін жасырмаған,
Өлеңім ғой, тек соны
кінәлаңыз!


КҮН КЕШЕМІН АҚЫН БОП

Аққа қара жұқпайтынын ұқтырып,
Көздерімде мөлтілдей ме шық тұнық?
Жазмышына жылап тұрып, дат айтқан,
Менің сүрген әр мезетім - мықтылық.

Бір бақыттың ұстасам деп баянын,

Дұшпанның да әлсіз тұсын аядым,
Дауылдарға қарсы тұрдым қасқайып,
Телегейге тартса-дағы қай ағын.

Мынау нәзік болмысыммен шарқ ұрып,

Мұқалмадым, қалсын мейлі жарты үміт,
Шыңырауға шың көзімен қарадым,
Теперішін тағдырымның тәнті ғып.

Тұл бойымнан тектіліктің исі аңқып,

Кеудемдегі күмбір қақты күй сандық.
Қиналғанда қалам құшқан қолдарым,
Қайтем енді, ғұмыр гүлін жиса артық.

Беу, дүние, болса-дағы датың көп,

Кінәлай бер, қаралауға хақың жоқ.
Аяқ асты ете алмайтын арманын,
Күн кешемін, әйел емес, ақын боп.

 

БӘРІНЕН ДЕ ҚАЖЫДЫМ

Сенесіз бе?
Бәрінен де қажыдым,
ештеңеге зауқым жоқ.
- Өмір, - дерсіз, -
бұлбұлдарға ән үйретсе әупілдек.
Ал, мен болсам,
арманымды ұрлаттым…

- Содан, бәлкім, көздеріңде жарқыл жоқ!

 

Дәл осылай,

өз-өзіммен тілдесіп.
Тағы тұрмын, суық айна алдында.
(Ол сұқтанбас қарашыққа сыр бүгіп)

«Өзіңде ғой, өзіңде ғой бар кінә»
Мысқылдайды,
мүсіркейді бір күдік.

-Жо-жоқ,

Мен өмірге іңкәр ем,
Ақжарылып айналама сыр айтқан.
Бір сезімге адал болдым, жазығым!

-Ізгіліктен безінген бе мына әлем?
Сен едің ғой, нәзік үн,
Мына өмірге ессіз, шексіз құмартқан…

 

- Солай еді…
Ал, бүгінде, өлең де емес сырласым.
Мынау шерлі жүрегімде,
сезім ғайып, мұң басым.
Ееең ауыры, сенімімді жоғалттым,
Сорлы жүрек,
қалай, қайтіп жырласын?

P.S. Айнадағы келбетімнен безіндім.
Сенбеген жан табар ма енді мұңдасын?

 

САҒЫНЫШТЫ ҚАРСЫ АЛДЫМ

Астананың аспанынан аумайтын,
Мынау көкке мен ғана ма ынтызар?
Шуақсыз-ақ, өн бойымды баурайтын,
Бұлт кейпіне болдым ба екен шын құмар?

Сонау зеңгір күрсінгенде сезіммен,

Аңсай түсем сол әлемнің аспанын.
Зеңгір көкте,қимастықпен көз ілген,
Көк бұлттарда жатыр екен қанша мұң?

 

Түнерген бұлт,

сенесіз бе - ұқсайды,
Мен ұнатқан қабағына аңсардың.
Қолым созсам, бір құдірет тұсайды,
Мен тағы да,

сағынышты қарсы алдым…

 

ТАҒАТСЫЗ ТОСАДЫ ЕКЕМ

Маңдайдан бір күні кеп иіскер деп,
Тағатсыз тосады екем…
Көздерді сағынышпен түйіскен көп,
Шалмайды құса бөтен.
Мен үнсіз сүйіп қалған қарашықты,
Білмеймін,
қандай үміт құшады екен?

Сезімім сергелдіңсіз, сіз секілді,

Сабырым - тұрағым ол.
Сіз болып елжіреткен күз секілді,
Күлімдеп тұрады жол.
Жаныңды сая тұтқан жаз жанымның,
Жалғыз-ақ,
Сіз дегенде шуағы мол.

Нәп-нәзік тілегімнің иесі өзің!

Білмеймін, бақ табам ба?
Айтылмас бір өлеңнің киесі өзің,
Жүрегім жаттап алған.
Көзіңде - риясыз сыр,

бар дерегім,
Сол көзді қызғанам ғой басқалардан.

АЛАҚАНДАҒЫ АЙ НҰРЫМ...

Cәбиім, сұлу періштем!
Сенімен сәнім келіскен.
Өзіңді сүю арқылы,
Өмірді сүйем тегіс мен.

Арманым болып арайлы,
Жүзіңнен шуақ тарайды.
Сәбиім, сенің нұр күлкің,
Бақытқа бөлер маңайды.

Өзіңсің шалқар шаттығым!
Жайқалған бақта ақ гүлім!
Тәңірдің өзі тәу еткен,
Парасатым мен пәктігім.

Алақандағы ай нұрым!
Сарқылмас бақыт, байлығым
Адалдығымның айнасы,
Аққулар қонған айдыным!

БІР ҒАЛАМАТ ЖҮРЕГІМДЕ

Тәрк ете алмай,
Теперішін көп мұңның.
Дей алмаймын,
аз налыдым, көп күлдім.
Жауынынан жаурағанда тағдырдың,
Жасырындым жүрегіне шоқ гүлдің.

Жыр тәңірдің сезіндім бе қуатын?
Өлеңімде сезім кештім сұрапыл.
Ғұмырымның әр мезетін сүйдім мен,
Секундтары сағыныштан тұратын…

Тәңірімнен тілей алмай басқа арман.
Сүйсем-дағы,
сыр айтуға жасқанғам.
Күн секілді жырақтардан өптім мен,
Бақыт құшып, алқаракөк аспаннан.

Бір ғаламат жүрегімде.
Ұғындым.
Әлі де сол…
Дей алмаймын суындым.
Әлі де сол…
армандарға сенемін.
Ғанибеті, бәлкім, солай ғұмырдың?

Айтылмаған сөздер бәлкім құндырақ,

Ашылмаған сырлар бәлкім,сиқырлы?
Неге ендеше, күн құлазып,
түн жылап,
Жұлдыз біткен ұрлап алды ұйқымды?

Талай күндер тіл қатуға оқталып,
Сағынышты тұсауладым неше мен?
Кеуде тұсым жарылуға шақ қалып,
Жүректегі құрбан болды неше өлең?

Біз ғұмырды түгесерміз төзіммен,
Сырт көздерге мен ақылды,сіз дара.
Мен жасқанып, сіз үркіген сезімнен,
Шуақ тосып, күмілжитін күз ғана.

Тағы келем, үнсіз сүйіп атыңды,
Біз кездейсоқ кезікпейтін көшемен,
Кеудемдегі жолданбайтын хатымды,
Жанардағы жеткізер деп осы өлең…

Айтылмаған сөздер, бәлкім,құндырақ?

ЕЛЕСІҢ ЖҮР ЕКЕУМІЗГЕ ӨКПЕЛЕП

Қарашықта жасырынып келбетiң,
Тынысынды сезетiнмiн жырақтан.
Кейде жоқты аңсайды ма пенде тым?
Кейде жаным қалжырай ма сұрақтан?

Барсың ба өзi?
Елессiң бе?
Кiмсiң сен?
Ак бұлттардың iшiнде ме мекенiң?
Күмiлжисiң, күн астында күрсiнсем,
Қолым созсам,
Кайда, қашан жетемiн?

Көк аспанда қанатымды талдырып,
Қалықтаған сәттерiм көп.
Құшпадың.
Қауырсынды жай отына шалдырып,
Кiмге керек,
Ендiгi iздеп ұшқаным.

Рухың ғана сыбырлайды санамда,
«Әлде бiр күн,
Кезiгемiз.
Кетпе деп»
Сағыныштан сыймай мына ғаламға,
Елесiң жүр,
Екеумiзге өкпелеп.

БІЗДЕР, СІРӘ, БӨТЕНБІЗ

Іздемейсің, біздер, сірә,
бөтенбіз?
Бәлкім, бәлкім,
болдық іңкәр бекер біз?
Жапырағы желмен ұшып жоғалған,
Қайда барып,
паналайды екен күз?

Сол күз ғайып,
біздің жаққа қыс келді.
Мен ұмыттым
өзің жайлы түстерді.
Қанатымен қиқу қағып аспанда,
Сонау көктен танытады құс белгі.

Сонау көктен,
Сыбырлайды таныс үн.
Сағынбайды ол,
«Сендік сезім, бәрі сын…»
Жақының да, жалғызың да емес ол!
Бәлкім, бәлкім,
ең аяулы танысың?

Күрсініс пе, қимастық па?
Қол бұлғап.
Қарды құшып, күмілжиді біздің бақ.
«Көктем әлі бір келер» деп мен жүрмін,
Қайда жүрсіз?
Мен ұнатқан күзді ұрлап?

 

ТОЛҚЫН ДЕСЕҢ, ТОЛҚИМЫН МЕЙІРІМНЕН

Бақыт күліп қаққандай есігімді,
Сен атасаң, мәңгілік есімімді.
Толқын десең,
толқимын мейірімнен,
Бар әлемге мен болып кешірімді.

Бір ғана сәт,
ғажайып бақыт құшып,
Жанарыма қондырып бақытты шық.
Әлемдегі ең ізгі жанға айналам,
Шаттық дейтін жарықтан жақұт құшып.

Есіміме елжіреп сыр қалдырсаң,
Өзің ғана тіл қатсаң,
Нұрландырсаң.
Ең бақытты сұлумын әлемдегі,
Сен өмірге ескерткіш жыр қалдырсаң.

Ғұмыр дейтін,
біз сүйген алтын сағат.
Сенсіз өткен күндердің нарқын санап,
Соға берсін дүрсілдеп жүрегімде,
Сендік екем,
дәл осы қалпымда ақ.

ЖАЛҒЫЗ ТАМШЫ - ӨТКЕН КҮН

Жазмышымда
жұмбағы жүр көктемнің.
Жанарымда жалғыз тамшы — өткен күн.
Жан сырымды өзіңізден жасырып,
Жалт еткен сәт, жарығыммен өпкенмін.

Жан шуағын,
солай, үнсіз төккенмін.
Дидарымда күннің нұры, өкпем - мұң.
Күрсінгенде көк аспанды қалқалап,
(Күнге айналып ғұмыр кешу — неткен мұң?)

Есіңде ме,
Үнсіз кешкен шақта мұң?
Сонау көктен бір шырақты жаққаным?
Күн кейпіммен мен ойладым бақ қамын,
Түн қойнында сен де алқа тақпадың

Жылдар сырғып,
Алақайлап ақ таңың,
Таттың,  бәлкім,
менсіз ғажап бақ дәмін?
Әлде мендік іңкәрлікке құштар боп,
Ойлайсың ба,
аласарып асқарың?

Күлімдеуші ем,
Бүгін мен де басқамын.
Күн кейпімді қалай қиып, жасқадың?
Көздерім боп шуақ төкпес аспаның.
Білмеуші ме ең?
Бақыт кейде қас қағым…
Неге біздер ойлап кеттік бас қамын?
Тағдыр бізден тапты ма екен басқа мін?

 

БАЛАЛЫҚ ШАҚТЫ АҢСАДЫМ

Балалық шақтың бал күнін қайта аңсадым,
Баладай сенгіш пейілге ауып аңсарым.
Базына айтып, баз кешіп жалған әлемнен,
Бал дәурен кетті аралап құмын аршаның.

Періште көңіл, пейіштей көрер ертеңін,
Пәк күндер қайда, көкжиек сынды көркемім.
Парасат тұнған әлемге енсін дедің бе?
Ұғынып мына өмірдің кейде келтеңін.

Есею бақыт, десек те тарттым азабын.
Екі жүзділердің егесін қайтып жазамын.
Пендешіліктің ауылын жүрмін аралап,
Таба алмай, бала көңілдер сенген ғажабын.

Армандар асау арындап бейне арғымақ,
Тілектер тұлпар таудан да биік қарғымақ,
Шарқ ұрған сәтте, шығардай шыңға арқырап,
Табаның таяр, тайғанақ таудан қар құлап.

Балалық шақтың бал күнін қайта аңсаймын,
Бала боп кезген қырларды таппай шаршаймын.
Елесін іздеп біз сенген ертек ғаламның,
Арасын кезем шындықтар жатқан сан сайдың.

Қайдасың, қайда еліткен менің ертегім,
Тал бойындағы тектілігі асыл тентегім.
Есейсем-дағы жүрегім сәби кейіпте,
Еркімді алған елестің жырын шертемін.

 

СҮЙЕМІН ӘЛІ...

Сүйдім де сені…
жанымды мұңға орадым.
Тағдырдың сезбей тасқынын, қарлы боранын,
Сүйдім де сені, сертімнен сендік танбадым,
Тұрағым еттім, тоғыз бір жолдың торабын.

Сағындым сені…
сағыныш сезім селдетті.
Жүрегім кезді жаңылмай іздеп жер-көкті.
Сағынып сені, сарғайған сансыз кештерде,
Сен болып маған сағыныш өзі сел төкті.

Сездің бе соны…
сағым боп ұшқан ақ құсым?
Тамсантып өскен таңқурай сынды тәттісің.
Жадымда мәңгі жылулық төккен жанарың,
Қайранмын, қалай қара тас сынды қаттысың.

Сүйемін әлі,
сүюден бір сәт танбағам.
Көңіл ме құрғыр, құмардан шығып қанбаған?
Сүйемін әлі, сол үшін жаным жазықты,
Жазықсыз бірақ жүрекпен қалай жан бағам?

 

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5357