Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Болған оқиға 4805 7 пікір 12 Сәуір, 2017 сағат 10:44

Әбіләзов ақша ғана емес, қызметкерлерін де ұрлаған

Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қашқын банкир Мұхтар Әбіләзовтің қылмыстық ісі бойынша басты сот отырысы өтіп жатыр. Бүгінгі сот отырысында сотқа бірінші болып түсінік берген куәгер, Мұхтар Әбіләзовтің сенімді өкілі Раушан Қыздарбекова өзінің қалай ұрланғаны туралы егжей-тегжейлі әңгімелеп берді.

«Мен БТА банкте Мұхтар Әбіләзовпен бірге жұмыс істедім. Онымен сонау студенттік шақтан таныс болатынмын. 2007 жылдың көктемінде мені қаржы полициясына шақырды. Сол шақыртудан кейін БТА банктегі құжаттарға қол қоюдан бас тарттым. Алайда, Әбіләзовтің өзі қаржы полициясымен арадағы мәселені оң шешетінін айтып, уәде берді. Әбіләзов маған: «Бұдан былай қаржы полициясына бармайсың!» деді. Сол кезде мен қорғаушының көмегіне жүгінгім келді. Әбіләзовтан қорғаушының көмегін сұрап едім, ол қызметтің өте қымбат тұратынын жеткізді. Амалым қалмаған соң, мен өз қорғаушымды ертіп, қаржы полициясына бардым»,- деп әңгімеледі куәгер.

Соттағы сөзінде Раушан Қыздарбекова осы оқиғалардан кейін Мұхтар Әбіләзовпен арада ешқандай қарым-қатынас болмағанын хабарлады. Оның айтуынша, Мұхтар Әбіләзов оған шетелге қашуға ұсыныс жасаған. «2009 жылдың наурыз айында маған шетелге кетуге ұсыныс жасады. Бірақ менің кетуге ойым болмаған. Мені күшпен кетірмекші болды. Бұл – Әбіләзовтің тапсырмасы екен. Сол кезде ғана ауруханадан шыққан болатынмын. Жігіттер келіп, мені күштеп көлікке отырғызып, бір жаққа алып кетті. Ол Әбіләзовтің жігіттері болатын. Олар әуелі мені Қырғызстанның шекарасы арқылы әкетпекке әрекеттенді. Одан түк шықпады. Себебі, ол жерде елден шығуға тыйым салынған еді. Содан кейін Өзбекстан арқылы шығармақшы болды, ол жерде де жол жабық тұрды»,- деп жалғады сөзін Р. Қыздарбекова. Өз сөзінде куәгер Мұхтар Әбіләзовтің өзіне және әйеліне телефон соққанын, бірақ екеуінің де ұялы телефондары сөніп тұрғанын хабарлады.

Бұған дейін мәлім болғанындай, Раушан Қыздарбекова БТА банктің ақшасын ұрлауға қатысады. Атап айтсақ, бұл жердегі әңгіме «Seeria Alliance LTD» оффшорлық компаниясын заңсыз жолмен несиелеу туралы болып отыр. БТА банктен бөлінген қаражатқа аталған компания жалпы құны 54,6 млн. АҚШ доллары тұратын үш әуе кемесін сатып алады. Ол ұшақтар лизингтік келісім-шарт арқылы «Екселент глайд әуе компаниясы» АҚ-на беріледі. Іс жүзінде аталған компанияның қаржылық және шаруашылық қызметін Мұхтар Әбіләзов өзі бақылап отырған.

Сонымен қатар, қашқын банкирдің тікелей нұсқауымен банк пен «Екселент глайд әуе компаниясы» АҚ-ның арасында жалған келісім-шарт жасалады. Ол келісім-шартта банктің қызметкерлерін тасымалдау және әуе рейстерін ұйымдастыру бойынша ақылы қызмет түрлерін көрсету жазылады. Осылайша, сайып келгенде аталған әуе компаниясының есеп-шотына келісім-шарттар бойынша 2007 жылы - 922 миллион теңге, ал 2008 жылы – 1 миллиард теңгеден астам ақша аударылады.

Айта кетелік, қашқын банкир Мұхтар Әбіләзовтің қылмыстық ісі бойынша басты сот отырысы ағымдағы жылдың 3-інші сәуірінде басталды. Жалпы алғанда, осы іс бойынша 200-ден астам куәгерлерден сотта жауап алу жоспарланып отыр.

Дінмұхаммед Алдаберген

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2051