Сенбі, 23 Қараша 2024
Уақ-түйек... 10300 0 пікір 8 Наурыз, 2015 сағат 12:13

ӘЙЕЛ ЕРГЕ ҚАРАСА...

Кейде қалжыңбастардың «қазір ерлер әйелден де әлсіз болып барады» деп қағытатыны бар. Таза күш-қуат тұрғысынан алсақ, бұл сөзде ешқандай негіз жоқ: ең қарулы деген әйелдің өзі ең әлжуаз деген еркектен күшін асыра алмайды. Бұл – табиғаттың, биологияның қалыптасқан заңдылығы, оған әмір жүрмейді. Ал егер мәселеге психологиялық жағынан, яғни, ерік-жігер тұрғысынан көз жіберсек ше? Онда «әр әзілде – бір шындық» деген сөздің жаны бар екенін мойындауға тура келеді.

Әншейінде не болса, соған жылап қалатын жаны нәзік әйел қауымының қысыл-таяң сәттерде қайраттанып сала беретініне бәріміз де куә болған шығармыз. Мұның әсіресе кешегі біреуге жеңіл, біреуге ауыр соққан аумалы-төкпелі заманда айқын аңғарылғаны да ақиқат. Талай жігіттер күректей екі қолын қайда сыйғызарын білмей, жұмыссыз үйде отырып қалғанда, отбасының бар ауыртпалығын әйел заты өзінің нәзік мойнымен көтеріп алды. Беттің арын белге түйіп, қытайдың ала дорбасын арқалап тауар да тасыды, ми қайнатқан ыстықта немесе азынаған аязда базарда тұрып, вокзал жағалап, бәліш те сатты. Өз киімінің өрім-өрімі шықса да, тапқан-таянғанын бала-шағасының аузына тосты. Аударылып қалған қоңыздай диванда шалқасынан түсіп, еш әрекетсіз жатқан ерінің де еңсесін түсірмеуге тырысты.

Отбасындағы шаруаның бәрін әйелдің мойнына ысыра салып, өзі шыбық басын сындырмайтын «ерлер» қазір де жетеді. Әдетте «әйелдің қандай екенін үйіне қарап білесің» демей ме? Үй іші қандай таза, жинақы болса, әйелдің де сондай пысық, шаруақор, ұқыпты жан болғаны. Ал ер-азаматтың қандай екенін қалай білуге болады? Тағы да сол – үйіне қарап біледі: ұшатын айырпландай дарылдап, тоңазытқыш неге дұрыс істемей тұр, үстелдің сынған аяғы неге салынбаған, тоқтаусыз мыңқылдап су тама беретін ваннадағы шүмек неге жөнделмеген, киім ілгіштің түскелі тұрған шегесі неге қағылмаған?.. Рас, мұның бәрі кез келген жігіттің қолынан келе бермеуі мүмкін. Бірақ үйренуге де болады ғой! Әйелдер де кір жуу мен тамақ пісіруді  іштен оқып тумаған шығар?

Жарайды, қолдан келмегенге амал жоқ. Онда тым болмаса сантехникті немесе электрикті шақырып, ақауды жөндету, ақшасын келісу жағын жігіт адам өз мойнына алса қайтеді? Үйдің егесі емес пе? Жасыратыны жоқ, көп отбасында мұндай машақатты онсыз да шаруасы шаш етектен әйел атқарып жатады. Қысқасы, қазіргі еркектердің көпшілігі кез келген жауапкершіліктен қашқақтайды. Ал бұл ер-азаматқа тән мінез бе?

...Күнде кешкісін жұмыстан қайтып келе жатып, аулада алқа-қотан жиылып алып, карта немесе домино соғып отырған отағасыларды жиі көремін. «Мәткеңді шығар! Тұзбен соқ! Әкеңнің құны болса да сал 200 теңгені!» деген сияқты айқай-ұйқай кешкі тымық ауамен жаңғырығып, құлақ тұндырады. Бар мәселесі шешілген, төрт құбыласы түгел, ешқандай уайымы жоқ адамдар сияқты. Бірақ дәл осы кезде азық-түлігі аузы-мұрнынан шыққан, салмағы өзінен де ауыр сөмкелерді сүйретіп, базардан әйелі келе жатады... Кейде соларға қарап тұрып ойлаймын: егер қиындыққа төзбей, жүйкесі сыр беріп, әйелдер де бәріне қолды бір-ақ сілтесе, отырып алып карта ойнаса, арақ ішсе, не болар еді? Мына дүние төңкеріліп түспес пе еді?..

Ер мен әйелді Алла-Тағала бір-бірінсіз өмір сүре алмайтындай етіп жаратыпты. Демек, қуанышта, шаттықта ғана емес, қиындықта да бір-бірімізге сеп болсақ қайтеді? Қанша жерден «қырық шырақты» десек те, әйел затының қиналған сәттерде ер адамнан сүйеу тапқысы келетіні рас. Ендеше жүрегі нәзік жандардың сол үміттерінің үдесінен шыға білейік, жігіттер!Бұл  ойды тым болмаса жылына бір рет—осындай әйелдеріміздің мерекесі қарсаңында тереңірек таразыға салып көрейікші.

Сәкен СЫБАНБАЙ.

Abai.kz

Дереккөз: www.oinet.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5351