Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 6625 0 пікір 23 Қаңтар, 2015 сағат 15:58

ИНТЕРНЕТ «ӨЛЕ МЕ?»

Таяу болашақта қазіргі қолданыстағы ғаламтор желісінің «жаназасы» шығарылып, әлем шыт жаңа жүйеге ауысады. Бұл ғаламшардағы жаңа техногендік төңкерістің де басы болмақ...

Елді елең еткізген бұл жаңалықты «Google» компаниясының қожайыны Эрик Шмидт айтып отыр. Давоста өтіп жатқан дүниежүзілік экономикалық форумда сөйлеген сөзінде ол «Интернет «өледі...» деп жұртты бір үркітіп алды да, алдағы кезеңдегі интернет технологияның дамуына қатысты болуы ықтимал сенсациялардың шетін шығарды. Шмидттің шамалауынша, жақын келешекте қазіргі қолданыстағы интернет қызметін тоқтатып, оның орынын адамзат әлі танып-білмеген технология жетістігі баспақ.

Жаңа жүйеде қазіргідей бір желіге байланып қалу болмайды. «Адамдарға байланыс қызметін ұсынатын көптеген құрылғылар ойлап табылуда. Бір ғана смартфондарды алып қараңыз.  Телефондарға сәт сайынғы қосылып жатқан жаңа мүмкіндіктер сияқты, адамға желі арқылы қызмет көрсететін қондырғылар келе бастайды. Ол өзімен бірге миллиондаған IP-мекен-жайлардың пайда болуына әкелмек. Ғаламдық байланыс адамның қажетті құралы ғана емес, мызғымас бөлшегіне айналады. Тіпті, адамдарға бұл байланыссыз тіршілік кешу мүмкін болмай қалады... Осы кезде интернеттің жаңа толқыны, барлығымыз үшін қол жетімді, қазіргідей қалаған уақытта үзіп, сөндіріп тастауға көнбейтін байланыс желісіне сұраныс артады!» дейді мистер Шмидт.

«Google» басшысының сөзінде жан бар сияқты. Өйткені, бұл компания осы бағыттағы даму жолына түсуді бастап та кеткен екен. Сәл бұрын ғана «Google» сымсыз байланыстың жаңа толқынын іске қосуды жоспарлағандығын жария еткен-ді. Бұл тәжірибе АҚШ аумағында алдымен қолданысқа кірмекші...

Жә, дегенде бұл жаңалықты қазаққа қатысты қарастырғанда, өкінішті тұстары бары анық. Интернет иіріміне 1990 жылдардан бастап қана бойұрған біздің ел әлі күнге дейін ғаламтордың ғажайыбына толық кіріге алмауда. Қазіргі Қазақстандағы интернет туралы түсінік «mail.ru» мен «egov.kz» аралығында екендігі айтпаса да түсінікті. Рас, ұлттық «kz» доменін тұтынушылар саны артты, бірақ бұл елдегі интернеттің дамуын емес, интернет-ресурстардың көбейгенін ғана көрсетсе керек. Тіпті, Тәуелсіздік жылдарында ұлттық IT бағытында қолға алынған мақсатты жұмыстарды іздеп табу қиындау... Жекелеген мамандардың жанкештілігімен жүзеге асқан жобалар туралы сөз бөлек. Яғни, біздің Үкімет интернет желісіндегі жалпыұлттық іздеу жүйесін («Google», «Яндекс» жүйесіне қазақ қаріптерінің енгізілгеніне шүкір!) былай қойғанда, қазақ тілді аудиторияға (қазақстандық тұтынушыға деп оқыңыз!) қажетті қарапайым отандық IT өнім ұсынуды ойлап, бас қатырған емес. Ендеше, біздің елдің тұрғындары үшін «Интернет «өле ме?» деген сұрақтан да маңызды мәселе тұрғаны анық...

Абай.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5381