Жұма, 22 Қараша 2024
Күбіртке 6598 0 пікір 21 Ақпан, 2015 сағат 10:59

ДЕПУТАТТЫҢ НАЛАСЫ: ДИПЛОМНЫҢ "БАҒАСЫ..."

Қазақ еліндегі оқу орындарында әртүрлі деңгейдегі дипломдар сатылады. Мектепке дейінгі ұйымдарға, яғни балабақшаларға және мемлекет тегін оқытуға тиісті мектептердің өздеріне баланы орналастырудың белгілі бір дәрежедегі «тарифі» бар. Білім саласындағы мемлекеттік сатып алу жүйесін сыбайлас жемқорлық жайлаған - барлығы сатылады, барлығын сатып алуға болады. Осындай жағдайды біле тұра... Білім және ғылым министрлігі мүлде ештеңе істемейді.

«Нұр Отан» партиясы жанындағы сыбайлас жемқорлықпен күресетін республикалық қоғамдық кеңестің мінбесінен мәжілісмен Меруерт ҚАЗЫБЕКОВА тұп-тура осылай деді. «Есеп комитеті жақында ғана білім саласы бойынша 18,3 миллиард теңге көлеміндегі бюджет және басқа да заңдылықтардың өрескел бұзылғанын анықтады, - деді МЕРУЕРТ ханым мәлімдемесі барысында нақты деректерді атап көрсетіп, - ал мұндай мәселе 2013 жылы 26,3 миллиард теңге, өткен жылдың тоғыз айы бойынша 38,2 миллиард теңгені құраған екен. Білім саласы бойынша өткен жылдың тоғыз айында 228 сыбайлас жемқорлық қылмыстары тіркелген болса, бұл көрсеткіш 2013 жылдың тоғыз айында 117 деген цифрдың айналасында болыпты. Демек, жыл сайын сыбайлас жемқорлық деңгейі көтеріліп бара жатыр деген сөз... Өткен жылы осы білім саласының министрі (Аслан Сәрінжіповті айтады) алты ай ішінде бір де бір азаматты қабылдамапты. Оның қабылдауына өзге түгілі, біздің өзіміз де (мәжіліс депутаттарын айтады - М.М.) кіре алмадық...»

Мәжілісменнің айтуына қарағанда, өткен жылдары Білім және ғылым министрлігі мектептердің химия кабинеттеріне қажетті құрал-жабдықтарға қатысты мемлекеттік сатып алу байқауын өткізіп, нәтижесінде білім саласының 569 мемлекеттік мекемесіне екі миллиард теңгенің химиялық құрылғылары сатылып алынған екен. «Алайда аталмыш құрылғылар күні бүгінге дейін іске қосылмай, шаң басып, босқа жатыр» деді Меруерт Қазыбекова.

Қызық! Қай жағынан алып қарасаңыз да – қызық! Өткенде ғана Есеп комитеті ауыл шарушылығы министрлігінің игерілмей қалған... игерілуі былай тұрсын, игерілуі кезінде «аты бар да, заты жоқ» «сағым фирмаларға» қолды болып кеткен миллиардтар тізімін ашып айтып, АТТАНды салып еді. Сол АТТАН сол күйі... айтылған жерінде АТТАН болып қалып кетті. Таза көз бояушылық! Одан бері көп те уақыт өткен жоқ, алайда көпшілік оны ұмытып та үлгерді. Қайбір жылдары Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан МАМЫТБЕКОВ асыл тұқымды шет елдік бұқа-сиырларды сырт елдерден ұшақпен тасып еді. Елімізге. Миллиондаған долларлар жұмсалған сол АСЫЛЖАН министрдің асыл тұқымдыларының алды арам өліп, арты әліге дейін есін жимай жатқан көрінеді, естуімізше. Әңгімемізге арқау болып отырған Білім және ғылым министрлігінің миллиардтаған қаржыға шет елдерден алдырған химияға қатысты құрал-жабдықтары да, ашығын айтайық, АСЫЛЖАН мырзаның асыл тұқымды шет елдік малдарының кебін киіп отырғанға ұқсайды. Мәжілісмен МЕРУЕРТ ханымның мінбеден айтқандарынан біздің түсінгеніміз осы. Ал енді әңгіменің ашығын айтатын болсақ, «мәжілісмен МЕРУЕРТ ханым да, басқалар да аяқ астынан неге осы белсенді болып кетті?» деген сұрақ туады. Сұраққа жауап, әлбетте, біреу-ақ: бірнеше жылдан бері бар-жоғы білінбейтін мәжілісмендердің бүгінгі белсенділігі алдағы жылы болып қалуы тиіс парламенттік сайлауға қатысты болса керек, өйткені МЕРУЕРТ ханымның да, Меруерт ханым сияқты басқа депутаттардың да «ояна бастауы» осындай ойларға жетелейді. Ал енді МЕРУЕРТ ХАНЫМНЫҢ аяқ астынан «айтып-айтып тастаған әділетті» сыны... дәл сол айтылған жерінде – «Нұр Отанның» маңайындағы мінбелердің айналасында қалып кетеді. Мұның да ашығын айтайық.

Марат МАДАЛИМОВ.

Абай.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1434
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3199
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5120