Дәурен Қуат. АЛЫСТАҒЫ ЖАУЛЫ АУЛЫНДА...
Әсіредіншіл қазақ баласы қолына қару алып Сирияда соғысып жүр. Ал, Атажұртына келіп тамыр жаюды армандайтын ағайынды Үкіметіміз түрлі сылтау тауып елге жақындатпауда. Осы екі жайтты ойлап отырып, есіме Түркия сапары, Түркиядағы қарашай бауырлардың жанұшырған әрекеті оралды.
(Ұлттық киімдерін киген қарашайлар. Көне сурет)
Анкараның шығыс жақ бетінде, қаладан 20-30 шақырымдай жерде, қарашайлардың ауылы бар. Ауыл түрікше - Яғлыпынар, қарашай тілінде - Жаулы аталады. Қарашайлармен Анкараның шетіндегі бір дәмханада ұшырастым. Түріктерге қарағанда көздері сәл қысықтау. Қайсібірінікі дөңгелек. Сондай рең-сипаттарымен де, тілдерімен де қарашайдың қазағыма жақындығын бек ұққандаймын. Аудармашысыз аңқылдап сөйлесіп отырмыз. Есімдері де қазаққа келеді: Ақын, Әділхан, Сәлім. Ақын бұрын әкімдік қызмет атқарыпты. Әділхан тәржімашы ақын екен. Қарашай-малқар тілінен түрік тіліне өлеңдер аударып танылыпты. Сәлім - құрылысшы. Сәлім Итез. Астанадағы Ақ Орданың жобасын сызып, құрылысын жүргізген осы азамат болып шықты. Өзі тым қарапайым. «Құрылыстың басы-қасында болдық қой», - деп сыпайы ғана тіл қатты. Одан әрісін мен де қазбалап сұрамадым. Өйткені, бұл жігіттер ас үстінде әлденеге алаңдап, асығып отырғандай болды. Жаулыға барған кезде Әділхан, Сәлімдердің алаң көңілдерінің сырына жеттім.
Сүрия. Түріктер Шам - Сирия елін осылай атайды. Сүрияда мыңнан астам қарашай тұрады екен. «Біздің қолымыз жеткен есеп бойынша, 1200 қарашай», - деп нақтылай түсті жолбасшым Уфук. Сол Сүрияда басталған сүргіннен қарашайларды қалай аман алып шығамыз десіп Түркияның қарашайлары бір қараша үйде бас қосты.
(Азайып бара жатқан қарашайлардың келешегі осы жеткіншектер)
Түркия қарашайлары 2006 жылы алыс-жақыннан сұрастыра жүріп қарашайлардың жалпы саны 400 мың екендігін анықтапты. Түркияда 20 000 қарашай, АҚШ-та 5500 қарашай, т.б. тұрады деп келетін мәліметтері және бар. Қарашайлар Түркияға 1886-1889 жылдар аралығында ауып барған. Одесса арқылы Қара теңізді кешіп өткен қарашайлардың дінді берік ұстанған тақуалары кезінде Сүрияға өтіп кеткен көрінеді.
(Солдан оңға қарай: Әділхан, Ақын, Мүтәліп, Сәлім бастаған бауырлармен бірге отырып қарашайдың кең мол дастарханнан дәм таттық)
- Біз азбыз, - дейді Түркия қарашайлары қамығып, - жер бетінен жойылып кету қауіпі төніп тұр бізге. Сондықтан бірімізді-біріміз көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек. Мекен-тұрағына көзіміз жетіп, біле тұра бір қарашай баласын жоғалтып алсақ - о дүниеге күнәһар болып аттанамыз. Із-түзсіз жоғалған бір қарашай баласы үшін бақиға барғанда жауап береміз.
Қапқаздағы қарашай-малқарлардың не қам-тірлік жасап жатқандығынан хабарсызбын, ал Түркия қарашайлары қор құрып, барын ортаға салып Сүриядағы қарашайларды «сатып» алуда. Сүрия азаматтарына шетке шығатын төлқұжат бере бермейді. Сондықтан Түркия қарашайлары Сүрия қарашайларын алдымен төлқұжатпен қамтамасыз етуі керек. Ол үшін Сүриядағы берекесі кеткен әкімшілік орындарына астыртын пара береді. Сөйтіп қолдарына төлқұжат ұстаған қарашайларды босқын ретінде Түркияға әкеліп қоныстандырмақ. Осы күндері Сүрия мен Түркияның арасындағы Һатай қаласында босқындардың алды орналасып та үлгеріпті.
Мен қатысқан жиында Сәлімдер АҚШ-тағы қарашайлармен байланысқа шығатындығын, олардың күйі жақсы екендігін айтып отырды. Осылайша олар елбесіп-селбесіп Сүрия сүргінінен қандастарын құтқарып қалмақ.
Сыртқа шықтық. Шағын ауыл абажадай қаланың жарығынан жасқанғандай бұйығып шамын тегіс сөндірген. Алашабыр бұлттардың арасында жүдеу ай жүзіп барады. Қарашайлар мені кезек-кезек құшағына алып қоштасып жатыр. «Келіп тұр, осында бір елің бар» дейді. Қарашайлар ауылды «ел» деп те айтады. «Иә, - дедім мен, - қарашай деген елім бар!»
Қарашай - қазаққа, қазақтың тіліне етене жақын түркінің бір бұтағы. Ономостикалық атаулар, жер-су аттары, жан-жануар, құс атаулары, тұрмыс жабдықтары қазақ тілінде қалай аталса, қарашай тілінде де солай аталады. Мысалы, біз сияқты олар да жұлдызды -жұлдыз, жолды - жол, пышақты - пышақ, қылышты - қылыч, құсты - құш деседі.
Қарашайлар өздерін «қара қыпшақ», қазақты «сары қыпшақ» дейді. Қарашайлардың түсіндіруінше, қазақтың «сары қыпшақ» аталуы далада, ойда өмір сүретіндігіне байланысты екен.
(Уфук Түзман. Түркістанда оқыған. Хасан Оралтайдың «Елімайлап өткен өмір» кітабын қазақ ортасына алғаш жеткізген түркшіл азамат)
Жаулыға барғанымда білдім, менің жолбасшым - Уфук мырза қарашай болып шықты. Түркістанда біздің әйгілі айтыскеріміз Бекарыс Шойбековпен бірге оқыпты. «Бекарыстың үйіне талай барғанымын, тіпті айтысқанмын», - дейді. Уфук қазақ тіл әдебиетінің майталмандары - Рахманқұл Бердібай, Мекемтас Мырзахмет, Алма Қыраубаевалардың дәрісін тыңдап, сабақ алыпты. Қазақша ағып тұр. Мақалдап-мәтелдеп сөйлейді. Жары қазақ қызы екен. Нарынқол жақтан.
- Қазақстанның шекарасы ашылғанда оқуға баратын талапкерлердің тізіміне жазылып, сынақ тапсырып қойғаныммен, картадан Түркістан қаласын таппай дал болғаным бар, - дейді Уфук. Түркістанды бастапқыда картадан таба алмаған Уфуктің талабына ата-анасы да қарсы шығып: «Қазақстан деген не ел? Онда барғанда не табасың? Қазақтың тілін үйреніп қайда бармақсың?» деп қарсы да болыпты. Бірақ алған бетінен қайтпаған Уфук Түркістанда оқып, қазақ арасынан достар табады. Қазақты өз еліндей көріп кетеді. Назарбаевтың бір реткі сапарында тіпті тілмәштық қызмет те атқарады.
Уфук Түзманның арғы тегі де Қапқаздан 1900 жылдары Түркияға ауып келіпті. «Ұлы атам заманында еті тірі, өжет кісі болса керек. Қарашайлардың көшін ұйымдастырып жүріп елге қайтып бір барғанында басқыншы орыстардың қолына түсіп итжеккенге айдалып кетеді. "Әжемнің сіңлісі Жұлдызхан жөргектегі күйінде шырылдап қала береді. Оны біреулер асырап алып ақыры титтей Жұлдызхан ақырында қазақ жерінен бір-ақ шығады. Қазіргі Жамбыл облысының Кемер деген ауылында қазақ отбасында тәрбиеленіп қазақ жігітімен бас құрайды. Әжем 107 жасқа келіп қайтты. Жарықтық өле-өлгенінше сіңлісін іздеп, аһ ұрып отыратын. Түркістанда оқып жүрген кезімде мен сол Жұлдызханды таптым. Жұлдызхан өмірден озған екен. Алайда ұрпағымен табыстым. Қазір хат-хабар алысып, барып-келіп тұрамыз", - дейді Уфук.
«Қазақ болып кеткен» (өз сөзі) Уфуктың балалары да қазақ топырағында дүниеге келіпті. Үлкені Юнұс Еміре 2003 жылы Түркістанда туса, қызы Анисат 2008 жылы Тараз қаласында іңгәлапты.
Уфук қазір Түркияның Мемлекеттік телерадиокомпаниясында қазақ редакциясында қызмет етеді. Қазақ тілінде интернет парақшасын жүргізеді.
(Қарашай-малқар жазушысы, Махмұт Қашқари атындағы сыйлықтың сахибы, жазушы Мүтәліп Бекппаев. Жазушының балалық шағы Жамбыл облысында өткен)
Түркиядағы сапарымызда қарашай-малқар жазушысы Мүтәліп Бекппаевпен танысып, аға-іні болып кеттік. Мүтәліп аға да біздің Жамбылда туып өсіпті. Қазақ десеңіз елжіреп тұр. «Олжас аға бір кітабына «Мүтәліп туысқаныма» деп қолтаңба жазып берді» дегенді қайта-қайта айтады.
Қарашайлар туралы сөзімді осы Мүтәліп ағаның «Қасқыр-адам» әңгімесімен тиянақтамақпын.
Еуразия жазушылар одағы жариялаған Махмұт Қашқари атындағы байқаудың жүлдесін иеленген шығармасында Мүтәліп аға Совет өкіметінен қашып, қырық жыл Қапқаз тауларын паналаған адамның ерлігін әйгілепті. Елсіз-жансыз аспан тауларды мекен еткен адам өзіне тек қасқырды ғана серік тұтып, бірге өмір сүреді.
Күндердің күнінде әлгі адам әбден қартайып таудан ел ішіне оралады. Қасқыр-адамды көргендер сұрайды: «Қырық жыл қашып жүргенде не таптың? Одан да сотталып кеткенің дұрыс еді ғой. Сотталсаң 10-15 жылда жазаңды өтеп аман-есен шығар едің. Енді мынандай болып келіп тұрсың. Осы тірлігіңді қалай түсіндіресің?» деп. Сонда қасқыр-адам:
- Мен қырық жыл қашқын болып өмір сүрген жоқпын. Азат ғұмыр кештім. Тәнім ғана емес, жаным мен рухым да азаттықтың ауасымен тыныстады. Енді таяуда мәңгілік азат әлемге аттанамын, соның алдында басын сорға байлаған елдің жайын бір рет көріп кетуді жөн санадым, - дейді.
Қасқыры да, адамы да, қаламгері де қазақтың табиғатымен үндесетін қарашай деген елдің ендігі тағдыры не болар екен? Осы сауалдың жауабына алаңдап, сырттағы жаутаңкөз бауырларымды, көші-қонның бұйдасын бұра тартып жүрген сұмпайыларды ойлап Алматыма оралдым.
2013 жыл, қаңтар
Abai.kz