Жұма, 22 Қараша 2024
46 - сөз 5467 0 пікір 23 Ақпан, 2015 сағат 13:13

Әміржан ҚОСАНОВ. ТЕГІН ТОҚАШ

Үкіметтің Елбасы өзі жүргізген отырысы өтті. Шынын айтсақ, ондай ұзын-сонар жиындарға құлақ та, көз де, сана да үйренді. Тақырып – таныс та таптаурын: сол баяғы дағдарыс, содан шығу амалдары (алдымен оған қалай кіріп кеткенімізді және оған кім кінәлі екенін анықтап алсақ қой, шіркін!).

Бұрын да айтылып келе жатқан ұсыныстар қайталанды. Сонау 2007 жылға дағдарыстан кейінгі сол ескі үрдіс: Ұлттық қордан тағы да миллиардтаған ақша шығарып, шұрқ-шұрқ тесілген қаржылық көрпенің жыртығын жамап-жасқау. Ол қордың түбі бір күні тесіліп қалатынын бәріміз де білеміз ғой. Сонда не етеміз?

Бұл жолғы «жаңалығы» сол – енді мемлекеттік бюджет шығындары президенттің ұсынысымен 10 пайызға қысқартылады. Бірақ қай баптарға «секвестрдің» семсері сілтенеді? Сол жағы қызық.

Ассамблеяның ұсынысымен таяуда болуы ықтимал сайлау әсер етті ме, білмедім, бірақ президент «әлеуметтік міндеттемелер қысқартылмайды!» деп кесіп айтты. Қолдаймын.

Әсіресе, «үнемдеуді әр шенеунік өзінен бастауы тиіс», «даңғаза да ас та төк тойларды доғару керек!» деген талаптардан қалай айналмайсың-ау?!

Бірақ кейбір ұсынылған «қысқартулар» көңілге қонбады.

Мәселен, енді бастауыш мектеп оқушыларының тегін тамақтануы тыйылады!

ЭСКПО-2017, Универсиада мен Олимпиада секілді қыруар қаржыны қажет ететін әрі ешбір экономикалық пайда бермейтін жобаларды қысқартудың орнына өкіметтің осындай әлеуметтік, экономикалық, керек десеңіз, моральдық тұрғыдан масқара қадамға баруын түсіну тіпті де мүмкін емес! Балалардың аузынан жырып алынған сол қаржы Қазақстан экономикасын жарылқап тастайды дегенге өз басым сенбеймін! Оның үстіне неге билік үнемді өзінен емес... бейкүнә балалардан бастайды?!

Әрине, президент: «бұны да ойланып істеңдер, әлеуметтік жағынан қорғалмаған топтар қиналып қалмасын» деген сыңайда тілек білдірді.

Бірақ, мойындайықшы, өзін орташа табысы бар топқа жатқызып жүрген отбасылар үшін мектептегі күнделікті тегін тамаққа тыйым салынуы біршама ауыр салмақ түсіретіні айтпаса да белгілі. Бағаң анау күн сайын шарықтап жатқан. Теңгенің бағамы да Ұлттық банктің төрағасы БАҚ-қа шыққан сайын жоғарыға ытқып кетуге дайын тұр. Жалақы мен зейнетақы да жыл сайынғы инфляцияға ілесе алмай-ақ қойды. Осындай жағдайда тұрақты жұмысы мен табысы бар адамдардың өзі әлеуметтік жағынан қорғалмаған топқа қалай кіріп кеткенін байқамай қалды емес пе?

Үнемдеу сонымен бірге Алматы метросына да жетті. Ендігі жерде оның құрылысы тоқтатылмақ. Өз басым мұндай шешімнің астарында экономикалық себептен гөрі бас қала мәртебесінен айрылса да, жыл өткен сайын құлпырып бара жатқан, оның үстіне қоғамдық-саяси белсенділігін аракідік танытып, наразылық митингілері мен басқа да акцияларына шығып, мінез көрсетіп, билікке қатты-қатты сын айтып жүрген оңтүстік астанаға деген Астананың теріс көзқарасы деп білемін. Әйтпесе, қысқартатын құрылыс нысандары Астанада да толып жатыр емес пе?! Шынымен де үнем керек болса, солардан неге бастамайды?

...Иә, тағы да бір отырыс өтті, бітті. Ертең тағы да осындай спектакльдердің көрермені бола жатармыз.

Теледидардан осы қойылымды көріп бір қорытынды шығардым.

«Саясат – экономиканың мейлінше шоғырланған көрінісі» деген бір қанатты сөз бар.

Бізде саяси өмір – өлі қалпында, қыбыр еткен жанды бір қимыл жоқ. Бәсеке жоқ. Сондықтан береке де жоқ. Бәрін бір партия шешіп жатыр. Басқа қоғамдық күштер шешім талқылау және қабылдау процесінен шет қалған. Міне, осылайша ширек ғасырға созылған осы саяси ахуал бізге жаңа бір феноменді әкелді, оның аты – «нұротандырылған» экономика! Яғни, саяси өмір секілді қоғам өмірінің бұл саласында да селт еткен әрекет, пікір мен ой сайысы жоқ. Сондықтан да қазіргі үкіметтің экономикалық саясатының бар сиқы мынау – мұнайдан түскен миллиардтарды аракідік ортақ бөліске салып, талан-таражға салу! Басқа бағдарлама жоқ!

Президенттің өзі отырыс басында қарамағындағыларға: «келелі кеңес болсын, баршамыз талқылауға қатысып, өз ұсыныстарымызды айтайық, ақылдасайық!» деген сыңайда ниет білдірді.

«Қайдам», - дедім ішімнен. Өмір бойы тек қана елбасының тапсырмасымен жұмыс жасап үйреніп қалған, ол отырғанда жұмған аузын ашпайтын біздің шенеуніктерден қайдан балама ұсыныс, не жаңалық шыға қойсын? Әрқайсысы өзінің жұмсақ креслосы үшін дірілдеп отырғанда еркін ой мен белсенділік қайдан шыға қойсын?

Ақырында дәл солай боп шықты. Сөйлеген министрлер мен әкімдер өз есептерін беруден әрі аса алмады. Сол баяғы «сіздің тапсырмаңызға сәйкес» деген жалпылдақ жауаптар мен дүдәмал уәделер.

Бірпартиялық саяси жүйе бірпартиялық экономиканы дүниеге әкелді. Ал ол құрсауда көппартиялық қоғам қалай өмір сүреді? Соны ойлап, басым қат...

«Ашық алаң» (Қалам Мезгіл) газеті, №6, 19 ақпан 2015 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5300