Нұрғазы Сасаев. Кім кімнің келешегін ойлап жүр осы?..
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 6 маусым күні Алматыдағы Орталық стадионда адуынды Англия құрамасын қабылдайды. Бұл – Қазақстан футболшыларының 2010 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турнирі аясындағы алтыншы ойыны. Ал Қазақстан құрамасының қазіргі бас бапкері Бернд Шторк осындай маңызды ойында біздің футболшыларға үшінші рет жетекшілік етпек. Неміс маманы осының алдындағы екі ойында Англиядан да (түзде), Беларусьтан да (үйде) 1:5 есебімен ұтылған. Бұл жолы да тәжірибелі футболшыларымызды көзіне ілмей, өрімдей жастарды жиып алды. Беларусь футболшыларынан ойсырай ұтылғанда өзегіміз өртеніп, жігеріміз құм болған. Енді айбынды ағылшындардан оңбай ұтылып, тағы да жер шұқып қалмаймыз ба? Ұтылған соң намыстанып, байбалам салып жүрмейміз бе?!
Кеше осындай сауалдарымызды әйгілі қақпашы, бүгінде көпшілікке танымал футбол қайраткері Құралбек Ордабаев ағамызға жаудырдық. Ойымыз – осы саладағы кәсіби маманның пікірін білу. Үнемі жеңілістен кейін даурықпай, өзекті мәселені алдын ала көсеген де дұрыс болар, бәлкім…
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 6 маусым күні Алматыдағы Орталық стадионда адуынды Англия құрамасын қабылдайды. Бұл – Қазақстан футболшыларының 2010 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турнирі аясындағы алтыншы ойыны. Ал Қазақстан құрамасының қазіргі бас бапкері Бернд Шторк осындай маңызды ойында біздің футболшыларға үшінші рет жетекшілік етпек. Неміс маманы осының алдындағы екі ойында Англиядан да (түзде), Беларусьтан да (үйде) 1:5 есебімен ұтылған. Бұл жолы да тәжірибелі футболшыларымызды көзіне ілмей, өрімдей жастарды жиып алды. Беларусь футболшыларынан ойсырай ұтылғанда өзегіміз өртеніп, жігеріміз құм болған. Енді айбынды ағылшындардан оңбай ұтылып, тағы да жер шұқып қалмаймыз ба? Ұтылған соң намыстанып, байбалам салып жүрмейміз бе?!
Кеше осындай сауалдарымызды әйгілі қақпашы, бүгінде көпшілікке танымал футбол қайраткері Құралбек Ордабаев ағамызға жаудырдық. Ойымыз – осы саладағы кәсіби маманның пікірін білу. Үнемі жеңілістен кейін даурықпай, өзекті мәселені алдын ала көсеген де дұрыс болар, бәлкім…
– Құрал аға, Қазақстан құрамасының қазіргі бас бапкері Бернд Шторк тағы да жастарға иек артпақ. Тәжірибелі футболшылармыздың бәрін дерлік керексіз етіп тастады. Араларында кейінгі жылдары еліміздің ең үздік футболшысы атанып жүрген саңлағымыз да бар. Сіз қалай ойлайсыз, дұрыс па осы? Бұғанасы бекімеген бозбалаларымыз Тұманды Альбионның тіс қаққан қырандарына төтеп бере ала ма?
– Біз өзі, қазақ халқы, үмітімізді үзбейтін елміз ғой. Бәріміз де «ойын қызықты болады» деп үміттеніп отырмыз. Бірақ қазіргі бас бапкер Бернд Шторктің жасақтап жатқан құрамына қарасаң, қарның ашады, бұл – бір. Екіншіден, бұл жаттықтырушы бүкіл Қазақстанды алдап отырған сияқты болып көрінеді. «Мен жастарға сенемін, жастарды шығарамын. Себебі олар – сіздердің болашақтарыңыз. Оларды қазірден бастап ойнатудың маңызы зор», – дейді. Негізі, жастарды шыңдаудың, жастарды ауыздандырудың басқа жолы бар емес пе?! Жастардың өз деңгейі бар. Жасөспірімдер және жастар арасындағы құрамалар бар. Олар әуелі жастар құрамасында тәжірибе жинақтап, жетіле түсулері керек емес пе? Жоқ, біз оларды бірден ұлттық құрама сапында ойнатып, Еуропаның ығай мен сығайларына қарсы қоямыз. Кім кімнің келешегін ойлап отыр сонда? Шетелдік маман осындай ірі ұтылыстардан соң, өз жұмысынан айырылып қалмас үшін бізді алдап отырған жоқ па осы? Өзінің ертеңін ойлап, оны біздің келешегімізге апарып жапсырып, бәрімізді шатыстырып жүрген жоқ па?!
Жастың аты – жас. Олардың тәжірибесі аз. Иә, олар аянбай, барын салып жүгіреді. Алға қарай ентелеп, дамыл таппай зыр қағады. Бірақ олар 90 минут бойы тізгін тартпай жүгіре алмайды. Олар да шаршайды. Сондықтан бірінші таймда қолды-аяққа тұрмай, зыр қаққан жастарымыз екінші таймда алғашқы қарқындарын жоғалтып алады. Бірінші таймда не өздері ойнамай, не қарсыластарын ойнатпай, олардың жолдарына кесе-көлденең тұрғандарымен екінші таймда есе жіберіп алып жүр. Беларусь құрамасымен болған ойында осылай болған жоқ па?! Күш-жігерді екі таймға жеткізіп, баспен ойнау керек қой. Тактика болуы керек. Алаңға 90 минутқа шыдайтын ойыншыларды шығару керек. Мен жастарды мүлде ойнатпасын демеймін. Ойнатсын. Бірақ олардың арасына міндетті түрде тәжірибелі футболшыларымызды қосу керек. Алаңға шығармаса да, Смақов сынды саңлақтарымыздың сол өрімдей жастардың арасында жүргені дұрыс еді. Мұның тәрбиелік мәні зор. Онда жастарымыз дандайсымай, олардан үлгі-өнеге алады.
– Құрал аға, неміс маманы ұлттық құрама сапына Смақов, Тілешев сынды сыралғы ойыншыларымызды алмай отыр. Осы жөнінде не айтар едіңіз?
– Дұрыс-бұрысын айтқаным қисынсыз болар. Себебі бас бапкерге «ана ойыншыны ал, мына ойыншыны шығар» деп сырттай нұсқау беру – әбестік. Бұл – бас бапкердің құзыретіндегі шаруа. Оның үстіне мен Смақовтың да, Тілешевтің де, Лорияның да, басқаларының да ойындарын үнемі көріп жүрген жоқпын. Бірақ төл чемпионатымыздың оныншы турынан кейін 9 голмен мергендер тізімінде көш бастап келе жатқан Тілешевтің ұлттық құрама сапына алынбай қалғанына таңмын. Қызық, негізгі құрамда ұдайы алаңға шықпайтын Остапенко құрама сапына алынады да, сұрмерген Тілешев көлеңкеде қалады. Бірақ қайталап айтайын, мұның бәрі – бас бапкердің құзыретіндегі шаруа, әрине.
– Сіз, негізі, қақпашысыз ғой. Сондықтан қақпашылар жайын сізден сұраған жөн болар. Қазір біздің ұлттық құрама қас шебер қақпашыға зәру. Сіздің ойыңызша, біздің чемпионаттағы қақпашылардың ішінде қайсысы ұлттық құрама намысын қорғауға лайық?
– Өкінішке қарай, ел чемпионатын толық көріп жүрген жоқпын. Алматыда өткен ойындарды көремін, әрине. Сондай-ақ теледидардан көрсетілетін басқа қалаларымызда өткен матчтарды көріп жүрмін. Бірақ мұның бәрі аз. Десек те, менің төл чемпионатымызда өнер көрсететін қақпашыларға көңілім толмайды. Шеберлігіне риза болатын, сүйсінетін қақпашы жоқ. Қақпашы мүлде жоқ емес, бар. Бірақ жоғары деңгейдегі қақпашы жоққа тән. Қақпашы артындағы қақпаны сезе білуі керек. Ал біздегі қақпашылар қақпадан сәл ұзап шығып кетсе, алақтап қақпаны іздей бастайды. Қарсыластары бұрыштама добын, айып добын орындаған кезде, сондай-ақ ойын барысында қақпадан сәл алға қарай шығып кетсе, артына бұрылып, қақпаны іздеп әлек болады. Ойынның одан әрі өрбуіне қарау жайына қалады. Ал қақпашы деген қақпаны сезе білуі керек, қорғаныстағы әріптестерін сезе білуі керек. Ойынды оқып тұруы керек. Айналасындағы қорғаушыларына нұсқау беріп, қауіптің алдын алуы керек. Бір сөзбен айтқанда, стратег болуы қажет. Ұлттық құрама сапына кім лайық дейсіз бе? Қиын сұрақ, мен ешкімді де атай алмаймын.
– Ал сізге Роман Нестеренко қалай?
– Тактикалық тұрғыда деңгейі аса жоғары қақпашы емес. Ойынды оқып тұрмайды. Кейде қағып алатын допты кері қайтарады. Содан соң өзінің шашын түзеп әлекке түседі. Бұрыштама добы орындалғанда шашын ұстаумен болады. Маған қара көз бауырымыз Мұрат Мұқашевтың ұлттық құрама сапына алынып жүргендігі ұнайды. Алаңға шықпаса да, құрама сапында басы қарайып жүргеніне ризамын. Енді тек өзін-өзі қамшылап, еңбектенсе, тез жетіле түседі. Бірақ мен Мұраттың бірде-бір ойынын көрген емеспін. Ал Англия құрамасымен болатын ойында қақпаға Александр Мокин тұрады деп ойлаймын. Көресіздер, сол тұратын шығар. Бірақ Беларусь құрмасымен болған ойында қақпаға ол тұрған жоқ. Енді қалай болады, түсінбеймін…
– Шторктің сөзінен шығады, кезінде Сергей Тимофеев те «жастарды шыңдауым керек» деп бір топ футболшыларды құрамаға тартты. Жастар арасындағы әлем чемпионатына қатысып келген Фомичевтің жігіттеріне көз ілмеді. Пайперс те біраз жасты сүйреді. Енді, міне, Шторк ұлттық құраманы кілең жастардан жасақтамақ. Сонда тек жас футболшыларды қажет етіп, ересектерін топ-тобымен керексіз етіп тастайтындаймыз…
– Дұрыс айтасың! Төбесінен түстің! Мұның бәрі – бапкерлердің келешекті ойлағыш бола қалған саясаттары. «Бас бапкер келешекті алға тартып, бәрімізді алдап отырғандай» деуімнің сыры – осы. Ең сорақысы, осындай бапкерлер өз кінәларын мойындамайды. Бәрі де кінәні шеттен іздейді. Мысалы, Шторкті алайықшы. Беларусьтан ұтылған соң «физикалық тұрғыда әлсіз» деп ойыншыларды даттады, «футболшыларды дұрыс дайындамаған» деп премьер-лига бапкерлерін кінәлады. Ал өз қатесін мойындады ма? Жоқ. «Бірінші таймда бар күш-жігерімізді сарқ еттік, екінші таймда басқа тактика қолдануым керек еді» деді ме? Жоқ! Содан соң, өз атына айтылған сынға, өзгелердің айтқан ақыл-кеңесіне құлақ аспайды да. Жастардың бұла күші мен сақа ойыншыларымыздың тәжірибесін неге бір арнаға тоғыстырмасқа? Мен мұның бәрін жанашыр жанкүйер ретінде, кезінде өзім футбол ойнағандықтан, маман ретінде айтып отырмын. Ел футболына басшы болған азды-көпті тәжірибем де бар. Мына біз, футбол ардагерлері стадионда отырып, ойыншылар алаңға бой қыздыру жаттығуына шыққанда-ақ, көп нәрсені бірден аңғарамыз. Қимыл-қозғалыстарына, әсіресе, көздеріне қарап, дайындықтарының қандай деңгейде екендігін бағамдай аламыз. Соңғы ойында байқағанымыз, біздің жастарда құлшыныс бар, ынта бар, бірақ тактика жағы ақсаулы.
Нұрғазы Сасаев
«Алаш айнасы» 30 мамыр 2009 жыл