Осыдан бірнеше ғасыр бұрын Іле өзені Балқашқа қазіргідей оңтүстігінен емес, орта тұсынан құйған екен. Қазір Іле атырауында болып жатқан үдерістердің әсерінен тармақтар ауып, сол ескі арнасына қарай жылжып бара жатыр деуге негіз бар. Жерсеріктен түсірілген суреттерден оны анық байқауға болады.
ҚР Білім және ғылым министрлігі География институтының аға ғылыми қызметкері Ақан Мырзахметовтың пікірінше: «Өзен арнасының ауысуы ұзақ уақытқа созылатын үдеріс. Ол табиғи себептерден туындайды. Табиғаттың өз ішіндегі әрекеттерден арнаның формасы, көлемі, мөлшері, тереңдігі, конфигурациясы өзгеріске ұшырап отырады. Ол Іленің сулылығына тәуелді. Жалпы, бұл үдерісті басқаруға болады және оны басқаруда Қапшағай су қоймасы басты тетік болып табылады».
1980 жылдан бері жылдың әр мезгілінде География институты қызметкерлері жоспарлы далалық жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Су ресурстары зертханасына қарасты «Арқар» стационарында жыл бойы гидрометеорологиялық бақылаулар мен арналық үдерістерге мониторинг жасалады.
Жоспар бойынша Іле өзенінің атырауын аралап өтіп, ары қарай Балқаш көлінің солтүстігіндегі – Приозер қаласына жетуіміз керек еді. Бірақ көлде жел тұрып, айнала алай-дүлей болып тұрып алды. Артынша тоқтаусыз жаңбыр сіркіреді. Енді ашылды-ау дей бергенде қайтадан дауыл көтерілді. Көлге шықпақ тұрмақ, қайыққа мінуден қалдық. Ауа райы болжамын қарайық десек не интернет, не ұялы байланыс жоқ. Осылайша жергілікті балықшы Зиканың (Зейнетулла) баянда құйқылжытқан әндерін тыңдап, тағы бірнеше күн Шұбарқұнан маңында жатуға тура келді.
Жалпы, журналистік кәсіппен жүрген соң талай адамдармен араласасың, ел-жер көресің. Небір жайсаң жандарды кезіктіресің. Менің есімде қалған сондай азаматтардың бірі – осы Зейнетулла болды. Қайран, ауылдың қарапайым, пейілі сүттей ақ, ниеті судай таза адамдары-ай десеңізші…
Қарап жатпай экспедиция мүшелерімен бірге Ұзынаралға жету жоспарын талқыладық. Балқаш көлінің ащы және тұщы бөлігін екіге бөліп тұратын түбекті жергілікті халық ежелден осылай атап кеткен. Ұзынаралдың солтүстік нүктесі көлдің дәл ортасына жетіп жатса, оңтүстігі жағалаудағы батпақты-қамысты алқапқа ұласады. Бірақ оған құрлық арқылы жету әсте мүмкін емес. Қамыс пен саз араласқан нағыз тұмса аймақта жол тұрмақ, әлі күнге дейін адам аяғы баспаған жерлер де бар. Ол жер қалың қамыс пен жыртқыш аңдар мекені саналады. Сол себепті ең оңтайлы жол – көл арқылы жету деп шештік. Ол үшін сөзсіз Приозерге жетуіміз керек. Бірақ дауыл кезінде көл бетіне шығудың өзі қауіпті. Солай болса да, кестеден кешігіп, әбден жүйкеміз жүн болған біз тәуекелге бел байлап, Зиканың жүйрік жапон катерімен арғы беттегі Приозер қаласына тартып отырдық. Бұдан басқа амалымыз да жоқ болатын.
Көл үстінде сағатына 90 шақырымдық жылдамдықпен басып келе жатқанбыз. Көкжиек аспанмен араласып, нақты қай жерде тұрғаны көрінбейді. Кенет көлдің дәл орта тұсына келгенімізде катеріміз оқыстан шайқалақтап кетті. Бір бүйірден таудай толқын кеп соққан екен. Бір Аллаға сыйынып, жақтау темірлерге жабысып алдық. Абырой болғанда толқын одан ары үдемеді. Арада бір сағат өткенде жағалау көрінді.
Приозер – әр түрлі ұлт өкілдері тұратын шағын қала. Бір кездері ресейлік әскери база орналасқандықтан, сырттан келетіндерге жабық саналған. Ол жерде қанша рет әскери сынақ жүргізілгені де белгісіз. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, қауіпті сынақтардан соң улы заттар суға қосылып, табиғатқа орасан зор шығын келтірген оқиғалар көп болған екен. Ал оның бәрі онсыз да ахуалы нашарлап тұрған Балқаш көлінің жағдайын одан ары ушықтырып отыр. Ресейлік әскери полигондардың қоршаған ортаға тигізген залалы әлі де арнайы зерттеуді қажет етеді.
Бір апта бойы қайықтан басқа көлік, судан басқа жол көрмеген біз енді автомобильмен көлдің солтүстігін айналып, жолай Балқаш қаласын басып өтіп, ары қарай құмды даламен Ұзынарал тұсына жетпек ойымыз бар. Бұл – Қарағанды облысының аумағы. Айнала көзге түртсе, көрінгісіз. Осылайша түннің бір уағында Ақжайдақ ауылының маңындағы балықшылар базасына жетіп жығылдық.
Бүгінде Балқаш қаласында кен өндірумен айналысатын Балқаш тау-кен комбинаты (БТКК) жұмыс істейді. Ол қала халқының едәуір бөлігін жұмыспен қамтамасыз етіп отырғанымен, өкінішке қарай, жергілікті тұрғындардың айтуынша, табиғатқа да орасан зор қатер төндіріп тұр. Бір кездегі Кеңес үкіметінің жер қойнауын көзсіз игеру саясатымен салыстырғанда жағдай тәуір. ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігі 2001 жылы тиісті мекемелерге №68 «Балқаш көлінің экологиясын жақсарту» бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырған болатын. Дегенмен Балқаш көлі алабының экологиялық жағдайы толық жақсарып кетті деу қиын. Бұл 3 миллиондық халқы бар аймақты тұрақты сумен қамтамасыз ету мәселесін, өңірдің су саясатын ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан қайта қарауды қажет етеді. Іле өзенінің трансшекаралық екендігі мен ғаламдық жылыну факторларын ескерсек, мәселе одан да күрделене түседі. Кішігірім өзен-сулар ресурстарының жылдан-жылға өзгеріп бара жатуы да қауіпке қауіп қосып, аталмыш аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен экологиялық ахуалына теріс ықпал етіп отыр.
ХХ ғасырдың орта тұсынан басталған Балқаш алабының табиғи ресурстарын жаппай игеру жұмыстары мен қауіпті әскери сынақтар шыңнан құмға дейін тұтасқан табиғи баланысты өрескел бұзды. Нәтижесінде, бүгінде Іле жолбарысы, Балқаштың көкбас балығы секілді ерекше тіршілік иелері жойылып кетті немесе соған таяу.
Айта кетерлігі, Балқаш көлінде кез келген балық түрі тіршілік етуге қабілетті. Негізінен сазан, табан, торта, ақмарқа мен жайын жиі кездеседі. Соңғы жылдары мұнда қайдан келгені белгісіз жыртқыш жыланбалық пайда болып, біраз дүрбелең туғызды. Бір кезде көксерке де дәл осылай көлдегі көкбас пен алабұғаны жойып жіберген болатын. Балқаш көкбасының басқа тұқымдастарына қарағанда өзіне тән көптеген ерекшеліктері бар еді, бірақ ол қазір Қызыл кітапқа енді.
«Жыланбалық Қытай жақтан ағып келуі әбден мүмкін. Себебі балық түрлерін интродукциялау (жерсіндіру) бізде де, Қытайда да болған. Жыланбалықтан өзге қиыр шығыстық бірнеше балық түрлері анықталды», – дейді профессор Жақыпбай Достай.
Қазақстандық мамандар Қытай жағының Іле суын өндірістік, ауылшаруашылық мақсаттарға пайдалануды жылдан-жылға арттырып келе жатқанын айтуда. Балқаш көліндегі балықтардың азаюының бір себебі де сонда болса керек. Егер шығыстағы көрші ел Іле өзенінің суын бұрып алуды тоқтатпаса, көл деңгейі төмендеп, Ұзынарал арқылы Балқаштың шығыс бөлігіне қарай су ағып өте алмай қалады. Ол бірнеше бөліктерге бөлініп, Қаратал, Ақсу, Лепсі, Аягөз өзендерінің құйылар тұсындағы ойыстардан шағын көлдер пайда болу қаупі бар. Тіпті, Ұзынарал тұсынан бөгет салу қажеттілігі туындауы да ғажап емес. Ал бұл дегеніңіз, үлкен геосаяси жағдайға әкелуі мүмкін.
Таңертеңгісін тұра салысымен үлкен бір катерді мініп, әйгілі Ұзынаралға бағыт түзедік. «Мен осы жерде бала кезімнен тұрып келемін. Мемлекет Балқашқа көңіл бөлсе жақсы болар еді, – дейді жергілікті балықшы Алексей Гребенников, – жыл өткен сайын браконьерлер көбейіп келеді. Жапа-тармағай рұқсат етілмеген құралдармен жабайы түрде балық аулауға тосқауыл қою керек».
Балқаштың ең үлкен бес проблемасының қатарына көл табанын қармап жатқан қытайлық торларды жатқызуға болады. Жергілікті балықшылар қаскөйлердің мұндай әрекетінен зәрезап болғанын айтады. Торға түскен балық одан қайта шыға алмай, ауды төмен қарай тарта береді. Оған ірі балықтар барып арандайды. Сөйтіп, сол ауда жатып бұзылып кетеді. Ал аудың өзі не үзілмейді, не шірімейді. Шамадан тыс көбейген өлексе, су асты әлемінің берекесін алып, жылдан-жылға тіршілігін саябырлатып бара жатыр.
– Бақылауды күшейтіп, мықты техника, дайындығы жоғары қызметкерлерді көбейтсе екен деген тілегім бар. Қанша дегенмен, Балқаш – Қазақстанның қайталанбас байлығы емес пе?» – деп күйінеді Алексей.
– Егер балық аулауға тыйым салсақ, туризмді қалай дамытамыз? Балқашқа келетін турист – ол ең бірінші кезекте балық аулағысы келетін турист емес пе, – дедім мен.
– Ол дұрыс. Бірақ мен көл үстінде заңсыз жүретіндер туралы айтып отырмын. Керісінше қармақпен аулауға шек қоймау керек. Сонда ғана туризм дамиды. Сондай-ақ, қоршаған орта тазалығы үшін қоқыс жәшіктерін орнатып, туристердің мәдениетін жоғарылату керек. Менің пікірім осындай, – деді балықшы.
Судың ащы және тұщы жері түйіскен шекарасымен бойлап жүзіп келеміз. Бірақ түр-түсінен еш айырма байқай алмадық. Мен басында ащы су мен тұщы су бір түзу сызықтың бойымен бөлініп тұратын шығар деп елестеткен едім. Сөйтсем олай емес, ағыстар ішінара кірігіп, кейде 4-5 шақырымға дейін араласып жатады екен. Бұл да бір табиғаттың тылсым күші шығар?!.
Біраз жүзгенде елеусіздеу бір балықшылар айлағына келіп тірелдік. «Екі аптадан бері жатырмыз», – дейді олар. Арасында Шығыс Еуропа, Балтық елдерінен келгендері де бар екен.
«Биыл Балқаш балыққа сараң болып тұр. Ауға жөні түзу балық ілінбеді. Жаңа сіздер келердің алдында ғана анау бір жайынды ұстадық», – деп мұңын шақты біреуі. Жайынға қарасам, ашылған аузына менің басым сиып кетердей дәу екен. «Дым түспегені мынау болса…» дедім ішімнен. Ойымды оқып қойғандай, аузы-басын жүн басып кеткен тырық сары кісі анадайдан: «Бұл түк емес, әдетте бұдан да үлкендері болады», – деді дауыстап.
Айласы құрып, арқандалып тұрған жайынды желбезегінен алып көтеруге шамам әрең жетті. Бойы тура менікіндей, салмағы шамамен 50-60 кг. болады. Күн райы бұзыла бастады. Дауылда көл үстінде қалу қауіпті. Балықшылар айлағында аялдап, түстік тамағымызды ішіп алдық та, жағалауға қарай тездетіп тартып отырдық.
Кешқұрым жағаға жеткенімізде алай-дүлей дауыл тұрып, шатыр-шұтыр найзағай ойнады. Жауын тура түбі түскен шелектей құйып кеп жіберді. Төрт сағаттан астам уақыт тоқтамай күн күркіреп, түнгі аспанда тынымсыз найзағай ойнады. Көк күмбезінің әр жерінен 4-5 секунд салып жай оты жарқылдап жатты. Бұл шын мәнінде аса бір үрейлі көрініс еді.
Биыл жаңбырлы болғандікі ме, жер жарықтық жасыл кілемдей жайнап жатыр. Алыстан тораңғы тоғайын (лат. Populus section Turanga) көзіміз шалды. Бірақ қасына жақын бара алмадық. Балқаштың тағы бір байлығы – тамыры 25 метр тереңдікке кететін осы бір шөл еркесі еді. Қазақ халқы ерекше киелі санап, құрметтеген ағаш бүгінде Қазақстандағы жойылып бара жатқан өсімдіктер қатарына еніп отыр.
Балқаш алабы – Хантәңірі мұздықтарынан Балқаш құмдарына дейінгі, салыстырмалы түрде қысқа ғана, аралықта 5 климаттық белдеуді қамтып жатқан таңғажайып табиғи кешен. Жылдан-жылға ушығып бара жатқан аймақтың экологиялық мәселелері көп-ақ. Ол Қазақстан мен Қытай билігінің бірлесе әрекет етуін күтіп тұрған да шығар.
Таң ата жаңбыр басыла салысымен, Астанаға аттанып кеттік. Артымызда табиғат ананың көз жасындай жанары мөлдіреп Балқаш көлі қала берді.
Авторы: Мақсат Ясылбайұлы Фото: Ерболат Шадрахов
Abai.kz