Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Дін 5300 7 пікір 21 Сәуір, 2017 сағат 09:52

Діндегі консерватизмнен алшақ болуымыз қажет

Дін істері және азаматтық

қоғам министрі

Н.Б. Ермекбаевтың

ІІ республикалық имамдар

форумындағы баяндамасы

 

Құрметті дін қайраткерлері!

Құрметті форум қатысушылары мен қонақтары!

Ең алдымен, елордамыз Астанада өтіп жатқан ІІ Имамдар форумына қатысушыларға өз ризашылығымды білдіруге рұқсат етіңіздер.

Бұл өте маңызды кездесу деп ойлаймын.

Қоғамда жоғары руханият нұрын орнықтырып, халықты бірлікке, бейбітшілікке, келісім мен өзара түсіністікке шақыратын азаматтармен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын.

Діни қайраткерлер осындай іс-шараларда бас қосқан кезде моральдық және рухани негіздерді сақтау қажеттігі туралы айтады, себебі бұл – біздің ортақ міндетіміз.

Сіздердің жұмыстарыңызға өз алғысымды білдіре отырып, жаһандық қауіп-қатерлерге – діни экстремизмге, фанатизмге және терроризмге қарсы тұру жолындағы өзекті проблемалар мен Қазақстанның көпконфессиялы халқының ортақ мүддесі үшін мемлекет пен мұсылман дінбасыларының қарым-қатынастарын дамыту жолдары туралы әңгімелескім келеді.

Форумның ойлары, идеялары мен шешімдері басқа да конфессиялар өкілдерінің, тұтастай алғанда көпконфессиялы мемлекетіміздің барлық азаматтарының қызығушылығын тудырады деп сенемін.

Қазақстанның гүлденуі, көптеген факторларға, оның ішінде діннің рөлі мен орнын дұрыс түсінуге байланысты.

Қазақстан – мұсылман тұрғындары басым ел. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев исламның әлемдегі жетекші діндердің бірі екендігін, оның бөліну мен өшпенділікке емес, бейбітшілік пен бірлікке шақыратынын үнемі айтып жүр.

Исламдағы мектептер мен ағымдардың алуан түрлі болуына қарамастан, республиканың мұсылман үмбеті қоғамға қызмет етуде біртұтастық танытуда. Сондықтан мемлекеттің ұлттық-мәдени құндылықтар мен дәстүрлерді, этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтауда өзінің стратегиялық әріптесі ретінде еліміздегі дәстүрлі исламның бірден-бір мойындалған құрылымы – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын көруінің толық қисыны бар.

Діни қатынастар саласын реттейтін «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңда мемлекеттің халқымыздың рухани өмірінде ханафи мазхабы мен православиелік христиандықтың орны мен рөлін танитыны нақты бекітілген.

Исламмен уағыздалатын жоғары құндылықтарды әрдайым мемлекет қолдайтын болады. Десек те, біз Қазақстанның зайырлы мемлекет екендігін  ұмытпауымыз керек.

Қазақстанның зайырлылық қағидаттары исламның және құқықтық алаңда әрекет ететін барлық діндердің рухани мұрасын құрметтеуге, сондай-ақ әр адамның діни сенімді таңдау бостандығын қамтамасыз етуге негізделеді.

Мемлекет басшысы атап өткендей «...Конституцияны, заңдарды сақтау мен елдің бірлігін нығайту мәселелерінде ешқандай бөлінушілік болмауы керек».

1990 жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылуы тәуелсіз мемлекетіміздің жаңа тарихындағы маңызды оқиға болды.

Діни басқармамен осы ширек ғасыр ішінде басқа да дәстүрлі діндердің өкілдерімен конструктивті диалог орнатуға және  мұсылмандарды біріктіру арқылы исламдық ілімнің сенімді және дұрыс түсіндіруге бағытталған ауқымды жұмыстар атқарылды.

Этносаралық және конфессияаралық келісімді ілгерілету, қазақстандық патриотизмді нығайту, Қазақстан халқы үшін дәстүрлі болып табылатын адамгершілік және моральдық құндылықтарды қорғау, қайырымдылық пен мейірімділікке негізделген гуманизм идеаларын бекіте түсу істерінде ҚМДБ тарапынан қолға алынып, іске асырылып отырған жұмыстар мойындауға тұрарлық.

Тәуелсіздік жылдарында біздің елімізде дін саласындағы үдерістерді басқару және діни мүдделерді қамтамасыз ету жүйесі жолға қойылды.

2016 жылы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі құрылды.

Мемлекет басшысы атап өткендей, діни конфессиялар министрліктің көмегімен мемлекетке қатысты мерзімі жеткен мәселелерді шеше алады.

Министрлік діни ахуалға мониторинг жүргізіп отырады, бірақ мемлекет діни бірлестіктердің діни-канондық әрекеттеріне араласпайды.

Уәкілетті органның негізгі міндеті канондық және діни мәселелерді зерттеу емес, діни бірлестіктердің қызметі үшін жағдай жасау, сондай-ақ дін саласындағы тұрақтылықты сақтау.

Ағымдағы жылғы 15 ақпанда министрлік пен ҚМДБ арасында «Өзара ынтымақтастық туралы Келісімге» қол қойылды. Бұл мемлекет пен мүфтият арасындағы байланыстың деңгейі мен ықпалдасуын айтарлықтай арттыратыны анық.

Діни ұранды желеу ететін  экстремизмге жол бермеу, діни ілімдерді саясиландыруға қарсы тұру, жат жалған діни көзқарастар мен идеаларды қоғамға тықпалауға қатысты мемлекет пен мүфтияттың ұстанымы бірдей.

Қазіргі таңдағы қоғамдық сұраныстарға сәйкес болу үшін отандық мұсылман діни қызметшілерінің беделінің жоғары болуын қамтамасыз етудің қажеттігін осы аудиторияда айтуға болады. Осыған орай, мемлекет имамдарға қолдау көрсетуді, олардың кәсіптік деңгейлерін арттыруды қолға алды.

Әрине, біз мешіт имамдарының шешілмеген материалдық және әлеуметтік мәселелерінің бар екендігін білеміз.

Қордаланған мәселелерді шешу үшін уақыт қажет.

Мен министрліктің осы мәселелерді шешумен айналысып жатқандығына және оны бірлесіп шешетінімізге сендіргім келеді.

 

Құрметті форумға қатысушылар!

Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне деген айрықша көзқарас − бұл кез келген халықты шын мәнінде ұлт ететін мәдени-генетикалық кодының негізі.

Біз ескірген құндылықтарға байланбай, ашық дүниетанымға ие болуымыз керек. Өзіміздің табысты даму жолымызды жасау үшін жат идеологияларға иммунитет қалыптастыруымыз қажет.

Қазақтардың өзіндік бай мәдениеті, ерекше дәстүрі, ал көпэтносты Қазақстан халқының  өзгелерге ұқсамайтын бірегей тарихы бар.

Сондықтан біз, басқа аймақтарда өмір сүретін, өзіндік салт-дәстүрлерімен және қалыптасқан заңдарымен өмір сүретін басқа халықтарға көзсіз еліктемейміз.

Біз фанатизмге, діни консерватизм мен догмаларға көзсіз ілесуден алшақ болатын өз өмірімізді құрамыз.

Қазақстан халқы бөтен мүдделерді насихаттайтын фанатик «кеңесшілерге» алаңдамай, мемлекеттік-конфессиялық қарым-қатынастың өзіндік қазақстандық моделін қалыптастыратындай толық құқыққа ие.

Біздің өзіндік моделіміз бүгінгі күннің шынайылығын ескеруге және ұлттық дәстүрге негізделеді.

Бұл модель дінді соқыр буквалистік тұрғыдан қабылдамауға, діни канондардағы оңды құндылықтарға, яғни қайырымды, өнегелі және бейбіт қатар өмір сүруге негізделуі қажет.

 

Құрметті діни қызметшілер!

Қоғамға қатынас тұрғысынан сіздер исламның елшісі міндетін атқарасыздар.

Сол себепті сіздерді мешіт мінберінен, БАҚ және әлеуметтік желілерден халыққа дін саласындағы мемлекеттің саясатын жеткізулеріңізді және шынайы құндылықтарды түсіндірулеріңізді  сұраймыз.

Өздеріңізге мәлім, мемлекет діндар мұсылмандар үшін діни қажеттіліктерін өтеуге қатысты барлық қажетті жағдайларды жасауда. Азаматтардың ұсыныстары мен өтініштерін ескере отырып, министрлік қазіргі таңда ғибадат  ғимараттарынан тыс жерлерде діни рәсімдерді орындауға қатысты талаптарды қайта қарады.

Мемлекеттік мекемелерге жақын жерлерде, теміржол және автовокзалдарда, аэропорттар мен порттарда намазханаларға қатысты тыйымды алып тастау мәселесі оңынан қаралды.

ҚМДБ жұма уағыздарын дайындауды ретке келтіруді әзірледі.

ҚМДБ мешіттерге келушілер үшін мешіттің ішкі Ережелерін белгіледі.

Қазақстанда дәстүрлі исламның оңды образын жасауға, мұсылман бірлестігінің қызметінің жариялығын қамтамасыз етуге басымдық берілетін болады.

Мұсылмандық діни ілімдердің негізгі мәтіндері мен шетелдік жетекші ислам ғалымдарының теологиялық жарияланымдарын мемлекеттік тілге аудару маңызды болып табылады.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезін шақырып отырған біздің еліміздің мұсылмандарының дауысы халықаралық аренада және жаһандық ислам әлемінде терезесі тең естіледі деп күтеміз.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, мен министрліктің атынан сіздермен бірлескен жұмысымызбен бөліскім келеді.

Бірінші. Мемлекет дінге сенушілердің сезімдерін құрметтеген және құрметтей беретін болады. Біз діни бірлестіктердің қызметі үшін барлық жағдайларды жасаудамыз.

Сонымен қатар, мемлекетіміздің зайырлы сипаты Қазақстанның табысты дамуы мен гүлденуінің маңызды шарты ретінде қала береді.

Геосаяси факторлар мен халқымыздың көпконфессиялылығын ескеретін болсақ, бұл – қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтаудың жалғыз жолы.

Екінші. Елбасы тарапынан ҚМДБ өкілдеріне маңызды міндет қойылды – олар тек діни салада ғана емес, сондай-ақ әлеуметтік қызметтің өзге де маңызды салаларында табысты еңбек етулері қажет.

Діни оқу орындары білім беру бағдарламаларында көрініс тапқан зайырлылық пәндерін оқытулары қажет.

Үшінші. Сіздердің назарларыңызды Елбасы мақаласындағы халықтың санасында жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруге бағытталған «Рухани жаңғыру» - «Туған жер» бөліміне аударғым келеді.

Президент бізге «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» жобасы қажет екендігін атап өтті.

Біз жат идеологиялық ағымдардың артында басқа елдердің мәдени символдары, өзге құндылықтары мен мүдделері тұрғанын білуіміз керек. Оларға тек өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз арқылы ғана төтеп бере аламыз.

Сіздерді осы жобаға белсенді қатысуға шақырамыз және ұсыныстар күтеміз.

Төртінші. Президент ұсынған стратегия халқымызды орта ғасырда емес, ХХІ ғасырда өмір сүруге дайындайды. Мемлекет пен еліміздің азаматтары радикалдық пен дінде шектен шығушылықтың (фанатизм) кез-келген көріністеріне біртұтас шепте қарсы тұруы керек.

Біз діндегі консерватизмнен алшақ болуымыз қажет. Бұл сөздің қазақ тіліндегі мағынасы «кертартпалық», яғни алға ұмтылудың орнына, кері қарай тартушы деген мағынаны білдіреді.

Имамдар корпусы қоғамдағы, әсіресе жастар ортасындағы діни радикализмнің алдын алуды күшейтуі тиіс. Сондай-ақ, жалған діни ағымдар мен олардың идеологтарының қызметіне қатаң тосқауыл қоюы керек.

Осыған орай, министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен, діни бірлестіктермен, ғылыми және сарапшылар қауымдастығымен бірлесіп, Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың 2017 - 2020 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірлеу және дін саласындағы ұлттық заңнаманы жетілдіру бойынша тығыз жұмыстар жүргізуде.

Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік бағдарлама әзірленді. Бұл мемлекет тарапынан экстремизм мен радикализмнің кез келген ошақтарына тосқауыл қойылатындығын білдіреді.

Бесінші. Қоғам тарапынан ҚМДБ қаржы қызметінің ашықтығын қамтамасыз ететін қаржы есебін енгізу тетіктері туралы мәселелер жиі  көтерілуде.

Бұл азаматтардың имамдарға деген сенімін арттырар еді.

Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін  депутаттар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдерінен тұратын топ  құрып, ірі мешіттердің ай сайынғы қаржылық түсімдерін тексеріп отыруды ұсынамыз.

Алтыншы. Ислам дінін түсіндіруде мешіт қызметкерлерінің рөлі мен жауапкершілігі арта түсуде.

Мемлекет басшысы «Ислам әрдайым қайырымдылық жасауы қажет. Мұсылман сөзімен де, ісімен де ешкімге зияндық жасамауы керек. Егер мұсылмандар арасында түсініксіз жайттар туындап жатқан болса және оның таза дінге қатысы болмаса, ондай жайттарға басқаша қарау керек, оның ислам канондары мен хадистерге сәйкес келмейтініні айтып әшкерелеу қажет» деп атап өткен болатын.

Соңғы жылдары қоғам өзгерді, ақпаратқа деген қолжетімділік кеңейді, халықтың үкіметке және имамдарға деген сұраныстары артты.

Тек терең біліммен, таза беделмен, мейірімділікпен және айналадағы адамдарға көңіл бөлумен тұрғындардың ықыласына бөленуге  және олардың сенімдерін сақтауға болады.

Адамдармен жұмыс жүргізу жазғыруға, күнә артуға және «қарғыстармен» қорқытуға негізделмеуі керек. «Кәпір», «тозақы», «күнәһар» деген сөздерді қолданудан сақ болған жөн. Мұндай сөздер радикализмнің белгілері.

Мемлекет пен мұсылмандар бірлестігі бірлесе отырып, дінге қатыстылығына қарамастан заңды сақтап жүрген азаматтардың  ортасында адамдық қасиеттерді құрметтейтін атмосфера қалыптастырулары қажет.

Заманауи қоғам мешіт имамдарынан тұрғындармен, әсіресе жастармен жұмыс жүргізе білетін психолог болу да талап етіледі. Осы ретте, олардың деструктивті ағымдардың не ұсынатындығын, ал дәстүрлі исламның не екенін түсіндіре білулері аса маңызды.

ҚМДБ мешіт имамдары үшін психология және ораторлық өнерге қатысты арнайы қысқа мерзімді оқу модульдерін дайындауды, ал діни білім беру оқу орындарының бағдарламаларына психология және ораторлық өнер пәндерін қосуды ұсынамын.

Бүгінгі күні Қазақстан мұсылмандары дәстүрлерді сақтай отырып, діни рәсімдерді бірізді өткізуге тырысуда.

Еліміздің әртүрлі өңірлерін айтпағанның өзінде, тіпті бір қаланың өзінде мұсылмандық рәсімдер әртүрлі өткізіледі. Мұндай жағдай түсініспеушілікке, имамдар мен тұрғындар арасында туынайтын кикілжіңге дейін алып барады.

Кейде ас беру кезінде имамдардан бөлек, теологиялық білімі жоқ адамдардың Құраннан үзінділер оқып, уағыз айтып отырғанын көруге болады.

Сондықтан әрбір мұсылмандық рәсімді жүзеге асыру тәртібін айқындайтын бірыңғай тізімді қабылдау арқылы қоғамдағы мұсылмандық рәсімдерді жүйелеу мен біріздендірудің кезі келді деп санаймыз.

 

Құрметті, Мүфти хазрет, құрметті дін қызметкерлері!

Менің бүгінгі Форумдағы сөзімді мерзімі жеткен көптеген міндеттерді шешудің айқын әрі конструктивті мүмкіндіктерін іске асыруға шақыру деп қабылдауларыңызды қалаймын.

Шешімін таппаған мәселелер мен міндеттерді талқылау барысында толықтырасыздар деп сенемін.

Бізді алдымызда үнемі тұрақты назар салуды, диалог пен өзара іс-қимылды талап ететін күрделі де жауапты жұмыстар күтіп тұр және оған біздің бүгінгі Форум өз септігін тигізуі тиіс.

Осы маңызды жұмыста «...Кеңесе отырып шешкен шешімнің кемісі болмас» деген халық даналығын басшылыққа алуды ұсынамыз.

Нәтижесінде барлығымыздың ортақ үйіміз болып табылатын Қазақстанда бейбітшілікті сақтауға және тұрақтылықты нығайтуға  өз үлесін қосатын дәйекті пікіралмасулар орнайды деп сенеміз.

Баршаңызға сәттілік, жұмыстарыңызға табыстар тілеймін.

Назарларыңызға рахмет

Abai.kz

 

 

 

 

 

 

7 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2063