Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4243 0 пікір 16 Қазан, 2010 сағат 12:45

Мырзабай ОМАРОВ. Аңызға айналған арғымақтар

«Басқа халықты қайдам, біздің қазақ жылқыдан жаралған» деп Асқар Сүлейменов ағамыз айтқандай, дүниеде жылқы баласына қазақтай бауыр басқан халық кемде-кем шығар. Қазақты және арғы ата-бабаларымыздың тарихын бұл жануарсыз елестету мүмкін емес. Жылқы шын мәнінде, бізді олармен байланыстыратын бірден-бір дәнекер, тірі тарих. Ұлт рухын әлдилейтін сұлу жыр, сиқырлы саз, ұлтымыздың мақтанышы, көзайымы, әсемдік әлемі. Жылқы түлігінің қыр-сырын жан-жақты зерттеп жүрген ғалым Мырзабай ОМАРОВПЕН болған екеуара әңгімеміз осы аңызға айналған арғымақтар жөнінде өрбіді.

«Басқа халықты қайдам, біздің қазақ жылқыдан жаралған» деп Асқар Сүлейменов ағамыз айтқандай, дүниеде жылқы баласына қазақтай бауыр басқан халық кемде-кем шығар. Қазақты және арғы ата-бабаларымыздың тарихын бұл жануарсыз елестету мүмкін емес. Жылқы шын мәнінде, бізді олармен байланыстыратын бірден-бір дәнекер, тірі тарих. Ұлт рухын әлдилейтін сұлу жыр, сиқырлы саз, ұлтымыздың мақтанышы, көзайымы, әсемдік әлемі. Жылқы түлігінің қыр-сырын жан-жақты зерттеп жүрген ғалым Мырзабай ОМАРОВПЕН болған екеуара әңгімеміз осы аңызға айналған арғымақтар жөнінде өрбіді.

- Мырзеке, тұлпар тұқымының сақталуы жөнінде не дейсіз?
- Халқымыз «айғырды неден шалсаң, атты сонан мінерсің» деп даналық ой қалдырған. Асыл текті тұлпар тұқымын сақтау, оны жетілдіруге аса зор мән берген. Текті айғыр өз үйірінің тазалығын сақтайды, қорғайды, өзінен тара­ған ұрпаққа шаппайды. Өз үйіріне буаз биені қабылдамайды, оны теуіп, шайнап қуады, терлетіп, мұздай суға зорлап кіргізеді. Оның құлынын тастатып, үйірге қабылдайды. Құнажындар ай­ғыр­ға тиісіп, ызасын келтіріп, маза­сын алады. Сондықтан оларды үйірден қуып, уақытылы ажыра­тады. Бурада, қошқарда, бұқада мұндай қасиет жоқ. Текті жылқы да текті жігіт тәрізді.
Ертеректе барымта кезінде енесінен құлындай ажырап қа­лып, жылдар өте үйіріне қайта қосылғанда аңдаусызда енесіне емексіп, ниетінің бұзылғаны үшін айғырдың өзін-өзі жазалап, жар­дан құлап өлгені туралы аңызға бергісіз әңгіме бар.
Ел ішінде ылғи тұлпар туатын бір бие бар екен. Пысықай біреу­лер сол биені есекпен шағы­лыс­тырып, шаруаға жайлы қашыр тұқымын алмақ болып әрекет етеді. Сонда әлгі биенің көзінен жас моншақтап тұрыпты. Жануар қатты қорланды ма екен кім білсін? Ел арасындағы тағы бір әңгімеге тоқталғым кеп тұр: бір атақты бай асыл текті айғырын көзден таса ұстап, тұқымын алуға сараңдық жасайды екен. Бір кісі ретін тауып әлгі айғырға биесін жетелеп тұқымын алуға әрекет­тенген. Айғыр енді биеге шауып жатқанда бай да сезіп қалып, жүгіре басып келіп, айғырды бастан салып жібереді. Амалсыз ажыраған айғырдың қасасынан аққан шауқатты жерден ілі-шала қос-қолдап уыстап алған әлгі кісі өз биесінің сарпайына салып үлгерді дейді. Кереметі сол ай­ғырдан әлгі кісі тұқым алып қа­лыпты. «Құлын - жатырына, бала нағашысына тартады» деген осы-ау.
Текті айғырдан біраз құлын өрбіткен иесі әлгі айғырдың бей­сауат биеге шапқанын байқамап­ты. Мұның сырын ұққысы кеп, аңдиды. Сөйтсе, жануар биелерге таң білінбей ешкімнің көзіне түспей шабады екен. Тектілік деген осындай-ақ болар, сірә!
- Биыл 100 жылдығы аталып өтіп жатқан атақты батыр Бауыр­жан Момышұлының ақ боз аты жөнінде де аңызға бергісіз әңгі­мелер бар ғой...
- Ғасырлар бойы аттың жа­лын­да өскен қазақ халқының атқа мінуі - аспанда құс боп самғау, - депті батыр Баукең. Даңқты қол­басшы, шабандоз Б.Момышұлы қанқұйлы ұрыста өзіне жансерік тұлпар таңдайды. «Батареяға берілген көп жылқының ішінен мен өзіме сүттей аппақ, сүліктей жіңішке, екі құлағы тас төбесіне шаншылған, қаракөз атты таңдап алдым» - дейді.
Ақбоз ат майданда батырдың жан серігіне айналған. Кезекті бір шабуылда полк минаға толы алаң­ға кезігеді. Ашық алаңда жа­яу әскер не алға басуға, не кері кетуге жол таппай дағдарады. Соғыс кезінде мұндай бір жерде көп тұру өлімді күтумен тең. Сон­да Баукең ақ боз атпен құйындай шауып әскерінің алдына түсіп жол бастайды. Батыр шапқан ақ боз аттың ізімен полк аман-есен өтеді. Қалған басқа полктің әс­керлері сол алаңның басқа жері­нен өткенде минаға түседі. Бұл кездейсоқтық па, әлде ақ боз ат­тың киесі ме, жоқ батырдың оқ қағар аруағы ма? Қалай дегенде де бұл оқиға шешілмеген жұмбақ күйінде қала бермек.
- Абсент әулетінің тағдыры кімді де болса қызықтырмай қоймайды...
- 1935 жылы түрікменнің бір топ жігіті сайдың тасындай іріктелген сәйгүліктермен 4300 ша­қырым Ашхабад - Мәскеу ара­лығын басып өтті. Солардың ішін­­дегі ең сұлу, ең жүйрік ақал­теке бесті арғымақты КСРО Қорғаныс министрі болып тұрған К.Е.Ворошиловқа сыйлайды. Ол біраз жыл Қызыл әскердің ор­талық спорт клубында бағылып, кешегі күндей күркіреп өткен соңғы соғыста Казбек атымен қатысып, жеңістен кейін тұқым тастауға қиырдағы Құланды ауы­лы­нан бір-ақ шығады. 1952 жылы одан Баққара құлындап, кейіннен жер жаһанды таңғалдырып, Рим, Токио мен Мехико олимпиа­даларына қатысып, жеңімпаз атанған Абсент дүниеге келді. Абсент латын сөзі, түп мағынасы - бейтарап, қатыспау дегенді біл­діреді.
1901 жылы Пабло Пикассо адамзаттың өнер тарихына «Аб­сентке әуес әйел» атты әйгілі туын­­дысын сыйлайды. 1975 жы­лы «Қазақфильм» кинема­тографистері «Абсент-Араб пен Баққараның тұяғы» фильмін түсірді. Келер жылы экранға шық­қан шығарма «Адамдар мен арғымақтардың» да сол кино­студияда тұсауы кесілгені белгілі.
- Биенің сүті - сары бал, Қымыздан асқан дәм бар ма! - депті Ақтамберді жырау. Әңгі­мемізді қымызға қарай бұрсақ...
- Айтулы ғұламалар қымызға арнап қаншама еңбек жазған. Қымыздың тамақтан өткен там­шылары көкірекке дауа береді. Өз денесін қымызға дағдыландырған адам барлық аурулардан ем табады. Қымыз - әрі тағам, әрі дәру. Бұл шипалы сусын тіршілік тынысын сыйлап, дерт бойлаған денені жаза алады, - дейді ХVІ ғасыр ғұламасы Фазлаллах ибн Рузбихан Исфахани «Михмен-наме Бұхара» еңбегінде. Ғалым қымыздың тек дене емес, сананы да билей алатын қасиетін си­паттайды. «Қымыз денеге дарып, бастың қақпағына жетіп, миды бойлағанда, отты сусын қуанышқа бөлейді, жүрек қақпаларын ләззат пен қанағаттылыққа ашып, адамды мейірбандыққа жетелеп, қайғы-мұңын тарқатады. Бірақ адам есінен айырылмайды, қайта миы тынығып, ауыр ойлардан арылып, қуаныш нұрына бөле­неді» деп түйеді.
Алғашқы қымыздан дәм татар алдында, баяғының қазақтары күнге қарап тұрып ыдысындағы қымыздан бір ұрттамын шығыс жаққа бүркіп, иіліп тағзым етеді екен.
Қымыз адамға қуат беретінін мынадан да білуге болады.
Қазақстан боксшылары жау­ап­ты жарыстардың алдында тау баурайында оқу-жаттығу жиынын өткізіп, екі үш апта қымыз ішеді екен. Сидней Олимпиадасы ал­дында Ташкентте бокстан Азия чемпионаты өтеді. Ермахан Ыбы­райымовтың әкесі Сағи қаһарман ұлы қайда барса, соңынан бір мес қымызын, қазы, қартасын арқа­лап барады. Ташкент - тиіп тұр­ған жер. Барса Ермахан мен Болат Жұмаділовтің көзі шүңірейіп кеткен дейді. Қазы мен қымыз ұсынса, салмағымыз өсіп кетеді деп шыр-пыр етеді. Жекпе-жектерін көріп, соққыларының әлсіздігін сезген Сағи аға келген соң қарсылықтарына қарамай, екеуіне де бір-бір білем майлы қазы асатып, қымыздан жұтқы­зады. Жігіттердің көзі оттай жанып шыға келеді. Кезекті жек­пе-жекте қарсыластарын қоғадай жапырады.
Кейін сол Ермахан алыстағы Сиднейге екі мес қымыз көтеріп барған дейді. Жарыс алдында сүр қазы мен сары қымыздан сіміріп алады. Рубалкабадай алып зәңгіні сұлатып салған Мұхтархан да сол қымыздан ішкен екен. Бабала­рымыздан жеткен қасиетті бал қымыздан бекзада болмысты Бек­зат бауырымыз да құмарта ішкен дейді. Міне, қымыздың кереметі!
Қымыз дайындау тәсілі Қа­зақстанның бәрінде бірдей емес. Сарыарқада әбден тұз сіңіп сүрленген жылқының жаясымен ашытқан, қымыздың түсі сары болсын деп жылқының тобығын, Шығыс Қазақстанда айрықша дәмді болсын деп байлар құйма күміс - тайтұяқ салған. Қымызды күміс ыдысқа құйса, дәмі бал татиды деген сөз бар халықта.
Қазақстанның үш жері - Қазығұрт, Баянауыл- Көкше, Марқакөл - Алтай қымызы ерек­ше.
Қымызды сабада сақтайды. Оны бес биенің терісінен жа­сайды. Байлардың сабасына 35-40 шелек қымыз сыяды. Мұндай сабалармен ас, тойға қымыз апа­ры­лады. Арқада шұбыртпалы Ағыбай батырдың бес биенің терісінен жасалған сабасын екі түйе көтеріп жүрген дейді этно­граф А.Тоқтабай. Екі түйенің орта­сына керегені жалпағынан жатқыза байлап, үстіне сабаны қойған. Мұндай сабаны киіз үй жабығынан атқа мініп тұрып піскен. Сабаның одан үлкен «Тайжүзген» деген түрін 10 жылқы терісінен істеген. Арқада Найман ішіндегі бағаналыларда жиі кез­дескен. Мұндай сабаларды ар­наулы қос доңғалақты арбаға салып, бірнеше атпен тартқан. Сыйымдылығы 100 шелек. Сабадан өзге де ыдыс түрлері мол болған. Ол туралы әңгіме де бөлек. Қысқасы, қымыздың пайдасы ұшан-теңіз, айтып тауыса алмай­сыз!
- Жылқы малының киесі туралы не айтасыз?
- Аттың киесі туралы әйгілі кино шебері Асанәлі Әшімов ағамыз былай деген еді. «Ш.Уә­лиханов туралы кино түсірілімі кезінде Шоқанның рөлін сом­да­ған ұлым Сағидың астына мінген ақбозы түсіру алаңында шарша­ған, әлде мезі болды ма, икемге көнбей мінез көрсетті.Ашу қыс­қан мен атты қатты жекіп, басы­нан қамшымен ұрдым. Өмірі бетіме келмеген ұлым: «Аға, тоқтат!» деп, қатты дауыс көтеріп, қолымнан қамшыны жұлып алды. Сабама түскен соң атқа қарасам, көзінен жас мөлтілдеп тұр екен. Алланың құдіреті, көп ұзамай көзімнің қарашығындай қос құлынымнан айырылдым. Сонда мені аттың киесі ұрды ма деймін. «Сол сәттегі аттың жанары есімнен кетпейді» деп күрсінген еді киногер ағамыз.
Қазақ халқының ұғымында атты басқа, көзге сабағанды жақ­сылыққа жори бермейді. Қазақ­тың көптеген жыр-дастандарында батырлар өздерінің сүйікті аты­мен адамша сырласады, олардың ғашық жарлары батырдың мінген атын көргенде, оның өзін көр­гендей күй кешеді. Демек, жылқы адамдар арасындағы рухани дәнекер. Ең бастысы - достық­тың, сенімнің, махаббаттың жар­шысы. Ел мен жердің көркі.

Әңгімелескен
Ақтан ҚОҢЫР

«Айқын» газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1481
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475