Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 11029 9 пікір 9 Сәуір, 2017 сағат 21:36

Он екі ата Керей қалай пайда болды?

"Түгел сөздің түбі бір" депті Майқы би. Сонымен қатар қазақтың да түп атасы сол - Майқы. Майқы биден Қазақ пен Созақ туады. Созақ дегендері Ауғанстандағы қазақтар деп ойлаймын.

Қазақтан Алаш туады, Алаштан Ақарыс, Бекарыс, Жанарыс. Ақарыс дегеніміз - Ұлы жүз, Бекарыс дегеніміз - Орта жүз, Жанарыс дегеніміз - Кіші жүз. Бүкіл қазақ осы үш жүзден тарайды.

Ұлы жүз бен кіші жүз бөлек бір әңгіменің желісі, мен бұл жерде орта жүзді айтайын. Орта жүзден қоңырат, қыпшақ, арғын мен найман (бұл екеуі бір анадан), уақ пен керей (бұл екеуі де бір анадан) болып алты ру тарайды.

Уақ ағасы екен, Керей інісі екен. Керей өлгенде артында Құттықожа деген жалғыс ұлы қалыпты. Апамыз Абақ болса жесір қалыпты. Керейдің асын беріп, тұлын аударып Уақ батыр анамыз Абаққа кісі жіберіп “Маған қарасын” деп сәлем айтыпты. Апамыз Абақ оған “Құттықожа аман болса, маған байдың керегі жоқ” деп жауап қайтарып тимей қойыпты.

Сонан соң Абақ апамыздың бір күні бір сиыры күйлепті. "Уақ батырдың бір бұқасын айдап кел" деп қайнағасының аулына бір кісі жіберіпті. Уақ батыр келген кісіні қамшының астына алып сабап “Өзі сопы неменің малы да сопы, менің өзім арам болғанда малымның сідігі адал ма?” деп оны қуып жіберіпті.

Мұндай жауапты күтпеген Абақ апамыз “Біз сүйеніп жан етеміз деген туысымыз мұны істесе, бұл жерде тұруға болмайды екен” деп Құттықожаны арғымаққа таңып алып ұлы жүз үйсіндегі төркініне көшіп кетіпті.

Төркініне барса Нәзір қожа дейтін бір сарт молда ауылда бала оқытып отыр екен. Баласы Құттықожаны моллаға “еті сеніңкі, сүйегі менікі” деп оқуға беріпті. Бір күні Абақ апамыз Нәзір молдадан шариғат жолын сұрап: “Қайнағам алам деді. Оған тимедім. Алам деген қайнағамдікі тура ма, тимеймін деген менікі тура ма?” депті.

Сонда молда: “Жас қатын тұл қалып, байға тимесе, аққан судың бас жағынан дәрет алса, аяқ жағынан ішкен су шошқаның сорпасымен бірдей болады” деп айтыпты.

Апамыз Абақ шошып кетіпті. Кері қайтып Уақ батырға тигенді ар көріп Нәзір молданың өзіне тиіпті. Одан екі ұл туыпты. Біреуінің атын Жиеншора, біреуінің атын Бердішора қойыпты. Бердішорамыз құлтайболат, меркіт болады.

Құттықожа ержетіп, үйленіп одан Бағаналы мен Жаппас туыпты. Бағаналының үш ұлы болыпты. Олар: Жәдік, Жәнтекей, Шеруші.

Жаппастан үш ұл болыпты: Нұрғазы, Нұржұбай, Нұрманбет.

Нұрғазының қасы ұзын екен. Қарақасты деп жүріп Қарақас атанып кетіпті. Нұржұбайымыз садақкер кісі екен. Садағы сынып тоқтамаған соң, түйенің жас терісімен садағын қаптатыпты. Көнсадақты деп жүріп Көнсадақ атаныпты.

Нұрманбеттің шешесі моңғол қызы екен. Нұрманбеттен басқа бала көтермей жүріпті. Сонда құрбы құрдастары "бала таппадың ғой" деғенде: “Нұрманбетім аман болса болқы, болқы, яғни болды, болды” деп жауап береді екен. Содан молқы атанып кетіпті.

Нағыз керейлер осы алтауы дейді. Бұл алтауы сарттан туған екеумен сегіз болады. Сегізі де батыр болып он жүз аймауыт пен тоғыз жүз торғауытты шауып жүргенде екі бала олжалап алыпты. Екеудің біреуінің атын Байлау, біреуінің атын Қойлау қайыпты. Байлауыңыз сартоғай, сарбас, жастабан болады. Қойлауыңыз ителі болады.

Бұл батырлар және ел шауып бір қалмақтың жалғыз ұлын олжалап алыпты. Ол мықты жігіт болған екен. Бір күні Мұзтаудың арқасында құлындап тұрған бұлан деген аңды атып құлынын әкеп екі енекке теліп құнан күнінде жібектен арқан тағып, дөнен күнінде үстіне мініп үйреткен екен. Сөйтіп жабайы аңды айғыр күнінде үйреткен екен. Содан ол алты айлық жолды алты күнде жүретін арғымақ болған екен. Оны ел шыбарайғырлы келе жатыр деп айтып жүріп Шыбарайғыр атанып кетіпті.

Бұл он бір батыр түнде бір ауылдың үстіне түсіп қалыпты. Ол ауыл қашып кетіпті. Ертеңіне күн ағарғанда қараса жұртта бір мешел бала қалып қойыпты. Шимойын мешел деп ат қойыпты. Шимойын, шимойын деп жүріп шимойын атанып кетіпті.

Міне он екі керейің осымен бітеді.

Әңгімені айтқан: Ибрахим Дазухан. Одан 1985 жылы ұлы Ғанимет Дазухан жазып алған.
Қолжазбадан дайындаған: Әбдіуақап Қара, Тарих ғылымының докторы, Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры
Abai.kz
9 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5408