Сенбі, 23 Қараша 2024
Бұ не мазақ? 7713 0 пікір 25 Қаңтар, 2015 сағат 11:23

ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚЫСҚАРА МА?

Айтып-айтпай не керек, біздің үкіметіміздің не ойлағаны бар екенін қарапайым қазақстандықтар түсінуден қалып бара жатыр. Өйткені, биылдан бастап санасаң – саусағың жетпейтін түрлі де түрлі өзгертулер мен жаңғыртулар, қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, қараша халықтың қалтасын қағуға кірісті. Тіпті «бюджет ақшасын мынандай да мынандай жолдармен үнемдеуге болады» деп адам баласының миына келмейтін «жаңалықтар ашуға» құмар боп алған шенеуніктер осындай «жаңалықтарымен» Мемлекет басшысының көзіне түсуге тырысатын сияқты. Бұл жолғы «жаңалық ашу кезегі» денсаулық сақтау саласына келгенге ұқсайды. Ақ халатты абзал жандар, несін айтамыз, ұят-аятты жиып қойып, басқа емес, біздің қадірлі қарттарымыздың қалтасына қол салуға көшуге дайындалып жатыр. ҚАЛАЙ?

БЫЛАЙ:

Құлағына біреу сыбырлап жіберді ме, әлде жеке өзінің бастамасы ма – біз бұл жағын біле алмадық, ал білгеніміз - Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің «вицесі» (осы күні орынбасарларды «вице» деп атамасаңыз, кәдімгідей ренжіп қалады) Светлана ЖАҚЫПОВА ханым қарттар үйіндегі қарияларымызды базалық зейнетақыларынан айырып, оларды 30 пайызға қысқартып тастау керек деген ЖАҢАЛЫҚ ашты. Яғни, біздің парламентарийлерімізге осындай жаңалықты қолданыстағы заңға өзгерту ретінде енгізу керек деген ұсыныс жасады. Мәссаған, безгелдек! «Бояушы-бояушы дегенге сақалын бояпты» дегеннің нағыз көкесі енді болайын деп тұрған сияқты! Вице-министр ханымның айтуына қарағанда, заң тармақтарына өзгерту ретінде енгізіле қалған жағдайда мұндай жаңалық өз үйлерінде, сондай-ақ өз пәтерлерінде тұратын зейнеткерлер мен мемлекеттің қамқорлығындағы қарттар үйінде тұратын зейнеткерлер арасында әлеуметтік әділеттілікті қалыптастыруға мүмкіндік беретін көрінеді. «Өз үйінде немесе өз пәтерінде тұрып жатқан зейнеткер коммуналдық қызметтерге ақы төлейді, дәрі-дәрмек пен азық-түлік сатып алады, мұны түсінуге болады, - дейді Светлана Жақыпова өздері енгізгелі отырған жобалық өзгерістерге түсініктеме берген кезде, - ал енді қарттар үйі сияқты медико-әлеуметтік мекемелерде өмір сүріп жатқан зейнеткерлерімізге келетін болсақ, оларға мұндай мәселелермен айналысудың қажеттілігі жоқ. Олар үшін бәрі тегін: азық-түлік те, қысқы және жазғы киім-кешектер де – қысқасы, бәрі де. Сөйте отырып, олар зейнетақы да алады. Бұлай болмайды, бұлардың зейнетақыларын осылайша қысқарту керек...»

Ойпырмай, осылайша... жаңалықтың көкесін ақ халатты абзал жандар шығарды. Мәселен, Қарағанды облысында төрт жүзге тарта зейнеткер қарттар үйінде тұрып жатыр десек, оларға бюджеттен жыл сайын миллиондаған теңге бөлінеді екен. Ал егер жоғарыда айтылғандай өзгерістер мен толықтырулар қолданыстағы заңымызға «ойдағыдай» ене қалатын болса, республика бойынша қаншама миллиард теңге үнемделеді?! Ақша үнемдеудің «төте жолын тауып» шығарған «министрліктегі марқасқалар» осылай ойлайды. «Қарттар үйіндегі зейнеткерлерге төленетін базалық зейнетақы тоқтатылып, олардың «солидарныйлары» 30 пайызға қысқаратын болса, еліміз бойынша жыл сайын 4 миллиард теңге үнемделетін болады, - дейді СВЕТЛАНА ханым, - әрине, бір жағынан алып қарағанда, біз бұл жерде үнемдеп отырмыз деп те айта алмаймыз, өйткені, тура осы теңгелердің өздері медико-әлеуметтік мекемелерде өмір сүріп жатқан мүгедек жандардың өздерін қамтамасыз етуге бағытталады...»

Міне, «не болса – о болсын» немесе екі де бір болсын» деген мағынадағы осындай тағы бір «жарымжан жаңалық» күні кеше ғана халық қалаулыларының қарауына берілді. Өзгертулер мен толықтыруларға толы осынау жоба әзірге қабылдана қойған жоқ. Ал қабылданып кетсе ше?

Ойлаудың өзі қорқынышты!

Марат МАДАЛИМОВ.

 

Абай.kz 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5534