Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2292 0 пікір 12 Қазан, 2010 сағат 08:29

Серік ЕРҒАЛИ: «Тәуелсіздік тарихын «Азатсыз» елестетуге болмайды»

- Секе, биылғы аталмай өткен «Азаттың» жиырма жылдығы мен алдағы жылда билік тойлайтын 20-жылдықтың орайында, қазақ демократиясы мен оппозициясының бастауында болғандардың бірі ретінде, оның тарихына бір шолу жасайтын, атап айтқанда өткен ғасырдың 90-шы жылдардың ба­сындағы «Азат» бастаған қазақ демократиясының кейбір оқиға­лары, қазақ демократтары жайлы ашығын айтатын, ашып айтатын уақыт жетті деп санамайсыз ба?

- Мен үшін жаныма жайлы да жақын сауал деп санаймын. Айтатын уақыт келмек түгілі өтіп барады. Өйткені, ресми тарих елдің жаңаша тарихын жартылай немесе бұрмалаушылықпен шұғылданып бара жатқан үрдіс бар.

- Секе, биылғы аталмай өткен «Азаттың» жиырма жылдығы мен алдағы жылда билік тойлайтын 20-жылдықтың орайында, қазақ демократиясы мен оппозициясының бастауында болғандардың бірі ретінде, оның тарихына бір шолу жасайтын, атап айтқанда өткен ғасырдың 90-шы жылдардың ба­сындағы «Азат» бастаған қазақ демократиясының кейбір оқиға­лары, қазақ демократтары жайлы ашығын айтатын, ашып айтатын уақыт жетті деп санамайсыз ба?

- Мен үшін жаныма жайлы да жақын сауал деп санаймын. Айтатын уақыт келмек түгілі өтіп барады. Өйткені, ресми тарих елдің жаңаша тарихын жартылай немесе бұрмалаушылықпен шұғылданып бара жатқан үрдіс бар.

«Қазақ демократтары» деген ұғымға абай болып қарау керек, себебі, демократ болу үшін ішкі рух пен жігерінің, әрі елге деген шынайы сезімінің күштілігімен бағаланатын адамдарды іріктесек, тұйыққа тіреліп қалуымыз мүм­кін. Алайда, «Азат» қозғалысының құндылығы оның алғашқы демок­ратиялық қадамдарында ғана емес, ең әуелі ұлтты егемендікке жетелеген, оны тәуелсіздікке даярлаған әрекеті мен тәжірибесінде! Бір қызығы, сол әрекетті демократиялық тәсілмен атқаруында еді. Яғни, «Азат» қауқарды да, білікті де халықтың өзінен алды, ал кәзіргі демократтар халықтан өздерін жоғары санап, менсінбей, оған «ұстаз» болумен уақытты да, әлеуетті де бекер рәсуә етумен жүр. Мен бұл салыстыруды бүгінгі оппозицияны мінеу үшін емес, саяси құндылықты аша түсу үшін келтіріп отырмын.

«Азат» өз лидерлерін де шыңдады, өсірді, тактикасын таңдады. Олар әлдебір бизнестік, лауазымдық адамдар ретінде емес, ең әуелі ұлтқа жарамды азаматтар табиғи жолмен іріктелді. Сондықтан да, бір апта бойғы Семей полигонын жабу митингісі тәуелсіздік алып үлгермеген елге Жоғарғы Кеңестің сайлауымен президент болған Н.Назарбаевқа қызыл империя басшылығының шешімін жойғызды емес пе?! Қазбалай берсек, бұл заңсыз болатын, полигонды жабу жөніндегі шешімді сол кездегі КСРО президенті, немесе оның мұрагері болып табылатын Ресей басшысы Ельцин шығаруы керек еді. Бірақ тарихтың құдыретіне қарамайсыз ба? Енді не болар екен деп КСРО болашағына бас қатырып жүрген республика басшылығының назарын әлемдік әрекетке баруға итермелеген қазақ халқы, ал оны жұмылдырған «Азат» болатын. Әрине, полигонды жабу идеясы мен көптеген шара «Невада-Семей» қозғалысына тиесілі, бірақ сол жолғы дүлей әрекеттің «Азат» қозғалысының араласуымен болғаны рас. Мұндай өлермендік тек қана ұлт болашағына қатты алаңдаудан туадыі.

Жарайды, мұны кездейсоқтық дейік, ол шараға «Азаттан» басқа да қозғалыстар мен топтар қатысты дейік. Ал, республиканың аумағына көз салу қаупін сейілткен Орал көтерілісі ше?! Ол да кездейсоқ па? Жоқ! Оған 1990 жылғы 21 қазанда өткен «Алдаспан» қоғамдық саяси-мәдени бірлестігінің құрылтайында Ақтөбеге бір топ оралдықтар келіп, жағдайды баяндағанынан басталып, Семей шарасында «Аттанайық Жайыққа!» ұранына біріккен «азаттықтардың» аттанысымен әзірлік аяқталды. Нәтижесі белгілі. Сол кезде кәзіргі байыған жігіттердің кейбірі туралы естідік. Бірақ олардан ешбір көмек болмады. Олар бұл шараларға мысқылмен қарап жүрді. Ақырында, өздерінің билікке келуіне, сол үшін күресулеріне кейін тура келді. Ол үшін демократияны желеу ету қажет болды. Ал, біз үшін әруақытта да желеу ұлттың қамы болып қалды және қала береді.

«Азатқа» қатысты тарих ғылымы тарапынан ештеңе де айтылған жоқ! Тек қана оның құрамында болып, Қазақстанның жаңаша тарихын жасақтауға қатысқан азаматтардың өздерінің ғана пікірлері жарық көріп жүр. Мысалы, ардагер «азатшыл» ақсақал Орынбай Жәкібаев «Азаттық» атты үш томдық, марқұм Батырхан Дәрімбет «Азат қозғалысы» кітабын, Сағат Жүсіп ағамыз «Азат» пен аманат» еңбегін, дәрігер, тарихшы Нұрлыбай Сисенбай екі бірдей кітабын жазды. Ал,ғылыми зерттеме жоқ, тарих оқулығында «Азатқа» орын жоқ, болар пиғыл да көрінбейді. Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығын «Азатсыз» елестету ұлт тарихына обал және көрсоқырлық. Оның үстіне ұлттың егемендікке ұмтылған қауқарын жоққа шығарғандай күнә! «Азат» қозғалысын айтқанда, елдегі демократиялық дағды мен саяси тактиканың алғашқы үлгілері соған тиесілі екенін және тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы романтикалық демократия «Азатсыз» өтпегеніне көз жетер еді. Өкінішке қарай, «Азат» феномені әлі зерттемелік нысанға айналмай отыр. Бірақ, «Азатты» алаштың тарихы мен тағдырынан ешкім де сылып тастай алмайды. Соның өзінде жұрт «Азаттың» нағыз қаһармандарын бүгінде білмейтіні рас. Абыройды қызғанбай-ақ қоюға болады, бірақ әлгі кездейсоқ адамдарға қарап, «Азат» қозғалысына баға беріліп жүргенін көргенде қиналатынымыз рас.

Бір ғана Жайық көтерілісі арқылы «Азат» қазақтың егемендікке және өз жеріне қожайын бола алатын халық екенін мойындатты емес пе?! Ол болмаса, кәзіргі Астананың орнында Ресейдің Целиноград қаласы тұруы мүмкін еді! Айтылу уақыты айтатын адамның өз дайындығына қатысты, біреу бүгіннен именеді, біреу уақытында айта біледі. Бірақ жастарға жаңа тарихты жеткізуде кешігіп жатырмыз, олар одан мақұрым қалып отыр. Жуырда менің Орал оқиғасы туралы мақаламды оқыған интернет оқырмандары комментте жағаларын ұстап, өздерінің ештеңе білмейтініне опынды. «Азат» жайында шындықты айту, бүгінгі ұрпақ үшін - рух, саясатшылар үшін - тәжірибе! Ұлт үшін - тарих.

«Азат» қозғалысы, қысқасы, елдегі демократиялық үдерістің бастамасын жасаған, отаншылдық көріністің үлгісін көрсеткен және ресми билікке балама позициясын қысылмай, ашық жеткізіп, өз электоратын қалыптастыру жолынан өткен саяси күш болды. Сол электораттың арқасында «Азаттың» алғашқы әкімдерін халық сайлай бастаған еді. Қызылорда облысы Сексеуіл қыстағының әкімі Уәлихан деген жігіт тұңғыш «азаттық» әкім ретінде солай сайланды. Шынын айту керек, саяси күреспен жүріп, өзімізді билікке дайындамағанымызды кейін сездік. Соның зардабын бүгін тартып жүрміз. Билікке барған азаматтардың өздерін дұрыс көрсете алмағаны да содан еді.

Егер де, соңынан «туылып», ес жиған демократтар сол кезде «Азаттың» шынайы болмысына назар аударғанда елдің саяси ахуалы кәзіргіден әлдеқайда өзгеше болар еді. Енді «азатшылдарды» ойыншыққа айналдыру ниетінен ештеңе де шықпайды және ешкім де өтірік ойынның қолжаулығы бола алмайды. «Азатшылдардың» феномендік табиғаты да сонда! «Азат» жайында айту «азатшылдар» туралы әңгімелеу емес, сол кезеңдегі ел тарихын бағамдау деген сөз. Сондықтан оны қолға алу ұлт тарихы үшін қай кезде де өзектілігін жоймайтын тақырып болып қала бермек.

Азаттың» туу, қалыптасу тарихы төңірегінде айтылуға тиіс нәрселер түгел айтылды ма? «Азат» жоқ жерден туған жоқ қой. Азатшылдардың көпшілігі «Қазақ тілінің» шекпенінен, мысалы Ақтөбеде - «Алдаспаннан», Батыс Қазақстанда - «Қазақ тілінен», Қызылордада - «Тамшы» мен тіл жанашырларынан бастау алып артынан «Азаттың» туының астына жиналды емес пе?

-Жалпы, бұл жағынан мойындалатын бір жайт, «Азаттың» құрылуына ресми биліктің о баста қатысы болғандығы. Бірақ жергілікті «бейформалдарсыз» (сол кездегі «оппозиция» ұғымының баламасы), шамасы оның одан әрі қалыптасып кетуі қиынға соқса керек. Сол себептен де, сол кезде Сәбетқазы ағамыз бастаған «Азатты» құрушылардың әр аймақта «Азатқа» дейін қалыптасқан жергілікті ұйымдарды біріктіруден басқа амалы қалмады. Ол кезде Ақтөбеде «Алдаспан», Қызылорданың Аралында «Тамшы», Маңғыстауда «Парасат», Целиноградта «Тіл және мәдениет» сияқты дербес қоғамдық ұйымдар құрылып, қалыптасып, өз өңірлерінде біршама абыройға ие болған еді. Сонымен бірге, ол кезде «Қазақ тілі» қоғамының да облыстық бөлімшелері құрылып, іске кірісіп ұлттық бағыттағы күрескерлерді жинап жатқан. Бұл құрылымдар жергілікті серкелерді (лидер) іріктеп, кімнің кім екенін халыққа танытып қана қоймай, ұлттың жігеріне жігер қосып, тәуелсіздікке деген құлшынысын үстемелеген факторға айналған болатын. Сөйтіп, «асыранды» болуға тиісті «Азат» уыстан шығып кетті де нағыз ұлт-азаттық қозғалысқа айналды.

Ол кезде «Азат» шаруашылығын Марат Шорманов атқару комитетті басқару арқылы қуатты ұйымға жетелей бастаған. Мені Батыс аймаққа, Қажыбай Қабылов ағамызды Солтүстік аймаққа үйлестіруші етті. «Азат» газеті іркілместен шығып, Батырхан Дәрімбет оның бас редакторы болды. Сөйтіп, шашыраған ұлттық әлеует бір ұйымға бірігіп, ықпалды саяси күшке айналады. Орал оқиғасынан кейін билік қозғалыстың «уысынан» шығып бара жатқанын байқап оған қарсы ашық күрес жүргізе бастады. Қозғалыстың басшылығына жік салынды, нәтижесінде сенделіс басталды. Қозғалысқа кім болса сол кірді, басшылықта береке болмады. Қысқасы, қозғалысты Алматы одан әрі басқара алмады. Тіпті, бас қаламызда қозғалыстың бөлімшесі ең соңынан әупірімдеп құрылғаны бар.

Осыған байланысты өңірлік қозғалыс мүшелерінде Алматыға деген көзқарас өзгере бастады. Әсіресе, Жайық көтерілісінен кейін Алматының астана ретіндегі тиімділігі «азаттықтар» арасында қызу пікір туғызды. Оның географиялық және саяси жағынан елдің барлық өңіріне ықпал ету мүмкіндігі жоқтығы байқалып қалды.Сол кезде бірқатар «азатшылдар» ауызша да, жазбаша да астананы орталық өңірге көшіру мәселесін көтере бастады. Солардың қатарында 1992 жылғы күзде мен де Солженицынға еліктеп, «Көсеге қайтсе көгерер?» мақаласын жазып, сол кездегі «Егеменнің» бас редакторы Ә.Кекілбаев ағамызға жөнелткенмін. Бірақ материал жарияланбады. Ол кісі бір айдың ішінде бұл лауазымнан мемлекеттік кеңесші дәрежесіне көтерілді де,1993 жылдан бастап, астананы жаңа қонысқа көшіру туралы материалдар БАҚ-та қаптап кетті. Мұнымен астананы көшіру идеясы әуелде «азаттықтардан» шыққанын айтқым келеді. Ол кезде ұлтқа қажетті не болса да іске жаратуға, қолдауға тырыстық, тіпті, билік атқарса да риза болатынбыз. Себебі, ол мезгіл ұлттың тәуелсіздену кезеңі болатын, ал биліктің қалыптасу шағында оны қолдау дұрыс деп санадық. Біз қоғамның, мемлекеттің жалпылама жеңісі мен жемісінен ләззат алып жүрдік. Кейіннен мемлекеттік ресурс жекелеген топтың қалтасына түсіп кетеді-ау деген ой тіпті болған емес!

-Дүниеден өткен «Азаттың» ардагерлері С.Ақатай, М.Есенәлиев, С.Шапағатов, Б.Дәрімбет сияқты тарихи тұлғалар төңірегінде не айтар едіңіз? Ертең олар жайлы шындықты қазірдің өзінде басталған аңыз бен қоспаға толы әңгімелерден аршып ала алмай жүрмейміз бе?

- «Азат» ардагерлеріне пенделіктен арылып, жас ұрпақ алдындағы парызды, тәрбиені қолға алатын уақыт туды. Ол үшін жоқты-барды қопсыту да кері әсерін тигізеді. «Азат» қозалысына объективтік баға беріліп, қасиетті саяси мұра екенін бәріміз де мойындағанымыз абзал. Және ұлтқа саяси тәжірбелі ұйым болғанымызды әйгілейтін бір шара керек. «Азаттың» мұрасына таласатындай дәнеңе жоқ. Онсыз да саяси алаңнан ығысып қалдық емес пе?! «Азаттықтардың» көпшілігі дерлік тәуелсіздік жылдарындағы саясаттың күрестік сипатынан арыла алмады, тіпті, арыла алмай жүр. Бізге күрестің орнына саясатпен айналысу керек еді. Ол қолдан келмей қалған секілді. Дос Көшім секілді бірен-саран азаматтар болмаса. Дүниеден өткен, аталған азаматтар мүмкіндігінше ұлтқа қызмет етті. Олардың пенделік ғұмырына қол сұғу ардың ісі. Ал, тарихи тараптан талдау мамандардың шаруасы. Қандыкөйлек адам ретінде бізге көп нәрсені аша беріп қажеті шамалы. Тек қана ұлтқа жарайтын тарихи тәжірибелік құндылық жағынан қарамасақ, «өткенге - салауат» деп бекер айтылмайды ғой. Онан да «азатшылдардың» жалпы қатесі мен осалдығы неде деген сауалға бас қатырған дұрыс.

Саяси тарих пен оған қатысушылардың рөлін сол адамдардың жеке кейпімен шатастыруға болмайды. Адам болып туылған соң қате де, пенделік те болуы заңды. Тіпті, пайғамбарлардың талайы Жаратқаниенің қадесіне жарай бермеген! Біз айтқанда, «Азатшылдардың» жекелей қосқан үлесі мен қатесін айтуға болар, бірақ, оқырман жиіркенетіндей пенделік арға тиетіндей шекараға тиіспеген абзал. Рас, «азаттықтар» да ет пен сүйектен жаралған жандар, уақыттың ығына тығылып, өздерінше күнкөріске түскендері де, принциптен таймай, бірақ жанұясына жағдай жасай алмай жүргендері де бар. Оларды тілге тиек ету, біздің халқымыз алдындағы миссиямызға көлеңкесін түсіреді ғой. Және де «Азатта» кездейсоқ келген, арнайы органның міндетімен жүрген де жігіттер болды емес пе? Халық кімнің кім екенін өзі бағаласын.

Кезінде Михаил Есеналиев ағамыз орта жастағы Жасаралды, Хасен мен Досты «Азатқа» әкелгенде көп үміттеніп едік, өкінішке қарай, олар ол кезде үлкен саясатқа әзір болмай шықты. Тіпті, Жәкеңді президенттік орынтаққа да икемдеген ниетіміз болған. Бірақ ол кісі күрескер болуды қимай, саясатшылыққа баруды қолайламаған секілді. Мен саясатшылық деп халықты ертуді, оған ықпал етуді, оған серке болуды айтып отырмын.

Кейде біздің ұлтшылдар принцип пен тактиканы шатастыратын секілді. Күрескерлікті саясат жасауға айырбастауды принципке деген сатқындықпен шатастыратындай. Принцип - мақсатқа адал болу, содан тайқымау ғой. Ал, тактика нәтижеге жетудің ұтымды жолдары. Осындай тактиканың жоқтығынан біз шілдің қиындай шашылып қалдық! Мемлекеттің тәуелсіздігі кезеңінде өзіміз қалыптасып, мемлекеттің қалыптасу кезіне даяр болмай шықтық. Ал, бұл кезеңге даяр болғандар мақсатқа жетуге әзір болмай шықты. Оны кейінгі оппозиция толқындарының әрекетінен көрдік.

-Секе, ертеде бір сөзіңізде С.Ақатайдың «Азатты» Қазақстанда жаяу аралап жүріп, тер төгіп құруға қанша еңбегі сіңсе, кейін оның ыдырауына, бөлінуіне сонша «еңбегі» сіңіп, осы процестің барлық облыстарда қайталануына соқтырды деген едіңіз, сол пікіріңізді нақтылай кетсеңіз?

-Сәбең мен үшін саяси өмірдегі ұстазым болды. Мен оған еріп, талай облыс, ауданды аралаған кездерім бүгінгі аяулы сезіммен еске алатындай ардақты шағым. Сәбең қазақты «Азатқа» жұмылдыруға бар күшін салған бірден-бір саясатшы. Бірақ ол сол жиған-тергенді басқаға бермеймін дегендей пиғылдан қателесті деп ойлаймын. Оны пенде ретінде түсіну керек, бар еңбегін жолдан қосылған біреуге арта салып, өзі қосалқы тұлға болуға келіскісі келмесе керек. Олай қимылдамай-ақ, артынан ерген жұртты сол күйінде ерте беретіндей мүмкіндік болды, бірақ Сәбеңнің бойында харизма жетіспеді, соны өзі де сезіп, ол кісі шалт қимылға барып, саяси абыройын орталап алды. Ол мені Алматыға алдырып, өзіне орынбасар етуге де икемдеді. Бірақ оның тактикалық әрекеттерімен келіспей, соңынан еруден бас тарттым.

Сәбеңнің «Азат» қозғалысының елдің барлық өңіріне қанат жаюына еңбегі сіңгені рас қой. Бірақ 1991 жылдың күзінде саясатпен тек қана партиялар айналысуы қажет ететіндей жағдай туғанда, яғни, саяси партиялар туралы заң қабылданғанда, бірталай азаматтар партия құруға кезекке тұрды. Олжас пен Мұхтар ағаларымыз Халық конгресін құрды. Компартияның «мұрагерлері» табылды. Бұдан кейін билік СНЕК (кейін ПНЕК) партиясын құрып, Своик пен Ертісбаевтар тобы социалистік бағытқа жармасты. Дос Көшім, Дувановтар социал-демократиялық партиялы болды. Делебесі қозған Ақатаев ағамыз республикалық партия құруға кірісіп кетті. Мұны құп көрмеген Есеналиев қозғалысты ұстап қалуға тырысты. Сол кезде ол қозғалысқа жұртқа танылып қалған алматылық үш ұлтшыл жігітті алып келген уақыт еді. Бірақ аймақтардағы онсыз да аз ресурс пен әлеует екіге жарылды: жартысы партияға, жартысы қозғалысқа. Алматының ұйымдастыру мүмкіндігі мен ресурсы шектеліп қалды. Ол тұста «Азаттың» басты шаруашылық басшысы Марат Шорманов Халық конгресіне кетіп қалған еді. Сөйтіп, бір жылдай ұйымдастыру әлегін бастан кештік, ақырында істен нәтиже, ұйымнан береке кетті. Осы қадам Сәбеңнің барлық тарихи абыройын шайып кетті.

Бірақ мәселе, Сәбеңнің жеке басында тұрды деуге болмас еді, өйткені, ол да қызыл империяның идеологиялық түлегі ғой, сондықтан демократиялық үрдіске дайын бола алмады. Ондай жағдайда, соған дайын тұлғаларды алға шығарудан қорықпау керек еді. Демек, сондай тұлғалардың мейлінше аз болғаны ғой. Өйткені, саясат бір тұлғаның әлеуетінен құралмайды, бір тұлғаның бар әлеуетті жұмылдыруынан қалыптасады деп ойлаймын. Бірақ Сәбең сияқты ұлтын шынайы түрде сүйетін адамдардың сирегеніне қарап, ол кісіні сағынам да, кеңқолтық тұлғасын жоқтаймын да.

-Өзіңіз, отбасыңыз жайлы не айтар едіңіз. Бойыңыздағы Құдай берген барлық қабілеттімді аштым деп айта аласыз ба әлде бұрынғы шаршамайтын ізденісте жүрсіз бе?

-Мен Ақтөбеде «Алдаспан» ұйымын құрғанда 28-де едім. Сол кездегі саяси жемістерімізге қарап, кейде соның бәріне күш пен тәуекелді қайдан алдық деп таңырқайтын уақытым болады. Оған жауап та таптым. Бәріне де жеткізетін ұлттық аңсарды жүзеге асырудан туатын ұлы ұмтылыс екен. Ондай кезде адамда қыруар күш-жігер мен интуиция пайда болады да, әлгі ұмтылыс бойдан кеткенде жыны қашқан бақсыдай болады екенсің. Мен айналама жиналған жігіттердің өзімнен он жастай үлкен екенін білген соң, оларды қатар ретінде де, аға ретінде де сыйласа жүріп алға басуға тура келді. Кейін өзім «Азаттың» орталық үйлестіру кеңесіне мүше болып, Батыс аймақ бойынша үйлестіруші болғанымда, ақтөбелік «Азатты» әлгі азаматтарға солайымен беріп, олардың не айтса да көнуіне тура келген жағдайым болды. Өзімнен үлкен кісілерге өз пікірімді ашық айтқаныммен шешім қабылдауға оны таңа алмаған кездерім жеткілікті еді.

Бірақ «Алдаспан» кезінде қалыптасып қалған демократиялық үрдіс, мәдениетті пікірталас өз жалғасын тауып жүрді. «Азат» қозғалысының қандай акциялары мен әрекеттерінде де ақтөбелік «азатшылдардың» орны бөлек екені өз кезінде де бағаланды. Соның нәтижесі - Ақтөбе қалалық мәслихатына сегіз бірдей депутат өткізгеніміз еді, бұл - мәслихат құрамының үштен бірі болатын. Тіпті, 1993 жылғы Қазақстанның Жоғарғы Кеңесінің соңғы шақырылымына Жасарал Қуанышәлин ағамыздың депутат болуы - сол жемістің жарқын көрінісі еді.

Айта берсек, тілге тиек жәйттар көп, себебі, «Азат» атқарған істер мен үдерістер жеткілікті. Енді соны саяси тарих пен тәжірибе есебінде халыққа жеткізу маңызды болып тұр. Соған орай «Арда-азат» деген клуб құрып едім, азаматтар белсенбей жатыр. Меніңше, ардагер «азатшылдар» «Жас азат» секілді ұйымдар құрып, жастарды тәрбиелеуге көшу керек. Өйткені, қазақта жаңа элита қалыптастыру міндеті тұр.

Биыл «Азатқа» жиырма жыл толып отыр. Ал, біз қол қусырып қарап отырмыз...

Жеке басқа келсек, нағыз саяси өрлеу кезімде қайғылы жағдайға тап болып, екі баламмен қалып, жеке бастың қамынан арыла алмадым. Енді есейіп, бас көтергенде, қоғам біз секілділерді өгейсіп қалғанын байқадым. Көптеген жылдар бойы қоғамдық ұйым басқардым. 2005 жылы Мұхтар Шаханов ағамыз парламентке шақырып өзіне көмекші етті. Сөйтіп, өмірімдегі ішінара ел бюджетінен айлық алу бақыты солай бұйырды.

Бір адамдай журналистік қабылетім пайдаға асар емес, біздің қазақы қоғамға кәзір журналист емес, насихатшы керек екен. Соның кесірінен қазақтілді ақпарат өндіру мен тұтыну құлдырады да, аудармаға айналып кетті. Сөйтіп, қазақ тілінде ойлап, ақпарат өндіретін журналистердің орнына аудармамен айналысатын насихатшылар пайда болды.Сараптама мен шолуды шатастыратын жағдайға жеттік. Ұлттың қамын ойлауға мүмкін, дәлірегі тиіс ресми орындарға жайғасып алған кездейсоқтар жол бермейді. Олар саяси косметикамен айналысуда. Жалпы, ұлттық сапа мен мазмұнның кеңестік деңгейден анағұрлым төмендеп кеткенін мойындау керек. Соның бәрін ойлап, қолдан келер қайранды іске қоса алмайтыныңды сезгенде бармақ шайнаудан басқа ештеңе қалмайды.

Өз бетімше мәдениеттанумен айналысып жүрмін. Наурызды қолға алғаныма бес жыл болды, оның бізге барынша жақын мереке екеніне көз жеткізетін зерттемем дайын тұр. Қоғамдық сала мен тіл саясаты бойынша публицистикалық екі кітап жазулы. Одан басқа лингвистика саласында да бірқатар ойларым бар, қазақы әліпби тұжырымдамасын әзірледім. Кирилше қаріптен бас тартпасақ, ең болмаса тілімізге бейімделген әліпбилік реформа керек екеніне көз жетті. Онсыз тіліміз өз жүйесінен жұрдай болмақ. Ахмет Байтұрсынұлының түгендеген дыбыстары негізінде Құдайберген Жұбанов айтып кеткен сингармонизм аясында әліпби жасақтауға көшу қажет. Мұның бәрі сайып келгенде - мемлекеттік саясаттың ұлттық мазмұны.

Жалпы, Алла берген қабылетімді өз пайдама да, елдің пайдасына да толық жарата алмай жүргенімді өзім де, айналам да жақсы біледі. Біздің қоғам жеке бастың қабылетін ашуға емес, қымтауға бағытталған. Біз әзірге өзгеге сауын сиыр болып отырғандаймыз. Ең қиыны - сөзден қадір, істен береке, саясаттан нәтиже кеткені. Бірақ мұның бәрі де өткінші, тек болашақтың алғышартын аман сақтау керек. Ол үшін жаңа элита қалыптастыру керек, сол үшін де тарихқа айналған әрбір әрекетіміз ұлттың тәжірибесі екенін сіңіретін әрекет керек-ақ. Сол үшін де «Азат» жекелеген серкелер мен олардың бұрынғы мүшелерінің мақтанышы ғана емес, ұлттың жігерін жанитын желеу болғаны абзал. Сонда ғана кешегі істің бүгінгі жалғасы табылады.

 

Сұхбаттасқан с.Есмаханұлы

«Жас қазақ үні» газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5406