Ләззат Билан. Әйел сабағыш сабаздар туралы сыр
Абай ОМАРОВ (коллаж)
Абай ОМАРОВ (коллаж)
Елімізде жылына 500-ге жуық әйел ақылына емес, жұдырығына жүгінетін күйеудің қолынан қаза табады екен. Бұл - ресми дерек, бұған қоса, отбасындағы ойранды сыртқа жаймауды дұрыс деп санайтындар тағы бар. Мына бір оқиға соған айғақ: төрт баланың әкесі әйеліне күн көрсетпейді. «Күн көрсетпейді» деген - жай айтылғаны, ол әйелін әбден қорлаған. Пісірген тамағын үстелмен қоса лақтырып, байғұс әйелді болмашы нәрсеге екі күннің бірінде соққыға жығып отырған. Басқа әйелдерге баратынын тіптен жасырмапты да. Неше жылға созылған мұндай азапқа төзе алмаған әйел 43-де өз-өзіне қол жұмсаған. Ал марқұмның күйеу жағы «келініміздің психикасы дұрыс емес болатын» деген әңгіме таратады. Кейде әйелдер ар-ұятты ойлап, күйеуінің ұрғанын өздері жасырып қалады.
Мынадай бір әңгіме естігеніміз бар. Көрші тұратын екі келіншектің де отағалары әйел сабаудан бірінен-бірі асып түседі екен. Бірде әлгі келіншектің біреуі далада жүргенде көршісінің сіңілісі келіп қалады.
- Көзің көгеріп қалыпты ғой. Не болған? - дейді онсыз да қысылып тұрған әйелге келген қонақ.
- Құлап қалып едім, - дейді әлгі, - ой, менікі түк емес қой, әпкең менен де жаман құлады, - депті лезде содан кейін. Бұл көршісінің екі көзінің бірдей көгеріп жатқандығын алдын ала ескертіп қояйын дегені екен.
Дағдарыс орталықтарының мәліметтеріне қарағанда, жылына 60-70 мыңға жуық әйел психолог мамандар көмегіне жүгініп жататын көрінеді. Ал ІІМ әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғаудың әкімшілік полиция комитетінің дерегінде «үстіміздегі жылдың алты айында 36 000 әйелден арыз түсті» делінген. «Қарғайын десем, жалғызым, қарғамайын десем, жалмауызым» демекші, арызданушылардың басым бөлігі «күйеуімді қамамаңызшы, оған айыппұл салмаңызшы» деп жалынатынға ұқсайды. Тек қорқытып берулерін сұрайтын көрінеді. Мұндай жағдайдың учаскелік инспекторларға да қиын екендігін айтып, мамандар азар да-безер.
Зүльфия БАЙСАҚОВА, Қазақстандағы дағдарыс орталықтары одағының төрайымы:
- Ең өкініштісі - біздің елде бұл проблемаға дұрыс көңіл аударылып отырған жоқ. Егер ол жан-жақты зерттелсе, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың себеп-салдары анықталып, оның алдын алу әлдеқайда оңайырақ болар еді. Әйтпесе ұрда-жық дойыр мінезділердің кесірінен қаншама әйелдер тіпті кемтар болып қалып жатыр. Күйеуін жазалатып жатқандар бірен-саран ғана. Басым бөлігі іштен тынады. Сондықтан да әйелдер басқа түскенге көне бермей, өзін-өзі қорғаулары тиіс, - дейді ашына.
Ал психолог мамандар: «Мазахист әйелдер саны аз емес. Оның негізгі себебі - екеу. Бірі - өз құқықтарын өздері төмендетіп жіберген, екіншісі - күйеуі жоқ деген жаманатқа қалғылары келмейді. Алайда мұндай теңдік жоқ отбасында өскен ұл бала дайын «әйел сабағыш», ал қыз бала дайын «құрбан» екендігін ұмытпайық. Ата-баба дәстүрін ұстанған жөн, яғни еріңді сыйла, қадір тұт. Бірақ күйеуің соған лайық болса», - дейді.
Әлеуметтің әлеуеті әлсіресе...
Негізі, сарапшылардың пікірлеріне сенсек, үйдегі ұрыс-керістің басым бөлігі отбасылық проблемадан туындайды. Олар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың барған сайын артып бара жатқандығын сонымен байланыстырады. Әйелі күйеуіне «ақшаны аз таптың» не «таппадың» десе, күйеуі әйеліне «тапқанды дұрыс жұмсамадың» дейді. Осындай даудың арты көп жағдайда күштінің әлсізге қол көтеруімен тынады. Ал үйдегі жоқшылық елдегі әлеуметтік мәселеге байланысты. Қазақ - отбасындағы береке-бірлікті, татулықты қызғыш құстай қорғаған халық. Өкінішке қарай, «байтал тұрмақ, бас қайғы» демекші, жоғарғы жақта отырғандар әрбір отбасындағы жағдайды «от басы, ошақ қасындағы» мәселе деп қарайтын сияқты. Тағы бір маңызды мәселе, үйдегі жанжал ерлі-зайыптылардың ажырасуларына себеп болып жатады. Айта кетсек артық болмас, 2008 жылы 135 280, 2009 жылы 140 386 неке тіркелсе, 2008 жылы 35 852, ал 2009 жылы 39 257 неке бұзылған. Заңды түрде ажыраспай жүргендер де аз емес. Қысқасы, отбасы терезесінің тең болуы мемлекет үшін аса маңызды.
«Бiр әйелдiң құшағында туамыз, бiр әйелдiң құшағында өлемiз»
Терең «зерттеп» жүргендердің өздері үшін де қазақ әйелінің табиғаты әлі құлыптаулы құпия. «Жауабы «жеті қабат жер астында» екен» дейді қиналып кеткендер. «Олар не шығыс, не батыс әйелдеріне ұқсамайды» дейді енді біреулер. Шындығында да солай-ау. Қазақ әйелін феноменге теңесек, ешкім дау айтпас. Әйел затының идеалы Домалақ, Абақ, Қарқабат, Ұлпан, Шашты т.б. көптеген дара да дана аналар жасаған елдің қыздары осындай болса керек.
Қазіргі заман әйелдерінің үйде емес, түзде жүргендерін біреу сынап айтса, біреу жылап айтады. Иә, қайсысының да ойлағаны қазақ әйелінің, қазақ елінің қамы екендігін түсінеміз. Алайда «заманына қарай заңы, тоғайына қарай аңы». «Ескіні еске алмай, жаңа жадыңа түспейтіні де» белгілі. Осы тұста айта кетейік, «күйеулеріміз ақша таппайды, енді қайтеміз?» деп бар кінәні ер-азаматтарымызға арта беруге тағы болмас, кеңес дәуірі әйел теңдігін ту етіп, енді оларға отбасы шаруасымен қоса, қоғам алдындағы жауапкершілікті де артып қойды. Әйел қауымы еңбек майданында да іскер екендігін дәлелдеді, әлі де дәлелдеуде. Ондай болса, бойына өзгеде жоқ, ешкімге жараса бермейтін қазақ әйеліне ғана тән ақыл-парасат пен көрегендік, ибалық пен тәкаппарлық сияқты асыл қасиеттерді сіңдіре жүріп, еркекпен қатар мал тауып қана қоймай, қоғамға пайдасын тигізіп жатса, оның несі айып?
Кейде мынадай бір ой келеді, егер еркектеріміздің өздері ертеректегідей заты атына сай болып қала берсе, әйелдер де қазақы болмысынан айырылмас па еді? Ерлеріміз небір жаман әдеттерге бой алдырып алды, мысалы, маскүнемдікке, бойкүйездікке... әрі қарай айта беруге тіпті аузың бармайды. Сонысына қарамай, әйелін қамшымен бағындырғысы келетіндер аз ба? Тепсе темір үзетін жасында текке жүріп, отбасының ырысын ішімдікке шашатыны аздай, әйелін сабап, бала-шағасының берекесін қашыратын ез еркекке қамшы жұмсаған тіптен жараспайды. Қамшыны ата-бабамыз біле білсек, орнымен пайдаланған. Десек те, ол заман келмеске кеткен. Қазір көпшілік әйел өзін тепкіге беріп қоймайды. Бұл - олардың құқықтары.
"Алаш айнасы" газеті