Алмат Исәділ. Рок-жұлдызға аллея бұйрыған Алматыда «Алаш арыстарының саябағы» қашан ашылады?
Алматыда Алаш арыстарының атымен аталатын саябақ пен «Ақындар аллеясын» ашу идеясы арманға айналғалы қашан?! Осы ұсыныныстарды қайта-қайта айтудан жалықпайтын қазақ басылымдары мен зиялы қауымнан жоғарыдағылар әбден мезі болған шығар?...
Алматыда Алаш арыстарының атымен аталатын саябақ пен «Ақындар аллеясын» ашу идеясы арманға айналғалы қашан?! Осы ұсыныныстарды қайта-қайта айтудан жалықпайтын қазақ басылымдары мен зиялы қауымнан жоғарыдағылар әбден мезі болған шығар?...
Неге екені белгісіз, әйтеуір қазаққа қатысты дүниелерге қолдау көрсетуге келгенде кезкелген ресми мекеме сырғақтап кететіні несі? Есесіне өзгенің жылтетпесін онан сайын жарқыратып ала кететін өзеурегіш қасиетіміз басым. Бұл жолы да үйреншікті әдет бойынша солай істедік. Тарихи-рухани құндылықтарымыз бен ұлт тұлғаларын лайықты дәрежеде ұлықтай алмай жүргенімізде өткен аптаның сенбі күні Алматыдағы Жароков пен Өтепов көшелерінің қиылысында орналасқан «Оңтүстік» саябағында әйгілі британдық «Битлз» тобының негізін қалаушы, әлемдік рок-жұлдыз Джон Леннон атындағы аллеяның ашылуы болып, ол жерге алғашқы көшеттер егілді. Бұл жобаның жүзеге асуына «Табиғат» экоодағы негізгі ұйытқы болып, Алматы қаласының әкімдігінің қолдау көрсетіп отыр. Еліміздегі бас табиғат жанашыры Мэлс Елеусізов аталған аллеяны әйгілі британдық топ жетекшісінің 70 жылдығына арнап ашып отырғандарын айтады. Шара барысында «Табиғат» экоодағының белсенділері мен қала тұрғындары 30 шарын шетенінің көшетін отырғызды. Бұл, әрине құптарлық іс. Жалпы, біздің «Битлзға» бет бұруымыз бір бұл емес. Осыдан үш жыл бұрын, дәлірек айтсақ 2007 жылдың 15 мамыр күні Алматы төріндегі Көктөбеде аты аңызға айналған «Beatles» тобының Джон Леннон, Пол Маккартни, Джордж Харрисон және Ринго Старр сынды төрт бірдей мүшесіне ескерткіш ортатылған болатын. Ал, биылғы жылдың 30-тамызында, табиғаттықтар Алматының «Астана» алаңында Джонн Леннонның құрметіне арнайы фестиваль өткізген болатын. Мэлс Елеусізов аллеяны ашу сол шараның жалғасы екендігін атап өтті.
Біздің білуімізше осы бастаманы жан-тәнімен жүзеге асырып жүрген «Табиғат» экоодағының жетекшісі, белгілі қоғам қайраткері Мэлс мырза «Битлз» тобының өнеріне табынушыларының бірі. Біз де музыка әлемінде қайталанбас қолтаңбасын қалдырып, құбылыс болып келген әйгілі топтың талантына шәк келтірмейміз. Алайда қазақ қоғамының Көктебедегі «Битлз» ескерткішінің ашылуына қарсылық білдіргені күні кеше ғана еді. Бірақ бұдан түк шықпады. Улап-шулап барып, артынан тындық. Бұл жолы да сол сценарии қайталанып отыр. Джонды дәріптейтін аллеяның ашылғанын жарты әлемге жар салып, сырттан ұпай жинауға кіріскендейміз. Міне, дәл осы тұста жаһанданған әлем құрсауында өмір сүріп жатқан қазақ басқаны қоя тұрып алдымен өз рухани құндылықтарын әспеттеуге күш салуға тиіс еді. Рас, біз дәріптеп отырған музыкант Джон Леннон адамзатқа ортақ тұлға. Оның шығармашылық еңбегі мен талантты тұлғасын қалай әйгілесе де жарасады. Бірақ, мәселе басқада. Ал, біз бүкіл Ұлыбритания елін алмай-ақ қояйық, сол «Битлз» шыққан Ливерпуль қаласында өзіміздің бір ұлттық тұлғамызға саябақ тұрмақ бір ескерткіш ашып бере аламыз ба? Неге біз ең алдымен өзіміздің түп тамырымыздан өніп, өз топырағымыздан шыққан тұлғаларымыздың есімін осылай дәріптей алмаймыз. Жә, Мэлс мырза «Битлздың» «фанаты» шығар, бірақ бұл жағдай оған өзінің сүйікті рок-тобының әншісіне аллея ашуға кәдімгідей түрткі болған сияқты. Осы тұрғыдан алып қарасақ, ертең белгілі бір партияның немесе қоғамдық ұйымның жетекшілерінің бірі марқұм Майкл Джексоннның «әруғын ырза еткісі» келіп, Алматының ортасынан ескерткіш ашам десе оған да тосқауыл болатындай және ешкім болмайтын сияқты. Таяуда ғана Шымкент шаһарында «Шәмші саябағы» ашылды. Бұл шын мәнінде Алты Алаш болып қолдаған идея болды. Алайда, бұл істі жүзеге асыру үшін Шәмші шығармаларына деген фанатизм емес, ұлттық құндылыққа деген құштарлық пен, шынайы патриотизм түрткі болды. Демек, әр ұлт өзінің құндылықтарын сақтап, барын көрсету арқылы ғана өзгелерді мойындата алады.
Газетіміздің өткен сандарының бірінде белгілі алаштанушы ғалым Марат Әбдешев «Астана мен Алматыда Алаш арыстарының аллеясын ашатын уақыт әлдеқашан жеткен. Бір сәт көз алдыңызға елестетіп көріңізші: Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Елдес Омаров, Райымжан Мәрсеков, Халел Досмұхамедов, Мұхамеджан Тынышбаев, Мұстафа Шоқай сынды арыстай бекзаттарымыздың ескерткіштері бой түзеген саябақты аралап жүру қандай бақыт болар еді?! Өкінішке орай, архивтен табылған арыстар қайтадан архивтерде қалып барады. Бұл мәселелеге келгенде ақ жағалы қазақтардың әлі үнсіз отыр. Мысалы, Алматының қақ ортасында Кеңес батырларының аллеясы бар емес пе? Жарайды, бұған да тарих деп қарайық. Алайда қазақ үшін ең алдымен өз тарихы, өзінің ұлттық батырлары мен елінің жанашыр тұлғалары артық болу керек емес пе?! Өзінің түп-тамырынан нәр алып өскен қазақ баласының бойына осылайша қаншама рухани дән егер едік?!» - деген ойын қынжыла отырып айтқан еді. Мұны да естір құлақ болса игі...
Алаш арыстарына аллея ашып, олардың ескерткіштерін жасап, сол саябақта демалып отыратын күн қашан туар екен?...
- Дерек
- Екатеринбург қаласында өткен жылы «Битлз» тобына ескеркіш ашылды.
Ал, Англиядағы Ливерпуль қаласының әуежайы,
Кубадағы үлкен саябақ,
Прага қаласындағы бедерленген қабырға,
Ресейдің Львов қаласындағы бір көше,
Могилев-Подольск қаласындағы саябаққа кіреберістегі ескерткіш,
Новосибирск циркі ғимаратының жанындағыбедерленген қабырға, Джон Леннонның құрметіне ашылған.
- Ал, жапондар болса жақында ғана Леннон атындағы мұражайды жауып тастады. Осыдан біраз жыл бұрын ресейдің Челябинск қаласының әкімшілігі Джон Леннонға көше беру жөніндегі ұсынысты кері қайтарды.
- Қаперге
Алты құрлыққа аты мәлім рок-музыкант, композитор, ақын, әйгілі «Битлз» тобының негізін қалаушы Джон Уйнстон Леннон (1940-1980) - Ұлыбританияның Ливерпуль қаласында туған.
Алматыдағы Джон Леннон аллеясының ұзындығы шамамен - 70, ені - 50 метр болады. Идея авторларының айтуынша бұл жерде жақын болашақта отырғызылатын жасыл-желектің саны мен түрін көбейтіп, әйгілі музыкантқа жеке ескеркіш ашып, «Битлз» өнеріне табынушыларға арналған клуб салу ойда бар екен.
- Үш сауал
Мэлс Елеусізов, «Табиғат» экоодағының төрағасы:
- Сіз бастаған «Табиғат» экоодағы жақында ғана Алматыда Джон Леннон саябағының ашылуын өткізіпті. Оған не себеп болды?
- Бұл аллеясының ашылуы ешкімге зиян келтірмейді. Біз бұл бастаманы атақты музыканттың 70 жылдығына орай қолға алдық. Ол жерге біраз ағаш отырғыздық. Бұған кім қарсылық көрсетіп отыр? Джон Леннон ол дүниежүзінің адамы, еңбегі де баршылық.
- Осындай аллеялар мен саябақты өзіміздің ұлттық руханиятқа еңбегі сіңген тұлғаларға неге ашпасқа? Мысалы Алматыда «Алаш арыстарының аллеясын» ашуға қалай қарайсыз?
-Мен бұл ұсынысты қолдаймын, бірақ Алматыда артық жер де жоқ қой...
-Сонда Алматыдан Джонға табылған жер Алаш арыстарына табылмай ма?
- Өз тұлғаларымыздың есімімен аталатын саябақтар ашылатын болса, біздің одақ көгалдандырып, ағаш отырғызуға дайын. Мұның еш қиындығы жоқ. Тиісті жерлерден нақты ұсыныс берілсе біз тартынып қалмаспыз.
"Алаш айнасы" газеті