Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 5993 0 пікір 2 Наурыз, 2015 сағат 14:01

МЕМЛЕКЕТТІ «МЕТАЛЛОЛОММЕН» ҚОРҒАЙМЫЗ БА?

Бүгінгі күні, кез-келген демей-ақ қояйын, әйтсе де, кейбір мәселелер туралы ашық ақпарат алу онша-мұнша қиындық тудырмайтын шаруа болып қалды. Жақында мынандай бір ашық ақпаратқа көзім түсті: американдық Business Insider журналында дүниежүзі бойынша 106 елдің әскери күш-қуатының рейтингі жарияланыпты. Осы рейтинг бойынша біздің әскеріміз сексенінші орында екен! Жүз алты елдің ішінде ЖҮЗДІКтің жуан ортасына да кіре алмай, соңғы жағынан орын алыпты. Сексенінші орынды соңғы орындардың қатарына жатқызуға бола ма, жоқ па – ол енді әркімнің өз шаруасы. Ал менің ойымша, біздің әскеріміз әлбетте әрдайым «соңғы жағынан санағанда алғашқы орындардың» бірінде болып қала бермек, өйткені, ескіре қоймаған «ескілеу» ақпараттарды есіме түсірсем, осылай бола беретініне толық сенемін де.

Есеп комитетінің арнайы комиссиясының «ескіре қоймаған» есептерінің біріне көз жүгіртетін болсақ, Мұхтар АЛТЫНБАЕВтың басшылығы кезінде Қорғаныс министрлігі 50 миллиард теңгенің талан-таражға түсуіне жол беріпті. Қылмыстық іс бойынша сот үкімімен «КамАЗ» жөндеп, гитара үйреніп келуге» (темір тордың арғы жағын көпшілік кейде осылай деп те атайды) аттанғандардың ішінде неге екені белгісіз, жоғары шенді бірде-бір әскери лауазымды тұлға болған жоқ – барлығы орта дәрежелі офицерлер құрамы ғана. Ал енді миллиардтар мен миллиондар түгілі, әншейін жүз мыңдаған мемлекет қаржысының өзі жоғары шенді лауазымды тұлғаның «саусақ ымынсыз саудаға» түсе алмайды. Бұл – айдай ақиқат! Хош дейік, арнайы комиссияның тағы бір мәліметтеріне шұқшиятын болсақ, еліміз егемендігін алғалы бері неге екені белгісіз, бюджет қаржысына тек қана «көрмеге ғана қоюға» жарайтын өзге елдердің «ескі-құсқы әскери» техникалары сатылып алынып келіпті. Мысалы, 2007 жылы Қорғаныс министрлігі Украинадан С-300 (ЗРК) деп аталатын зенитті-ракеталық кешен сатып алыпты – «дүниеге» 1986 жылы келген. Еліміздегі әскери сынақ кезінде осынау кешен құрылғыларының бірде-бірі іске жарамаған. Яғни, пайдалану мерзімі әлдеқашан «әдірем қалған» әскери техника деген сөз, қысқасын айтқанда. Мұнымен де қоймай, аталмыш министрлік осы кездері штат бойынша қажетті деп есептелген он әскери ұшақтың орнына... азаматтық авиацияда пайдаланылатын МИ-17 В5 деген 10 тікұшақ сатып алыпты. Бір қызығы – талан-таражға түскен бюджет ақшасының орнын жабу үшін әскери басшылықтың ұйғарымымен аталмыш он тікұшақтың бесеуіне әскери құрал-жабдықты... қолмен орналастырып, жасап-жабдықтап шығыпты. Жалпақ тілмен айтар болсақ, азаматтық авиацияға арналған аталмыш тікұшақтарға зенитті-ракеталық құрылғыларды қолмен орнатқан. Ал бұлардың іс жүзінде әжетке мүлде жарамайтыны айтпаса да түсінікті! Рас, Алтынбаев мырза әскери қызметке бүкіл саналы өмірін арнаған еліміздегі бірен-саран кәсіби қызметкерлердің бірі, ал енді осы кісінің тұсында осындай былық-шылықтар орын алған болса, Қорғаныс министрлігін Даниал АХМЕТОВ басқарған кездегі әскери махинациялар тіпті ҚЫЗЫҚ!

Қызық деп айтпасқа амалымыз жоқ. Мәселен, біздің әскери саламыздағы шенеуніктер бюджет ақшасын үнемдеу үшін (айырма ақшаны өз қалталарына салу үшін әрине) Израиль еліне 904 дана әскери «КамАЗдың» орнына... 904 дана кәдімгі «КамАЗды» айдап апарады. Сол жақтың ақылымен, әлбетте. Олар «КамАЗдардың» барлығына «Кунги» деп аталатын ракетаны «қолмен шегелеп»... орналастырып бере салған. Масқара-ай! Осыны біздің әскерилеріміз әлдеқандай болып алып келді елімізге – артиллериялық жүйемізді модернизациялап жатырмыз деп! Кейіннен... әскери жаттығулар кезінде осынау «заманауи» техниканың бірде-бірінің жұмыс істемей қалғаны анықталған. Тіпті біздің білгіш әскерилеріміз «заманауи техника» деп алып келген осынау құрылғылар сона-а-а-у-у... өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдарының өзінде-ақ пайдаланудан шығып қалған құрылғылар екен. «Ақшасы міне, бірдеңе қылып арзан-парзанға әскери техника бер» деген соң Израиль, әлбеттте, өздерінің «металлоломдарында» жатқан «Кунгилерін» күліп-күліп тұрып... орнатып бере салған ғой біздің «КамАЗдарға». Мұның «металлолом» екенін тіпті министр Даниал АХМЕТОВ те айыра алмаған! Қайдан айырсын, әскери адам болмаған соң! Әскер саласының маманы болмаған соң!

Есеп комитетінің арнайы комиссиясы осы министрліктің негізсіз жасаған 29 келісім-шартын және анықтапты – ал негізсіз жасалған осынау келісім-шарттардың «нәтижесінде» 4 миллиард 067,9 миллион теңгенің мемлекеттік сатып алу байқауы өткізілген. Ал біз болсақ... «қайдағы бір оншақты миллион теңге» үшін генерал ЖОЛАМАНОВқа таң қалып, аузымызды ашып, көзімізді жұмамыз. Онымен қоймай, екінші дүниежүзілік соғыстағы Ұлы Жеңістің 70 жылдығы құрметіне егемен елімізде бұрын-соңды болып көрмеген КЕРЕМЕТтей әскери парад өткіземіз деп күмпілдейміз. Сонда парадты немен өткізбекшіміз? Израиль «КамАЗдарымызға» қолмен орнатып берген «заманауи техникалармен» бе? Кімді алдаймыз сонда?

Марат МАДАЛИМОВ.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5357