Сенбі, 23 Қараша 2024
Арылу 5639 0 пікір 4 Ақпан, 2015 сағат 13:16

ҰОС. ҰЛТТЫҚ ПАТРИОТИЗМНІҢ ӨЛШЕМІ ОСЫ МА?

Тәуелсіздігін жариялағанына 24 жыл толатын мемлекеттің дара саясаты мен дербес келбеті, ұстыны қалыптасуы керек еді, ал біздің ел кешегі кеңестік, коммунистік идеологияның щеңберінен әлі шыға алмай келе жатқандай. Қазақтың төл ұлттық санасын, тарихи санасын, отаршылдықтан ада танымын қалыптастыруға мемлекетіміз, тарихшыларымыз көптеген жұмыстар атқарып жатыр, дегенмен кемшін түсіп жатқан жерлеріміз де жоқ емес. Біздің Тәуелсіз еліміз идеологиялық тұрғыда Екінші дүниежүзілік соғыстың саяси бағасын объективті бере алмай отыр.

Жалпы адамзат баласы үшін Соғыс, Жеңіс, Жеңіліс деген дүниелердің философиясына үңілетін кезең келді емес пе? Соғыс не үшін болады? Соғысты болдырған тараптардың әрекеті әділетті ме? Соғысты мүлде болдырмаудың еш жолы қалмады ма? Адамгершілік, гуманистік тұрғыда қандай да бір соғыста Жеңу мүмкін бе? Соғыс – саналы адамзат баласы үшін қасірет емес пе? Түрлі ауытқулы, солақай саясаткерлердің соңына еріп, сау ақылдан айрылып, нәтижесінде миллиондаған адамдардың қаза табуы қаншалықты мақтаныш? Жеңіс деген ұғым - біреулермен бәсекеге, жарысқа түсіп, содан озып шығуды ғана ойлайтын, біреуден басым болуды ғана діттейтін реваншистік психологияның көрінісі. Гуманистік идеяға арқа сүйейтін болсақ, қандай да бір соғыс болсын, ол - адамзат үшін нағыз трагедия, мейлі жеңсін, мейлі жеңілсін. Ал соғыста жеңдік деп, оны даңғаза етіп тойлау - ойландыратын іс.

Қазір Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуы, Германия мен КСРО арасындағы саяси әрекеттер, ұстанымдар туралы плюралистік бағыттағы көптеген зерттеулер жарық көріп жатыр. Орыс отарында болып, ұлт-азаттық көтерілістердің, ақтар мен қызылдар қырғынының, Совет өкіметін орнату, ұжымдастыру, кәмпеске, тәркілеудің азабын тартқан, бар жиған мал-мүлкінен айрылып, жанын сақтауға бас сауғалап тау мен тасты кезген қазақ халқы, көп ұзамай қолдан ұйымдастырылған ашаршылықтың құрбаны болды, халықтың жартысынан астамы қынадай қырылды, одан 1937-1938 жылдардағы саяси репрессия басталды. Қазақтың мемлекеттік және ғылым-білім, мәдениеттегі элитасын аясыз жойылды. Қазақ қоғамын үрей мен қорқыныш биледі. Осындай саяси құрғын-сүргіндер мен геноцидтің артын ала Екінші дүниежүзілік соғыс басталды, сәйкесінше қазақ жерінде де әскерге шақырулар басталып, азаматтар соғысқа алына бастады.  Сіздер қалай ойлайсыздар, ағайын, осындай нәубеттерді басынан өткерген қазақ халқы қай уақытта «кеңесшіл», кеңес өкіметі үшін жанын беретін «патриот» болып қалыптасып үлгерді? Коммунистік, большевиктік сана халықтың санасына сіңе қойып па еді? Советтік идеологияда айтылып, бүгінгі Қазақстан қоғамында әскерилер тарапынан мұрты бұзылмай қойған «Отан үшін шайқасқан», «жаудың көзін жою үшін өз еркімен соғысқа аттанған» деген қызыл ұрандар шындыққа сай ма? Қазақ халқы кеңестік, сталиндік саясаттың, жағдайдың кіріптары болды емес пе? Соғысқа аттанбауға, қанына сіңген батырлық жібермей, жаугерлікпен, қарсыласқан жауды жеңуге күресетін қаһармандық рухы бар қазақ азаматтары фашистермен соғыста үлкен ерліктер көрсеткенін ешкім жоққа шығара алмаса керек. Сол қан майданда толарсақтан қан кешкен қазақ сарбаздарының ерлігі де, қасіреті де осында.

Соңғы кездері солақай саясат жүргізе бастаған Ресей Федерациясы Президенті В.Путин "Ресей, орыстар, Кеңес Одағының басқа республикаларының көмегінсіз-ақ, Ұлы Отан соғысында жеңіске жете алар еді" десе, 2015 жылы қаңтар айында Мәскеуде Освенцим концлагерінің азат етілуінің 70 жылдығына арналған жиында «Ұлы Отан соғысында жеңіске жетуде Орыс ұлты басты, шешуші рөлді атқарды. Жеңіске орыс ұлтының арқасында қол жеткіздік» деген ұстанымдарын жеткізді. Ресей Президентінің бұл көзқарастарына Қазақстанның билігімен қатар, соңғы кездері түрлі белсенділіктерімен көзге түсіп жүрген ардагерлер ұйымдары сынды әскери-патриоттық қоғамдық ұйымдар қарсылық танытып, наразылық білдірмеді. Және дым болмағандай, Қазақстанның жас азаматтарын отансүйгіштікке, елін-жерін сүюге, отан қорғауға үйреткен сыңай танытып, әскери-патриоттық тәрбие ретінде сіресіп қалған кеңестік идеологиядағы тұжырымдаманы сол күйінде, қазіргі Тәуелсіз Қазақстанның дербес ұстанымы мен саясаты, қазіргі әлемдік демократиялық көзқарастар тұрғысынан емес, таптаурын болған коммунистік идея тұрғысынан насихаттап отыр. Кеңес әскерлерінің фашистік Германияны жеңген күні ретінде, сол соғыста қаза болған адамдарды еске алу, осындай зұлматтардан адамзат баласын сақтандыру есебінде бейбітшілікті насихаттау, рухани тазару күні ретінде аталып өтсе, ешкімнің де қарсылығы жоқ. Ал енді «Ұлы Отан соғысы» деп культке айналдыру қаншалықты қажет? Сол соғыста жеңгенімізбен, Адамзаттың алдында ұлтшылдық, шовинизм, басқаны бағындырғысы, басынғысы, күш көрсеткісі келетін пиғыл мен саясат жойылып кетті ме? Сол соғыстан кейін Адамзаттың алдындағы саяси мәселелердің бәрі өзінің әділ шешімін тапты ма? Неге тәуелсіз Қазақстан әскери-патриоттық идеологиясы тек осы Ұлы Отан соғысымен, Жеңіспен шектелуі керек? Әрине, біз өлі әруақты құрметтемейтін тексіз емеспіз. Ол соғыстың құрбандарын адамзат баласы ешқашан жадынан шығармау керек. Сондай-ақ "Жеңдік" деп дарақылыққа ұрынбай, сол соғыстардың шығу төркінін, адамзат баласын осындай трагедияларға қандай себептерден ұрынатынын зерделеуіміз керек. Кез келген адамзат қоғамы, кез келген мемлекет өзінің ішкі және сыртқы қарым-қатынастарында бейбітсүйгіш, адам мен ұлттардың құқығы мен бостандығын сақтауға негізделіп, мемлекет саясатын жүргізгені абзал. Ал соғысқа ұрынып, одан жеңіп шықтым деп жарияға жар салу «мақтанға», «даңғазаға», «менмендікке», «кеудемсоқтыққа», басқалардың құқығын кемсітуге алып келеді. «Жеңіс» деген ұғымның философиясына терең талдау жасауды бүгінгі күн парасаты талап етіп тұр.

Сондықтан да бүгінде елімізде басталған «Біз Жеңістің мұрагерлеріміз» деген эстафетаға біздің көзқарасымыз қандай болуы керек? Жеңіс туралы пікірімізді білдірдік, енді оның мұрагері қалай болады екенбіз? Бұл не деген сөз? Сонда біз келмеске кеткен кеңестік идеология мен коммунистік идеяның мұрагеріміз бе? Әлде Кеңес Одағының мұрагеріміз бе? Жеңіс философиясының, реваншизмнің мұрагерлеріміз бе? Осындай жалған пафосты ұрандармен неге біз өскелең ұрпақтың санасын улаймыз? Бұл соғыс идеологиясын насихаттау емес пе? Қазақстанның әскери тәрбие құрылымдарында саяси-танымдық, тарихи-идеологиялық, менталдық тұрғыдан жаңару, ескіден арылу, тәуелсіз Қазақстанның дербес тұжырымдамасын қалыптастыру сынды жұмыстарды атқару міндеттері өткір тұр. Еліміздегі түрлі ардагерлер ұйымдарына Қазақстанның дербес тәуелсіз ел ретіндегі саясатынан ресейшіл, сепаратистік сипаттағы «қой терісін жамылған қасқырлардың» үйір екендігін жасыратын ешнәрсе жоқ. Қарапайым Қазақстан азаматының Жеңіс күні мен құрбандарға деген құрметін «Кеңес өкіметін қайта тірілту, қалпына келтіру, жаңғырту», «КСРО-2» деген идеялармен ауыратындардың құралы болып кеткіндігін естен шығармау керек. Неге Ресей билігі мен ұлтшылдары осы Жеңіс күнін саяси спекуляцияға айналдырып жіберді? Және бұрынғы Кеңес Одағындағы мемлекеттердің ішінде Ресейден кейін сол кеңестік идеологияға адалдығын айнытпай танытып отырған мемлекет – Қазақстан. Басқа көрші елдерде, оның ішінде Орталық Азиядағы көршілерімізде біздегідей дақпырт жоқ.

Ешқандай гуманистік, философиялық мәні жоқ солақай ұрандарды жалау қылып, еліміз үшін «түсініксіз» идеяны насихаттауға белді саясаткерлер, тарихшы ғалымдар сыни көзқарас тұрғысынан талқылайтын мүмкіндіктер туғызу керек. Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен қазіргі күні жоғары оқу орындарында «Сыни ойлау» деген пән енгізілді. Пәннің мақсаты - адамзат қоғамында орын алатын кез келген тұжырымдарды, идеяларды сыни қабылдау, байыбына жете зерттеу арқылы, объективті шындыққа қол жеткізу. Менің жеке пікірімді Жеңіс күнін тойлауға қарсылық деп ұқпай, «сыни ойлау» қағидатымен тәуелсіз еліміз үшін маңызды Азат идеологияны қалыптастыру талпыныстары деп қарастыру жөн. Өкінішке қарай, санамызда «ақтандақтар» өте көп. Қазақстан қоғамының қоғамдық санасы біркелкі, азат, демократиялық болғанда ғана, Қазақстан қоғамы құқықтық, инновациялық, индустриялық тұрғыдан өркендеп дами алады.   

 

Ноябрь КЕНЖЕҒАРАЕВ,

филология ғылымдарының кандидаты,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

 

Абай.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377