Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3604 0 пікір 4 Қазан, 2010 сағат 18:42

Рауза БЕЙСЕНБАЙТЕГІ. Павлодар – қазақтың қаласы емес пе?

Павлодар қаласының әкімі ЖОЛАМАНОВ мырзаға
Көшірмелері: Павлодар облысының әкімі САҒЫНТАЕВ мырзаға
Павлодар облысы прокуроры САРТАЕВ мырзаға
Павлодар облысы Тілдерді дамыту басқармасының бастығы
Әбілқасымов мырзаға
Республикалық БАҚ өкілдеріне

 

Мен қазақ ретінде, Қазақстан мемлекетінің азаматшасы ретінде еліміздегі мемлекеттік тілдің аясын көтеріп, кеңейтуге атсалысуды өз парызым деп санаймын. Әлбетте, бұл арада еліміздегі өзге ұлт өкілдерін, не олардың төл тілдерін кемсіту деген ой әсте жоқ. Өкінішке орай, біздің Павлодар қаласында қазақ тілі өрескел жолмен аяққа тапталуда. Жалпы, аяқ басқан сайын қазақ тілінде сөйлейтін жергілікті халық өкілдерін кемсітушілік көңілмен қатар, бізге қатысты «ортаға бүлік салушы» деген көзқарас та қалыптасып барады. Сөзім дәлелді болу үшін, қаламыздағы әр ортаға, әр салаға осы тұрғыдан шолу жасай кеткенді жөн көрдім.

Қалалық транспорт, қоғамдық көлік

Павлодар қаласының әкімі ЖОЛАМАНОВ мырзаға
Көшірмелері: Павлодар облысының әкімі САҒЫНТАЕВ мырзаға
Павлодар облысы прокуроры САРТАЕВ мырзаға
Павлодар облысы Тілдерді дамыту басқармасының бастығы
Әбілқасымов мырзаға
Республикалық БАҚ өкілдеріне

 

Мен қазақ ретінде, Қазақстан мемлекетінің азаматшасы ретінде еліміздегі мемлекеттік тілдің аясын көтеріп, кеңейтуге атсалысуды өз парызым деп санаймын. Әлбетте, бұл арада еліміздегі өзге ұлт өкілдерін, не олардың төл тілдерін кемсіту деген ой әсте жоқ. Өкінішке орай, біздің Павлодар қаласында қазақ тілі өрескел жолмен аяққа тапталуда. Жалпы, аяқ басқан сайын қазақ тілінде сөйлейтін жергілікті халық өкілдерін кемсітушілік көңілмен қатар, бізге қатысты «ортаға бүлік салушы» деген көзқарас та қалыптасып барады. Сөзім дәлелді болу үшін, қаламыздағы әр ортаға, әр салаға осы тұрғыдан шолу жасай кеткенді жөн көрдім.

Қалалық транспорт, қоғамдық көлік

Қала ішіндегі трамвай, автобустардан таспа негізінде берілетін қазақ тіліндегі аялдама хабарландырулары 20-30%-дан әрі аспайды. Салондағы төлем ақы, тәртіп қадағалау қызметтері де тек ресми тілде. Ресми орындар өзге мәлімет беруі мүмкін, айталық, «Бізде қоғамдық көліктегі ақпарат тарату 100% (не соның маңайында - автор) мемлекеттік тілде» деп. Бірақ бұл әншейін құрғақ сөз. Оның сыртында қоғамдық көлік жүргізушілері көп жағдайда таспаны өшіріп қояды, ал, билет сатушыдан аялдаманың атын қазақша сұрап көрсеңіз, бәлеге қаласыз. Олар: «Русский язык еще никто не отменял!», «Говорите на нормальном языке!», «Какая вы националистка? Почему Вы говорите на казахском языке?!», «У нас два языка!», «Без русских вы вымерете...» деп атойлап шыға келеді. Қазақша сөйлеген жолаушының Керекудің қоғамдық көлігінде еститіндері осы. Әдетте олар бұл сөздерін бүкіл салонға айғайлап, орыс және қазақ ұлтын бір-бірімен қарсы қоюға талпынады. Ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан алғанда бұл мемлекеттік тілге, тұтас бір ұлттың, халықтың намысына тиетін сөздер. Осының өзінен-ақ қоғамдық көлік саласындағы мемлекеттік тілдің бүгінгі жағдайын, деңгейін байқай беріңіз.

Айтқандай-ақ, үстіміздегі жылдың 30-31 тамызында қаладағы «Тез» деп аталатын такси қызметіне (т.68-90-90) жүгініп, қазақша сөйлегенімде, ондағылар орысша сөйлемегенім үшін маған қызмет көрсетуден бас тартты. Сұрастыра келсем, бұл мекеме тіпті еш жерде тіркелмеген де болып шықты!

Былтыр күзде М. Ж. АСЫЛБЕКОВ есімді қалалық шенеунікке (ТҮКШ шенеунігіне) хабарласып, қаламыздағы тіл мәселесіне қатысты масқара жайттарды доғарайық, қалалық транспорт өкілдері мен кондукторлардың қатысуымен жиналыс өткізейік, сіз қатысыңыз дегенімде, ол: «Мне некогда этим заниматься, есть дела поважнее» дегені бар. Сонда бұл мәселені кім ескеріп, кім назарына алуы тиіс, қымбатты ағайын?!

Сауда саласы, нарық...

Мұндағы жағдай да сол тақылеттес. 2006 жылдың желтоқсанда «Артур» сауда үйінде қазақша етік сұрағаным үшін: «Выйдите отсюда, мы на казахском языке не обслуживаем! Не собираюсь ваш язык изучать, не мешайте работать, охрана!» деп бақырған-ды. Содан, басқа сатушылар да осындай шовинистік пиғылда ма екен деп, аяқ киім сататын шағын дүкендерді түгел аралап шықтым. Естігендерім көлікке қатысты жағдайдан еш аумайды. Ең «жылы» сөзі, оның өзіне көкіректене айтқаны: «Я русская!» болып шықты. Тек бір ғана дүкеншеде, кавказдық болу керек, «Все были бы как вы, мы язык быстрее выучили бы» деді.

2010 жылдың 1-мамырында «Олжа» сауда үйіндегі №333-ші бутикке бас сұққанымда сатушы маған: «Я вас не понимаю и не собираюсь ваш язык изучать, выйдите отсюда, охрана!» деп айқайлаған соң, полиция шақыртып, арыз жаздым. Өкінішке орай, полицияның түсіндіруінше, егер «цензуралық емес сөз айтылмаса» сатушы мен олардың қожайындарына еш шара қолданылмайды екен! Ал №111 бутикте: «Я не понимаю по вашему, говорите по русский, либо обслуживать не буду!» десе №211 бутикте одан да зоры шықты. Екі-үш жылдың аясында, итеріп, қол жұмсап бірнеше рет шығарып тастады. Олардың айтуынша, мен әдейі, провокация жасамақ ниетпен қазақша сөйлейді екенмін! Негізі, сауда үйінің әкімшілігіне бұрын да тілді (ұлтты) қорлап жатқандар туралы өзге де дүкеншіктер туралы арызданғаным бар, бірақ нәтиже жоқ. Қазақ тілінде сөйлейтіндерді қуып, қызмет қызмет көрсетпейтін дүкендердің қатарында: «Счастье», Кутузов, 20/3 мекен-жайындағы «Балтика», «Дом одежды», Кутузов, 21 үйіндегі «Сластена» сынды сауда орындары да бар. Осындай дүкендер де, сауда орталықтары да Керекуде өте көп! Конституциямыз бен Тілдер туралы Заңда көрсетілген: «Тіл пайдалану шеңберінде ешкімнің құқы шектелмейді» деген қағида Павлодарда жұмыс істемейді.

Әулеметтік салаға жауапты облыс, қала әкімшілігі бұл жағдайдан хабарсыз деп айта алмаймын. Тіпті, әкімшілікке телефон шалсаң: «Приемная акима ... слушает» деп тақ ете қалады. Сөйтіп, жұртты тағы да орысша сөйлеуге мәжбүрлейді. Ал, қалалық әкімшіліктегі әйел шенеуніктің бірі (фамилиясын айтпай қойды): «У нас русскоязычное общество, почему вы живете против течения?!» деп, бір қойды.

Соңғы бір-екі жылдың ішінде тікелей әкімшіліктің қатысуымен қаламызда бірнеше сауда үйі ашылды. «Шапағат» дүкенінде, өкінішке орай, атауынан басқасы тек көрші мемлекеттің тілінде: «Вход», «Вход в социальный магазин» деген жазуларды бірден байқайсыз. Көрсетілетін қызмет те өңкей орыс тілінде (бірді-екілі қазақ тілділер болмаса). Осыдан бір айдай бұрын ғимарат қожайыны СТРЮК мырза өзінің «Новое время» атты қалалық газет ұжымымен бірге (3-4 адам, камера, диктофондарымен), менің ырқымсыз менен сұхбат алмақ болып: «Неліктен орыс тілді сатушыдан кәмпитті қазақша сұрайсыз, қазақ тілін түсінетіндеріне неге бармайсыз?» деп (білмеймін, өз сөздері сол диктофонында жазылған ба?) шыққаны бар. Және маған, «барлығын дұрыстап жазып алыңыз, біз мемлекеттік органдарға жеткіземіз» дейді. Осы арада мынадай сұрақ туындайды: сонда Стрюк мырза қай мемлекеттің, қай органына сүйеп отыр? Жалпы, Керекуде Қазақстан мемлекетінің мемлекеттік тілімен өмір сүріп, ғұмыр кешеміз десеңіз, босқа қара терге түсіп, әуре боласыз. Осы жайттардың көбісі облыс әкімінің сайтында 2008 жылдың 25-желтоқсанында жазылып, Кәсіпкерлікті дамыту департаментінің бастығы мен қызметкерлері сөз қозған да болатын. Ал, ана тілімізді қылғындырған мына оқиғаға осы 2010 жылдың 14-тамызында куә болдым. Кутузов, 24 мекен-жайында орналасқан сауда орнындағы көкөніс сатушы: «Идите вон и там разговаривайте на своем, здесь говорите по русский или не мешайте работать!» деп, қолын бірақ сілтеді.

Ұлттық компания - «Қазақтелеком»

Бұл мекемемен тілге қатысты соңғы 4-5 жылдың ішінде үнемі байланысып келемін. Басшысы А.С. КУЗЕКОВ мырзамен де сөйлестім. Қызмет көрсетулеріне байланысты біраз арыздандым да, онда да, сол: «қазақ тілінде неге жауап бермейсіздер?» деп. Анықтама қызметтері: «Здравствуйте, Казахтелеком слушает Вас» деп шыға келеді. Яғни, қазақ тілді азаматтарға тағы да қызмет жоқ деген сөз. Болмай, қайталап қазақ тілінде сұрасаң, «1 минут», деп 2-3, 5 минутқа күттіріп қояды. Мекеме басшыларының айтуынша, бірнеше жылдан бері компания қызметкерлері мамандығына қарай қолданылытын тіл қорын үйреніп, аттестациядан өтеді екен. Ендеше, олар қазақ тілінде сөйлей біледі деген сөз. Қалай болғанда да, осы мекеме тарапынан да Павлодардағы қазақ тілді жұрттың құқы аяққа тапталып жатыр! Әрине, біз өзге тілді жұрттың құқы шектелсін деп отырған жоқпыз, біз өз мемлекетімізде, өз ана тіліміздің құқы өзінің тиісті деңгейіне шықсын деп отырмыз.

Жарнама

Бұл арада айтпағым, дәл әкімшілік орталығында, Орталық әмбебап сауда үйінен бүкіл көшеге орыс тілінде ауызша жарнама беріліп тұрады. Тілдер заңындағы: «Қазақстан Республикасында барлық ақпарат мемлекеттік... тілде беріледі» деген норма жарнамашы мекемелер үшін жүрмесе керек. Қазақ тілді азаматтардың қазақ тілінде жарнамай тыңдасам деген құқығы, пікір-ойы еш ескерілмеген...

Энергоорталық қызметкерлері

Әр айдың соңында бұл мекеме қызметкерлері пайдаланылған электр энергиясының көрсеткіштерін жазып алу үшін телефон шалады. Олар да қазақша жауап қатсаң, тұтқаны қоя салады. Ал, үйге келгенде, осыдан бір ай бұрын: «Кіріңіз, счетчиктен жазып алыңыз, қазақша түсінбесеңіз» деп, сөзбен де, қолыммен де, ымдап та түсіндіріп жатсам: «Так и напишу, что не дали показания счетчика» деп, есігімді тарс жапты. 2009 жылдың күзінде, осы мекеме тарапынан қазақ тілді азаматтардың мемлекеттік тілде қызмет алуына шектеу қойылғанын дәлелдеп, оған ҚР Конституциясына сілтеме жасағанымда А. ВАНЕЧКИН есімді басшысы: «Біз оны білген жоқпыз, бәрін түзейміз» деп уәде берген-ді. Бірақ, бәрі де әдеттегідей - еш нәтиже жоқ.

Су таратушы мекеме

Осыдан екі-үш жыл бұрын бір жағдайлармен қалалық су тарату мекемесіне хабарласқанымда, менің қазақша сөйлегенімді естіген диспетчер мемлекеттік тілді күлкінің астына алғаны бар. Яғни, бүтін бір мемлекеттің (өзіне жұмыс істеу құқын берген елдің) мемлекеттік тілін масқаралағаны үшін бұл мекеме басшылары тарапынан да, қызметкерлері тарапынан да еш жауап болған жоқ.

Жылу жүйесі

2010 жылдың 13-мамырында үйдегі (Қайырбаев көшесі, 104) жылы суды еш ескертусіз өшіріп тастауының сырын білмек ниетпен осы мекемеге хабарласып, қазақша сөйлегенімде, ол жақтан екі рет: «Я не понимаю, говорите по русски» деген жауап болды. Содан соң мекем басшысы А.В. АНИЩУКке телефон шалып едім, менің уәжімді естіген қабылдау бөлмесіндегі хатшысы, мені 4 минуттай күттіріп, трубканы тастай салды. Қайта хабарластым, тағы да сол жағдай! Білуімше осы мекемеде инженерлік-техникалық персоналдың тек бір-екі адам ғана қазақ ұлтынан. Қаламыз бойынша қазақтардың саны 50%-дан асып жығылады, ал осы мекемеде қазақтардың үлес-салмағы жұмысшыларды қосқанда, бар болған 8-10% ғана. Индустриалды облыс орталығында жергілікті қазақ ұлтынан техникалық қадрлар жетіспейді деген жалған сөз. Осынысы айтып отырған Анищук мырза өзінің мемлекеттік тілге деген, жалпы, қазақ ұлтына деген көзқарасын айқын көрсетсе керек. Әйтпесе, бұл мекемеде кадр мәселесінде неге тепе-теңдік жоқ?! Ең болмаса осы мекеменің халыққа қызмет көрсету орталығында қазақша сөйлейтін адам табылмайды дегенге кім сенеді?

«Домофон цифрал»...

Біздің үйімізге осы домофон орнатқан «Домофон цифрал» деген мекеме менің: «Келісім-шартты қазақ тілінде әкеліңдер, мыналарыңа қол қоймаймын» дегеніме құлақ аспады. Мен де қол қоймадым. Енді 1000 теңге қарызым үшін маған хат жазыпты, әрине, орыс тілінде, «төлемегеніңіз үшін сотқа береміз» депті. Сонда, енді бізді мемлекеттік тілде құжат сұрағанымыз үшін сотқа бергелі жатыр деген сөз ғой бұл?! Келісім-шарт қазақ тілінде болса, мен де қолымды баяғыда қойып, уақытылы ақшамды төлем отырамын ғой...

Жекеменшік бизнес...

«Умикум» атты жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің директорының орынбасары телефонмен сөйлескенімде: «Қазақ тіліндегі хабарландыруларды алмаймыз, сол жөнінде сотқа берсең өзің ұтыласың» деп тағы шықты. Бұл осыдан бір жылдай бұрынғы оқиға. Содан бертін бізде қазақ тілінде бір-екі коммерциялық хабарламалар шықты. Ақысыз хабарландыруларды тек орыс тілінде қабылдайды. Осы орайда мынадай сұрақтар туындайды: Конституциямызда жазылған «Қазақстан Республикасында қандай да болмасын тілді пайдалануға шектеу қойылмайды», «шектеу қойған тараптар заң арқылы қудаланады» деген талаптар қайда қалады?! Сол сияқты Тілдер заңы мен Елбасының №550 жарлығында көрсетілген «Әулеметтік-коммуникативтік саладағы тілдерді пайдалану» нормалары ше?! Әлде біздің мемлекетімізде біз білмейтін құпия заң бар ма: «Қазақстанда жекеменшік мекемелер республика заңдарына бағынбай, дербес саясат ұстануға құқылы» деген? Жалпы, бізде өзге тілді азаматтардың құқы қорғалады да, қазақ тілділердің құқы неге аяққа тапталуы тиіс? Біздің құқымызды сонда қай мемелекет қорғауы тиіс? Бұлай дейтінім осы мәселе жайында қала прокурының көмекшісі: «Они частное предприятие, мы не можем им что-либо диктовать» деп, ол қалды.

Ал, «Ваяка» атты кассалық апарат сататын мекемеде (атын сәл бұрмалауым мүмкін), бірден: «Мы обслуживаем только русскоязычное население!» деді. Енді мен түскен кірісімді (салық комитетіне төлеп те қойдым, сол еш жерде көрсетілмеген кірісімнің салығын) растай алмай отырмын. Және де сол кірісті берген мекемеге тиісті бухгалтерлік құжаттарды да бере алмай отырған жайым бар. «Ваяка» қызметкерлерінің айтуынша, маған еш жерде келісімді (кассалық аппарат пен салық мекемесі арасындағы) және де сол қызмет туралы өтінішті (заявка) қазақ тілінде жасап бермейді!

Медицина саласы

Шамамен жарты жыл бұрын Онкодиспансердің қабылдау бөлмесінен алған жауабым: «Или говорите по-русски, или я ложу трубку»! Өзім тіркелген екі поликлиникамен де солай үнемі «тіл майданында» жүрген жайым бар. Бірақ соңғы уақытта Бас дәрігермен мәмілеге келіп, поликлиникадағы тіл жағдайы жақсарады деген пайым да жоқ емес. Кутузов көшесіндегі Облыстық тіс емдеу емханасына үш ай бойы барып жүргенімде ондағы теледидар тек Ресейдің арналарын көрсетіп тұрғанын байқап, неге қазақ тілінде бір телеарна жоқ деп, қазақша сөйлегенімде, маған орыс тілді біреуі «фашистка!» деп, өзімді қорлады. Жергілікті денсаулық басқармасына әлгі облыстық Онкодиспансер мен тіс емханасы жөнінде арызданып барғанымда орыс тілді хатшы: «Я вас не понимаю, поэтому предлагаю перейти на русский язык!» деп, бастығына жібермей қойды. «Ақбет» атты клиникаға Д. МУСИНнің қабылдауына барып, «мені қазақ тілінде қабылдаңызшы» дегеніме, ол бұлқан-талқан болып: «Кім жіберді Сізді, неге мұнда жіберді?» деп сұрақтарды боратты. «Тіл туралы еш сөзді тыңдағым келмейді. Давайте по существу ....» дегеннен кейін, менің есімде де қалмады, қандай кеңес алғандарым. Күмәнім жоқ, ол маған жолдама берген терапевті де қыспаққа алғаны. Ал мен дәрігерді таңдау - әр адамның құқы деп, сұрап алғам сол жолдаманы. Сол Мусиннің қандай екенін білсем, аяқ аттап баспаушы едім! Және де сол поликлиникадағы қыздар арқылы: «Мұнда тек ақылы қызмет көрсетіледі» деген «сәлемдеме» жіберіпті. Ал менің білуімше, мемлекеттің тапсыруынсыз, бюджетінсіз, еш дәрігерге жолдама берілмейді! Жалпы, ауруханаларда, поликлиникаларда да халыққа ұсынатын рецептер, жолдамалар, т.б. негізінен өзге мемлекеттің тілінде. Қызмет те солай.

Облыстық білім басқармасы

Естуімізше, Көлік және коммуникация колледжінде қазақ бөлімі биылдан бастап жабылыпты! Технологиялық колледжде қазақ мектебінен келушілер орысша оқуға мәжбүр. Неліктен?

2008 жылы (қазіргі жағдай да осы тақілеттес екеніне күмән жоқ) Басқарма құзыретіне жататын жетім балалар үйлерімен танысқанымызда мынадай жағдайды көрдік. Тек Тереңкөлдегі Жетімдер үйінде ғана балаларды тәрбиелеу барысында қазақ тілін 50 пайыз жағдайдан астам деңгейде қолданады. Қалғандарында қазақ тілі тәрбие тілі ретінде аз қолданылады. Кейбіреулерінде тәрбие тілінде қазақ тілі ескерілмеген де. Тек оқу барысындағы бағдарламаға сәйкес сабақтар өткізіледі. Балалардың басым бөлігі орыс кластарында оқиды. Осы орайда туындайтын сауал: бұл балалар облыс, республика бюджетіне тәрбиеленіп, ата-анасы сайып келгенде мемлекет бола тұрып, не себепті олар Қазақстанның мемлекеттік тілінде емес, көрші елдің мемлекеттік тілінде тәрбиеленіп жатыр? Осы сипаттағы мекемелердің басым көпшілігінде балаларды қазақ тілінде оқыту мүмкіндігі бола тұрып, не себепті орыс тілінде оқытады? Білім басқармасының бұл туралы айтатын уәжі, кешіріңіз, онша миға қонбайтын нәрсе. Оларша, балаларды ұлтына қарап оқытады екен. Сонда облыстағы барлық жетім балалар орыс пен қазақ болғаны ма? Ондай жағдайда басқа ұлттың балаларына (өзбек, неміс, кәріс, т.б) арнап мектеп ашып жеке оқыту керек шығар оларды?

Банк саласы

Халықтық банкт бөлімшелерінде жұрт толтыратын бланкілер, басқа да құжаттардың басым көбі, тек орыс тілінде ғана. Олар сол жағдайды өздерінің жоғарыдан жүргізілетін банк саясатымен байланыстырады. Десек те, Халықтық банктің Қайырбаев көшесіндегі 92-бөлімшесінде екі жылдан астам тұтынушы клиентпін. Ирина (Светлана) Васильевна деген бөлімше басшысының «арқасында» қазақ тіліндегі құжаттарым (өзімдікі, ақша жіберіліп тұратын қызымның)   мәліметтер базасына әдейі орысша бұрмаланып енгізіліп, (қазақша шрифтері екі жыл бұрын еңгізілсе де), ондағылар маған үнемі: «Аты-жөніңізді орысша жазыңыз, әйтпесе қызыңыз ала алмайды аударылған ақшаңызды» деп, менің тегімді қайтадан орыс тіліне бұрмалақ болды. Мен де табандылық танытып: «Өздеріңіз бұрмалаған мәліметтер базасын түзетіңіздер, не ресми түрде «Түзетпейміз» деп хат жазыңыздар» деп келдім. Соңғы екі жыл бойы осы банктегі орыс тілді кассирлер қазақ тіліне өркөкіректік танытып, күліп, келемеждеп отырғанын былай қойғанда, менің талабыма қатысты еш шара қолданбаған соң, «бұл оқиғаны жария етемін» дегенде ғана, әріптерді 2010 жылдың 4-мамырында түзетіп берді. Ал, банк кассаларында қазақша сөйлесем, кассирлер: «қазақша түсінбейміз, не задерживайте очередь» деп, орыс тілді өзге азаматтар наразылық танытып, бүкіл банк бөлімшесі шулап кетеді. Сонда бұл банкте орыс тілділерге бөлек, қазақ тілділерге бөлек қызмет көрсетілетін болғаны ма? Баяғы АҚШ-та ақ нәсілді бір есіктен, қара нәсілді сыртқы есіктен кіргеніндей?..

Мемлекеттік мекемелер

Салық комитетінде, кәсіпкер болып тіркелудегі, есеп бланкілері тек орыс тілінде. Бір айдай бұрын павлодарлықтардың үйлеріне жыл сайынғы үй, мүлік салығын төлеу қағазы келді. Жылдағыдай тағы көрші мемлекеттің тілінде!  Мен биыл, кешірерсіздер, осы хаттар мемлекеттік тілге келтірілмейінше салық төлеуден бас тартамын. Оған біреуді жауапты етіңіздер - деп қазақ тілінде мәлімет алу мәселесі жөнінде мемелекеттің құзырлы мекемесіне талай барғаныммен, комитет басшысы қабылдаған жоқ.

Ішкі істер бөліміндегі (солтүстік) жағдай да солай. Тіпті сол мемлекеттік құқық қорғау мекемесінің қызметкерлері, ұялы телефон туралы арыз түсіргенімде, орысша жазуымды талап етіп, қазақша хаттама бланкін сұрағаныма күліп, келеке еткені бар!

Тілдер басқармасының қызметкерлері, облыс әкімінің хатшысы «Говорите на русском языке» деп сөйлесуге тосқауыл қояды. Ал, еліміздің Тілдер туралы заңының 4-бабында: «Үкімет, өзге де мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдар: Қазақстан Республикасында мемлекеттік тілді барынша дамытуға, оның халықаралық беделін нығайтуға.......көмек көрсетуге міндетті» деп көрсетілген. Ал осы мемлекеттік қызметкерлер, өз елінде өз жұртының арасында керісінше мемлекеттің тілінің беделін түсіріп, оны білу ешкімге міндет емес деген саясатпен өмір сүреді

Осы жазғандарымды республикалық БАҚ-тарда жарияламас бұрын қала әкімінің қабылдауына жазылмақ болып, әкімдікке телефон шалдым. Бұл осы ағымдағы жылдың 13-мамырында болған оқиға (32-31-34 телефоны). Әдеттегідей: «Приемная акима города Вас слушает» деді. Мен де: «Қашан қалалық әкімшілік тек орыс тілділерге қызмет көрсетуін тияр екен?» дегенімде: «Ваша фамилия?» деп сұрады арғы жақтан. «Бейсенбай тегі» деп жауап қаттым. Сөйтсем: «Ой, а Вас я даже слушать не хочу!» деп, тұтқаны іле салды. Онысына шағымданбақ ниетпен үстерінен қарайтын Г.Г. МАНДИКОВА дегенге телефон шалдым. Ол да: «Говорите по русски!» деп бастады. Менің: «Сіз әкімшілік қызметкері бола тұрып, қалайша менің мемлекеттік тілде қызмет алу құқымды бұзып тұрсыз, мен қазақ тілдімін, ол менің Қазақстан аумағындағы 100 пайыз құқығым» дегеніме қарамастан, «Я Вас не понимаю. Я все-таки предлагаю Вам перейти на русски язык» деп бірнеше минут ұстап тұрды! Орыс тіліне көшуімді мәжбүрлей алмаған соң ғана аудармашыны шақыртты! Осыдан екі-үш жыл бұрын облыстың Бас прокурорының бірінші орынбасарымен осыған сәйкес мәселе бойынша кездескенімде: «Ұлтаралық тіл бізде орыс тілі!» деген-ді.

Түйін

Көріп отырсыздар, қымбатты оқырман, құрметті қала басшылары - Керекудегі әулеметтік-коммуникативтік сала тек орыс тілділер үшін бейімделген! Біздің қаламызда қазақ тілді азаматтардың өмір сүру аясы өте тар. Елбасы бір сөзінде: «Тілге қатысты заңнамалық нормаларға қол қойылған, жұмыс істеу Сіздердің парыздарыңыз» деп, атқарушы билікке түсіндірген-ді! Осыны жергілікті билік те ескереді деген үміттеміз.

Ал, қала басшылығынан сұрайтыным, жоғарыда жазылғанның бәріне әділ талдау жасап, заң бұзушылық, қазақ тілділердің құқын бұзушылық сынды оқиғаларды елеп-ескеріп, қала ішіндегі ұлт араздығын тудырар оқиғаларға тосқауыл болып, тиісті шараларды жүргізеді деген ниеттемін.

 

 

Рауза БЕЙСЕНБАЙТЕГІ, «Желтоқсан ақиқаты», «Ұлт тағдыры» қоғамдық бірлестіктерінің төрайымы, Павлодар қаласы

«ҚАЗАҚСТАН» газеті, №31-32 (321-322), 30-қыркүйек, 2010

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5340