КАНДИДАТҚА ҚАТЕСІЗ ЖАЗУДЫ ҮЙРЕНУ ҮШІН ҚАНША ЖЫЛ КЕРЕК?
Үміткер Уәлихан Қайсаров мемлекеттік тілді еркін меңгергенін дәлелдейтін сынақтан тағы да өте алмады. Бұл туралы ҚР Президенттігіне кандидаттарды мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияның төрағасы Мырзатай Жолдасбеков мәлімдеді.
- Уәлихан Әбішұлы сынақ барысында «Тәуелсіз мемлекеттердің достастығы: тарихы мен бүгіні» атты тақырыпта шығарма жазды. Менің таңқалып отырғаным, Уәлихан Әбішұлы тақырыпты түсінбеді. Ол өз шығармасында Ресейге бодандық, Қазақстанның Қытаймен тату қарым-қатынасымыз туралы жазған. Үміткер шығармада 23 қате жіберді. Атап айтсақ, тыныс белгісінен 11, емледен 5, стилистикалық 7 қате кездесті. Еліміздің президенті ең сауатты адам болуы тиіс. Сондықтан комиссия Уәлихан Қайсаровты үміткерлер қатарына лайық емес деп танып отыр, - деді Мырзатай Жолдасбеков.
Сондай-ақ, Президенттікке өз кандидатурасын ұсынған У.Қайсаров шығармашылық жұмыстармен қатар, мәнерлеп оқудан да сынақ тапсыра алмаған. Бұл жайлы комиссия төрағасы «Сынақ кезінде мәтін оқуға Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылыш» еңбегінен үзінді берілді. Бірақ, Уәлихан Әбішұлы өзі оқыған мәтіннің мазмұнын түсінбеді. Аталған еңбекте кездесетін «жылышырай», «тарту-жоралғы», «сойылын соғу» тәрізді сөздердің мағынасын айтып бере алмады», - деп отыр.
Айтпақшы, мемлекеттік тіл Қайсаров үшін «асу аспас тауға» (Сұлтанмахмұт) айналған сияқты. 2011 жылы өткен Президенттік сайлау уақытынды да Уәлихан мырза осы қазақ тілінен сүрінген екен. Ол кезде үміткер жазған шығармадан лингвистикалық комиссия 28 қате тапқан болатын. Жақында Президенттіктен үміті барын жасырмаған Уәлихан Әбішұлы арада өткен 5 жыл ішінде ана тілін жетік меңгеріп, бұл жолғы емтиханнан қателеспейтінін айтқан еді. Нәтижесі...
Сондай-ақ, Қайсаров мырза бүгінгі күннің басты талқылауына айналған өз азаматтығына байланысты шыққан дауды «техникалық қате» деп түсіндіруге тырысқан еді. Алайда, шамалы уақыттан кейін ол анкетаны өз қолымен толтырғанын растап, ОСК тарапынан қандай бір заң бұзушылық орын алуы мүмкін еместігін айтты.
Абай-ақпарат.