ЭМБАРГО: МӘСІМОВ КОМАНДАСЫ МӘСКЕУДІҢ ҚАБАҒЫН БАҒА МА?
«Ресей рублінің құнсыздануы Қазақстан экономикасына әсер етпейді» деген уәждің ертегі екенін уақыт көрсетіп отыр. Жағдайдың асқынуға айналғандығынан болар, ел Үкіметі отандық нарыққа шектеусіз ағылып келіп жатқан көрші ел өнімдеріне тосқауыл қоюдың қамына кірісті. Бұл туралы ақпаратты орыс баспасөзі зәрлі кекесінмен таратып жатыр.
«Коммерсантъ» басылымының жазуынша, Астана тарапы Ресейден тасымалданатын мұнай өнімдері, автокөлік құрылдары, құрылыс заттары және тамақ өнеркәсібі өнімдеріне эмбарго енгізуді көздеуде. Демек, қазақстандық нарықтағы көрші елдің тауар айналымы рубльдің құлауынан кейін жергілікті өндірушілердің тынысын тарылтып жіберген. Қазіргі кезде орыс валютасының теңге бағамымен алғандағы құнсыздануы 47 пайызды құрайды. Бұл шекара асып келетін өнімнің құнын жергілікті тауардың бағасынан әлдеқайда төмендетуге мәжбүр етеді.
Айталық, ресейлік фермер өндірген тауық еті қазақстандық шаруаның қорасында сойылған мекиенге қарағанда әжептәуір арзан. Нарықтағы зерттеу ресейлік тауық етінің бағасы 760 теңгеден 380 теңгеге дейін арзандап кеткенін көрсетеді. Ал, отандық шаруаның өнімі 400 теңгенің үстінде. Бұл - тек өзіндік құнның шамасында есептелген баға. Сондықтан да, қазақстандық ауылшаруашылық тауар өндірушілері шығынға батып отыр.
Былай алғанда, бұқара үшін бағаның төмен болуы қолайлы-ақ. Бірақ, отандық өндірістің шығынға батуына жол беріп қойып отыру – ел экономикасын тығырыққа тіреуге дейін апаратын қауіпті құбылыс. Осы мақсат тұрғысынан алғанда, Ақорда Кремльдің қабағынан ықпай, отандық кәсіпкерлерді қолдауы орынды.
Өз кезегінде орыс тарапы да қарап қалмасы анық. Олар да көрші елдер нарығынан ағылып келіп жатқан мол ақшадан аяқ-асты айырылып қалмау үшін барын салатыны белгілі. Бұған дейін, біздің ел Ресейден келетін арақ-шарап өнімдеріне шектеу қойған болатын. Уақытша болса да. Алайда, орыс арағының ағынын тежеудің арты ұзаққа созылмай, алғашқы келіссөзден-ақ ол шектеу жойылған-тын. Ал, бұл жолғы мәселе халық тұтынатын тауарлар туралы туындап отырғандықтан Мәсімовтың кабинеті табандылық танытуы тиіс деп ойлаймыз һәм сенгіміз келеді.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ.
Абай.kz