Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Бәсе... 9141 32 пікір 27 Сәуір, 2017 сағат 15:43

О.Сәбден. Түркістанды рухани астанаға айналдыруды ұсынамын

Мемлекет басшысының таяуда «Егемен Қазақстан» газетінде жариялаған «Болашаққа бағдар: ұлттық жаңғыру» мақаласы көптің көкейіндегісін дөп басқан, Қазақ ұлттық мемлекеттігін нығайтуға бағытталған маңызды құжат. Рухани жаңғыру арқылы жаңа биіктерге ұмтылу өмірдің қасиетті ұстанымы. Бұл бағдарламалық мақалада көзделген жұмыстардың жемісі отарлық санадан арылған, түбі бір түркі әлемімен жақындасқан рухани кемел ел құру болмақ.

Рухани жаңғыруға қатысты идеялар жаңа Қазақстан үшін ауадай қажет еді. Осы арнада өз басым Түркістанды рухани жаңғырту арқылы Қазақстанды рухани-инновациялық дамыту мәселесін көтеруді сөз етпекпін. Түркітілдес халықтар Қазақ жеріндегі Түркістанды рухани кіндігі санайды, ағылып келіп, киелі мекенге зиярат етеді. Ал біз Түркістанның рухани және экономикалық әлеуетін пайдалана алмай келеміз. Бұл аймаққа тек туристік нысан ретінде қарау мүлдем дұрыс емес. Түркі әлемінің тірегі, тал­бесігі болатындай та­рихи тереңдігі бар Түркістан айма­ғын рухани, экономикалық, техно­логиялық дамыту арқылы жаңа белеске көтеруге әбден бо­ла­ды.

Осы орайда «Түркістанды рухани астанаға айналдыру туралы» ұлттық идеяны алға тартпақ­шымын. Бұл мегажо­баны «Түркістан өңірі» руха­ни-жаңа технологиялық клас­­терін құру – Қазақстан қоға­мын ізгілендіру туралы» деп атауды жөн көрдік. Оның негізгі мақсаты – «Түркістанды халықаралық деңгейдегі рухани орта­лыққа» (мегаполиске) ай­нал­дыру, халықаралық қауіп­сіздікке жаңа қадам жасау. Тарихымызда алғаш рет бір аймақ мысалында екі аса ірі түбегейлі проблеманы ұш­тас­­­тыру көзделуде. Ол бір жа­ғынан адамзаттың руха­ни-мә­дени және тарихи дамуына, екінші жағынан жаңа 6-техно­ло­гиялық укладты үйлес­тіруге бағытталған. Сол арқылы ин­новациялық дамудың қазақ­стандық жаңару үлгісін дүние­жүзіне үлгі ретінде ұсы­нуға  болады.

Бұл мегажоба үлкен 2 бағыт­тан тұрады. Алғашқысы – Түркіс­танды рухани жаңғырту ар­қылы рухани орталыққа айналдыру.
Біздің ойымыз, осы Түркіс­танды іс жүзінде рухани астанаға, мәдени, ғылыми, діни орталыққа айналдыра отырып, ХХІ ғасырдың талабына сай Еуразиялық интеграциялық идеямен дамыту. Ол үшін кезек күттірмейтін мынандай іс-шараларды жүзеге асыру қажет деп ойлаймын.

1) Парламентте «Жаңа Түркіс­тан – рухани астана» туралы заң қабылдау;

2) Жаңа Түркістан өңіріне «еркін экономикалық аймақ» статусын беру, ол үшін заң қа­былдау;

3) Түркістан аймағын 5 жылға дейін салықтан босату қажет. Бұл өңірде сауда-саттықпен айналысатын барлық шағын кәсіпкерлерді салықтан босату;

4) Түркістанда ең жоғары деңгейдегі «Халықаралық дін ака­демиясын», «Мәдениет ака­демиясын», «Тарих қазынасы музейін», «Археология музейін» ашу. Мысалы: Лондондағы географиялық музейге әлем халқы ағылып келіп жатады.

5) Түркістанда «Жаңа рухани астана» қалашығын салу керек. Бұл қала құрылысының сәулеті (архитектурасы) ежелгі шығыстық түркі өркениетінің нақышында, ұлттық нақыш бояу, таным ерекшеліктері ескеріліп, жобалануы тиіс. Астана қаласы ХХІ ғасырда еліміздің жаңа модерн үлгідегі елордасы болса, ал Түркістан – қаласы еліміздің ежелгі мәдени-тарихи үлгідегі рухани астанасы. Түркістан мұсылман халқының негізгі мәсхабының орталығы болуы керек;

6) «Рухани Жаңа Түркістан» орталығын салуға Тұран даласына атажұрт деп, түркі, өзбек, азербайжан, түркмен, қыр­ғыз, татар т.б. елдері, ал жал­пы ислам әлемі деп араб, иран, мысырлық т.б. мемле­кеттер өз көмегін берер деген үміт бар. Олар­дың өздерінің тарихи атажұртында, шыққан жерінде өз ұлттық нақышында ғажап ескерткіштер, зәулім ғимараттар салуға атсалысуға болар еді. Түркістанға келіп-кеткен адамдар өз елінің ежелгі тарихынан сыр шертетін кесене, ескерткіш, ғимараттарды көр­гендей болуы керек;

Мынау тұрақсыз жаһандану заманында ел мен елді, халық пен халықты біріктіретін фактор осы идея болса дейміз. Осы іс-шаралардан кейін, тарихи құндылықтар арқылы біздің алдымызда адамның рухани жаңғыруына күрт өз­герістер ашылады. Қоғамның ар-ожданына кір түсірмей дегра­дацияға ұшырамауына, қауіпсіздікті сақтауда бір үлкен қадам болады. Адамның ой-өрісі ХХІ ғасырдың талабына, жаңа цивилизациялық қоғамға сай өзгереді. Бұл – дүниежүзілік өркениеттің талабы.

2-бағыт. Бізге озық техно­логия, жаңа білім, ғылым, инновациялық жол қажет.

Ол жаңа 6-технологиялық укладты қалыптастырған жағ­дайда ғана іске асады деп сенемін. Бұл биотехнология, нано­тех­нология, генинженериясы, электронды ақпараттық-бай­ланыс, ғарышты игеру технологиялары және т.б.
Бұл жоба 6 үлкен кластерден тұрады. Біз «Жаңа Түркістан» атты халық­аралық ұлттық жо­баның желілік моделін жа­садық. Мұнда жоба 6 бағыт­та не істеу керек екендігі айтылады.

– Рухани астана «Түркістан» туралы;

– Кентау технологиялық кластері;

– Жаңа ауыл кластері;

– Туризм кластері;

– Инфрақұрылым;

– Логистика.

ІІ бағытта  мынадай іс-шараларды жүзеге асыру қажет:

1) Кентау қаласының адам және өндірістік әлеуетін пайда­лана отырып, ол жердегі Кентау экскаватор зауытын, транс­фор­матор зауытын, «Ащы­сай­­полиметалл» АҚ және т.б. зауыттардың өндіріс күш­терін модернизациялау керек;

2) 6-технологиялық уклад­тағы жаңа зауыттар салу керек. Жаңа бағыттағы жоғарғы техно­логиялық мамандар да­йындау. Ядролық қауіпсіздік «Байқоңыр-Семей» паркін ашу;

3) Бұл жерге Жібек Жолы транспорттық-логистикалық ор­талығы, шағын инновациялық бизнес орталығы, технополис, технологиялық колледж және т.б. инфрақұрылымдар салынуы қажет. Жаңаша айтқанда, жаңа технологиялық кластерді қалыптастыру керек.

4) Ұлы Жібек жолы бойында жаңа туризм кластерін құрып, дамыту қажет. Бұл бір жағынан моноқалаларды дамыту бағдар­ламасын іске асыруға мол мүмкіндік берер еді;

5) Жаңа үлгідегі «Ауыл кластерін» жасау қажеттігі – уақыт талабы. Ол – ХХІ ғасырда қазақ ауылының сипа­ты қалай болуы керек деген мәселеге нақты жауап болмақ. Ауылды гүлдендіру, өркендету арқылы елімізді көркейтеміз. Ауылда көп­теген кіші кәсіпорындарын ашып, жұмыспен қамтамасыз етеміз.  Халқымыздың санын көбейт­пей, бай-қуатты мемле­кетке айна­­луымыз екі-талай;

6) Бұл Еуразиялық мегажоба болғандықтан, оның геосаяси мәнін күшейту үшін Ресей мен Қытай, Түркия мемлекеттерін тарту керек. Космосты игеруде (Байқоңыр), туризм және логистика, жаңа зауыттар салуда, уранды т.б. ресурстарды пайда­лануда осы елдердің инвес­тицияларын қатыстыру.
Егер Түркістанды рухани астанаға айналдыру жобасын бастап, бітірсек, бұл дүние­жүзінің алдында олар  көрмеген тың жаңалық болар еді. Және де  бұл жобаның стратегиялық мәні,  маңызы  өте жоғары. Ол ХХІ ғасырдың  жобасы болар еді.

Ең маңыздысы, рухани, мə­дени жəне жаңа иннова­ция­лық технологиялық укладты біріктіріп, бір процесс ретінде жүргізу нəтижесінде, біз ең қымбат адам капиталының тиім­ді пайдалануын қамтамасыз етеміз.
Түркістан жобасының қаржы-экономикалық есебі берілген. Жобаға жалпы 8 млрд доллардан астам қаржы кетеді. Бұл есепті СНИП бойынша құрылыс ғылыми зерттеу институтында сала-сала бойынша жасаттық. Қазір күрмеуі келмейтін қиын кризис заманында  «қаржыны қайдан аламыз?» деген сұрақ туады. Оған жауап бар:

Қаржыландыру көздері:

  1. Мемлекеттік, республи­калық, жергілікті бюджеттер.
  2. Ұлттық қордан қаражат бөлу.
  3. Түркістанды рухани-инно­вациялық жаңғырту «Халық­аралық қорын» құру.
  4. Инвестиция тарту.
  5. Түркістан еркін экономи­калық аймағын 5 жылға салық­тан босату.
  6. Жобаға қолдау есебінде түркітілдес, ислам елдерін тар­ту.
  7. Əр облыс жобаға өз үлес­терін қосуы керек.
  8. Заңды жəне жеке тұлға­лардың жобаны қаржы­лан­дыруы.
  9. Асар ұйымдастыру.

Түркістан – түркітілдес ха­лық­тарының кіндігі. Дәл қазір ол елдің бірлігін, ұлт пен ұлыстың басын қосатын, әр отбасын бей-жай қалдырмайтын «Түркістанды қайта жаңғырту» ұлттық идеясы болар еді.

Түркістанды рухани астанаға айналдыруды мақсат ететін бұл халықаралық ұлттық мегажоба іске асқан кезде Қазақ халқының мәртебесін көтерумен қатар мұсылман мемлекеттерінің, халықтарының, ислам әлемін біріктіретін өркениетті бір орталығына  айналады.

Түркітілдес елдердің басын қо­сып, олардың дамуына сер­піліс беру арқылы ең дамы­ған елдермен бәсекеге түсуге мүмкіндік туады. Шамамен 2030-2040 жылдары түркі әлемі дүниежүзінде ойып тұрып өз орнын алуға  тиіс. Егер біз мұны жасай алмасақ, онда дамыған елдер бізді бөліп-бөліп өркениеттік жолдан ығыстырып тастайды.  Тек осылай алға «амбициялық мақсатты» қойып шеше білсек, түркі әлемі дүниежүзінде ең биік дәрежеге, бағаға ие болуы мүмкін.

Қазіргі Түркі әлемінің эконо­микалық әлеуетіне зер салсақ, Давос экономикалық форумының ғаламдық бәсеке­лестік көрсеткіштері бойынша біздің жағдайымыздың мүш­кіл екенін көруге болады. Жаһан­дық бәсекелестік индексі бойынша алдыңғы 50 елдің ішіне тек Азербайжан 37-ші орыннан көрінген. Қазақстан –53, Түркия –55, Қырғызстан –111 орында болса, Өзбекстан мен Түркменстанның көрсеткіштері Давос экономикалық форумына мүлде енбеген.  Ал, байыппен үңіле түссек, Түркітілдес елдері денсаулық, білім, ғылым мен технология, қаржы жүйесі, әсіресе бизнес, инновациялық дамудан көп артта келеміз (80-100-орындарда). Бізге осы көрсеткіштерге, әсіресе, жаңа білім, ғылым мен технологияға аса мән беру қажет.

Осы орайда дамыған мем­лекеттермен бәсекелестікке түсудің жалғыз ғана жолы – рухани, тарихи-мәдени құнды­лықтарымызды жаңғыртуға бетбұрыс қажет. Ол үшін 200 млн-нан астам адам потенциалы бар, бүкіл түркі елдерінің ғалымдарына және бизнес өкілдеріне жүктейтін халықаралық мегажоба қажет. Оны шартты түрде «Түркі әлеміне рухани серпіліс беру» жобасы деп атадық.  Бұл жобаны іске асыруда бірінші кезекте Түркі елдерінің Үкімет басшылары мәселені концеп­туалды түрде талқылап, ғалым­дар мен бизнес өкілдері біріккен жұ­мысшы тобын құрып, оларға мемлекеттік тапсырыс берілуі қажет. Тиісті гранттық қар­жы­ландыру арқылы тез ара­да осы жобаны дайындау үшін ғылыми ізденістер жүр­гізу ма­ңызды. Бұл жобаға халық­ара­лық резонанс беру үшін Түркі елдерінің Президенттері «Түркі әлеміне рухани серпіліс беру» меморандумын қабылдап, бекіткені жөн. Мұндай тың идеяға түркі әлемінің халық­тарынан қолдау алған тиімді. Лайым солай болғай!

Оразалы СӘБДЕН, Қазақстан Ғалымдар одағының президенті, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, э.ғ.д., профессор, ҰИА академигі

Abai.kz

 

32 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052